Версия для печати

Жырға жүйріктер миллион алады Избранное

Пятница, 11 Октябрь 2019 04:47 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2680 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына дайындық басталды. Оқушылар аудандық, қалалық іріктеуге әзірлігін пысықтауда.

507

 

Республикалық байқау Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы және биылғы Жастар жылы аясында «Qazaq epos» қоғамдық қорының бастамасымен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыруда.
Эпостық байқау республика бойынша 6-10 сынып оқушылары арасында өтеді. Қатысушылар 132 бет, 5206 жолдан тұратын Қобыланды батыр жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтады. Сондай-ақ, эпос ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығынан әзірленген сұрақтарға жауап береді.
Байқауға Шымкент қаласы бойынша 116 мектептен 1094 оқушы қатысады. Ал жобаның аудандық іріктеуі 28-31 қазанда, қалалық іріктеуі 6 қарашада өтеді. «Qazaq epos» қоғамдық қорының Шымкент қаласы бойынша жетекшісі Кенжебай Нұрдәулеттің айтуынша, қалалық кезеңде аудандардан өткен 12 үміткер бақ сынайды.
Айта кетейік, республикалық жобаның сыйақысы қомақты. Оқушыларға арналған жүлде қоры бойынша аудандық кезеңде 1-орын үшін 150 000 теңге, 2-орын 100 000 теңге, 3-орын 50 000 теңге, ал қалалық кезеңде 1-орын үшін 1 000 000 теңге, 2-орынға 600 000 теңге, 3-орынға 300 000 теңге сыйақы беріледі. Сондай-ақ оқушыларды жыр жаттауға дайындаған жетекшілерге де жүлде қоры жоғары. Аудандық кезеңде жеңіске жеткен жеңімпаздардың ұстаздарына Білім және ғылым министрінің арнайы дипломы табысталады. Ал қалалық кезеңде үздік атанған оқушылардың ұстаздары 1 орын үшін 2 миллион, 2 орынға 1 миллион 200 мың, 3 орын үшін 600 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.