Шанинде жабылған 85-шымылдық

Среда, 03 Июль 2019 04:12 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 903 раз

«Театр – шындық пен өмір, театр – тәрбие мектебі. Театр – тәлім, рухани азық алар орда» деген сөзді қазақ топырағында театр өнері тәй-тәйлай бастаған сонау ХХ ғасырдың басында қазақтың тұңғыш режиссері, актері, драматургі, ҚазССР-ның тұңғыш халық артисі Жұмат Шанин айтқандай, бүгінде театрсыз қоғамды көз алдымызға елестету қиын.

IMG 6318

Өнер мен мәдениеттің отанындай Милан қаласындағы «Пикколо-театрды» ашқан, әлемге атышулы режиссер һәм актер Дж.Стелер әр қойылымнан соң шымылдық түскенде «Шымылдық жабылған сайын ендігәрі ашылмайтындай үрейленемін» дейді екен.

Әлбетте, шаниндіктерге үрейдің ауылы алыс. Өйткені, Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры өзінің 85-маусымын көрші өзбек елі ортасына алтын көпірге айналған С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» көңілді комедиясымен (реж. Ж.Есимов) бастады.

Театр өскелең ұрпағымыз жас көрерменін де назарынан тыс қалдырмайды. Театрдың болашақ көрермені – бүгінгі бүлдіршіндер. Сол себепті жасөспірімдер мен бүлдіршіндерге арналған репертуарға ерекше назар аударып отырамыз. Биыл достық пен адамгершілікті баяндайтын, балаларға арналған Б.Бекжановтың «Торға түскен Түлкібикеш» (реж.А.Шымтемиров) және «Жаңа жылдың хикаяттары» (реж.А.Шымтемиров) ертегілері өз көрерменіне жол тартты.

Бүгінде шығармашылық құрамы жас буынмен толықтырылған театр, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мерекесі күніне орай, көрермен жастардың сезімге толы сырларымен бөлісу мақсатында «Махаббат формуласы» сазды-поэтикалық бағдарламасын ұсынды. Махаббат жайлы сөз қозғалғанда жаны жадырамайтын жан, сірә, жоқ болар. Жүрек қылын шертер сезімге толы ән мен поэзия үндескен кеш көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

Театр 85-маусымда пьесаларымен әлемді таңдай қақтырған, бүгінде «әлемдік драматургия жауһарына» айналған Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын сахналаумен (режиссер Б.Құрманғожаев, қоюшы-суретші
Қ.Жұмақұлов) қоржынына сүбелі дүние қосып, маусым шымылдығын абыроймен жапты.

IMG 9040

Аз ғана көлемге жазылған бірнеше қойылым үстінде қаншама шығармашылық күйзеліс, ізденіс, төгілген тер жатқанын ойласақ, театр ұжымы өз маусымын деңгейін түсірмей жапқанына куә боласыз.
Театр саласының бір ерекшелегі – маусым арқылы келесі жаңа жылға ауысып отыратыны. Мәселен, 2018 жылы қыркүйекте басталған 85-маусым, 2019 жылдың маусым айында өз межесіне жетіп отыр.

Әр маусымның өзіндік жоспары, мақсаты, жүзеге асыра білу секілді кезеңдерден ақсамай өте білудің маңызы зор болмақ. Мәртебелі межеге мерейі үстем боп жету үшін төгілетін тер мен жұқаратын жүйке салмағын сахнамен тығыз байланыстағы өнер иелері аса жауапкершілікпен сезінген сәтте, шығармашылық жеміске қол жеткізері һақ.

Тарихтың бастауы сонау театр ашылған 1934 жылдан басталған театр маусымдары, бір қарағанда біркелкі секілді көрінгенімен, әр маусымның өзіндік қаталанбас ерекшелігі, шығармашылық шарықтау деңгейі тікелей қойылымдарға тәуелді екені шындық.

85 жылдың ішінде Шанин театры шығармашылығының биікке самғаған жұлдызды сәттері мол болды. Құрамындағы талантты артистердің актерлік шеберлігі биік деңгейде болуымен «Ата театр» атанған М.Әуезов атындағы академиялық театр артистерімен «ауыздық шайнасқан» тұстары жеткілікті.

Бүгінде шығармашылық құрамы жас буынмен толықтырылған театр, 85-маусымда пьесаларымен, әлемді таңдай қақтырған Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын сахналаумен қоржынына сүбелі дүние қосылды.

Театр қоғам дертінен айналып өтпек емес. «Қоғам – халық – театр – көрермен» тізбегіне көз жүгіртсек, театр мен көрермен арасында тығыз байланыс болуының нәтижесінде көркем дүние сахналық шындыққа айналады. Бүгінде қоғамды толғандыратын өзекті тақырыпты сахналап, жас көрерменге ой салу театрдың басты мақсатына айналды.

Театр – қоғам мен көрермен арасын жалғастырушы алтын көпір екенінің айғағы ретінде нашақорлықтың зардабынан шаңырақ шайқалып, адамзат зар кешіп жатқанын жеткізетін Р.Отарбаевтың «Шырмауық» драмасы мамыр айында (реж.Ж.Есимов) сахналанғанын айта аламыз.

IMG 0235

Театр – тірі ағза іспеттес. Кейде «тұмауратып» қалып жатады. Ол кезде шығармашылық топ дереу тізгінді қолға алып, дер кезінде сүбелі дүниелермен толықтырып, ем-дом жасап, айықтырып алады. Бұл – әлем театрлары басынан өткеретін заңды құбылыс. Демек, театрда шығармашылық толғаныс, салмақты саралау бар деген сөз.

Иә, соңғы жылдары Шанин театрында көркемдік жетекші тұрақтамай кеткені жасырын емес. Театр шығармашылығын жетелейтін маманның жоқтығынан емес, басты фактор – көркемдік жетекшіге берілетін баспана болмауынан. Режиссер – ең алдымен өзіндік отбасылық тәш-пүші бар адам. Көркемдік жетекші шығармашылықтан басқа ештеңеге алаңдамай тер төгуі үшін, отбасы қаңғырмауы өте маңызды.

Өкінішке орай, сырттан келуге пейіл білдірген майталман режиссерлерге баспана тауып бере алмаудың өзіндік салдарын шешу, театр басшылығының құзырынан жоғары деңгейде шешілетін мәселеге айналып отыр.
Жуырда театрдың көркемдік жетекшілігіне театртанушы маман Тимур Ахметов тағайындалды. «Жас келсе - іске» демекші, қажырлы жастың жігерлі қадамынан жемісті жетістіктер күтеміз.

Сая Қасымбек,
Ж.Шанин атындағы академиялық
қазақ драма театрының
әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.