Версия для печати

Ұлы Түркістандықтар Избранное

Пятница, 01 Ноябрь 2019 04:35 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3078 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Түркістан өлкесінің қос тумасы Сұлтанбек Қожанов пен  Тұрар Рысқұлов бір жылда дүниеге келіп (Сұлтанбек – 1894 жылдың күзінде, 10 қыркүйекте, Қаратау баурайындағы Ақсүмбеде, ал Тұрар сол жыл аяғында, 26 желтоқсанда, Алатау баурайындағы Бесағашта туған еді), дүниені дүр сілкіндірген өзгерістер заманында ұлт болашағын күйттеген күреске толы белсенді ғұмыр кешті де, екеуі бір жылда, бір күнде –1938 жылғы 10 ақпанда Мәскеуде атылды.

311

 

Түркістандық қос оғлан: өмір толқынында

Тұрардың әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы 1904 жылы халыққа тізесі батқан болысты өлтіріп абақтыға қамалды да, кек қайтаруға тырысатындардың қастандығынан сақтанып, баласын түрмеге алдыртты. Тұрар «түрме баласы» атанып, сонда түрлі жұмыс істеді, орысша үйренді. Әкесі сот үкімімен он жылға Сахалинге айдалған соң оны Меркідегі ағайындары алып кетті. Онда Тұрар орыс-тузем мектебінде оқыды. 1914 жылы Пішпек (Бішкек) ауылшаруашылық мектебін бітіріп, Самара ауыл шаруашылығы институтына түспекке талпынды. Алайда, шыққан тегіне байланысты қабылданбады. 1915 жылы Ташкентке аттанып, мұғалімдер институтына түсті. Күнкөріс үшін сондағы бау-бақша шаруашылығында жұмыс істеді. Сол шақта, 1916 жылы, патшаның 25 маусым пәрмені себеп болып, Дала және Түркістан уәлаяттарын от-жалынға ораған ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ ете түскен-ді. Бұл жиырмадан енді асқан жас Тұрардың ғұмырына күрт өзгеріс енгізген, бұдан былай оны революциялық күрес жолына біржолата салып жіберген оқиға болатын. Ол оқуын тастап, Әулиеата үйезінде қарсылық қозғалысын ұйымдастырушылар қатарында тұрды, көтерілісшілерге саяси бағдар берді. Тұтқынға түсті. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Меркіге келіп, «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрды. Жол-жобасы, айқын мақсаты белгіленген, көптеген азаматтың шыңдалу мектебі болған осы ұйымды басқарып жүріп, Әулиеата үйездік кеңесінде қызмет атқарды. 