Мықты атбегі малсақ баладан шығады Избранное

Среда, 28 Ноябрь 2018 05:22 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5135 раз

Шымкентте жұмыс істеп тұрған ұлттық спорт мектебі туралы ұлттық ойынның жанашырлары жақсы біледі. Мұнда қазақтың көкпар, бәйге, қыз қуу мен теңге ілу, аударыспақ, сайыс, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындарының спортшылары дайындалады. Дегенмен, біз бүгін спортшыларды емес, солардың сенімді серігі – жылқылардың бапталуына тоқталсақ. Ер қанаты туралы осы мектепте 15 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Жаңабек Коляров айтып береді.

139

 

Ұлттық спорт мектебінде қазіргі таңда 59 ат бапталуда. Соның ішінде бәйгенің 6 аты, көкпардың 24 жылқысы бар. Бұдан бөлек жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ пен конкурдың аттары да осында. Әр спортқа арналған жылқыларды баптаудың әдісі әртүрлі дейді маман.
– Біздің мектепте жылқыларды командалық жүйеде дайындаймыз. Оның жеке ат баптаудан ерекшелігі бар, - дейді

140
Жаңабек Ғабиденұлы. - Мысалы, көкпардың аттары 20 минут шабады, 10 минут демалады. Үнемі ширығып тұруы тиіс. Жалпы, бұл жылқыларда жыл бойы демалыс жоқ. Жарыстарға қатысады. Әрдайым дайындықта тұруы керек. Сол үшін күн ыстық кезде жылқылардың жілік майын толтырамыз. Әлдендіреміз.
Осы тұста тоқтала кетейік, жылқының жілік майын толтыру мен кәдімгі бордақылау екі бөлек нәрсе. Жылқының жілік майын толтыру – ата-бабадан келе жатқан кәсіп. Оның айырмашылығы – семірту емес.
– Семіртуде шөп, жоңышқа, кебек мол беріледі. Ал біз жылқының жілік майын толтыру үшін бидай мен арпаны араластырып, жармай береміз, - деп жалғады сөзін маман. - Өйткені, жарған жемді жеген ат шапқанда булығып қалады. Жарған жем ағзаға 100 пайыз сіңіп кетеді. Жылқы жемнің керегін де, керек емесін де алады. Ал бидайды бүтін жеген аттың ағзасы керегін алады, керек емесін шығарып тастайды. Осылайша жылқылар күрделі жүйемен жем және жоңышқа жеп, 40-60 күн тұрады, демалады.
1,5-2 айдан кейін кейін жылқының жалы көтеріліп, қоңы келеді. Түрі өзгереді. Содан кейін спортшылар мінбес бұрын аттар 1 аптадай қаңтарылады. Яғни, жем-шөп бұрынғыдай 5 мезгіл емес, сирек беріледі. Бір жемдегеннен кейін 2-3 сағат аш тұрып, бұл уақыт күн өткен сайын ұзартыла береді.
– Жем-шөпті бірден бермей қоюға болмайды. Жылқы ауырып қалуы мүмкін. Біртіндеп жем беретін уақыттың арасын ұзарта береміз. Ең соңында 4-5 сағатқа дейін жемсіз тұрады. Алдымен ноқта кигізіп, кейін жүгенімен, ер-тұрманымен қаңтарылуы керек. Жылқы ауыздығын шайнап, ішінен сөл бөлінеді. 2 ай бойы жегені бойына әбден сіңеді. Адам да ас қорытқанда сағыз шайнайды ғой. Сол секілді жылқы да ауыздығын шайнап тұрады, - дейді Жаңабек Ғабиденұлы.
Осыдан кейін жылқы атшабарға бос жіберіледі. Еркін шабады, аунайды, денесі ширайды. Бойындағы артық майы тері арқылы шығуы керек. Дұрыстап бапталса, сүйегіндегі жілігі қалады. Осылайша қаңтару мен бос жүру 14-15 күнге созылады.
– Сосын ақырындап, жігіттер мініп, шаба бастайды. Бірақ, терлетпеу керек. 2-3 айналым шауып, күн өткен сайын ұзарта береді. Соның бәрінде бақылап, жылқының жағдайын мүлт жібермей қарап жүреміз. Көкпардың да, бәйгенің де аттары осылай бапталады, - дейді маман. – Жылқының жалы жығылмауы керек. Аса қинамай, терінің астындағы майы шығуы керек. Себебі, жылқы жануар 60-70 пайыз ауызбен демалса, 30-40 пайыз жағдайда терімен демалады. Осы тұста айта кетейік, жарыстарға дейін жылқыға өз шамасында тұз беріп келсек, көкпар басталғанда тұз беруді тоқтатамыз. Себебі, тұз терідегі ұсақ тесіктерді бітеп, жылқы терімен тыныстай алмай қалады.
Мамандар жіті бақылайтын тағы бір маңызды тұс – жылқының жілік майын толтыру, қаңтару, бос жіберу, қаңтарып міну жүйелерінен өткенді ат сезінбеуі керек. Әйтпесе маусым бойғы турнирге жарамай қалады.
Бұл жануар да адам баласы секілді дейді маман. Олар да тұмаумен ауырады, баптауы кезінде оқыс жағдай болса, күйзеліске ұшырайды. Осындай сәтте Қамбар ата төліне
Жаңабек Ғабиденұлы көмекке келеді. Әр атқа мұқият назар бөліп, емдейді. Күтіп-бағады.
– Жылқылар менің балаларым секілді, - дейді ат баптаушы. - Жем-шөп баратын уақыттан 5-10 минут кешіксем, есікті аяғымен ұра бастайды. Сондықтан, өзім тамақтанбасам да бұлардың режимін бұзбаймын. Өйткені, жылқының тілі жоқ. Қиналғанын айта алмайды. Ал баптауда тұрған аттың бір күндік режимінің бұзылуы – 5 күндік жем беруді күйсін қылғанмен тең.
...Иә, жылқы баптау оңай іс емес. Ол үшін адам бала кезінен малға үйір болып өсуі керек деп санайды
Жаңабек Ғабиденұлы.
– Төрт түлікке о бастан жақын болып өскен баланы қазақ «малсақ бала» деп атаған. Міне, осындай баладан жақсы атбегі шығады. Себебі, жастайынан үй жануарларын, оның ішінде жылқыны жақын сезініп, жалын тартып, жайдақ шауып өспеген соң есейгенде қанша жерден оқу бітіріп келсе де мықты атбегі шығуы екіталай...

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Ресейден цирк келді Туған жер – тұнған тарих »