Версия для печати

ЗАЛЫМДАР Избранное

Пятница, 13 Сентябрь 2019 03:42 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3132 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Біз әлі де біле бермейтін жұмбақ әлем өз құпиясын ішіне бүгіп жатыр. Бұл құпия бірте-бірте ашылатын шығар деген ой әзірге үмітімізге демеу болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда тылсым құпияларды шешетін, оған қияли, былайша айтқанда фантастикалық тәсілдермен жауап беретін – фантаст-жазушылар.

IMG 1831-26-08-19-09-12-8

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Ресей Психологиялық ғылым академиясының құрметті академигі, Қазақстанның педагогикалық академиясының профессоры, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі «Михаил Шолохов» медалінің иегері, республикаға танымал талантты фантаст-жазушы, бірнеше фантастикалық повесть мен романның авторы Сарманбай Исақов сол сааусақпен санарлық қаламгердің бірегейі. Оқырманға жазушының «Залымдар» романынан үзінді ұсынамыз.

Денеңді тітіркендіріп, аза бойыңды қаза ететін, біртүрлі үрей туғызатын дауыс естілді:

– Айға қарап отырсың ба?! А-а-а...
– ??
– Қасиетсіз, түкке тұрғысыз неме...
– ??
– Сені де дарынды ғалымсымақ дейді ғой. Ит неме...
– М-м-мен... Клаус Мок, – деп міңгірледі Толь Артемос қайта-қайта көзін ашып-жұмып.
– Сені бұл жерде ұлы істер күтіп тұр... Ұлы істер... – деді көзі шатынап, шарасынан шыға жаздаған Клаус Мок қолдары дір-дір етіп.
– К... К... Клаус Мок... Менің қолымнан сізге қажет нәрсенің бәрі келеді. Иә... иә...

Бұл жолы сәл батылданған Толь Артемостың қатпар-қатпар болған маңдайынан тері моншақтап, екі қолы ербең-ербең етті...

Толь Артемостың көптен бері армандап, қиялдап жүрген ғылыми жаңалығының орындалатын сәті шынымен де келгені ме?! Бірнеше ғылыми-зерттеу институттарын айналсоқтады. Есігін қақты. Ешбірі мұның идеясын тыңдамасы былай тұрсын, тіптен, есіктен де аттатпады. Көкірегінен итерді. Бұл бір сұңқылдап тұрған Нью-Йорк көшелеріндегі кезбе қайыршының бірі секілді... Нәпақа іздеп жүрген түкке тұрғысыз қайыршы деп қабылдады. Нағыз алаяқтың өзі ғой мынау... Алаяқ-қ-қ... А-ла-яқ-қ-қ... Бір сәт басы айналып, көзі қарауытып, дүние астан-кестең болып кетті...

Ол осылай мең-зең болып, басы ауған жаққа кететін жол іздеп тұрған. Қаңғалақтап жүр. Кенет айнала күңгірттеніп, өзінен өзге бұл жалғанда тірі жан жоқтай төңірек сиқырлы күйге бөленді. Толь енді бір сәтте аспанға ұшып бара жатқандай болып кетті. Әйтеуір, бұрын-соңды болмаған жұмбақ сәт... Айнала төңірек жым-жырт, өлі тыныштық. Иә, бұл Тольдің күнделікті қайталанып, басынан өткізіп жүрген жұмбақ сәттерінің бірі болатын.

Оның өмірінде ешқандай мән-мағына қалған жоқ. Көше кезген кезбе қайыршыға айналғанына бес жылдың жүзі болды. Не себепті олай болғанына оның ақылы жетпеді. Ол жерастындағы жертөле ішіндегі үлкен бос қалған темір құбыр ішіне түнейтін. Мұнда өзі секілділер жетіп-артылатын.

Аракідік түкке қажеті жоқтарға түрпідей тиіп, іштерінен іріктеп әкететіндер болады. Олар ұзынтұра денесінде сылып алар еті жоқ Тольға келгенде бастарын шайқап, бетіне бір түкіріп жайларына кететін. Сөйтсе, олар дені сау, жастау кезбелерді әртүрлі жұмыстарға, тіптен кейбірін жасырын жер астындағы клиникаларға апарып, керек дене мүшелерін алатын саудагер қанішерлер болып шықты.

Толь бұ дүниеден біржола әлдеқашан-ақ безді. Ешкімге қажет емес. Өзін-өзі іштей жеп-ақ бітті. Сұмдық-ай. Сұмдық-қ-қ... Осыдан тура бір сағат бұрын Толь үңгір ішінен құр сүлдесін сүйретіп, сыртқа қайыр сұрауға шыққан. Бүгін кім маған дұрыстап садақа берер екен деген ой байыз таптырар емес.

