«Қазақтың Ханбибісі» Избранное

Пятница, 25 Октябрь 2019 05:27 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 256 раз

...Жырларың ақ қайнардың бұлағындай,
Атың да Алты Алаштың ұранындай.
Мен сені Хан Ханбибі көргенімде,
Қыз едің ақмаралдың Лағындай!..

614

 

Жарылқасын Аман ағамыз жырлағандай, Ханбибі апамыздың шығармашылығын білмейтін қазақ кемде-кем шығар.
Сарыағаш ауданы К.Маркс атындағы совхоздың Ильич бөлімшесінде мұғалім отбасында дүниеге келген Ханбибі Есенқарақызы Сарыағаш қаласындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірген соң Шымкент педагогикалық институтының филология факультетінде жоғары білім алған. Еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастап, Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газетінде әдеби қызметкер, облыстық радио мен телевидениеде редактор, облыстық халық шығармашылығы орталығында бас маман, ал 1992 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы, 1994 жылдан Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның директоры болды. 2003-2017 жылдар аралығында облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры қызметін абыроймен атқарды. «Қанат қақты», «Бұлтсыз аспан», «Жұлдызым», «Жангүлім», «Жан айқайы», «Махаббатым мәңгілік», «Жыр кітабы», «Ай туады бозарып» атты кітаптарының авторы. 2003 жылы ақын әрі баспагер Нармахан Бегалиевтің құрастыруымен Шыңғыс, Әбіш, Фариза, Әбділда Тәжібаев және тағы басқа айтулы ақын-жазушылардың Ханбибі апамыз жайлы пікірлері топтастырылған «Хан қызындай Ханбибі» атты кітап жарыққа шықты. Ақынның өлеңдері орыс, украин, қырғыз, өзбек, саха тілдеріне аударылған.
Х.Есенқарақызы қоғамдық жұмыстарды атқарып жүріп, оқырмандармен кездесулер өткізіп, олардың алдында шығармашылық есеп беруді міндетім деп санады. 1992 жылы туған жері Сарыағаш ауданының халқымен әсерлі өткен кеш 1995 жылы Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың шақыруымен Ташкент қаласының орталық залында жалғасын тапты. 2000 жылы Алматыдағы Ғалымдар үйінде үлкен поэзиялық кеш болды. Сондай-ақ мұндай кездесулер 2002 жылы Астанадағы Президент сарайында, 2003 жылы Көкшетау қаласындағы драмалық театрда, орталық Мәдениет сарайында өтті.
Ханбибі Есенқарақызы – Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің, Әуезов бейнесі бейнеленген ЮНЕСКО медалінің иегері, ҚР еңбегі сіңген қызметкері.
Ақындықпен қатар проза саласында да өнімді еңбек еткен қаламгердің «Шындыққа қарай жүздім мен», «Күн шығады қызарып» және «Сыр кітабы» жарық көрді. Сондай-ақ, ақынның көптеген өлеңдеріне композиторлар ән жазды. Көпшілік сүйсіне тыңдайтын «Алтынай», «Нурикамал», «Қадиша», «Дос іздедім», «Көңіл - гүл», «Махаббат - өмір» және т.б. әндер бүгінде халықтық сипатқа ие.
«Алла тағала берген ғұмырда қалам қанатына қайрат беріп, бойымдағы бар өнерімді ұлт жолына, елімнің болашағына жұмсау басты мақсатым, - дейді қазақтың Ханбибісі.

Ж.ЕЛМҰРАТОВА,
Түркістан облысы мемлекеттік архивінің қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Өнерлінің қолы алтын Бала қуанса, әлем қуанады »