1917 жылғы қыркүйекте большевиктер партиясына мүше боп қабылданды. Қазан төңкерісінен кейін жер-жерде совет билігі орныға бастағанда Тұрар Әулиеата үйездік депутаттар кеңесі (совдеп) атқару комитетінің әуелі төраға орынбасары, одан төрағасы болды. Ал Сұлтанбек еңбек жолын Түркістан қаласында орыс-тузем мектебінде оқи жүріп, етікшінің көмекшілігінен, ал саяси қызметін Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясында оқып жүргенінде, өлкедегі озық ойлы азаматтардың «Кеңес» атты астыртын ұйымы жұмысына белсене қатысудан бастаған. Семинарияны бітіргеннен соң, өзіне ұстаз тұтқан Қоңырқожа Қожықовпен бірге Әндіжан орыс-тузем мектебінде сабақ берді. Патша тақтан құлағаннан кейін отарлаушы ояу жұрт түгіл, ұйқыдағы жергілікті халық арасында да айрықша серпінмен жандана, тез өріс алған саяси өмірге белсене араласты. Ташкенттегі түрлі бағдардағы ұйымдардың жиналыстарына қатысып, өз бағытын айқындауға тырысты. Қаладағы жастар бірлестігі атынан іс жүзінде жабылып тұрған «Алаш» газеті басшылығымен келіссөз жүргізіп, жаңа тұрпатты «Бірлік туы» газетін ашудың нақты істерімен шұғылданды. 1917 жылдың жазында тиісті өкілеттілікпен, Орынбордағы қазақ мұғалімдерінің жиналысына, одан бірінші жалпықазақ құрылтайына қатысып қайтты. Күзге қарай Ташкентте өлкелік қазақ және орыс комитеттері бірлесіп, ортақ ұйым құрды. Депутаттар кеңесі деп аталды. Оның атқару комитетінің төрағасы – Ташкенттегі өлке мұсылмандары орталығының басшысы Мұстафа Шоқаев, мүшелерінің бірі – Әулиеатадан келген күрескер Тұрар Рысқұлов, хатшысы – «Бірлік туы» газетінің қызметкері Сұлтанбек Қожанов болды. Тұрар мен Сұлтанбектің саяси күрес жолындағы алғашқы кездесуі осы ұйымды құрған жиналыс болуға керек. Сол кезгі қым-қуыт, қарбаласты саяси оқиғалар Мұстафаның «Бірлік туы» редакциясының жұмысын қоса жүргізуіне уақыт қалдырмағандықтан, газетті Сұлтанбек басқарды. Ол газет шығара жүріп, қоғам ісінен қол үзбей, Қоқанда 1917 жылғы 28 қарашада Түркістан автономиясын жариялаған әйгілі Төтенше 4-ші мұсылман съезін дайындауға атсалысты. Түркістан қаласында 1918 жылдың басында өткен Сырдария облысы қазақтарының съезінде Сұлтанбек өлкедегі қазақ аумағының Алаш автономиясына қосылуы қажеттігін қолдап сөйледі. Өлке автономиясының Қоқандағы үкіметі ташкенттік кеңес билігінің орталықтан алдыртқан, жергілікті армян-дашнактарды жұмылдырған қарулы күшімен құлатылып, қала қанға бөктіріле қаусатылғаннан кейін, елге қызмет етудің жалғыз жолы елдегі нақты билік тізгінін қолға алған осынау тапшыл саясат жүргізушілердің өкіметін – кеңес билігін мойындау болмағын ұқты.

