Версия для печати

Өткелден өткізген Өтебаев

Пятница, 31 Май 2019 04:46 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3402 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Тірі қалған адамға соғыс та қызық екен!» - деп театрымыздың майдангер, ардагер қарты, аяулы актері, марқұм Жүсіпбек Тұрсынов айтқандай: «Барарда – Австралия мен Антарктиданың аралығында толқыны 11 балға құтыратын, «Күркіреген қырқыншы» («Ревущие сороковые») аталатын меридианнан өтетін, қайтарда - Оңтүстік Американың құрып бітер құрдымы - аман өтуі ажалмен бажа болғандай – Горн мүйісінен өтетін яхтсмен жанкештілердей біз де капитализмге ат басын тіредік», - деп Асқар Сүлейменов айтқандай; «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес таңдайдан», - деп халық айтқандай, қызық та, «жанкешті» де, «дәмі кетпес» шақты өткен ғасырдың 90-жылдары біз де бастан кештік. Театрымыздың тағдыры қыл ұшында тұрды.

Өтебаев 1

Бұрынырақ, ақ патша құлап, театр тағдыры қыл ұшында тұрған төңкерістен соң, В.И.Ленин «Буржуазиялық өнер – театрды табытқа сал да тепкілеп терең көм», деген екен. Әміре Қашаубаевты Парижге апартып, ән салдыртқан, айналайын, Анатолий Васильевич Луначарский театрды да құтқарып алыпты.

...1994 жыл. Шымкент қаласындағы одақтың алып-гиганттары – қорғасын, фосфор, шина зауыттары көз алдымызда, айсберг секілді опырылып құлап, орны тып-типыл, ғайып болып жатты. Әсіресе, театрдың халі мүшкіл еді. Гаражымызда 27 машинамыз бар еді.

Гастрольдік сапарға төрт бригада болып шығып, Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Қазақстанның облыс, қала, аудан, колхоз-совхоздары мен шалғайдағы ауылдарына дейін өнерімізбен мәдени қызмет көрсетіп, өнерсүйер қауым мен сауық құмар халықтың қошеметіне бөленіп қайтатын едік. Қарабай айтқан: «Жетпіс жыл бағып, жеті жапырағына тісім тимеген, қайран мал.

Таланғаны талауда, талаудан қалғаны тарауда. Қолды-қолда кеткен иесіз дүние», дегендей, қоғамның мүлкі жекеменшікке айналғаны сонша машина бір-ақ күнде жоқ боп, көлік толы гараж қаңырап бос қалды.

Театр – ұжымдық ұйым, бірінсіз бірінің күні жоқ, жекеменшік болып, тарқап кете алмайды. Амал нешік, театр тақырға отырып қалды. Басқа түгіл бас қайғы, тығырыққа тірелдік. «Қайта құру», «Бетбұрыс» дейтін өліара, өткел шақ туып, Гамлет айтпақшы, театрға «Не бар, не жоқ болатын» сәт келді.

Кеңестік заманның ақыры ма, ақыр заман ба, «Ескі заманның» ақыры еді дейміз бе, ақырет дейміз бе? Аумалы-төкпелі, қысталаң мезгіл еді. Жұмыс та, айлық та тоқтады. Біреулер театрды мүлде тастап, саудаға кетті. Кей актерлер базарға шықты. Тойға бейімделді. Кафелерге жалданды.

Осындай болмыспен бетпе-бет кеп, «ақыреттен» алып шыққан Ахмет! Театрдың директоры Өтебаев Ахмет! Театрдың 85 жылдығы қарсаңында, бүгін тірі болғанда, 80-ге келер еді. «Жақсының аты, ғалымның хаты қалады». Жақсының жақсылығы ұмытылмайды.

Ахмет Өтебаев 1939 жылы 15 мамырда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, «Воен совхоз» деген ауылда туған. 8 сыныпты ауылда бітіріп, әуелі «машинист болам, паровоз айдаймын» деп, Тараздағы теміржол училищесіне, кейін
Төлентай Жүршиев, Әскер Құлданов, Мият дейтін жігіттермен мәдени ағарту училищесіне түседі.

Ахмет домбыра мен баянды игеріп, сол қаладағы Жамбыл облыстық музыкалы қазақ театрына қабылданады. Әрі музыкант, әрі актер бола жүріп, ұйымдастырғыш қабілетімен танылып, директорлыққа дейін өседі.
1972 жылы Өзбекәлі Жәнібеков Торғай облыстық қазақ музыка драма театры ашылғанда, директорлық қызметке шақырып, Арқалық қаласына арнайы алдырады.

