Өнерлінің қолы алтын Избранное

Среда, 23 Октябрь 2019 04:54 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 307 раз

Үшінші мегаполисте алғаш рет ұлттық киім тігетін жас дизайнерлер арасында «Алтын қайшы» байқауы ұйымдастырылды. 50-ден аса үміткер өтініш білдірген байқауда ұлттық мұрамызды заманға сай үндестіре білген сегіз жас дизайнердің топтамасы сынға түсті.

565

 

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған байқаудың идеясын ұсынған жергілікті кәсіпкер –
Сәдібек Төлтебаев. Өнер жанашырының айтуынша, бұл байқаудың жастарға беретін тәрбиелік маңызы орасан.
– Алтын қайшы сыйлау дәстүрі – бабалардан қалған асыл мұра. Қазақ халқы ер балаларды атқа мініп, қылыш сермеуге үйрету арқылы батырлыққа, отаншылдыққа тәрбиелеген. Ал қыз балаларды тігіншілік өнеріне баулу арқылы ізгілікке, мейірімділікке, ұқыптылыққа баулыған. Бұл ұлттық тәрбиенің баға жетпес асыл қазынасы. Осындай жақсы дәстүрлерімізді заман талабына сай жаңаша жаңғырту арқылы жарқын болашағымызға жол ашамыз, жастарымыз үшін айқын бағдар ұсынамыз, – деді С.Төлтебаев.

566


Ұлттық киім тігетін жас дизайнерлердің танымалдығын арттыру, олардың еңбегін насихаттау және өнерге қызығушылығын арттыруды мақсат еткен байқауға Алматы, Тараз қалаларының жастары да қатысты. Дизайнерлер бірінші кезеңде өз туындыларын дефиле арқылы көрсетсе, екінші кезеңде ою-өрнек қиюдағы шеберлігін сынға салды. Жас дизайнерлер креативті ойларымен ұлттық киімдерді күнделікті өмірге киюге ыңғайлы етуге басымдылық берген.
Тараздық жас дизайнер Ғ.Мұратбаева «Тәтті балбөбек» топтамасын ұсынса, А. Темірәлінің «Жаңа толқынында» күндіз және кешкілік салтанатты мерекелерге арналған киімдерді бір бағытта ұштастырып, кез келген уақытта киюге ыңғайластырған. Креативті сәнгер Г.Төлбасының ұлттық үлгідегі киімдерін спорттың кез келген түрінде киіп жүруге болады. Ал А.Абдуллаева мен А.Орынтаева сырма бешпенттерді заманға сай жаңартып, ерекше сән үлгісімен ұсынуға тырысқан. Қазылар алқасының мүшелеріне жас таланттардың шығармашылық еңбегін саралаумен бірге, оларға үздіктерді анықтау да оңайға түспеді. Қорытындысында бас жүлдеге Гауһар Төлбасы лайық деп танылып, 200 мың теңгенің сертификаты мен алтын қайшы статуэткасы табысталды. Айару Темірәлі екінші орынға (100 мың теңге), Ғазиза Мұратбаева үшінші орынға (50 мың теңге) ие болды. Қатысушылардың барлығына Қазақстан Дизайнер одағы Шымкент қаласы филиалының алғыс хаты мен 30 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді. Байқауға қазылық жасаған ұлттық қолөнеріміздің хас шебері Бибажар Симова қатысушыларға ою-өрнектерімізді киімдерге пайдаланудағы ерекшеліктер мен оның тәрбиелік маңызына көбірек мән беру қажеттігін баса айтты.

564


Бүгінде этнодизайн сәнінің бағыты өзгергені байқалады. Бұрын қазақы ою-өрнек салынған киімдер тек той-томалақтарда қолдан қолға өтіп жүрсе, қазір оларды күнделікті өмірде тұтынушылар қатары көбейді. Байқауды ұйымдастырушылардың да діттегені осы.

Алтын қайшы сыйлау қандай дәстүр?

Дана бабаларымыз тарихын тасқа жазып, арманын аңызға айналдыра білді. Қаншама асыл мұраларымыз сол арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, ғасырлар бойы сақталып келді. Солардың бірі – Алтын Қайшылы Ізбике ана туралы аңыз. Алтын Қайшылы атанған Ізбике ананың өмірі шын мәнінде тұтас бір тарих. Он сусағынан өнері тамған анамызға Тәңір даналықпен қоса шеберлік қасиетті де дарытқан екен. Өз дәуірінде көшпенді жұртта осындай қадірлі қасиеті бар жандар қашанда құрметке ие болған. Сондықтан ондай кісілер ел билеушілердің ықыласына бөленіп отырған. Ізбике ананың тігіншілік өнері қарапайым халықты ғана емес, ханды да тамсандырыпты. Шебер қолды ананың талантына тәнті болған хан алтыннан қайшы жасатып сыйға тартқан екен. Алтын қайшымен матаны қиюға болмайтыны белгілі. Бірақ, ол шеберліктің шынайы үлгісін танытқандарға берілетін бағалы сыйлық.

Сәдібек ТӨЛТЕБАЕВ,
«Қазығұрт-Ақбура» қорының президенті

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.