Бас бәйге – темір тұлпар Избранное

Среда, 26 Сентябрь 2018 04:58 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3562 раз

28-қыркүйек күні Тұран төрінде жыр бәйгесі өтеді. Батырлар жырын жатқа айтудан аймақтағы оқушылар мен ұстаздар арасында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі сарапқа салынбақ.

Темір тұлпар

Биыл екінші рет өткелі жатқан «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауының мақсаты мен ерекшеліктері жайында басылымның бас редакторы Абай Балажан әңгіме қозғады.
– Біз әлемдегі ең руханияты бай ұлттардың бірі әрі бірегейіміз. Германия көлігімен, жапондар роботтық техникасы арқылы әлемге әйгілі. Алысқа бармай-ақ іргемізде орналасқан орыстарды айтатын болсақ, олардың жасаған «Калашников» қаруына тең келетіні жоқ. Соғыс техникасы мықты, қалыптасқан мектебі бар. Бразилия мемлекетін ауызға алғанда футбол еске түседі. Канаданы айтқанда хоккей спорты ойға оралады. Міне, әлемдегі әр ұлттың тек өзіне тән ерекшеліктері бар. Жер бетінде руханияты жөнінде ешқандай ұлт қазақтың алдына түсе алмайды. Кез келген жерде мен оны дәлелдеуге дайынмын. Дегенмен жасыратыны жоқ, соңғы 20-30 жылдың ішінде біз кітап оқудан қол үзіп қалдық. Қоғамда адам сенгісіз қылмыс көбейді. Дінді де бұрмалаушылар қатары артып жатыр. Оны ішкі әлемі сұлу емес, рухани әлсіз адамдар жасауға бейім келеді.
Ал ұлтты өзінің тамырына қайта оралту жолында Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаны әмбеге аян. Осыған үн қосу мақсатымен және мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауын ұйымдастыруды жөн көрдік. Былтыр ол облыс көлемінде өтіп, ауданнан іріктелген 48 оқушы қатысқан болатын. Өткен жылғы сайыста Қамбар батыр жырын жатқа айтқан болса, бұл жолы оқушылар Алпамыс батыр жырын нақышына келтіріп орындайды деп үміттенеміз. Ол жыр алдыңғысына қарағанда екі есе көлемді. Уақыт жағын ескере отырып, аудан-қалалардан іріктелген 32 оқушыға сайысқа жолдама бердік. Байқау қорытындысына сәйкес жеңген оқушыға қаржылай сыйлық, ал оны дайындаған мұғаліміне темір тұлпар мінгіземіз. Биылғы сайыс аймақтық деңгейде өтеді. Яғни, оған Түркістан облысымен қатар Шымкент қаласынан да үміткерлер қатысады,–дейді Абай Бекназарұлы.
Айта кетейік, 1957 жылдан бері облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газеті қазақ күресінен турнирін өткізіп келеді. Дәстүрге айналған шара қолдау тауып күні бүгінге дейін жалғасуда. Міне, эпостық жырды жатқа айтудан оқушылар мен ұстаздар арасындағы жыр бәйгесі келер жылдары да жалғасын табады дейді, ұйымдастырушылар.