«Шымкент-цирк» мекемесі басшысының арнайы шақыртуымен келген ресейлік өнер ұжымы ерекше қойылымдар әзірлегендерін айтады. Шоу-бағдарламада цирк өнерінің ең күрделі 8 жанры бойынша қойылымдар ұсынылмақ. Атап айтсақ, шетелдік өнер иелері акробатикалық трюктер, әуе гимнастары, жонглерлер, сайқымазақтар, мұнымен қоса, аюлардың, сирек кездесетін жылқы тұқымдасының, иттердің және т.б. қатысуымен нөмірлер көрсетеді. Бағдарламаға енген ең қызықты нөмір бенгал және уссуриялық жолбарыстардың аттракционы болады деп күтілуде.
Цирк өнері жастар балетінің сүйемелдеуімен өтеді. Жалпы, Мстислав Запашный 50 әртіс, 13 жолбарыс, 4 аю, түрлі тұқымдағы 18 ит, қортық пинчерден бастап ірі мәскеулік күзететін иттерін мен 3 жылқысын ала келген.
Бағдарламаның премьералық көрсетілімін балалар үйлерінің, интернаттардың тәрбиеленушілері және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар тамашалайды.