Баба түкті Шашты Әзіз (аңыз ба, ақиқат па) Избранное

Среда, 14 Август 2019 05:09 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 9873 раз

ҚР Үкіметінің бастамасымен адамзат тарихында маңызы бар Қазақстанның киелі жерлері бойынша туристік нысандар құрылған. «Ұлы дала еліне саяхат, Алтайдан Жібек жолына дейін» атты экспедицияда байтақ жеріміздің барлық аймақтарын алты бағыт бойынша арнаулы мамандар, ғалымдар депутаттардан тұратын алты топ аралап шықты.

331

 

Бұл бағытқа Түркістан облысының жаңа орталығы Түркістан қаласымен бірге облыс аумағындағы көптеген тарихи жәдігерлер де кірді. Одан соң жоспарлы түрде жұмыстар жүргізілетін этно-экотуризм бағыттары жасалып, саяхаттанушылар жұмылдырылды. Сондай этнотуризм нысанының бірі – Созақ өңіріндегі Баба түкті Шашты Әзіз баба кесенесі.

Баба түкті Шашты Әзіз

Бұл есімді тек қазақ халқы ғана емес, бүкіл түркі жұрты түгел біледі десек, қателеспегеніміз. Бабамыздың рухы халықтың арман-мүддесімен сай келе жатыр. Сол үшін Шашты Әзіз мәңгілік тұлғалардың бірі әрі бірегейі деп есептейміз. Халқына осындай батыр жұртымды қорғайтын, елді ел қылатын ер ұлан керек деп, Алланың алдына сұрап талай барған осы әулие деген сөз бар.
Әрине, беретін бір Алла, Тәңір ғой. Баба түкті Шашты Әзіз сол екі ортадағы бір дәнекер, белгілі бір рудың, жүздің еншісіне жатпайтын, маңдаладағы мұсылмандыққа мойынсұнған халықтың падишасындай азамат.

Бірде таудан келе жатқан Тұтамғалы Сіргелі Қасқабай Кәлпе дейтін азамат, өзі тақуа, жақсы кісі болса керек, Жылы бұлаққа келсе, шеңгелдің арасында асасын шаншып, бір ақ сақалды кісі Құран оқып отыр екен, үндемей, артына отыра кеттім дейді. Болған соң бұл жерде не бар деп едім, «Е-е-е, бабтардың бабы – Баба түкті Шашты Әзіз әулие бар» деп айтты. «Күнде келіп тұрасыз ба?» «Жоқ, әр жұма келіп тұрамын» дейді. Содан ол кісі үндеместен ауылға келеді де сол кездегі Шалдардан шыққан Бостан деген датқаға келіп айтады. Мұны естіген Бостан тез арада үш-төрт жігітті ертіп алып, соңынан еріп барады. Келсе, айтқандай, бағанағы қария кісі Құран оқып отыр екен. Екеуі әңгімеге кіріседі. «Мен Мұхаммед Пайғамбарымызға (с.а.с), одан бергі жағындағы Сейтқожалардың арғы тегі бар, Меккеде соларға Құран бағыштаймын. Сырттағы әулиелер ішінде Баба түкті Шашты Әзізден құдыретті әулие жоқ, осының басына Құран оқып тұрамын» деген екен. Орнын көрсете аласыз ба деген сауалдан соң қария орнынан тұрып, басына барып, асасын шаншыды дейді. Ол өткен мың жылдықтың аяғы болуы керек (1800 ж).

Сол жерге Бостан датқа Түркістандағы Қарнақтан Айтқожа дейтін қожаны баласымен екеуін сағана соғуға алдырады. Күздің күні, күмбездің жарымына барғанда біте алмай қайтып кетіпті.
Биболат Рабатов ағамыздың өткен ғасырдың аяғы, осы ғасырдың басында жазған «Ғасырдан дерек берген қобдиша» мақаласында жоғарыдағы айтылған жайттар қайталанып отыр. 1133 жылы Баба түкті Шашты Әзіз бабаның кесенесін қалаушы Шалдар руынан Бостан датқа екені (Карим інісі), Қарнақтан Айтқожа баласымен екеуін алдырғаны, Жылы бұлақ жай ғана бұлақ емес, ол бастау Жылы бұлақ болысы екені, барлығы шындыққа сай келіп тұр. Мамандардан, ғалымдардан құралған топтың зерттеулері мен зерделеулеріндегі шешімдер Биболат Рабатов ағамыздың мақаласымен сәйкес келіп тұрған сияқты. ХІХ ғасырдың аяғында ұрпақтары (Шалдар) кесенені төртінші рет тұрғыза бастады.

Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі

Аудан аумағында орналасқан, құнды саналатын тарихи мұнаралардың бірі – Баба түкті Шашты Әзіз мазары. Құмкент ауылының маңындағы Жылы бұлақ жерінде орналасқан Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі бүкіл қазақ жұрты қиын-қыстауда табынатын, жауға шапқанда ұрандататын киелі әулие болған. Күш атасы, додаға түскенде жауырыны жерге тимеген Қажымұқан «Уа, әруақ, Баба түкті Шашты Әзіз рухы қолдай гөр» деп сыйынған екен.
Баба түкті Шашты Әзіз есімі «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Шора Батыр» жырларында жиі айтылады. Бабамыз туралы дерек 33-34 жырда, эпоста кездеседі екен.

Тарихта өткен ұлы есімдерден жас жөнінен тек Мұхамед Пайғамбарымызға (с.а.с) жол беретін бұл әулие 1000 жылдығын енді ғана тойлаған Қырғыз жыршысы Манастан көп бұрын өмір сүрген.
Батырлар жыры қалай басталушы еді: «Пәленше деген бай болады, бір перзентке зар болады. Ақырында Құдайдан бала сұрап, әулиеден әулие қыдырып, етегін шеңгел сыдырып, Баба Түкті Шашты Әзізге кеп тұрушы еді» ғой, сол түнеушілерді әулиеміз жарылқамаушы ма еді.

Арнаулы құрылған эко-этнотуризмді зерттейтін, зерделейтін топ өкілдері шешімдерін марқұм Қалтай Мұхамеджанов ағаға көрсеткенде, жазған жазуларды қарап отырып, «Сіздер эпосқа, аңызға көп бара бермей, осы күнгі ғылыми тілмен айтып көрдіңіздер ме?» деп, өздеріне сұрақ қойған екен.
– Ия, соны сезінгендей солай етпекші едік. Аңызға барсақ, ертегі болып, адам сенбейтін оқиғалар болып кетеді. Ал бұның зерттелуі тұлға ретінде болған адам, шын мәнінде тарихта болған, мынау Қызылкөлдің жағасы Құмкенттің ескі шаһарларының жанында төмпешік бейіті бар, қазір сол жерде үлкен қорым жатыр, сол қорымда Шашты Әзіздің сүйегі жатыр. Демек тариха болған адам.

Өз заманында әулиелердің тылсым қасиеттерін түсінбегендер көп болған. Олардың отқа салса күймейтін, суға салса батпайтынына таңданып, бір мезгілде екі қалада намаз оқи алатынының құпиясын түсінбегендіктен, түсіне алмағандықтан, осы түсініспеушілік олар өмірден өткеннен кейін оларға зиярат етумен жалғасса керек. Мысалы Қожа Ахмет Яссауи, Баба түкті Шашты Әзіз, Қарабура әулиелер Түркістанда тұрып, бір мезетте Меккеде намаз оқи беретін болған. Бекет ата да Маңғыстауда тұрып, Хиуадағы Шергазы Хан медресесінде намазға жығылған көрінеді. Ер Дәуіттің бір мезетте екі жерде жан тапсыруы мүмкін бе? Мүмкін. Құдай құлшылық еткен кей жандарына осындай қабілет беретіні рас шығар.

Осы күнгі заманның кейіпкерлері Чумак пен Кашпировскийлердің өздері бір қалада тұрып екінші қалада емдеп, операция жасамады ма? Қазіргі уақытта адамның мүмкіншілігінде шек жоқ. Шегені, әйнекті жұтады, қолын кеседі, қан шықпайды, т.б. Аңыз болжам шындыққа айналыпты деп таң қалуға болмас.
Біз қазір жетпістеміз. Ес білгелі «Қазығұрттың басында кеме қалған, кереметі болмаса неге қалған» деген аңыз болжамды естумен келдік. Шындығына келсек, ғасырлар бойы үш мемлекет - еврейлер, армяндар, қазақтар «пайғамбардың кемесі біздің елдің тауында қалған» деп таласып келіпті.

Ғасырлар бойы шешімін таппаған аңыз болжамды 2018 жылы ЮНЕСКО мамандары біздің пайдамызға шешіп берді. Осы жылы Қазығұрт тауына үлкен монумент салынып, ғасырлар құрылысы басталып кетпек.
Болжамды, аңызды, шындыққа айналдыру деген осы емес пе?! Баба түкті Шашты Әзіздің аңыздан ақиқатқа айналғанына тек қуанамыз.
Баба түкті Шашты Әзіздің кесенесін қайта-қайта тұрғызарда көп еңбек еткен Шалдар руының өкілдері екені деректерде айтылуда. Баба түкті Шашты Әзіздің өзі Сіргелі-Шалдар руына тиесілі деген сөздер де жоқ емес. Лайым, солай да болғай.

