Версия для печати

Нәр бердің ән бұлақтан... Избранное

Пятница, 16 Август 2019 07:25 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3570 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Баяғыда біреу «Мен Абылай ханның арбасын айдайтын арбакештің көршісі едім» деп кеудесін керіпті ғой. Сол айтқандай, қазақ даласын жарты ғасырдай жаңғыртып әсем әнге бөлеген біртуар сазгер Шәмші Қалдаяқов ағамен бір ауылда туып, бір өзеннің суын ішіп өстім. Ағамның атын байлап, кебісін қоймасам да, құлақ құрышын қандырған ғажайып әуендерімен бесікте тербетіліп, белім бекіді.
Біреулер таңқалады, енді біреулер таңқалдырады. Шәмші аға ғажайып әуендерімен исі қазақты таңқалдырып қана қойған жоқ. Табындырды!

367

 

ТОЙҒА ТАРТУ

2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық тойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтердің қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Серік Үмбетов маған Шәмші Қалдаяқов жөнінде кітап жазуға ұсыныс жасады. «Көтере алмайтын шоқпарды беліме қыстырып қайтем» деп ойладым да, бірден бас тарттым.
– Неге? – деді Серік Әбікенұлы.
– Мен жөргекте жүргенде, Шәмші аға жер-көкте жүрген. Жиырма жас үлкен!
– Әңгіме жаста ма?
– Әңгіме жаста емес, баста. Біріншіден, мен Шәкеңмен бір ауылда өссем де, о кісімен етене араласқан емеспін. Жастық шақтың жалын тартып, студент кездерінде пәтерде бірге тұрған академик Өмірзақ Айтбайұлы, композитор-жазушы Илья Жақанов, ақын Сабырхан Асанов, жазушы Еркінбай Әкімқұлов ағаларымыз Шәмшінің ұңғыл-шұңғылын жетік біледі. Сол кісілерге қолқа салыңыз.
– Қазіргі қаламгерлеріміз баяғы заманның батырлары туралы қалыңдығы кере қарыс роман жазғанда бабаларының көзін көрді дейсің бе?
– Шәмшінің көзін көргендер ой толғамаса, көркем дүние шындыққа жанаса қоймайды. Ондай шығарма ойдан құрастырылған қиял-ғажайып ертегінің бір нұсқасы болады да қояды, Секе. Мен одан да Шәкеңнің нотаға түскен әндерін жинайын. Дәмдес-тұздас, сырлас болған замандастарының пікірі мен естелігін қағазға түсірейін. Латиф Хамиди секілді ағаларына жазған хаттарын іздестірейін. Әндерінен басқа ауызекі айтқан әзіл-қалжыңдары бір төбе. Өз жанынан шығарған өлеңдері де бар. Соларды жүйелейін. Сосын Шәмші туралы жұрттың жазған мақалалары әр баспасөзде әр мерзімде жарияланған. Ұлттық кітапханаға барып, солардың тізімін жасайын. Міне, бұл – нақты тірлік. Әйтпесе, Шәкең жас шағында сыған қызына ғашық болыпты деп бір романды сүйкей салу қиын шаруа емес. Одан гөрі шындыққа бейімделген шығармамен айналысқан дұрыс-ау…
Сөйтіп, әкіммен келісімге келдім де, жоспарымды реттестіріп, 2002 жылы «Шәмші!» деген 18 баспа табақ, таралымы 5 мың дана кітапты Тараз тойына тарту еттім.

