2019 жылдың сәні

Пятница, 28 Декабрь 2018 05:18 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 873 раз

Сән әлемінде әр жыл өз ерекшелігімен есте қалады. Доңыз жылында киімнің түр-түсі, матасы, аксессуарларды пайдаланудың өз үрдісі бар. Ендеше, сән үлгісіне қатысты жаңалықтар мен трендті ретімен айтсақ.

orig

2019 жылдың сәні бірінші кезекте әр алуандығында. Гүлді көйлектер, комбинизон мен жылтырақ матадан киім-кешектерге басымдылық беруге болады. Жаңа жылдың символында «сары» мен «жер» сөзі жиі айтылғандықтан, бастысы коңыр, жасыл мен сары реңктерге артықшылық беріледі. Ал әйгілі дизайнерлер алтын түстес, сары, қызылсары, қызыл, көгілдір түстерді таңдауға кеңес береді. Бірақ классикалық ақ пен қара түс сәннен қалады деген сөз емес.
Қыс мезгілінде былғарыдан тігілген киімдердің сатылымы жоғары болуы мүмкін. Өйткені дизайнерлердің жаңа топтамаларында былғары күртеше, плащ, пальто мен бас киімдер көптеп кездеседі. Егер сыртқы киім сатып аларда олардан кесте, жапсырма қалта немесе бағалы жағалар байқасаңыз, бұл жылдың сәні екенін ұмытпаңыз.
Көйлектер туралы әңгіме бір бөлек. Дизайнердің қыс мезгілінде былғары, қатты трикотаждан тігіліген топтамалары, көктем-жазда жібек, шифон, шілтері, атлас матадан тігілген көйлектері танымал болмақ. Жылдың сәніндегі ерекшеліктердің бірі жасырын ілгектер, ашық мойынды жағалар, кең жеңдер екенін біле жүріңіздер. Салтанатты кешке қауырсындарымен әрленген кешкі көйлектер сәнді. Дизайнерлердің ұсынған жеңі, кеуде немесе етегі қауырсынмен өрілген «хит» көйлектер, әсіресе, жас арулардың талғамынан шығады.
Аяқ киім дизайнерлері 2019 жылы қарапайым, жайлы әрі көздің жауын алатын туфлилерді ерекше стильге айналдырып отыр. Бұл алғашқыда оғаш көрінуі мүмкін. Дегенмен жаңашылдықтан қорықпайтын, батыл қыз-келіншектер шұлық не ұзын гольфиді туфлимен киіп жүрсе, бұлар – нағыз сәнқойлар. Көбінде сәнгерлер ұсынған аяқ киімдерде күзен терісі элементтері қолданылған.
Әйел затының бет-бейнесін ашатын дүниелер – акссесуарлар. Егер олар дұрыс таңдалған болса нәзіктік пен әсемдігін одан сайын айқындай түседі. Ендеше француздық берет, мойынға шәлі тағу, дөңгелек пішімді сөмке, белдік пен көбелек-көзәйнектер қайта сәнге оралды.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.