Версия для печати

Театрдың 85-ші көктемі Избранное

Среда, 17 Апрель 2019 04:42 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3950 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Театр – тәлім, рухани азық алар орда» деген сөзді соңына қалдырған – қазақтан шыққан тұңғыш халық артисі Жұмат Шанин. Осынау кәсіби режиссер, драматургтың есімі берілген мәдениет ошағына биыл 85 жыл толып отыр.

IMG 8983

Алғаш шымылдығын «Замана заңы» спектаклімен ашқан театр бүгінге дейін қазақ өнерінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. 

Үлкен өнер ордасы, талғамы жоғары көрерменнің көзайымына айналған театрдың директор міндетін атқарушы Назарбек Үсіпахметовпен әңгімеміз де өнер ұжымының бүгінгі тыныс-тіршілігі турасында өрбіді.

IMG 0257

– Шымкент мегаполис атанғанына да жылға жуықтады. Шырайлы шаһар тарихындағы маңызды оқиға өнер ұжымына қандай өзгерістер алып келді?

– Биыл біз үшін мерекелі жыл болып басталды. Бүгінде Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театры болып аталғанымызға бес айдың жүзі болды.

Бір қуантарлығы, театрымыз ендігі республикалық өнер ұжымдарымен иық теңестірер деңгейге жетуге барлық жағынан жол ашылып отыр. Ең біріншіден, бөлінетін бюджеттің көбеюі деп айтар едім. Десек те, артылар жауапкершіліктің жүгі мол екенін ұмытпаймыз.

– Театрдың жаңа маусымын әлемге әйгілі «Гамлет» қойылымымен аштыңыздар. Көрермен көңілінен шықты ма?

– Әлемдік драматургияның жауһары, Шекспирдің шоқтығы биік шығармасы «Гамлет» – театрымыздың жаңа белесі. Қойылым режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманқожаев ұжыммен бірге көрерменге тың туынды ұсынды.

Қоюшы суретшісі - ҚР мəдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов. Көлемді, күрделі трагедия бас-аяғы 1,5 ай ішінде сахналанды. Шекспир шығармасын жаңа қырынан сөйлетіп, көрермен көңілінің кілтін аштық деп айта аламын.

Өнерсүйер қауым жақсы біледі - сан ғасыр бойы әлем театрлары репертуарларынан түспей келген қойылымды сахналау оңай шаруа емес. Бұған қоса халық жазушысы Хамит Ерғалиев Гамлетті ақ өлең түрінде тәржімалаған.

Аталған нұсқа 91 беттен тұрады. Мәтінді жаттау, актерлік құрамды таңдау, қазақы болмысқа икемдеуден бөлек шығарманы тиімді қысқарту ұжымды біраз толғандырды. Дегенмен, режиссерлік құрам, актерлер өздеріне жүктелген міндетті жоғары деңгейде алып шықты.

Осы ретте театрымыздың репертуарына тоқталып өтсем. Әлемдік, қазақ классикаларынан, бүгінгі күн тақырыбын арқау ететін 25-тен астам қойылым бар.

IMG 9154

Оның ішінде М.Әуезовтың «Қарагөз» шығармасы, «Түріктің Чеховы» атанып кеткен Төнжер Жүженоғлының «Көшкін» қойылымын атап өтуге болады.

Қазіргі драматург-жазушыларымыздан М.Байғұт, Б.Әлімжанов, Е.Төлеубайдың түрлі жанрдағы қойылымдары, Ж.Шаниннің «Арқалық» пьесасы сынды көптеген туындыларымыз бен балаларға арналған ертегілерді көрермен назарына ұсынып келеміз.

Тағы бір қуантарлығы, жаңа әкімшілік іскерлік орталығынан орын тепкен театрға келуші көрермен жыл санап артып келеді.

– Жылда халықаралық театр күніне орай дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалін ұйымдастырушы едіңіздер. Биылғы жоспарларыңыз қандай?

– Орынды сұрақ. Бұл фестиваль өнерсүйер қауым үшін алар орны бар салмақты мерекенің бірі. Бұған дейін халықаралық театр күнінде өтіп келген аталған фестивальді, қаламыздың мегаполис атануына орай, қала күнінде өткізуді жөн көрдік.

Дегенмен, біздің қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасымен түзілген іс-шаралар кестесіне сәйкес, жылда бес премьера ұсынамыз.

Биыл, жоғарыда атап өткендей, көптің көңілінен шығып үлгерген әлемдік шығарманы сахналадық. Ал алдағы қойылымға аз-кем тоқталып өтсек, ол бүгінгі таңда жастар арасында белең алған өзекті мәселенің бірі – нашақорлық турасында болмақ.