312

 

Түркістан советтік автономиясында

Кеңес өкіметі Ташкентте билікті қолға алған кезден Түркістан өлкесінде ашаршылық белең алған. Оған құрғақшылық салдарынан болған табиғи жұтқа ташкенттік большевиктер жасаған жасанды жұттың қосарлануы себеп болды. Ташкенттегі жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің көсемдері көшпенділердің жылқысын, ұсақ тұяғын тартып алып, оларды марксизм тұрғысынан болашағы жоқ деген желеумен тіршілік көзінсіз қалдырған да, ас-сумен тек қызыләскерлерді жабдықтау ұранын көтерген-ді. Сонда, әлеуметтік сілкініс туғызушы биліктің тарапынан көмек көрмей азық-түліктен тарыққан халық өлкедегі бас қалаға жетіп жығылып, Ташкент көшелерінде сұлап жатқанда, Сұлтанбек әуелі газет редакциясы атынан тамақтандыру бекетін құрды, одан елге шығып, жер-жердегі ашыққандарға жәрдем беруді ұйымдастырумен түбегейлі шұғылданды. Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. Сондай-ақ, Түркістан үйезінде оқу ісімен айналысты. 1918 жылдың күзінде Ташкентте әуелі мұғалімдік курс ретінде ашылған қазақ педагогика училищесіне оқытушылыққа шақырылды. Тұрар басқарып тұрған Өлкелік мұсылмандар бюросы жұмысына қатысты. Мұғалімдерді қайта даярлау курсында, одан сол курстар негізінде ашылған Қазақ педагогика училищесінде оқытушы, педагогикалық кеңестің хатшысы болды. Осы кезде ұйымдастырушылық қабілеті зор, білімді, жалынды жас Тұрар Рысқұлов Әулиеатадағы қызметтерімен тез көзге түсіп, Түркреспубликаның көрнекті қайраткерлөрінің біріне айналған. Түркістан Советтері Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланып, Денсаулық сақтау жөніндегі халық комиссарлығына тағайындалды. Аштықпен күресу үшін құрылған төтенше орталық комиссияның төрағасы, одан кейін Ферғана облысындағы басмашылықпен күресу жөніндегі төтенше комиссияның төрағасы қызметтерін атқарды. Өлкелік партия комитеті президиумының мүшесі болды, әрі РК(б)П-ның өлкедегі Мұсылман бюросын басқарды. 1919 жылдың күзінде Түркатком төрағасының әуелі орынбасары, одан төрағасы лауазымына сайланды.
Беделді саяси күрескер ретінде танылған Тұрар Рысқұлов 1920 жыл басында ғаламат шешімге қол жеткізді. Оның өлкеде Түркі республикасын жария етіп, Түркі халықтарының бірыңғай компартиясын құру туралы ұсынысы мұсылман партия ұйымдарының 3-ші конференциясында да, Түркістан Компартиясының өлкелік 5-ші конференциясында да қолдаушылық тапты. Орталықтың жария ұстанымдарына сай болғандықтан әуелде қарсылық білдіре алмаса да, артынша Мәскеумен ақылдаса отырып, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) пен Орталық партия комитетінің (ЦК-ның) Түркістан істері жөніндегі Комиссиясы (Түрккомиссия) оны түзетті. Сонда Тұрар өлкеде іс жүзінде ұлттық құрылымды тапап дара билік жүргізіп отырған орталықтың Түркістан комиссиясын өлкеден әкету туралы талап қойды, 1920 жылғы майда Мәскеуге Түркреспублика делегациясын бастап барып, Лениннің қабылдауында болды. Түрккомиссияның «1920 жылғы шілденің 15-нен 31-не дейінгі информациялық ақпары» делінген құжатта Рысқұловтың Мәскеу сапары жайындағы баяндамасы өлкелік комитетте тыңдалғаны, Түрккомиссия мүшелерінің жүзеге асырылуға тиіс өз шарттарын айтқаны, сонда Түркатком төрағасы Рысқұлов, совнарком (халкомкеңес) төрағасы Любимов, крайком (өлкеком) төрағасы Тұрсынходжаев бастаған сегіз жауапты қызметкердің өз лауазымдарынан бастартатынын мәлімдегені туралы хабар бар. Түрккомиссия Түркістан Компартиясының Уақытша Орталық Комитетін құрған. «Өлкелік комитетті ауыстыру біз ойлағаннан едәуір оңай өтті, шамасы бұдан былай да елеулі қиындық туғыза қоймас, – делінген аталмыш ақпарда. – Кетіп бара жатқан жолдастар (Рысқұлов, Тұрсынходжаев және басқалар) бізбен жолдастық қарым-қатынастарын сақтап қалды, рас, бізге ептеп қыр көрсетіп, біздің қызметімізден өздеріне ыңғайлы желеу боларлықтай отаршылдық сәттерді тауып алуға тырысқанмен, олардың әбден шатысқаны сезіледі, оп-оңай кете салулары да қателескендіктерін түсінгенін куәландырып тұр».

