Версия для печати

Әріптесіміздің кітабы жарық көрді

Среда, 23 Январь 2019 04:54 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3571 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, әріптесіміз Тағабай Қасымның алғашқы кітабы жарық көрді. Үш бөлімнен тұратын жинаққа, негізінен, автордың газет бетінде көтерген мәселелері, белгілі тұлғалармен сұхбаттары және жолжазбалары еніп отыр.

Кітап

Автор кітапта жастар саясатын дамыту, бұқаралық спортты насихаттау, Олимпиада және әлем чемпионаттарындағы жеңісті дәстүрді жалғастыру мәселелері, ұрпақтар сабақтастығының жарасымды жалғасы жөнінде ой қозғайды. Әріптесіміз еңбек жолын «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінде бастаған. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде жұмыс істейді.

Туған жерін түлету – әр азаматтың перзенттік парызы. Міне, әріптесіміз бұл еңбегінде 2011 жылдан бергі Шымкент қаласындағы спорт саласының дамуын сөз етеді. Сыр-сұхбат бөліміне бокстан тоғыз жыл ұлттық құраманың бас бапкері болған Мырзағали Айтжанов, күрестен халықаралық дәрежедегі төреші Бақытжан Жақсықұлов, көркем гимнастикадан Ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова, ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл, Олимпиада және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, әлем чемпиондары Біржан Жақыпов, Қайрат Ералиев, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жайна Шекербекова, т.б., белгілі тұлғалармен сұхбаттары топтастырылған.

Сонымен қоса Қазақстанда өткен ауыр атлетикадан, бокстан әлем чемпионаты, күрес түрлерінен Бішкекте өткен Азия чемпионаты, бокстан Ташкентте өткен Азия чемпионатындағы жолжазбалары оқырман назарына ұсынылып отыр.

Ал «Ойды ой қозғайды» бөлімінде «Жұлдыз-ғұмыр жадымызда мәңгі жаңғырып тұрсын десек», «Ағаның бәрі осындай болсашы», «Балуандардың бағын ашқан бәсеке», «Бәрі де Шымкент шаршы алаңында шыңдалды», «Олимпиадалық цикл Шымкенттен басталады» атты өзекті талдамалық-сараптама материалдары, тағы басқа ескірмейтін, өзектілігін жоймайтын мақалалар бар.

– Өзім еңбек еткен «Оңтүстік Қазақстан», «Оңтүстік Рабат» және республикалық «Sport» газетінде де хал-қадерімізше осы саланы көбірек жазуға әрекеттендік. Өмірлік мақсатыма айналған спортты насихаттауды «Шымкент келбеті» газетінде де жалғастырып келемін. Еңбек жолымызда белгілі спорт журналистері Дүрәлі Дүйсебай, Қыдырбек Рысбек ағалардың қамқорлығын, тәрбиесін көрдік. «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-ның директор-бас редакторы Айгүл Қапбарова да қаламның қасиетін ұғындырып, жан-жақты қолдау көрсетуде, - деген автор кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан барлық азаматтарға алғысын айтады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.