Ал Р.Отарбаевтың «Қандыөзек» новелласының тұсаукесерін сәуір айының соңына жоспарладық.

Жоғарыда атап өткендей, биыл өнер ордасының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Бұл қазақ өнері үшін де мерекелік дата. Оны қазан айында кең көлемде атап өтсек деген ниеттеміз.

Тек қана мерекелеп қоймай, даталы күні осы жылдар ішінде еңбек етіп, көрерменнің ықыласына бөленген сахна саңлақтары, актерлер мен режиссерлерді, өнер ұжымының дамуына үлес қосқан көптеген азаматтарымызды шақырамыз.

Олардың сіңірген еңбегі, театр тарихы, репертуарлар туралы үлкен бір еңбек жарияламақпыз. Олар – театрдың 60, 70 және 80 жылдықтарына арнап шығарған кітаптардың жиынтығы. Қазір тиісті жұмыстар атқарылуда.

Одан да басқа жаңалықтарымыз бен жоспарларымыз көп. Соның бірі – театрдың сайтын жаңалап жатырмыз. Жаңа сайттың ерекшелігі – көрермендер мен қала тұрғындары билеттерді онлайн режимде сатып ала алады.

– Биыл елімізде жастар жылы аясында көптеген ауқымды шаралар мен жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар әзірленуде. Осы орайда өнер ордасының жастарына тоқталып өтсеңіз?

– Жалпы, ұжымда 140-тан астам қызметкер бар. Оның 50-ге жуығы шығармашылық құрамдағы актерлер. Оларды аға, орта, жас буын деп алып қарасақ, жастар басым.

Енді жастар жылында театрымызға жалынды, дарынды жас өнерпаздардың қатарын арттыруды көздеп отырмыз. Десек те, аға буын әртістеріміз Ж.Шанин театрының мақтаныштары.

Театрдың іргетасын қалаған корифейлердің көзін көрген сахна саңлақтары бүгінде орта буын мен жас буын актерлерге ақылшы болып, өнер ордасындағы дәстүр жалғастығы мен сабақтастығының сақталуына ерінбей еңбек етіп келе жатыр.

Жастар жылы аясында театр жастары жоспардан тыс 15 сәуір – ғашықтар күніне тартуын дайындап жатыр. Онда нәзік сезімге арналған поэзия, поэтикалық шығармалардан үзінді алып, композициялық қойылым ұсынбақ.

– 2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанды. Қаладағы ірі мәдени ошағы оған қандай дайындық үстінде?

– Қаламыздың өсіп-өркендеуі, халық санының артуы шаһардағы кез келген салаға оң өзгерістер алып келуде. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент – еліміздің мегаполистері саяси, мәдени, экономикалық жағынан да үлкен маңызға ие қалалар.

Еліміздің үшінші мегаполисі ТМД мемлекеттерінің мәдени астанасы болу мәртебесін жеңіп алғаны үлкен абырой мен жауапкершілік. Оған байланысты қалалық әкімдіктің бастамасымен жұмыстар қолға алынған. Алдымен тозығы жеткен мәдени орындар мен орталықтар жөнделмек.

Ал жалпы мерекелік іс-шаралар жоспары нақтылануда. Біздің өнер ұжымы да аянып қалмайды. Бұған дейін қойылып келе жатқан әлемдік, халықаралық, қазақ классикасынан туындыларды ұялмай көрсете аламыз.

Биылғы жылды сәтті бастадық, алдағы уақытта да осы қарқынмен жұмысымызды жалғастырамыз.

– Бәрекелді. Ал гастрольдік сапарлар мен сахна саңлақтарының жетістіктері турасында не айта алар едіңіз?

– Жалпы, өнер ұжымының қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасымен бірге түзген жылдық жоспары болады. Осыған сәйкес қойылымдар саны, гастрольдік сапарлар алдын ала бектіліп, сол кесте бойынша жыл бойы жұмыс істейміз.

Өткен жыл біздің ұжым үшін табысты жыл болып есте қалды. Актерлер мен жас режиссерлеріміз Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы халықаралық театр фестивальдері мен Өскеменде өткен Рүстем Есдаулетов атындағы республикалық театрда өнер көрсетіп қайтты.

Облыстық «Театр көктемі - 2018» байқауында М.Әуезовтің «Қарагөз» пьесасымен бас жүлдені жеңіп алдық. Биыл Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды облыстары мен өзге де қалаларға гастрольмен сапарлап қайтуды жоспарладық.

Күз мезгілінде аталған өңірлерге барып өнерімізді паш етпекпіз. Бізге де келуге ниетті басқа аймақтағы әріптестеріміз бар.

– Әңгімеңізге рақмет!
Шығармашылық табыс
тілейміз.