313


Осы шақта, 1920 жылғы шілдеде, доғарысқа кеткендердің орнына Түрккомиссия бірқатар қызметкерлер қатарында жергілікті революцияшыл азаматтардың жаңа толқыны, жаңашыл коммунистер ретінде Сұлтанбек Қожанов пен Нәзір Төреқұловты республикалық дәрежедегі басшылық қызметке көтерді. Сұлтанбек 1920 жылы Сырдария облыстық революциялық комитет төрағасы лауазымымен кеңес жұмысына жіберілген-тін. Сол жылдың көктемінде өлкеге «Қызыл Күншығыс» үгіт пойызын бастап келген, ұзамай Орталық Комитеттің Түркістан бюросын басқарған, Түркістандағы отарлық революция жайынан шыншыл публицистикалық зерттеу жазған большевик Георгий Сафаровпен пікірі жарасып, сол көктемде коммунистік партияның қатарына өткен-ді.
Түрккомиссия мүшелері М.В. Фрунзе, В.В. Куйбышев, Ш.З. Элиава және басқа да қайраткерлер Тұрар Рысқұловты «аса ірі тұлға, қажымас коммунист» деп атап, Орталық Комитетке оны өте жоғары бағалаған мінездеме хаттар жазды. 1920 жылғы қыркүйекте Рысқұлов Коминтерн Атқару Комитетінің ұйымдастыруымен Шығыс халықтарының Бакуде өткізілген 1-ші съезіне қатысты. Ол съезде ұлт мәселесі жөнінде, оны Советтік Түркістанға көрші жатқан елдердегі ұлт-азаттық қозғалыс мәселелеріне сабақтастыра қарастырған үлкен баяндама жасады. Съезде арнайы құрылған Шығыстағы іс-әрекет және насихат жүргізу кеңесінің мүшелігіне сайланады. Сол жылы күзде ол Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатына қызметке шақырылып, алғашқы бірнеше ай бойы Наркомнацтың Әзірбайжан республикасындағы өкілі боп істеді. РК(б)П X съезіне Әзірбайжан партия ұйымынан делегат болып қатысады. 1921 жылы Наркомнац (Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты) алқасының мүшесі, одан наркомның (халық комиссарының) орынбасары болып тағайындалды. Сосын 1922 жылдың күзінде қайтадан Түркреспубликаға оралды.
Бұл кезде Ташкентте Сұлтанбек Қожанов Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары болатын. Республика Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметіне Тұрар Рысқұлов бекіп келген бетте екеуі бірден ұлт мүддесін көздеген жолда тіл табысып қызмет атқаратынын танытты. Сол шақта Қазақ Республикасында ұлт-азаттық қозғалысының жұрт мойындаған көсемін сенімсіз адам санатында түрмеге жауып тастаған. Осы оқиғаға орай Ташкенттен Мәскеуге Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В. Сталинге Түркістан Республикасының аталмыш қос қайраткері мынандай жеделхат салды: «Кирреспублика (Қазреспублика) өкіметінің жарлығымен 14 қазанда Қарқаралыда Әлихан Бөкейханов тұтқынға алынды. Алашордашыларға амнистия жариялаған декретті еске ала отырып, Советтің жергілікті қазақ халқы бұқарасымен байланысының әлсіздігін және Киргизия (Қазақия) Советтерінің соңғы съезі жұмысының нәтижесінде орнаған ахуалды, сондай-ақ бұл оқиғаның қазақ халқы бұқарасына қолайсыз әсер етуі ықтималдығын ескере келе, сізден осы іске араласуыңызды өтіну қажет деп есептейміз, негізі жоқ болған жағдайда Бөкейханов абақтыдан шапшаң босатылсын. ТүркОАК төрағасының орынбасары Қожанов,ТүркХКК төрағасы Рысқұлов». Сұлтанбек пен Тұрардың осы өтініш-мәлімдемесінің оң нәтижесі сол, ұзамай Әлихан Нұрмұхамедұлы түрмеден шығарылып, Мәскеуге жіберілді, онда Сталиннің қамқорлығымен оған пәтер беріліп, Нәзір Төреқұлов басқаратын Шығыс халықтары баспасына қызметке орналастырылды...
Сұлтанбек пен Тұрар Түркреспублика басшылығында өзара түсіністікпен қызмет атқарды. Тұрар басқаратын Халкомкеңес ұсынған бағдарламалық сипаттағы ұсыныстардың бәрін құрамында Сұлтанбек бар Түркатком төралқасы әрдайым қолдап, қабылдап отырды. Бірақ 1924 жылғы қаңтарда болған Түркістан Советтерінің кезекті съезінде Тұрар Рысқұлов Орталық атком мүшелігіне сайланбай, Халкомкеңес төрағалығынан түсіп қалды. Бұл оқиғаның жай-жапсарын Тұрар 1924 жылғы 16 қаңтарда БК(б)П Орталық Комитеті Орта Азия бюросының (Средазбюро) хатшысы Я.Э. Рудзутакқа берген хатында жазады. Ол болған «өзгерістер РК(б)П Орталық Комитетінің нұсқауы бойынша жасалып отыр» деген ойды өзінің әріптесі, «Түркістан Компартиясы Орталық комитетінің жауапты хатшысы Светлов жолдастың» өзара әңгімеде сыр етіп ашқанына қарамастан, өзінің жауапты қызметке сайланбай қалуының негізгі себебін жергілікті қайраткерлер арасындағы мансаптық тайталас салдарынан көретінін баян қылады. Осы жәйтті тереңдете түсіндірген, өзінің құрдасы, үзеңгілесі Сұлтанбек Қожановты саяси қарсы топ адамы етіп көрсеткен хаттарын 1924 жылғы сәуірде Бас хатшы И.В. Сталинге арнайы жолдайды.

