Версия для печати

Әл-Фарабидің кануны және «Камиланың тетігі»: жетілдірілген жетіген Избранное

Пятница, 04 Октябрь 2019 03:36 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4416 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттік кәсіби жетігенші Камила Есқараеваның арқасында жетіген аспабы жаңа түрге еніп отыр. Бұған дейін бұл көне аспап жетілдіруді қажет ететін еді. Жетігеннің басты проблемаларының бірі, ол – әуенге құлақ күйін келтіру болатын. Мәселен, белгілі бір шығарманың құлақ күйі C – dur болса, оны d – moll – ға модуляция жасау үшін D7 – ін қосқанда кемінде екі ішегін бұрауға тура келетін. Ал, бұл өз кезегінде музыканттардың көп уақытын алатын.

 DSC7116

Қазіргідей музыканың дамыған заманында біз көтеріп отырған мәселе үлкен кемшілік болып есептелетіні белгілі. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында аспаптанушылар мен аспап жасаушы шеберлер осы күнге дейін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, түрлі тәжірибе жасап келді.

– Біз жетіген аспабын жетілдіру барысында құлақ күйін бір ғана тетікпен ауыстыратын дәрежеге жеттік. Ол үшін әр ішектің астына екі тетікті орнатып шықтық. Біріншісі нотаны жарты тонға көтерсе, екіншісі оны бір тонға жоғарылатады. Демек, біз жетігеннің осындай мүмкіндіктері арқылы Сеs – C – Cis, Des – D – Dis-ге және тағы басқа да дыбыстарға ауыса аламыз. Ол дегеніміз әуеннің кез келген модуляциясын жасауға мүмкіндік бар деген сөз.

Ол үшін бізге тиекті жылжытудың немесе құлақты арнайы кілт арқылы бұраудың да қажеті болмайды. Және бір айта кетерлігі, жетігенді жетілдіру барысында өз дәстүрімізден алыстамадық деген ойдамыз, - дейді Камиланың өзі.

Кәсіби жетігеншінің «дәстүрден алыстамадық» деуінің сыры мынада. Қазақ даласының ұлы перзенті, әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, лингвист, ботаник, логика және музыка зерттеушісі Әбу Насыр әл-Фарабидің жасап шығарған «канун» немесе әл Фарабидің кануны мағынасын беретін «әл-канун» аспабына, ғалымның музыкалық аспаптар жайлы жазған зерттеу трактаттарына сүйене отырып, жетіген аспабына арнайы тетіктің сызбасын лайықтап сызады.

Сөйтіп, Армения елінен шебер шақыртып тетіктер жасап шығарады. Алғашқы тәжірибені Алматы қаласындағы «Шертер» ЖШС-інің аспап жасау шеберханасында сәтті түрде жүзеге асырыпты.

– Біз жетігеннің осы уақытқа дейін жеткен қалыбына тиіскен жоқпыз. Яғни, көлеміне, түріне, ішектеріне ешқандай да өзгеріс енгізілмеді. Тек қана тетік орнату арқылы аталған музыкалық аспаптың басты мәселесін шешіп қана қоймай, дыбыс көлемінің өзгеруіне де қол жеткіздік. Яғни, жетігеннің дыбысы әлдеқайда ашық шыға бастағанын аңғардық. Біздің алға қойған мақсатымыз – осы ұлттық аспапқа орнатылатын тетіктер өз Отанымызда өндірілсе, - дейді жаңалыққа жанықұмар музыкант.

WhatsApp Image 2019-10-03 at 15.33

Расында, жетігенге қажет тетіктерді Армениядан, сонау Мысырдан, Жапониядан, Түркиядан, Франциядан, Америкадан алдыртуға әбден болады. Алайда, сол тетіктер өзімізде өндірілсе, жетіген аспабы республикамыздың барлық өңіріне тиімді бағамен тарайтын еді. Бұл ең алдымен қарапайым халыққа тиімді. Қазір ең арзан жетігеннің бағасы – 200 мың теңге.