Мәскеудің М.С.Щепкин атындағы театр училищесінің түлектері театрдың іргетасын қалады. Обкомның үшінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековпен тығыз байланыс орнатқан театр директоры Өтебаев Ахмет Торғай облысы мәдениетінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты.

Әсіресе мәдениет, этнография, оның ішінде ертедегі және қазіргі сәулет өнері мен ұлттық ою-өрнектерді, би мен театрдың өзекті мәселелерін Өзбекәлі Жәнібековтен үйреніп, баға жетпес, рухани құнды тәжірибелер жинақтады. Театрдағы белгілі актерлері Ш.Ә.Есенғұлова, Ж.Ә.Жанботаев, М.С.Манаповтармен, әйгілі режиссерлер Қ.Р.Жетпісбаев, Е.Қ.Тәпенов, Ж.И.Есенбеков, Ж.А.Хаджиевтармен қоян-қолтық араласа келе байтақ елімізге еңбегімен танылып, аты шықты.

Ахмет Өтебаев көптеген жылдар бойы Жамбыл, Торғай облыстық театрларда директор болып табысты еңбек етіп, бұл ұжымдардың шығармашылық өсуі, толысуы үшін аянбай, өнерге деген сүйіспеншілікпен жұмыс істегенін республиканың театр жұртшылығы жақсы біледі.

Іскерлігіне, сахнаның ұңғыл-шұңғылын, жай-жапсарын жетік білетін, сабақты ине сабаулы қамшысына дейін қалыс қалдырмай тірнектеп жинайтын сарабдалдығына тәнті болған республикалық театр ұжымдары Өтебаевты жан-жақтан директорлық қызметке шақырудан жалыққан емес-ті. Сондай ұжымдардың бірі – Шымкент театры еді.

Шанин театры

...Көкейде жүрген басшысын тауып, көңілі орнына түскен театр ұжымының Ақаңмен еңбектес болғанына алты жыл өтті. Ол да өнегелі басшы, үлгілі ұйымдастырушы, театрдың сан қилы шаруашылығына жетік, іскер маман екенін көрсете білді. Театр әлемінде жылт еткен жаңалыққа жіті көз тіккен, жақсылыққа жаны үйір ол, сахна өнерін жанын сала уағыздаған насихатшы да екен.

Келе сала театрдың күллі шығармашылық ұжымын ұшақпен тік көтеріп Рига, Вильнюс, Таллин, Шауляй, Мәскеу қалаларына алып ұшты. Өз қазанында өзі қайнап, етек басты болып қалған өнер иелері ел көріп, жер көріп, еңсесі бір көтеріліп қалды. Суреткерлік ой-өріс көкжиегін кеңейтіп, шеберлігін шыңдап, кәсіптік тәжірибені кемелдендіретін сапардың дәрісі мен тәлімі де мол екен.

Азды-көпті өз тәжірибеңді ой елегінен өткізіп, сарапқа салып, салмақтап қорытуға, өркениетті театрлардың озық үлгілерінен өнеге алып, үйренуге жағдай туды.

Алпыс жылдан бері күрделі жөндеуден өтпей, сылағы сыдырылып, қабырғасы қабыршықтанып, үгітіліп, көнеріп тозған театрымыздың ғимаратын қайта тұрғызғандай күрделі жөндеуден өткізген де – Ахмет Өтебаев. Сырттағы жамағатты алыстан «мен мұндалап» шақыратын театрдың іші қазір кірген адам шыққысыз, көздің жауын алатын сәулет ескерткіші тақылеттес. Директордың бұл еңбегін атап-атап айтпасқа амалың жоқ.

Төбесін шатырлап, су өтпестей етіп, бірыңғай қаңылтырмен жапты. Сахнаның шытынап, жаңқаланған қабырғаларын әуел бастағы әдемі қалпына келтірді.

Жарық сәуле, прожекторды бүкіл жабдықтарымен Алманиядан, дыбыс құрал-саймандарын Болгариядан, ілеспе аударма аспаптарын Венгриядан, техниканың соңғы жетістігіндей көрінетін жаңа режиссерлік басқару пультін Польшадан, төрт бағдарлы 120 тетікті «Суто» байланыс жүйесін Санкт-Петербордан алдыртып, қондырды.