Қос тұлға қызметінің тамырластығы

Алайда Тұрардың Түркістаннан әкетілуінің шын себебі басқада болатын. 1920 жылы В.И. Ленин Тұрар Рысқұловты қабылдап, Түрк Республикасы мен Түркі халықтары коммунистік партиясын құрудың қате бастама екенін, бірінші кезекке тап мүддесі қойылуы керектігін мойындатты. Содан кейін, Рысқұловтың Түркістан өлкесінің бірлігін күйттеуі өзін шошынтқандықтан, құпия түрде серіктеріне өлкені «Өзбекия, Түркмения, Киргизия (Қазақия)» аумақтарына бөлшектеуді тапсырған. Өлке бірлігін сақтау жағында тұратыны күмән туғызбайтын Тұрардың 1924 жылдың басында Түркістан Республикасындағы басшылық қызметінен кетірілуі сол тапсырманы орындау ретімен жасалған-тын. РК(б)П Орталық Комитетінің Ұйымдастыру бюросы 1924 жылғы 31 қаңтарда Орта Азияны, ондағы күшті мемлекеттік бірлік Түркістан Республикасын жекелеген ұлттық-мемлекеттік құрылымдарға жіктеу жайында шешім қабылдаған да, соған байланысты Ташкентте арнайы мәжіліс шақыруды өлке коммунистерін жақсы білетін Ян Рудзутакқа тапсырған. Айдан астам уақыт мұқият әзірленуден кейін, Түркістан Компартиясының Орталық Комитеті, ТКП Орталық Бақылау Комитеті, РК(б)П Орталық Комитетінің Средазбюросы, Түркатком Төралқасы мүшелері мен мүшелікке кандидаттары және Ташкенттегі басқа да жауапты қызметкерлер қатысқан алғашқы мәжіліс 1924 жылғы 10 наурызда өтті. Күн тәртібіне Түркістанды ұлттық-территориялық тұрғыда жіктеп-межелеу мәселесі шығарылды. Біріккен жиында ТКП ОК хатшысы Абдулло Рахимбаев баяндама жасады. Ол Ферғана басмашыларының негізінен жойылғанын хабарлап, соған байланысты, өлкедегі саяси ахуалдың түрақталғанын айтты. Сосын, кей аймақтардағы аралас тұрып жатқан түрлі халық тұрғындары арасында қилы егестер бой көрсетіп қалатынына, өзара шағым жасап, талаптар қоюлары салдарынан, әрәдік ұлтаралық түсініспеушіліктер орын алып отырғанына тоқталды. Солардан туындатып, ұлттар араларында көрініп қалатын араздықтарды жоюдың жолы: «Орта Азия құрамында біртекті үкіметі бар ұлт республикаларын ұйымдастыру» болмағын айтты. «Егер біз Түркістан халықтарының мәдениет тұрғысынан дамуын, Түркреспубликада Кеңес өкіметінің нығаюын қаласақ... Кеңес өкіметін күшейтуге апарар жалғыз жол – Орта Азияны ұлттық белгілеріне қарай жіктеу», – деді. Сөйтіп, кеңес өкіметінің бекем орнығуын баяндамашы үлкен шаңырақты жеке-жеке отауларға бөлумен байланыстырды. Әр ұлт өз алдына отау тігіп бөлініп шықса – Түркістан халықтары мәдениет тұрғысынан дамиды... Орта Азияны ұлттық сипатпен жіктеп, дербес отаулар тігу арқылы ыдырату – кеңес өкіметін күшейтуге апарар жалғыз жол... Осындай жарқын келешек ұлт қайраткерлерінің ұлтшылдық сезімін тез қайрады. Олар қара шаңырақ іспетті мемлекеттік құрылымды бөлшектеп, ұлттық отау тігу жолына түсті. Мәселенің РК(б)П ұрандарының алдамшылығында, шын пиғылының басқалығында жатқанын аңдамады. Революцияшыл пролетариат диктатурасы идеясының біртіндеп орыс билігіне теңгеріліп алғаны ойларына да келмеді. Большевизм көсемі В.