Өнер өрмек тоқытады Избранное

Среда, 30 Октябрь 2019 04:58 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2703 раз

Қазақта «Тозатыныңды тоздырмайтынға, жоғалатыныңды жоғалтпайтынға бер» деген сөз бар. Көрме орталығында  сол жоғалатынды жоғалтпайтындарға беріп кететін «Дәстүрлі қолөнерді қолдайық!» атты қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өткен еді.

214

 

Шырайлы шараға ұлттық қолөнердің хас шебері Бибажар Симовадан бастап Түркістан облысының барлық аудандары мен қалаларынан 40-тан астам қолөнерші қатысты. Бұл дегеніңіз 40 түрлі шығармашылық ізденіс, көздің жауын алған ерекше ұлттық бұйымдар. Қаз-қатар тізілген қолөнершілердің туындыларына қарап, көңіл сүйсінді.
Мәселен, «Экоөнімдер шеберханасының» жетекшісі Жұпар Бейсенованың 2010 жылы ЮНЕСКО құрамындағы елдер арасында өткен байқауда «Сапа» белгісін ұтып алған жүннен жасалған жастығының өрнегі өзгеше бұйым екен. Сондай-ақ, киізден кептелген «қып-қызыл алмалары», жүннен істелген бас киім мен желеттер, қыз-келіншектерге арналған моншақты алқа, сырғалары, жібектен тігілген орамалдары да ерекше. Ал киізден басылған байпақтары аяққа соншалықты жайлы да жылы.

218
Отырар ауданы, Арыс ауылынан келіп, көрмеге қатысқан Құттықыз Палмахат әжеміздің сырмағы, тақыр кілемнен жасаған түрлі қоржындары, қыл арқаны сонадайдан көз тартады. Жасының егделігіне қарамастан жүн иіріп, осындай ұлттық дүниелерді дәріптеп жүрген апамыз «қазір ауылда киіз де баспайды, кілем де тоқымайды» деген назын да білдіріп қалды.
Көрмедегі «Шежіре» атты туынды ең ерекше назар аударатындардың қатарынан екен. Ортасында шаңырақтың белгісі, екі шетіндегі Қазақ хандығының шежіресі бейнеленген кілем кез келген үйдің төрінен табылатын құнды дүние. Оның авторы – Қазығұрт ауданындағы Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының педагог-дизайнері Дархан Керімбаев. «Тарихымызды ұлттық өнер арқылы дәріптеп, көнені жаңарту – рухани тынысымызды кеңейту деген сөз», – дейді қолөнерші.
Әбілхан Қастеев өзінің құрақтарын «судың сыбдырынан, ешкінің мүйізінен алдым» дейді екен. Сол сияқты Арыс қаласы Жиделі ауылындағы жалпы орта мектептің технология пәнінің мұғалімі Еркеш Жақыпқызының құрақтары да көркем ойдың, шынайы шабыттың туындысы. Көрме-жәрмеңкедегі Еркеш Қарақойшиеваның құрақ көрпешелері де келушілердің назарын аудармай қоймады. «Неге біз қытайдың төсек жамылғыларын қолданамыз? Одан да сәбилеріміз өзіміздің көрпемізді жамылсын деп «Нәресте» деген құрақ көрпе тіктім. Мұндағы сары түс – әрқашан күн сөнбесін деген мағына береді. Ши құраққа жүзіміз жарқын болсын деген сипатта ақ түс қосылған. Бесіктің астына төселетін көрпешеден ұрпақтар сабақтастығын аңғаруға болады. Мүйіз құрағымда «мал-жанымыз көп болсын» дегенді жеткізгім келді. Төртбұрыштың өзі «адамдар ар-ұяттан асып кетпесін» деген ұғымға саяды. Екі жағы сары болғаны – жарығы сөнбесін дегенім, көк түс – судай мөлдірліктің белгісі, айналасын – жасыл түстен тігіп, жасыл желекке теңедім. Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады, соның бәрін еңбекпен жеңсін деп қызыл түсті таңдадым», – деп тігінші өзінің құрақ көрпешелерінің символдық мәнін аша түсті.
Айта кететін нәрсе, ұста, шеберлердің қолөнер бұйымдарының қайсыбірі болса да шығармашылық еңбектің шынайы сипатын танытып тұр. Рухани жаңғыруды ісімен дәлелдей білген қолөнершілер өздерінің туындыларына «Рухани жаңғыру» деген сөзді ойып жазғаны қандай жарасымды! Шын мәнінде ұлттық кодымызды жаңғыртудың жанды үлгісіндей жасалған кілемшелерді үйімізге іліп қойсақ жарасып-ақ тұратыны белгілі.

217
Сонымен, айтулы көрме-жәрмеңке де діттеген мақсатына жетті. Қолөнершілерге жүлделі орындар тағайындалып, сыйлықтар табысталды. Бас жүлде Бибажар Симоваға, І орын – Баянбай Ынтымаққа, ІІ орын – Палмахат Құттықыз бен Айжан Абдуллаеваға, ІІІ орын – Талғат Дүйсенбеков пен Оқушылар сарайы қолөнершілеріне бұйырды.

Серік ҚОСАЕВ

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.

Другие материалы в этой категории: « Бала қуанса, әлем қуанады Ұлы Түркістандықтар »