Туған жер – тұнған тарих Избранное

Пятница, 28 Декабрь 2018 04:48 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4866 раз

«...Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды. Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды...»

Елбасы Н.Назарбаевтың
«Ұлы даланың жеті қыры»
мақаласынан

DSC 8797

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы саналатын «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақ даласының тарихына терең мән берілді. Төл тарихымызға тың көзқараспен қарайтын бағыттар айқындалды. Осы тұрғыда алысқа бармай-ақ өзіміздің Шымкент қаласын алсақ, талай тарихтың қазынасын табарымыз анық.
Жалпы, Шымкент Қазақстандағы ең ежелгі қала саналады. Археологтар тапқан көне жәдігерлерден шаһардың тарихы 2200 жылдан басталатыны айқындалған. Бұл жөнінде ғылыми конференциялар да ұйымдастырылып, көптеген мақалалар жарық көрді.
Енді жақын болашақта Шымкенттің тарихына қатысты құндылықтың барлығы көпшілік назарына ұсынылмақ. 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғалы отырған Шымкентте ашық аспан астындағы музей болады. Алып мұражай көне қалашықтың орнында бой көтермек. Қыстың қалың қары жауғанша мұнда археологиялық қазба жұмыстары тынған жоқ.

IMG 20181207 155012

– Қазба жұмыстары қыркүйек айынан басталды. Бұл – 2017 жылы басталған ауқымды жұмыстың жалғасы. Жалпы алғанда, осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында атқарылуда, - дейді археолог Азамат Ергешбаев. – Бұл жұмыстардың нәтижесі сол - Шымкенттің жасы 2200 жыл екенін нақтыланған. Ендігі жұмыстар Шымкенттің көне қалашығын музейлендіру жобасы аясында жүргізілуде. Қазба жұмыстарымен қатар археологтармен бірлесе отырып, сол ауқымды жобаға дайындалу үстінде. Бұған дейін әзірленген концепцияның мақсаты – ескі қалашықтың орнын тарихта қалдыру. Бұл – тарихи-мәдени мұрамыз. Ендігі мақсат – соны қалпына келтіріп, қаз-қалпында сақтау. Бұрынғы құрылымның сипатын ашу.
Шымкенттің ескі қалашығы шартты түрде үш бөлікке бөлінген. Биік төбе – Цитадель болса, оның жанында Рабат пен Шахристан орналасқан. Осылайша ежелгі қала үш бөліктен тұрған дейді археологтар. Биылғы жұмыстар нәтижесінде шығыс Шахристанның қорғаныс жүйесінің сұлбасы ашылды. Сол сияқты солтүстік дуалдың да қорғаныс жүйесі ашылып, мұнараларымен қалай жалғасқаны анықталуда.
– Біз тұрған жерде тарихи мәліметтер бойынша да, Ұлы Отан соғысына дейінгі ескі аэро-фото суреттер бойынша да көне қалашықтың орны болған. Бертін келе адами факторлардың әсерінен біразы бұзылды. Соған байланысты біз төменгі қабатта қазба жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - дейді Азамат Ергешбаев. – Нақты айтқанда соңғы орта ғасырдан төмен түсіп, орта ғасыр деңгейіне жеттік. Яғни, Қарахан дәуірі. Бұл жерлерден заттай деректер – керамикалық ыдыстар, мыс теңгелер, яғни, адам тұрмысының мәдени қабаты табылды. Олар бойынша әр мәдени қабаттың кезеңін анықтай аламыз. Нақты айтсақ, біздің дәуіріміздің IX ғасырының орнында қазба жұмыстары жүруде.
Мамандар сол қазбалардың негізінде әр қабаттың дәуірін, кезеңін анықтайды. Ошақтар, ыдыстар секілді заттай деректерден бөлек тұрмыстық ғимараттарды үйлер мен қора-қопсыларды табуда. Бір қызығы, дәл осы маңдағы ежелгі ғимараттар шығыстан батысқа қарай сатылап төмендеп орналасқан дейді археолог. Солардың нәтижесінде әр дәуірдің адамдарының өмір сүрген ортасын заттай дәлелдер анықтауда.
Мұнда бірнеше археологиялық топ жұмыс істеуде. Жұмыстың көлемі өте үлкен. Негізгі мақсат – болашақ музейдің концепциясын дайындау. Бұған дейін табылған заттардың барлығын қала тұрғындары мен қонақтары болашақта сол аспан асты музейінен көретін болады.
– Жуырда ерте орта ғасыр, қауыншы мәдениетінің қабатына жеттік. Ал бұған дейін ол қабаттың астынан біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдың заттары шықты. Соған қарап Шымкенттің 2200 жылдық тарихын анықтап отырмыз, - деген археолог жуырда ғана табылған моншақтар мен топырақтың үлгісі тексеруге жіберілгенін айтты...
Ендеше, Шымкенттің бүкіл Қазақстанды таңқалдыратын күні алыс емес секілді!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.