И. Ленин Коминтерннің 2-ші конгресінде «орыс коммунистерінің бұрынғы патшалыққа тиесілі отарлардағы – Түркістан және басқалар секілді артта қалған елдердегі – практикалық жұмысы» жайында әңгімелеп, «бұл елдерде өнеркәсіп пролетариаты жоқтың қасы. Осыған қарамастан, біз ол жақта да өзімізге басшы рөлін алдық және алуға тиіспіз де», – деген-ді. Ал ұлт қайраткерлері «кеңес өкіметін күшейтуге апарар жалғыз жолды» таңдау артында не жатқанын парықтамады. Межелену салдарынан Түркістан Республикасы тарайды, демек, Ленин айтқан «орыс коммунистерінің жетекшілік рөлі» бірінші орынға шығады да, дербестенген, бірінен бірі оқшауланған ұлттық құрылымдарды оңашалап, жеке-жеке «пролетарлық рухта» тәрбиелеу мәселесі оңайлайды. Бірақ көздерін большевизм ашқан қайраткерлер ештеңеден күдіктенбей, тезірек ұлттық тұрғыда межеленуді қолдады. Дегенмен жиналысқа қатысушылардың бәрінің бірдей санасы уақытша ұлттық шаттыққа масая қоймаған-ды.
Жиынның белсенді қатысушылары арасында – орталықтың межеленуді ұсынуы астарынан байырғы «бөлшектеп билеу» саясаты нәрлендірген жаңа коммунистік тәсілді аңдағандар, бір өңірде аралас-құралас мекендеп келе жатқан ұлттардың келешегін тереңірек ойлап, ұлттық дербестенудің залалдылығын түйсінгендер болды. Жарыссөз кезінде баяндамадағы ұсынысқа балама пікірді Түркатком Төрағасының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, РК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының мүшесі Сұлтанбек Қожанов ұсынды. Ол өлкені ұлттық белгісіне қарай бөлшектеп жібермей, оларды алдымен экономикалық негізде, содан соң Орта Азия Федерациясына біріктіру, сосын, экономикалық та, саяси-әкімшілік те тұрғыда қалыптасқан қуатты құрылым ретінде, Республикалар Одағына – КСРО-ға кіру бағытын ұстанды. Содан соң, өлке халықтарының даму деңгейін теңестіріп, дамытқаннан кейін ғана, жеке республикалар ретінде отау тігуілеріне пұрсат бергенді жөн көрді. Ұсыныстың қабылданбағаны белгілі. Бірақ оның ұлттық межелеу науқанындағы осы әрекеті Тұрардың 1920 жылғы Ленин кері қаққан маңызды бастамасының жалғасы іспетті шыққан-ды. Ал бұл екі түркістандық ірі кеңес қайраткерінің – Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың жандарын сала қорғаған жалпыұлттық бірлік идеясы құлатылған Түркістан (Қоқан) республикасының премьері, эмиграциядағы Мұстафа Шоқайдың түркі халықтары бірлігі үшін жүргізіп жатқан күресімен үндес еді. Тұрар да, Сұлтанбек те Мұстафа секілді Түркістан халықтарының біртұтастықта дамуын көксеген Ұлы Түркістандықтар болатын.