Сығырайған көзімен жан-жағына ұрлана көз салып, жақын жерде көзіне ешкім түсе қоймаған соң шеткерірек, күнделікті өзі ғана отыратын үлкен дуал түбіндегі кесілген ағаш үстіне сылқ етіп отыра кетті. Жалма-жан жердегі үлкен бір тастың үстіне тозығы жеткен шәпкесін қойды. Алайда, Тольдің ішінен лықсып шыққан бір үзім нан табамын деген бүгінгі ойы ұзаққа бармады...

...Толь бір кездері арман қуған жас жігіт еді. Вашингтондағы техникалық университеттің физика факультетіне түсіп, оны бітіре алмады. Қанша білімді болғанымен, Тольдің маңдайының бес елі соры бар еді... Көп ізденіп, магниттік өрістер жөнінде университет қабырғасында өзіндік ғылымға әлі жұмбақтау, беймәлім идеялар туралы көп айтатын. Мұндай барша әлемге ортақ керемет идеяны шыдамсыздықтан ашықтан-ашық өз достары арасында, тіптен, кейде ғаламтор жүйелері арқылы да жариялап, пікір бөлісіп те жүрді...

Магниттік өрістер жөніндегі кітаптарды шарқ ұрып іздеп, қолына әзер түскендерін мұқият оқып, әлі ғылымға беймәлімдеу жұмбақ мәселелер жөнінде біраз қызықты мәліметтер де жинақтады. Толь осылайша магниттік өрістерді зерттеп, игеру мәселесімен айналысамын деп басына азапты күндер мен ізденістер, сау басына сақина тілеп алды. Сөйтіп, сан қилы сәтсіздіктерге кездесетінін білмеді.

Бұл туралы Толь жете ойланған жоқ. Оның терең ойлануға, көп армандауына басына түскен қиыншылықтар әзірге мұрсат бермеді. Тольдің армандаған ойы әзірге не болды?! Не болды? Көзге көрінбейтін, әртүрлі кеңістіктердегі магниттік толқындар мен өрістерді зерттеймін дегені ақылға сыймайтын идеясы қараңғы бөлмедегі қара мысықты «іздегенмен» бірдей еді...

Бұл бір керемет ғажайып, иә, иә, ғажайып идея болатын. Толь осыны ойлағанда мұңайған көкшіл көздері күлімдеп кетті. Иығына түскен, көптен бері су тиіп, тарақ көрмеген бурыл тартқан шашын оң қолының салалы саусақтарымен өзінше дұрыстап тарағансып қойды. Әбден ұйысқан ұзын шашы қайырғанға көнбеді.

Ғылыми ойын жинақтап, тәптіштеп, тиянақтай беруге әзірге Тольдің де ғылымда тәжірибесі жоқтұғын. Жігіт кейбіреулер секілді жағымпаздықты, өтірік көлгірсуді білмейтін еді. Студент кезінен жоқшылық деген пәлекет қайта-қайта қадамын матап, екі аяғын шідерлей берді, шідерлей берді...

Толь осының бәрін бірнеше мәрте ой елегінен өткізіп, ақыр соңында көп нәрсеге көзі жете бастады. Мұның осы қасиеттерін көре алмаған курстасы Крау Тикс бұған бақастық, жүрген жерінде іштарлық жасап бақты. Түптің түбінде бұл өрши беретін жаман дерттен қатты шошынды. Тольдің әлі балаңдау, қиялилау ойын көзінше бірнеше мәрте мазақ қылып, аяқасты еткені бар емес пе?!.

Бұл бақастық өмір бойы қалмайтын дерт болатын-ды... Жап-жас Толь қайда барарын білмей дал болды. Қайтсін. Өмір – өзен. Әліңді білмей ағысы қатты өзенге түссең бітті, кеттің ағып... Ағысы нашар, суы аз өзенге тап болсаң ше?! Онда бар ғой, қуана бер. Өзеннің ар жағына бір, бер жағына бір жүгіріп шығасың. Шіркін-ай!

Тольдің өмірі ағысы қатты, суы мол, тау басынан сарқырап ағатын өзендей. Өмір ағысына ілесе алмай келеді. Алды тола алынбайтын асу. Әй, әй, шіркін дүние-ай! Шіркін, дүние-ай! Қатыгез өмір-ай! Тіптен, бұған ешкімнің жүрегі жібитін түрі жоқ...

(Жалғасы келесі нөмірде)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.