Әдебиеттегі қос асыл немесе Шерхан мен Насыр

Вторник, 30 Апрель 2019 04:53 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4357 раз

Шерхан ағаның сөзімен айтсақ, «Тұлпарлар туған, сұңқарлар қонған жер» Түлкібас ауданында, табиғаты тамылжыған Таупістелі ауылында қаламгер қауымның басын қосқан керемет бір шара өтті. Түлкібас жері Тұрардай ұлы тұлғаны, Бауыржандай батырды, Шерхандай шындықтың алдаспанын, Тұтқабай Иманбековтей тұғырлы қаламгерді, Мархабаттай сөз өнерінің сүлейін, тағы, тағы талай дарындарды дүниеге әкелген топырақ. Сондықтан бұл топырақтан тамыр тартар тағлым аз емес.

58419406 1531406090340440 2933839258785415168 o

Өткен жұмада осы ауданда көкіректі рухани шуаққа шомылдырған «Таупістелі тағлымы-2019» жиыны өтті. Осыдан үш жыл бұрын «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының бастамасымен қолға алынған «Таупістелі тағлымы» жобасының екінші басқосуына жиналған қауым игілікті іс-шараны Түлкібас ауданындағы күре жолдың бойына орнатылған Тұрар Рысқұлов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады.

Биылғы тағлымды шара бауырлас екі ел әдебиетінің көрнекті өкілдері Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл сынды саңлақ суреткер- жазушыларларға арналғандықтан жиынға келген қаламгерлер Таупістелідегі Шерхан мен Насыр бауында қос қаламгердің шығармаларына арналған кітап көрмелері мен олардың рухани достығынан сыр шертетін тарихи сурет шежірелерімен танысты.

Қазақ, өзбек әдебиетінің қос шынарының рухын биіктеткен әдеби жиын осы маңдағы «Алтын таға» демалыс аймағында жалғасты. Биыл 90 жасқа толатын Насыр Фазылдың мерейтойы Таупістеліден бастау алса, Мархабат Байғұт айтқандай, дәл сол күні Шерхан ағамыздың қайтыс болғанына дәл сол күні 201 күн болған екен.

58442080 1023048674549206 613304029740531712 o

Рух пен рухани туыстықты қабыстырған қос қаламгер жайлы басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры, көрнекті ақын Есенғали Раушанов, Өзбекстан Республикасынан– Өзбекстан Жазушылар одағы қазақ әдебиеті кеңесінің хатшысы, жазушы-аудармашы, халықаралақ «Алаш», «Арғымақ» сыйлықтарының лауреаты Мехмонқұл Исламқұлов, Өзбекстанға еңбек сіңген мәдениет қайраткері, ақын жазушы Атхамбек Алимбеков, «Шарк жұлдызы» журналының бас редакторы, жазушы Сражиддин Рауф, журналист -жазушы Нурқабыл Жалилов, Түркиядан – көрнекті ғалым, Қазақ - түрік филологиясы кафедрасының меңгерушісі Асыл Шенгун, Жамбыл облысынан– белгілі жазушы, республикалық « Жамбыл» журналының бас редакторы Несіпбек Дәутайұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев,Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, сондай-ақ Алматы мен Астанадан, Шымкенттен, аудандардан белгілі қаламгерлер мен жас ақын-жазушылар қатысты.

Таупістелідегі жиын әдебиеттің алыптарына айналған қос жазушы жайлы тағлымдық та, танымдық та әңгімелерге, әдебиет, журналистика туралы ой-пікірлерге, сұхбат-сырларға сусындатқан рухани демалыс болды.

Есенғали Раушанов мысалға келтірген Ілияс Жансүгіровтің «Өз елін, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» дегеніндей, «Мархабат-Мирас» қоры мен аудан әкімдігі ұйытқы болған басқосу ұлт ардақтыларын, қаламның қасқалдақтарын қастерлеу арқылы көркем әдебиетті ел бірлігіне жұмсаудың үлгісін танытты.

Жан-жақтан келген қаламгерлердің Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл жайлы жан жадыратқан естеліктері басқосудың мәні мен мазмұнын байыта түсті.

Жиын соңында айтулы қаламгерлер жас таланттарға жолашар баталарын беріп, шығармашылық жолдарына сәттілік тіледі.

Последнее изменение Вторник, 30 Апрель 2019 05:05
Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.