Ал орташасы – 500 мың теңгеге бағаланады. Шикізат шет мемлекеттерден әкелінсе құны жоғары болады. Ал шикізат пен «Камиланың тетігі» өзімізде өндірілсе, сөйтіп, «Қазақ ұлт аспаптар» оркестрінде он шақты жетігенші қаз-қатар тізіліп отырып өнер көрсетсе, қандай ғанибет десеңізші!.. Шынтуайтында, қазақ оркестрлерінде жетіген аспабы мүлде ойналмайтыны шымбайға батады.

Әсілі, жігерлі жас бұл өзгеріске бір күнде келген жоқ. Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп қабырғасында оқып жүргенінде ұстазы Айтжан Тоқтағанға сабақ барысында «Жетіген неге дамымай жатыр?» деген сауалдар қойып, мазасын «алады» екен. Сол кезде Айтжан ағайының «жетігенді сен жетілдіресің» деген бір ауыз сөзі жас өренді қамшылаған болуы керек.

Қазақтың сыбызғы, сазсырнай, жетіген, үскірік, шертер, шаңқобыз, дабыл, даңғыра сынды 250-ден астам көне музыкалық аспаптарын өткен ғасырдың орта тұсында Ахмет Жұбанов, кейіннен Болат Сарыбаев жинап, жетілдірген. Олардан кейін, міне, Камила замандасымыз жетігенге жаңаша түр беріп отыр. Айтқандай, ол аталған жаңалығы үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан өнертабысы үшін арнайы патент алыпты. Ал арнайы тетіктер орнатылып, жетілдірілген алғашқы жетігенін кейіпкеріміз өзі оқыған музыка мектебіне сыйға тартқан.

Камила жас та болса, бас болып жүрген жігерлі қыз. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бизнес бастау» арнайы курсынан өтіп, Шымкентте баламасы жоқ жаңа кәсіп – «Zhetigen» мектебін ашқан. Енді «Даму» қорынан грант ұтып алса, көптен армандаған жетіген цехын ашу жоспарында бар. Жалпы Камиланың арманында шекара жоқ дер едік. «Осы уақытқа дейін әлемдік Гиннес рекордтар кітабына жаппай жетігеншілер енбеген.

Бір миллион мықты жетігенші шықса бізге бәсекелес табылады деп ойламаймын. Мәселен, әр жылы 100 мектептен 10 жетігеншіден шығар десе, мен дайындап шығарамын. Сөйтіп, жақын арада рекорд жасай аламыз. «Жетіген күнін» белгілеп, «Zhetigen party» шарасын ұйымдастырсақ керемет болар еді», - дейді.

Енді мақаламыздың ең қызық жерін айтайық. Камила Есқараева – екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері. Өзімізбен қатарлас Камилаға мұндай мәртебелі марапат оның тынымсыз ізденісі мен жанқиярлық еңбегі үшін берілген. Нақтылап айтар болсақ, осыдан екі жыл алдын 40-қа жуық шәкірті республикалық байқауда бас жүлде жеңіп алды. Ал шәкірттерінің барлығы да бірінші сыныптың қыздары. «Бар-жоғы бір-ақ жылда бірінші сынып оқушылары бас жүлдені қалай жеңіп алды?» деген сұрақтың туындайтыны заңдылық. Оның үстіне ол додаға домбырашылар да қатысқан-ды.

– Қазақтың бас аспабы – домбырамен бәсекеге түсу оңай емес. Әр туындыны 4-5 дауыспен оркестр ретінде шығарғаным қазылар алқасының қызығушылығын тудырды, - деді де, көзіндегі мөлдір тамшыларын ірке алмады. Сөйтсек, Камила ол кезде жүктілігінің сегізінші айында үлкен тәуекелмен бас жүлдеге қол жеткізген екен. Сол сапардан қайтып оралған соң бірден декреттік демалысқа шығыпты. Расында, ерен еңбек.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында: «Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек» деп атап өткені есімізде. Әл-Фарабидей ғұламаның еңбегін дәріптеу керек болса, алыстан арбаламай-ақ, Камила Әбдіраманқызының тың жаңалығын жүзеге асыру керек қой...

Последнее изменение Пятница, 04 Октябрь 2019 06:24
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.