Өнерпаздың он қолы бар Избранное

Среда, 18 Сентябрь 2019 03:54 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 307 раз

Шын шеберге шектеу жоқ. Ата кәсібін ардақтаған Қадыр Садықовтың есімі бүгінде тек шырайлы Шымшаһар жұртшылығына емес, елімізге белгілі өнер иелеріне етене таныс. Ол жастайынан домбыра құрастырып, ұлттық өнерімізді ұлықтап қана қоймай саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жан. Жігітке жеті өнер де аз екенін дәлелдеп жүрген ел ағасымен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгімеміз түркі музыка дәстүрінің бастауы болған қазақтың қобызы мен домбырасы хақында өрбіді.

DSC 6420

Қадыр Садықов ағаштан әр қилы дүние жасайтын он саусағынан өнер тамған шебер. Атасының шеберханасында жүріп ағаш жонуды меңгерген бала Қадырдың арманы ақ халатты абзал жандардың қатарында халықтың алғысын алу болған екен. Алайда тағдыры басқаша өріліпті. Басты кәсібі – музыкалық аспап жасау. Ол сүйікті ісін 30 жыл бұрын бастаған. Міне, осы жылдар аралығында ағаш шеберінің қолынан талай музыкалық аспаптар мен қолөнер бұйымдары шыққан.

Қолы қалт етсе, жатақханадағы шағын шеберханасына келеді. Аспаптың ою-өрнектерін қашап, тапсырыс берушінің талғамына сай пішінін өзі сызады. Ал домбыраны құрап та, шауып та жасайды. Көп шебердің қолынан келе бермейтін жөндеу жұмысына да епті. Той басқарып, асабалық өнерді де қатар алып жүрген сөзге де шебер, іске де ұста Қадыр Айтуғанұлы саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған.

- Қазіргі Түркістан облысы Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елдімекеніне қарасты Амангелді бөлімшесінде 1970 жылы дүниеге келдім. Қарапайым көпбалалы отбасыда туып өстім. 13 ағайынның сүткенжесімін. Мектепті бітіріп, бір жылдық кәсіптік білім беру техникумында ағаш ұстасы мамандығын оқыдым. Қолыма құжат тигеннен кейін ағаш өңдеу комбинатында жұмыс істедім,-дейді ол.

- Кейін Отан алдындағы борышымды өтеуге Германияға аттандық. Екі жылдан соң әскерден оралып, бұрынғы жұмысымды жалғастырдым. Бұрынғы Ә.Қастеев атындағы көркем сурет училищесінде (қазір авт. №5 өнер және дизайн колледжі) алғаш рет ашылған ағашты көркемдеп өңдеу мамандығы ашылып, 1991 жылы оқуды жалғастырдым. 4 жылдық орта білімді аяқтауға таяп, дипломдық жұмысымды қорғау кезінде екі домбыра жасадым.

Оның бірін тұтас ағаштан шауып істесем, ал екіншісі – құрама домбыра еді. Сол кезде құрама домбыраның халық шебері Мұрат Закаринов бір ай жетекшілік етіп, кейіннен бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Сол жылы музыкалық аспаптар цехын ашып жұмыс істедік. Онда да екі жыл талмай тер төгіп еңбек еттік. Кейін цех жабылып, осы қазіргі колледжге ағаш шебері ретінде дәріс оқуға жұмысқа тұрдым. Жұмыспен қатар жоғары білімді сырттай оқып алып, 30 жылдан бері осы саладан алыстағаным жоқ. Оның 20 жылы ұстаздық етіп келем,-дейді ағаш шебері.

Қасиетті шаңырақтағы ұсталық қасиет ордалы отбасындағы 13 ағайынды баланың ішінде сүткенжесі Қадырға қонған екен. Атадан балаға мұра болған ұсталық қасиетті бойтұмардай қастерлеп, ата жолын ардақтап жүрген жан бүгінде екі ұл тәрбиелеп отыр. Екі перзенті де жоғары оқу орнында оқиды. Тұңғышы орындалмай қалған әке арманын жалғап медицина саласына баруды жөн көрсе, ал екінші ұлы әскери мамандық бойынша білім алып жатыр. Жұбайы мектепте мұғалім.

– Бүгінде күнкөрісте бәскелестік орнаған заман. Әркім шамасына қарай еңбектеніп отбасын асырап бағады. Аптасына 1-2 аспап жасаймын, тойға да тапсырыс келіп түседі. Бағасы қалтаға қонымды, базар нарығымен шамалас. Домбыра қашанда сұраныста, ал қобызды кәсіби музыканттарға қарағанда бақсылар көп жасатады. Жақында ғана Семейден отбасылы емшілер келіп, қобыз сатып алып кетті. Керек десеңіз олардың аса қадірлі адамына айналғандаймын.

Бір-бірінен естіп келеді. Аталары аян берді деп қолдарына қажетті қобызының суретін салып әкеледі. Сынған, ескірген музыкалық аспаптарды жөндеймін. Бір күні өзіммен шамалас азамат шеберханама іздеп келіпті. Қолында көне қобызы бар. Ол әбден ескірген, түте-түтесі шыққан 200 жыл тарихы бар аспапты 12 сағат бір орыннан тапжылмай жөндеп, әлгі бақсының батасын алып шығарып салғаным бар,- дейді Қадыр Айтуғанұлы.

Алғаш жылдары жасаған аспаптарын кәдесый ретінде талай әншінің бағын ашқан «Жас қанат» байқауында әділқазылар алқасы мен жүлдегерлерге тарту етіпті. Сол жылы алғаш рет қос ішекті домбыраны қос мойынды етіп жасап көрген. Содан болар бүгінде аспаптары үлкен сұранысқа ие.

– Біртуар ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні бар. Күйшінің көкірегінен төгілген күйге қанат бітіретін де осы аспап. Сондықтан жүрек қылын шертетін үн шығу үшін оны талапқа сай жасау керек. Аспапты жасайтын қолөнерші міндетті түрде оны жақсы шерте де білуі керек. Əйтпесе, ол домбыраны мың жерден көркем жасағанымен, жанын түсіне алмайды.

Сол себепті, музыкалық жағынан сауаты мықты болуы қажет. Менің ойымша, ол дүниені кез келген ағаштан жасаған дұрыс болып шықпайды. Мәселен, қыл қобыз, жетіген, прима қобыз, бас домбыра, контрабас прима домбыра сынды аспаптармен қатар, сандық, бесіктерді, естелікке беретін сыйлықтарды тағы сол сияқты ағаштан жасалатын барлық дүниелерді құрастыра береміз. Ал маман болуға баулып жүрген шәкірттеріміздің басым көпшілігі еңбекке епті, жан жақтылығымен танылып жүр. Олардың жетістігін естігенде бір марқайып қаламыз, – дейді аспап жасаушы.

P.S.

Қазақтың ұлттық рухына теңейтін киелі қара домбыраның қалпын бұзбай, қазақи қоңыр үнін сақтап жасау, он саусағынан өнер тамған қол өнер иелеріне тән жұмыс. Қадыр Садықовтай ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, қол өнерді дәріптейтін шеберлердің өлмес өнері кейінгі ұрпаққа үлгі болмақ.