ҚЫРЫҚ ТИЫННЫҢ ХИКАЯСЫ

– Сен Шәмшімен кездестің бе? – деді Серік Әбікенұлы.
– Кездестім. Студент кезімде бетпе-бет бірінші рет көрдім. Мен он тоғыздамын, Шәкең отыз тоғызда. Қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсованың әкесі Жанпейіс Қарақұсов ағай «КПСС тарихынан» лекция оқитын. Орысша, қазақшасы бірдей, аса сауатты ұстаз еді. Кейде лекциясының орнына ақын-жазушыларды ертіп әкеліп, қызықты кездесулер ұйымдастыратын. Күллі студент жан-жақтан қозыдай жамырап, сан алуан сауал тастаймыз. Ол кезде атақты ақын-жазушыны тірідей көру – біз үшін үлкен мәртебе. Сондай бір кезеңде Жанпейіс ағай Шәмші Қалдаяқовпен кездесу өткізді.
– Ағай, туған жеріңізді айтыңызшы? – деді тіл мен жағына сүйенген Өмірәлі курстасымыз.
– М… мен негізі Сарықамыста туғам! – деді. Сәл-пәл тұтығыңқырап сөйлейді екен.
– Сарыкөл қайда?
– Ш… Шәуілдірдің аржағында.
– Шәуілдір қайда, ағай?
– Сарыкөлдің бержағында.
Шәмші ағаның жібектей есілген жауабына бәріміз ду күлдік. Кейін «КазГУ қайда?» деп сұрағандарға «Главпочтаның аржағында» дейміз. Ал «Главпочта қайда?» десе, «КазГУ-дің бержағында» деп Шәмші ағаның желісімен желдіртетін болдық.
Арада көп уақыт өткен жоқ. Түсте сабақтан шығып келе жатсам, Ленин ескерткішінің түбінде Мұқағали Мақатаев екеуі сөйлесіп тұр екен. Жүгіріп барып сәлем бердім.
– Әй, сары бала, – деді Мұқағали аға, – анау фотограф орысты бері алып кел. Суретке түсейік, сен бала тарихта қаласың.
«Менен өткен дарын жоқ!» деп кеудемізге нан пісіп жүрген кез. «Ойпырмай, Мұқағали аға менің тарихта қалатындай талантымды байқаған екен-ау!» деп іштей тасыдым.
Ленин ескерткішінің маңында мойнына фотоаппаратын асып алған орыс шалмен сөйлессем, суретке түсудің бағасы 1 сом 80 тиын екен. Қалтамды қақсам – 1 сом 40 тиын ғана бар, 40 тиын жетпейді. Енді не істеймін? Әрі-бері жалынсам, көнбейді. Көнбейтін де жөні бар, өйткені, ол кездегі базардың нарқы бойынша 40 тиынға екі қойдың басын сатып алуға болатын. Мойным салбырап, ағаларыма қайтып келдім.
– Не болды? – деді Мұқаң.
– Фотоға түсуге 40 тиыным жетпей қалды, – дедім күмілжіп.
– Онда жететін жерге барайық! – деді «Кооператор» жақты иегімен нұсқап. Опера театрының алдында «Кооператор» деген дүкенде қызыл шарапты стаканға құйып сататын. Сонда келдік, 200 грамм бір стакан вино 40 тиын екен. Қысылатын не бар, фотоға жетпеген 1 сом 40 тиыным, шүкір, шарап алуға жетіп-ақ тұр.
…Қазір соған өкінем! Ішім удай ашиды. Шіркін-ай, сонда 1 сом 80 тиыным болғанда ғой, екі ағаммен суретке түсіп, тарихта қалатын ем.
Бұйырмаған дүние!

Талантты талант таныды

Ұлы Мұхаң «Түркістан солай туған» атты очеркін жазарда оңтүстік өңірін аралағаны белгілі.
«Шаянның Шолоховы» атанған жазушы Еркінбек Тұрысов сол сапарда Мұхаңа «атқосшы» боп еріп жүргенін естелігінде жазған. Қаратаудың жотасынан аса бергенде машинаны тоқтатып қойып, Халық артисі Роза Бағланованың орындауында Шәмшінің «Ақ маңдайлым» әнін Мұхаң ұйып тыңдапты.
Әсіресе, ән:
Жақсылықтың жоқ, сәулем, ерте-кеші,
Жадырашы, назданшы, еркелеші! – деп аяқталғанда:
– Пәлі, мынау жиырмасыншы ғасырдың төбесінен тамшылап тұрған лирика ғой! – деп қатты қуанған екен.
Ал, ақиық ақын Әбділдә Тәжібаев өзінің туған ауылына барып, есік алдында отырса, шұбырған халықты көреді. Бәрі асығыс. Әншейінде бұрылып кеп сәлем беретін жұрт «Ассалаумағалейкум, Әбеке!» деп, алыстан бас шұлғып, атүсті өте береді. «Әй, бұлардың бәрі қайда бара жатыр?» деп сұраса, колхоздың клубында Шәмші Қалдаяқовпен кездесу болғалы жатыр екен. Сонда Әбекең «Шіркін-ай, мен неге Шәмші боп тумадым?» деп армандаса керек. Бұл оқиға Әбекеңнің күнделігіне түскен.
Бұл не құдырет? Әннің құдыреті. Саздың құдыреті. Қара өлеңнің құдыреті.