Театрдың штанкеттері автоматтандырылып, жылу жүйесі, электро-радио желілері, көрермен креслолары түгелдей жаңаға алмастырылып, фоэлер мен залдың төбесі өрнектелген гипс тақталармен көмкеріліп, безендірілді.

Зал түкпірінен аппараттарға оңтайлы орын тауып, оларға тұрғызылған төрт бөлме ғимараттың сынын бұзбай, қисынын тауып қиюласып, жарасымын тауып сымбатына сымбат, сәніне сән қосты.

Ахмет көкейдегі сыр ұштығын былай шығарады: «Бүгіндері ақша санай білу де үлкен өнер. Көрпеңе қарап көсілетін заман. Есі бар ел жаппай ақша санауды үйренуде. Ол дұрыс та.

Өйткені, идеологиялық өрескел тыйымдар мен цензуралық қатаң бақылау жоғалып, театрдың тізгіні өнер мекемесінің өз қолына емін-еркін тиіп, өмірі өз шаруашылығын дұрыс алып жүруіне байланысты болып қалды. Бұл енді өзгеге емес, өзіңе сен деген сөз.

«Емін-еркін» дегенге былайғы жұрт өнер адамдарын байлыққа белшесінен батқан табыскер екен деп қалмасын. Ондай табыс көзі болған, «алтын толы науа» театр әлемде жоқ. Мысалы, «шоу-бизнестен» ақша тауып, пайда табатын Нью-Иорктегі АҚШ-тың 40 ғимараттан кұралған коммерциялық Бродвей театрларын алайық.

Оның тұрақты труппасы да, қомақты репертуары да жоқ. Бары – үлкенді-кішілі залдардан тұратын ғимараттар. Соны кез келген антрепренерлерге бір-бірлеп жалға береді. Ол табыс түсіретін бір қойылымды қайта-қайта, Құдайдың кұтты күні, кеш құрғатпай ойнайды. Көрермен тыйылып, табыс тоқтады – бітті, сахнаны босат, тайып тұр!

Ондай спектакльдердің ғұмыры бір жыл. Ұжым тарқап, тағдыр тәлкегіне ұшырайды. Шекспирдің «Асауға – тұсауы» бойынша қойылган «Кел, сүй мені, Кэт!» мюзиклі Бродвейде 2000 рет ойналса, «Әдемі Ледиім менің» мюзиклі оншақты жыл өтсе де күні бүгінге дейін, сахна төрінен түсер емес.

Бірді-екілі мұндай құбылыс сирек те болса, аракідік кездескенімен, осынша ғимаратты қанша тиімділікпен пайдаланса да, көк тиын пайда бермей, қаңырап бос тұратындары да аз емес. Қысқасы, табыспен байыған театр жоқ. Ақшаның қыр соңына түскен театр осы Бродвейдей-ақ болар.

Сондықтан бізге керегі репертуары мен труппасы тұрақты театрымызды бұзбай-жармай, сақтап қалу. Оның үстіне, мағыналы мақсаты болмаса, ақша санау іш пыстыратын, кісі жалықтыратын жұмыс қой.

Бізде мұны театрдың қамын жеген бірен-саран директорлар ғана біледі. Жаңа жағдайға бейімделіп, театр байыз тауып, түпкілікті орнығу үшін сахна өнерін сансыратпай, шығармашылық ұжымды асырап-сақтап қалатын Сақтаған Тұрлымұратов, Отантай Кәрібжанов, Шайтұрсын Әдібеков, Қалмахан Бейсембиев, Тасболат Байымбетов, Әлібек Әмзеев сынды директорлар бүгін ауадай қажет.

Бізге шетелдегідей өз еркімен демеу жасайтын жарылқаушы меценаттар қайдан келсін? Театр ешқашан өзін-өзі ақша жағынан ақтай алмайды. Егер мемлекет ұстамаса, театрға қиын. Тым құрымаса, бір жағалауға шығып, бір қырқаға көтеріліп алғанша мемлекет медет болуы керек.

Күндіз дүкенінде сауда-саттық жасап келіп, кешке сахнаға шығу актерге қалай тиер екен? Оның өнеріне халық қанағаттана қояр ма екен? Себебі сахна деген, күш жігеріңді ақыр-тақырына дейін беруіңді тілейді ғой. Не істеу керек?

Алматының Темірбек Жүргенов атындағы театр-кино институты тарапынан театрдың шаруасын басқаратын мамандарды даярлауды жедел қолға алу керек. Бізде, көбінше директорлар кездейсоқ, қалай болса солай тағайындала салады.