Халық арасындағы аңызда ол су жағасында намаз оқып отырып, үш пері қызын көреді, солардың біреуінің қолынан ұстайды, екеуі де суға сүңгиді, ақырында сол қызға үйленеді. Ырза болған пері қызы «ішімде алты айлық балаң бар, соны Көк дария (Қызыл көл болуы керек) жағасындағы Кұмкент деген жерге тастап кетем, іздеп тауып ал» дейді де, аспанға ұшып кетеді.
Баба түкті Шашты Әзіз уәделі жерден құндақтаулы «нәрестені тауып алады». Оған Едіге деген ат қояды «Едіге батыр» жырында Баба түкті Шашты Әзіз сол батырдың тікелей әкесі ретінде суреттелген. Алтын Орданы 15 жылдай басқарған Едіге батыр тұрғызды деген деректер молынан ұшырасады. Едіге жауға аттанар алдында Жылы бұлақтан су ішетін көрінеді. Кесенені ұрпақтары ХІХ ғасырдың аяғында тұрғыза бастайды. Құрылыс қарқынмен жүргенімен, толық аяқталмай қалады.

Қолдағы деректерге қарағанда Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі 7 рет тұрғызылды немесе жаңартылды деуге негіз бар. Оның ең ежелгісі – қайтыс болған кезде тұрғызылған белгі тас.
Екіншісіне Алпамыс батыр жырының куәлік беруі бойынша Аналық анамыз тас белгінің үстіне тас қойғаны қисынға келіп тұр. Үшіншісі Құмкент шаһарында туып өскен, Алтын Орда тарихында әскер басшыларының басында тұрған, 15 жылдай билігін өткізген Едіге батыр тұрғызды деген деректер молынан ұшырасады. Төртінші рет кесенені ұрпақтары ХІХ ғасырдың аяғында тұрғыза бастайды. Содан кейін 1916 жылы бір бөлігіне дейін қызу қарқынмен жүреді. Бірақ толық аяқталмай қалып, келер ұрпақ жамап-жасқап, біздің заманымызға жеткізеді. Бесінші рет кесенені 1925 жылы жөндеуден өткізген. Түймекенттік Темірбек, Арынбек Қауымбек, Жолан Қалқаманұлы Шаяннан Қадір баба қожа, шырақшы Амантай Оспан қожа, Әлмұхамбет Сапарұлы қатысты. Қол қойып, келер ұрпаққа із қалдырушылар – Болтай Арғынбайұлы, Жолан Қалқаманұлы. Алтыншы рет кесенені 1996 жылы қайта қалау үстінде дуалға қоса қаланған қобдишаның ішінен бір бума қағаз шыққан. Шора Арынбеков ескіше сауаты бар кісілерге көрсетіп, аударып, қобдишаны қайта қалап жіберген. Серікжан Сейтжанов бауырымыздың өз қаржысына үш айдың көлемінде, соңғы сәулеттік шешімге сай жаңа кесене салуы баба кесенесінің жетінші рет жаңаруы деуге болады.
Не десек те жоғарыдағы мәліметтің, деректің барлығы ақиқаттың айғағы деп айтуға толық мүмкіндігіміз бар.

Баба түкті Шашты Әзіз – қазақ әдебиетінде жиі кездесетін бейне, ол туралы аңыздардың бірінде шын есімі Баба туклас деп көрсетілген. Әкесі керемет әзіз. Баба туклас Меккеде патша болған, мұсылмандар арасында әулие болған. Меккеге қажылық сапармен барушылар ең алдымен Мұхаммед Пайғамдардың (с.а.с), одан кейін Әлім ұстазы Сейттің, содан соң осы Баба түкті Шашты әзіз қабіріне барған деседі.
Келесі бір аңыздарда Баба түкті Шашты Әзіз Қожа Ахмет Ясауидің арғы бабалары, Ислам діні Орталық Азияға тарай бастаған кезде өмір сүрген кісі, Қорқыттың замандасы делінеді. Академик Ә. Марғұлан осы аңыздың тарихи негізі бар дейді.

Үшінші аңыз бойынша Баба тукластың баласы Еділ-Жайыққа дейін келген, оның Құтлубек атты ұлынан Едіге батыр туған. Ал «Едіге батыр» жырында Баба түкті Шашты Әзіз сол батырдың тікелей әкесі ретінде суреттеледі.
Баба түкті Шашты Әзіз нақты болған адам деген бұлтартпайтын дерек жоқ. Сондықтан ғылымда ол мифтік бейне ретінде қабылданған, қазақ фольклорында әулие кейпінде суреттеледі. Батырлар жырында бас кейіпкер, қиналған кезде демеуші, аян беруші тұлғасында бейнеленген.
Мақаламызды деректермен толықтырған Ф.Урмизов, Б.Рабатов мырзаларға алғысымыз шексіз.

Мұрат АСЫЛ,
зейнеткер
Суретті түсірген – Еділ Садық

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.