… Абыройы асқақ Шәмші ағада арман бар ма!

Ұлтымыздың рухани ұстынына айналған тұғырлы тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыздың Шәмші туралы естелігі де ерекше маңызды.
«… 1973 жылы қарашаның 26-сында партия-үкімет делегациясының құрамында Дели қайдасың деп тартып отырдық.
Дели! 1947 жылы тамыздың 15-інде үш түсті ұлттық туды қызыл Фордқа қадаған, сөйтіп, он жеті жыл бойы тәуелсіз Үнді елінің көшін бастаған Нерудің сүйікті астанасы. Халқының бақыты үшін тер төккен сондай күрескер жанның сүйікті қызы Индира Ганди үнді халқына тән ашық-жарқын көңілмен, сән-салтанатымен, ән-жырымен қарсы алды. Ән-би галереясынан Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» деп аталатын әнін естігенімде көзіме еріксіз жас үйірілді. Аэропортқа жиналған елде есеп жоқ. Құшақтары гүлге толған сан мыңдаған үндер толқындай тербетіліп, қазақ әнін қалықтата салғанда олар түгел қазақ боп кеткендей көрінді. Мен үшін бұдан асқан сый, бұдан асқан қуаныш жоқ еді. Дәл осындай рухани ләззатты бұрын-соңды сезінген емен. Рас, Кеңес одағының атынан он жеті рет шет жұртқа ұлы державаның аманатын арқалап барып қайтыппын. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың атынан барып, қазақ деген халықтың кім екенін, қандай ел екенін танытып қайтатыным мені асқақ сезімге бөлейтін. Одан асқан абырой, одан асқан бақыт болмайтын. Қазақ боп туғаным үшін де тәубе дейтін сәттер аз емес еді. Бұл жолы қазақ әні Үндістан аспанында шырқалған тұста үш рет: «Тәубе! Тәубе! Тәубе!» — дедім. Үш рет сол иығымнан түкірдім.
Осы сапардан оралысымен Шәмшіні іздестіре бастадым. Ол өз алдына бір әңгіме».
Үнді елінен оралғасын Дінмұхамед Ахметұлы Шәмшіні арнайы шақырып, кабинетінде ұзақ әңгімелескен. Димекеңнің қабылдауына Шәмшіні ертіп барған Нұрғиса Тілендиев талай әңгіменің куәсі болған. Бір деталь.
Азды-көпті сұхбаттан соң:
– Шәмші шырағым, не жағдай керек? – деп Димаш аға ықылас білдірген.
Басқалар болса, жыртығына жамау сұрап, алақан жайып алдында тұрар ма еді, тұрмас па еді? Шәкең өйтпеген. Бекзаттық танытып:
– Аға, рахмет! Шүкір, бәрі бар! – деген.
Тұрмысының жұпыны да жұқа екенін білетін Нұрғиса Тілендиев:
– Димаш аға, Шәмшінің үйі жоқ! – депті. Сонда Шәмші:
– Неге үйім жоқ? Үйім бар! Өткен жолы екеуміз біздің үйде болған жоқпыз ба? – деп бала секілді ағынан жарылған.
Жаны ашыған Нұрғиса жарқылдап сөзін бөледі. Шәмшінің үйі үйден гөрі үңгірге ұқсайтынын, қуықтай ғана екі бөлмесінің өзі ескі әрі тар екенін айта келіп:
– Димаш аға, – дейді, – оның үстіне Шәмшінің үйі алыс, соно-о-оу микрорайонда. Алыс. Өте алыс.
«Солай ма?» дегендей Димаш аға Шәмшіге қарайды. Ол болса қыбыжықтап:
– Алыс екені алыс, – дейді. – Бірақ, Шымкентке қарағанда жақындау.
Бұл ауыздан-ауызға тараған елдің әңгімесі. Жазушы Серік Әбдірайымұлы «Нұрғиса» атты роман-эссе жазды. Сол туындының ішінде келтірілген Нұрғиса Тілендиевтің Шәмші туралы пікірі өзгеше.
«Шәмшіні не үшін жақсы көретінімді өзім де білмеймін. Мүмкін, іштарлығы жоқ кеңдігін, болмашыға қуана білетіндігін, тіпті, өзіңді еріксіз баурап әкететін жұғым-дылығын, кейде нартәуекелі басым мәрт көңілін жаныммен ұғынатындығым шығар.
Не істесек те бір-бірімізге адал болдық. Ол інілік жолын білетін. Мен ағалық жолымды сақтадым. Менің әндеріме ғашық еді. Мен оның вальстеріне іңкәр көңілімді айтып жеткізе алмайтынмын.
Ол төгілтіп домбыра тартқанды, буынсыз бишідей дирижерлік жасауды, көсілтіп ән салуды армандап кетті. Оның есесіне, домбырашы қазақ күмбірлетіп күй төксе, сиқырлы таяқпен сымдай тартылған сұлу жігіт оркестр алдына шығып дирижерлік етсе, қоңыр үнді қазақ тамылжытып ән салса, Шәмшінің арманына жеткені ғой.
Мен де әуелетіп ән сала алмай, Шәмшідей таңғажайып вальс тудыра алмай, жетпістен асып барамын. Маңдайға жазғаннан асқан ешкім жоқ. Барына шүкір!».
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 20 желтоқсан күні жарлық шығарып, қазақ музыка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстан Республикасының халық артисі» құрметті атағын берді.
Бұл не? Басына қонған бақ құсы! Көзі тірісінде алқақотан Алаштың алақанында жүріп, Мұхтар Әуезов, Дінмұхамед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаевтай тұлғалардың қошаметіне көзі тірісінде бөленген Шәмші ағаны, профессор Сұлтан Сартаев айтқандай, халқымыз «өзінің таланттарын ерте танып, еркелете білді».
… Абыройы асқақ Шәмші ағада арман бар ма!