Оған мысал – Торғай театрында 1972-77 жылдары – 4, Шымкент театрында 1980-88 жылдары – 5, көршілес Жамбыл театрында соңғы бес жылда 6 директор алмастырылды. Он жылдан астам мінсіз қызмет атқарған Семей театрының директоры Отантай Кәрібжанов, Қызылорда театрының директоры Шайтұрсын Әдібековты, ойда жоқта, бір ауыз рақмет айтпастан, орнынан алып тастаған.

Тіпті, сол азаматтар қазір қай қиырда, не күй кешіп жүргенінен бейхабармыз. Тәжірибелі, істің көзін табатын, сақа директорларды алып тастағанда жұмыс оңалды ма, іс оңға басты ма?

Директор жұмысында да тарихи жалғастық, тәжірибе сабақтастығы, алдыңғы аға толқынның үрдісін кейінгі жеткіншектері жерге тастамай, іліп алып дамытып, биік деңгейге көтеру дәстүрі сақталу керек. «Ат шаппайды, бап шабады», режиссер, суретші, актер – күллі шығармашылық ұжым бабында тұру үшін директор мықты болу керек», - деген еді.

Директорлық орынға жанға жайлы кресло, яки кезекті биік қызметке өрлейтін баспалдақ емес, тағдыр талайым, өмірсерік мамандығым деп қарайды ол.

Ахмет – арманның ғана емес, әрекеттің де адамы. Одақ тарқап, байланыс үзіліп, басқасы-басқа, тіпті, ең ақырында ұсақ-түйек грим, парик, гумоз, легнин, желім, вазелин, бояу, қылқаламға дейін сап тыйылып, тығырыққа тіреген, зат біткен қат заманда режиссердің көкейіндегі көрікті ойын әрін қашырмай іске асырып, жаңа қойылымды жасаулап-жабдықтап шығудың зілмауыр салмағы әуелі директорға түсері көпке аян.

Бұл жұмыс бірді-екілі қойылыммен толас таппас ұшы-қиыры жоқ құбылыс. Сондықтан директор сан-мың бояу түрін суретшіден кем білмеуі керек. Ағаш, темір, былғары, пластмасса, тағы басқа заттардың жөн-жосығын ұстадай, ісмердей, зергердей тап басып тануы керек. Кездеменің қыруар түрін тігіншіден кем ажыратпауы керек.

Осылардың спектакльге лайықтысын таңдап-талғап, керегін іздеп тауып әкелмесе ақша да рәсуа, қанша еңбек те ысырап боп, босқа желге ұшады. «Айша бибі», «Арқалық батыр», «Төле би», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Ең әдемі келіншек», «Сталинге хат», тағы басқа да қойылымдарды жарыққа шығаруда Ахмет тыңғылықты ісімен ақаусыз көріне білді.

Ұжымның ұйтқысы, ынтымақ, бірлік, татулықтың дәнекері Ахмет Тойбекұлы қол астындағы адамдардың жеке тұрмысына да жіті көңіл бөліп, киім-кешек, азық-түлік, үй-мүліктеріне дейін қапы жібермей қарайласып тұратын.

Оны театрдың режиссерлері, суретшілері, актерлерінен бастап барлық цех қызметкерлері мен жұмысшылары, бухгалтерия, автокөлік, қосалқы шаруашылықтың еңбеккерлеріне дейін құрметтеп, қадір тұтады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы драма театры өзінің 60 жылдық мерейтойына орай Алматыда гастрольдік сапарда болып қайтқанынан оқырман-көрерменіміз жақсы хабардар.

Сөз соңында «Ордабасыда» өткен ұлан асыр мереке еске түседі. Үш жүздің тоқ етер сөзге тоқтап, тізе біріктіріп, жауға қарсы тұрған киелі орнында, енді үш Елбасы бас қосты. Сондағы театрландырылған көріністі Ақмола, Жамбыл, Жетісай және Шымкент – төрт театр дайындады.

Әне, естен кетпес елестей сәт! Төрт пырақтың аяқ алысына айызы қана қараған Ахмет апталап-айлап арқалаған ауыртпалығын ұмытып кеткендей еді. Өйткені, төрт пырақты сылап-сыйпап, бәйгеге баптап қосқан өзі еді!...

Мәжит Ілиясқар,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген қайраткері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.