Түркреспубликадан кейінгі өмір жолдары

Тұрар Рысқұлов 1924 жылғы 4 ақпаннан РК(б)П ОК-нің шешімімен Коминтерн атқару комитетінде Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып істеді. Сол жылғы жазда Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалды. Ол онда ол Моңғол Халық Республикасы Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Астана атын Улан-Батор (Қызыл батыр) деп қоюды ұсынды. Одан 1926 жылғы наурызда Қазақстанға жіберіліп, БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Сол жылғы 19 сәуірде Рысқұловты БК(б)П Қазақ өлкекомы «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы етіп бекітті. Ал 1926 жылғы 31 мамырда ВЦИК оны РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары (зампредсовнаркома РФ) лауазымына, сонымен бір мезгілде Түркістан-Сібір (Түрксіб) темір жолы құрылысындағы үкімет комиссиясының төрағалығына тағайындады. Тұрар Ресей Федерациясы үкімет басшысының орынбасары қызметінде он бір жыл бойы, 1937 жылғы мамырда саяси репрессия қармағына іліккенге шейін істеді. Ол 1932–1933 жылдары Қазақстандағы солақай реформа салдарларын баян етіп, Бас хатшы Сталинге бірнеше хат жазған. Жалпы, белсенді саяси қызметтің бел ортасында жүріп, өз заманының өзекті мәселелерін көтерген жүз қаралы мақала, өлкенің революциялық тарихын бейнелеген көптеген еңбек жазып жариялады. Сұлтанбек Қожанов Түркістан Республикасында 1920–1924 жылдары Ішкі істер халкомы, Ағарту халкомы, Жер шаруашылығы халкомы, сондай-ақ cол қызметтерімен бір мезгілде Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, Түркатком төрағасының орынбасары, Средазбюро мүшесі болды. Ол осы қызметтерді атқару барысында Түрккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекеттеріне қарсы тұрды. Отаршылдық іздерін жоюға, көшпенділер тіршілігін жақсартуға белсене араласты. Өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын ұстанды. Халық ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараларды жүзеге аcырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. Орта Азиядағы ұлттық республикалардың тұтастығына, ежелден қалыптасқан экономикалық байланысы бұзылмауына зор мән берді, Ташкенттің қазақ астанасы болуын жақтаған топтың басында тұрды. Тәжік автономиялық облысы құрылуына, Қарақалпақ автономиялық облысын Қазақстан құрамына қосуға ықпал етті. РК(б)П Қазақ обкомының (1925 жылғы ақпаннан – Қазақ өлкекомының) екінші хатшысы қызметінде Кеңестердің 5-ші съезін өткізуге саяси басшылық жасады. 5-ші съезд (жер-суы, халқы біріккен Үлкен Қазақстан Кеңестерінің 1-ші съезі) Қожановтың тікелей ұсынысымен халықтың тарихи дұрыс аталымын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауы «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астанаға айналған Ақмешіттің атын Қызылорда деп өзгертті. 1925 жылғы қарашада БК(б)П ОК-нің ұлттық республикалар бойынша жауапты нұсқаушысы боп тағайындалды, осы лауазымымен Кавказда (Әзербайжан КСР-інде) саяси жұмыстар жүргізді. Сосын Мәскеуде марксизм-ленинизм курсында оқып, 1928 жылы Ташкентке, БК(б)П ОК Орта Азия Бюросына қызметке жіберілді. Мұнда ол әуелі үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, сосын хатшы болды. Бүкілодақтық ауылшаруашылық ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды. 1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929–1931 жылдары Орта Азия мақта комитетінің директоры қызметін аткарды. 1931–1932 жылдары БК(б)П ОК аппаратыңда істеді. 1932–1933 жылдары Орталық Бақылау комитеті-Жүмысшы-шаруа инспекциясында техникалық дақылдар тобы жетекшісінің орынбасары болды. 1934 жылы КСРО ХКК жанындағы Кеңестік бақылау комиссиясының мақта жөнінде бақылаушысы, одан – КСРО Жер шаруашылығы халкоматының Орта Азиядағы уәкілі, сол жылдың ортасынан аса – Кеңестік Бақылау комиссиясының Өзбекстандағы уәкілі, ал 1934 жылғы қазаннан 1937 жылы ұсталғанға дейін Кеңестік Бақылау комиссиясы уәкілінің Өзбекстан бойынша орынбасары қызметтерін атқарды. Қожанов өзінің осындай жауапты лауазымдары жүктейтін негізгі міндеттерін үнемі қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Түркістандағы қызметі кезінде «Ақ жол» газетін құрып, редакциялаумен қатар, «Шолпан» журналын ашуға атсалысты, орыс тілінде шығып тұрған партиялық басылымдардың алқа мүшесі болды. Мектепке арналған «Есеп тану құралы» атты оқулығы, «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі жеке кітап болып шыққан. Мерзімді басылымдарға тұрақты түрде мақалалар жазып тұрды. «Мағжанның өлеңдері туралы бір-екі ауыз сөз» деген тақырыппен алғысөз беріп, 1923 жылы Ташкентте Мағжан Жұмабаевтың жинағын бастырды. Қазақстанда «Еңбекші қазақ» газетіне саяси басшылық жасады. Оның саяси көзқарастары РК(б)П ОК-нің ұлт қызметкерлерімен өткізген Төртінші кеңесінде (1923), РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың басқаруымен өткен жеке кеңесте (1926) сөйлеген сөздерінде, соңдай-ақ өзінің И.В. Сталинге 1927 жылы жазған екі хатында мейлінше айқын тұжырымдалған.