Шәмшінің әзілдері

Құрманғазы қай оқуды бітірген?

Шәмшінің әндері бір төбе, әзілдері бір төбе. Ал, ақындығы ше? Ауыз-екі әзіл-қалжыңдары ше? Қайталанбас құбылыс. «Күні бойы бір рет езу тартып күле алмасаң, онда ол күнің зая» депті ғой Виктор Гюго. Шәмші ағаның бір күні зая кетпеген. Айналасына шуақ шашып, қазақы қалжыңға қарық қып, күлкінің күміс қоңырауын сыңғырлатып жүрген.
Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған заманда «Жоғары оқу орнын бітірмегендер КСРО Композиторлар одағының мүшесі болмайды» деген қатып қалған қағида бар-тын.
– Мен таңқалам, – дейді екен Шәмші. – Алматыдағы консерваторияға Құрманғазының аты берілген. Сонда Құрманғазы атам қай консерваторияны бітірді екен?

Қара кәстөм

Шәмшіге ел-жұрты ерекше құрмет көрсетіп, су жаңа кәстөм-шалбар кигізеді. Алматыға келгесін сол жаңа киіммен достарына соғады да, түнделетіп үйіне келе жатса көшенің бұзықтары ұстап алып:
– Шешін! – дейді.
– Әй, жігіттер, мен Қалдаяқовпын ғой.
– Бізге Қалдаяқов емес, қара кәстөм керек! – дейді әлгі әпербақандар. Сонда жарықтық Шәкең:
– Айналайын халқым, өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді. Халқым аман болсын! – деп шешіне бастаса керек.

Ленин қайда нұсқап тұр?

…Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев екеуі Алматыдағы Ленин ескерткішінің түбінде кездесіпті.
«Ойласам талай-талай қыр басыппын,
Досым деп доңызбен де сырласыппын!» – деп жыр оқыған Мұқағали:
– Ленин неге оң қолын шығысқа қарай көтеріп тұр? – деп сұрапты. Сонда Шәмші не деген?
– «Банк пен базар мына жақта. И бас жазатын жер де осы жақта!» деп тұр, – деген. Міне, әзіл. «Орынды мысқыл – оқтан да өткір».

Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.