Сүйіндіру және желек алу

Пятница, 02 Август 2019 04:22 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3651 раз

Ата-бабамыздың сол тәлім-тәрбиесі мен өнегесі қандай керемет десеңізші. Солардың бірі – сүйіндіру.

кимешек

Жас келіншек босанғаннан кейін оның анасы кәде жорасын алып арнайы келуі тиіс. Туманың бауы берік болсын деп, қызына қалжа ретінде тары-талқанын, ірімшік-майын ала келген.
Бұл – қалыптасқан салт және ананың міндеті, парызы. Мұны қызын қияға қондырған әр қазақ әйелі білуі тиіс.

Анасы болған соң жас босанған қызының қасында болып, оған рухани күш беріп, сенім туғызып, жас сәбиді емізу, күту жолдарын үйретеді. Ақылшысы, сүйеніші, қамқоршысы болады. Құда-құдағиларының немерелі болған қуаныштарына ортақтасады. Нәрестеге арнап әкелген бұйымтайларын, сәлем-сауқатын ұсынады. Құрметті қонағы болады.

Нәрестенің әжесі немересін әкесі жатқан бесікке әдейі ырымдап бөлеп, келініне жай-жапсарын үйретеді. Себебі сәби нағашы шешесі әкелетін бесік келгенше жерде жатпаған. Перзентті болған қызына анасының арнайы баруы ежелден келе жатқан жоралғы екенін жұрттың бәрі де растайды. Алайда бұл салттың қалай аталатынын қариялардың өзі де дәл айтып бере алмайды.

Осы сапарда қызын сүйіндіре келген анасының алдында құда-құдағи ағайын-жұртын жинап, жас келіннің от басы-ошақ қасында тағып жүрген орамалын алып, келініне кимешек кигізген. Бұл салт «Желек алу» деп аталған. Ондағы мақсат – балалы болған жас келінді енді осы шаңырақтың белді мүшесіне айналғанын дәлелдеген. Кейбір өңірлерде бұл салтты ұмытпай сақтап келген.

(«Дәстүрім – асыл қазынам») кітабынан

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.