«Ғайып Ерен, Қырық Шілтен, қолтықтан сүйеп, демеді» Избранное

Среда, 21 Август 2019 08:47 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 12152 раз

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған «Тамыры терең Түркістан» ақпараттық турының құрамымен Төлеби ауданындағы киелі жерлерге сапарымызды Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиеге жалғастырдық.
Сақтардың өте жауынгер халық екендігін естіген Парсы елінің билеушісі қалың әскерімен жеріне баса көктеп кіреді. Бірақ, ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын сайын далада сақтармен соғысудың реті келмейді. Бұлар қуса сағымға еніп жоқ болып кетеді. Патша «сақтар – өте қорқақ халық екен» дейді. Сонда ақылман уәзірі «сақтармен соғысқыңыз келсе, анау ата-бабасына орнатқан қорған, бал-бал тастарды қиратыңыз» дейді.
Таң қылаң бергенде оянған парсы әскері күн көзін тұтастырып, қалың қоршауда қалғанын көреді. Сонда сақ патшасы: «Біз қанқұмар халық емеспіз. Екі жақтан да қан төгілмесін деп соғысқа бармадық. Бірақ, сіздер біздің ең ардақты ата-анамызға орнатқан ескерткіштерімізді қираттыңыздар. Біз әруақ сыйлаған, қадіріне жеткен елміз. Енді бұл жерден ешқайсыңыз тірі кетпейсіздер, - дейді. Осы аңыз арғы бабаларымыздың еліміздегі қасиетті орындарға деген алғаусыз көңілін білдіреді әрі ұрпағына қызмет етуді аманат етеді.

374

 

Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің басына барғанда фото, видео-түсірілім жасауға кешен басшылығынан рұқсат сұрадық. Ал, негізі, әулие басында түсірілім жасауға болмайды екен.
Бұл жердің қызметшісі Нұрғали Смағұлов:
– Әулиеге кірерден бүрын бой таза болуы керек. Қасиетті жерге келгеннен кейін сіздерді бойға ауыртпалық алып қалмаса дейміз. Қалтада темекі, насыбай болса, тастап кетеміз. Жоғарыға шыққанда әзіл-қалжың, қылжақ сөз айтпаймыз, тек жақсы тілек тілейміз. Негізі суретке түсіруге болмайды, енді сіздер рұқсат сұрап тұрсыздар ғой, - деп жәй ғана ескерту жасады.
«Бір суретке түсіру соншама қиямет-қайым дүние болғаны ма?!» деген ішкі ойымызға да құдіреті күшті Құдай да әп-сәтте жауап беріп үлгергендей. Әулие басында түскен бір суретіміз әппақ болып бұлыңғырланып кетіпті. Міне, сізге мистика! Міне, сізге тылсым әлем! Бойымызды лезде жинап алдық. «Бекерден-бекер айтпайды екен ғой» деген ой санадан жалт етіп өте шықты.

375

 

– Бұл жерде ешкімнің сүйегі немесе мәйіті жоқ. Тек бір Алланың құдіретімен жаратылған қасиетті белгілер бар. Адам Ата мен Хауа Ананың белгісінен бастап он сегіз мың ғаламның белгісі бар мұнда. Жер бетінде адамзаттың бәрі бір ата мен анадан тарағанын көрсетіп қойған. Ғайып деген көзге көрінбейтін, ерен деген қырық шілтен, періште Алланың құдіретімен адамзатты жаралғалы бері қолдап, қоршап жүрген үлкен құдіретті күш. Бұл жердің басқа әулиелерден айырмашылығы да сонда, - деді Нұрекең.

Жартастың жарығынан өтпей қалса ше?..

Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің босағасынан аттағаннан кейін қасиетті тұт ағашына тоқтадық. Бұл жерден тамырланып өсетін жеміс-жидек, дән-дақылсыз адамзаттың күн көруі мүмкін емес екенін білдіреді екен. Содан кейін жоғары өрлеп, биіктігі он метрге жуық, ұзындығы жиырма метрдей, бастары шығысқа қарай ұйысып жатқан Ата мен Ана деген екі алып тасқа келдік. Бұл жер дауыл, от, суға шыдамды, әйел затының пірі, қорғанышы. Ата Ананы қорғап тұр. Тастағы мың сан тесіктер Ананы оттан, судан қорғаған Атаның қырық тесік шапанын білдіреді. Ал Ана – үй үшін жаралған, ана – от басы, ошақ қасына байланған. Ананың бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген қазаннан аумайтын белгі бар. Бұл – «Төрт құбыла түгел, төрт түлігіміз сай болсын, қора малды болсын!» деп тілек тілейтін жер. Ананың шарасы, нәрестесі, сүті, қамыры белгілері, бәрі де – киелі орынның қасиетін арттырып тұр.

Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулие жайлы халық арасында «Жапсарлас тұрған екі алып тастың арасынан адамдар өтеді екен. Күнәсі қыруар пенде тас арасында қысылып қалып, күнәсі аздар өтіп кетеді. Тас арасынан жылан, арыстан секілді қорқынышты елестер көрінуі мүмкін, қысылып қалғандар құрбандыққа мал атап, әрең босайды екен» деген аңыз бар. Бұл киелі жердегі ең негізгі зиярат рәсімінің бірі Ата және Ана аталатын бір-біріне сүйеніп тұрған екі алып жартастың арасынан тілді кәлимаға келтіріп, оң жақ иықты алға салып бір қырымен өту болып саналмақ. Алғаш келген кісі атаның қолтығынан өткені дұрыс. Себебі ата жолы – үлкен. Көпшілік негізінен осы тастың алдына зиярат жасап түнейді. «Ата мен Ана тасы арасынан өтейін, бойымдағы ауыртпалығымнан сейілейін!» деп, ниет етіп шыққан кісілер ғана тастар арасындағы ғажайып жайдан еркін өтеді. Мұнда келушілер көңілінде жүрген тілектерін іштей айтып, тілін кәлимаға келтіріп, оң жағымен бір қырындай өтеді.

376

 

Біздің көз алдымызда орта жастағы бір апай Ата мен Ана алып тастарының ортасынан өте алмай кері қайтты. Бірден көңіл күйі түсіп кетті. «Күнәм көп пе?» деген ойдың тұңғиығына сүңгіп кетті ме, кім білсін?! Бірақ, өз басым «екі алып тастың ортасынан өтпей қалса, күнәһәр пенде екен деген» абстрактілі ойға тоқтаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мәселен, ана кісінің дене бітімі ірілеу, өзі жалпақтау әйел болғандықтан, яғни физикалық тұрпатына байланысты екі тастың арасына сыймады ма деген ой келеді. Сонымен несін айтасыз, қасиетті жер өзінің киесін танытпай қоймады. Түсірген суретіміз бұлыңғырланып, көз алдымызда бір апа тастың арасына қысылып қалды. Тылсым әлемнің тың құпиялары бар екендігі осылайша білініп-ақ тұр.
Ал, әулиенің төменгі жағындағы қасиетті бұлақтың суын ішкенде, тұла бойымыз бір рахат күй кешті. Киелі орынның қызметшісі Нұрлан Смағұловтың әңгімесіне құлақ түрсек, үш көзден шығатын бұлақ суының біріншісі – көз, екіншісі – ентікпе, өңеш, жұтқыншақ, асқазан, үшіншісі – жүйке ауруларына емдік қасиеті бар екен. Үш бұлақ суының қасиеті бір-біріне ұқсамайды деп айтылады. Ана суын ішіп көрсеңіз, дәмі зәмзәм суынан кем емес. Зәмзәм суына пара-пар қасиетті судан қанып ішіп, қала берді бос бөтелкелерге құйып та алдық.

Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің орны қазір абаттанып, көріктеніп, инфрақұрылымдық кешен ретінде дамып келеді. 100 адамға арналған заманауи қонақүй бой көтерген. Жуырда ғана Түркістан облысынан сайланған Сенат депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев осы нысанға арнайы келіп, кешеннің жай-күйімен танысып қайтты. Бұл дегеніңіз – Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиеге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, зиярат етушілер мен туристердің саны артады деген сөз.

... Қайтар кезде мен сол бір суреттің неге әппақ боп анық түспегеніне іштей таңғалумен, оның құпия сырын таба алмай ойланумен болдым...

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.

Другие материалы в этой категории: « Нәр бердің ән бұлақтан... ЗАЛЫМДАР »