Үлкен террор құрбандары

Тұрар Рысқұлов 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген кезінде, Сұлтанбек Қожанов Қырымда өткізген демалысынан оралған күні, 1937 жылы 16 шілдеде, Ташкентте тұтқындалған. Екеуі де Мәскеу түрмесіне жабылды. Ең жоғарғы биліктің «халық жауларына» қатысты түрлі мәжбүрлеу амалдарын, соның ішінде физикалық қинау тәсілдерін кеңінен қолдануға пұрсат бергендігінің арқасында тергеушілер саяси тұтқындардың тілін «оп-оңай шешетін» де, өздеріне қажет «көрсетулер» алысымен басшыларына баяндап отыратын. 1937 жылғы 5 шілдеде өте құпия түрде «КСРО Ішкі істер халық комиссары, Мемлекеттік қауіпсіздік комиссары Ежов БК(б)П ОК хатшысы Сталин жолдасқа» 1937 жылғы 3 шілдеде жүргізілген «пантүркілік контрреволюциялық ұйымның жетекшісі» Рысқұловтың тергеу хаттамасын жолдады. «Менің жеке өз басым және контрреволюциялық ұлтшыл пантүркілік ұйымдағылармен бірге жасаған қылмыстарды жасыруға еш тырыспаймын, – деп «ағынан жарылды» онда тұтқын. – ...біздің ұйымның барша қызметі, орталығымыздың құрамы, ұйымның КСР Одағының Орта Азия республикаларында құрылған филиалдары, жергілікті ұйымдардың басшылары туралы көрсету бергім келеді. ...КСРО аумағында еркін өмір сүріп жатқан түркі-татар халықтарын біз жапон-герман фашизмі қоластына бермек болдық. Мен отан опасызы болып, бірқатар жылдар бойы контрреволюциялық жұмыстар жүргізгенім үшін өзімді айыптымын деп мойындауға тиіспін». 1937 жылғы 31 шілдеде толтырылған тергеу хаттамасында Қожанов та «ағынан жарылған»: «Иә, мен өзімнің басқа халық жауларымен бірге 20 жыл бойы жүргізген бүткіл антикеңестік жұмысым туралы ашық, толық көрсету беремін. Осы кезеңде мен және менің сыбайластарым атқарған жиренішті, сатқындық рөл жайында айтып берем». Осындай «мойындаулармен» безендірілген «көрсетулер спектаклі» екі ұлы түркістандық оғланның да 1938 жылғы 10 ақпанда Үлкен террор құрбаны болуымен тамам болды. Екеуі де НКВД-нің «Коммунарка» деп аталатын арнайы объектіне жерленген.
Жеке басқа табыну әшкереленгеннен соң, КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы істерін қайта қарап, әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, 1956 жылғы 8 желтоқсанда Тұрар Рысқұловты, 1957 жылғы 5 шілдеде Сұлтанбек Қожановты толық ақтады. Бірақ олардың есімдерінің қоғам өміріне қайтарылуы оңай болған жоқ. «Жылымықты» арқа тұтып Тұрар жайында алғаш қалам тербегендер жазаға ұшырап, тек 70-ші жылдарда ғана нақты тарихи зерттеулер жүргізіле бастады. Ал Сұлтанбектің есімі «оңшыл-ауытқушы», «антипартиялық элемент» ретінде партия тарихында бекем жазылып, Қайта құруға дейін көпшілік үшін беймәлім қалдырылып келді. Мемлекеттік тәуелсіздік жарияланғаннан кейін алғаш рет 1994 жылы олардың жүз жылдығы атап өтілді. Сол жылы Мәскеудегі қазақ диаспорасы өкілдері Жазушылар одақтарының халықаралық қауымдастығы (МСПС) үйінде Қожановтың қызы Зиба Сұлтанбекқызының қатысуымен дөңгелек үстелге жиылып, еске алу кешін өткізді. Зиба апай сол жолы осы жолдар авторына әкесі Сұлтанбек Қожанұлы Мәскеуде қызмет істеген жылдары, жеткіншек шағында Тұрар Рысқұлұлын көргенін айтып, екі оғланның достығына куә іспетті отбасылық жәдігер туралы әңгімелеген де, қилы аласапыранды кезеңдерден аман сақтап келе жатқан сол қымбат реликвиясын маған естелікке тартқан еді. Бұл – Тұрардың неміс еліне барған сапарынан Ташкенттегі үзеңгілесі Сұлтанбекке ала келген сый-бұйымы – швейцариялық сағат шебері Генри Мозер іргесін қалаған сол замандағы атақты фирманың № 737979 қалта сағаты болатын. Советтік заманның осынау аса ірі қос қайраткерінің достық қалыптан ажырамағанына куәлік ететін сол көне сағатқа қараған сайын мен, кейбір көзқарас қайшылығына қарамастан, олардың туған халқын азат өмірмен бауырластыру жолындағы ұлы күресте бір болғанын тебірене ойлаймын. Түркістан өлкесінің қасиетті топырағынан шыққан Тұрар мен Сұлтанбек сынды аса ірі тұлғалардың өмірі мен қызметі бүгінгі тәуелсіздік туын алып жүруші ұрпаққа әрқашан өшпес үлгі болмақ.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих
ғылымдарының
кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.