«Egemen Qazaqstan»-нан «shymkent» қосымшасы шығады Избранное

Пятница, 08 Ноябрь 2019 06:17 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3055 раз

Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің басшылығы мен ардагер тілшілер Шымкент қаласының оқырмандарымен жүздесті. Танымал қаламгер Мархабат Байғұт айтқандай, «Байтағымыздың бас газетінің» 100 жылдығына арналған кездесу «Отырар» кітапханасында өтті.

351

 

Жүздесу барысында ардагер тілшілер естеліктерімен бөлісіп, ел тарихындағы ерекше орны бар, тарихы бір ғасырлық газеттің республика өміріндегі алатын орны мен маңызы туралы сөз болды.
– Біздің елеулі жаңалығымыз - газетіміздің жүз жылдық нөмірлерінің электронды нұсқасын жасап шықтық. Онда
«Ұшқын» газетінің сонау 1917 жылғы алғашқы нөмірінен бастап, түгел қамтылған. Ұлттық кітапхана архивінің көмегімен жүзеге асырылған сканерлеу жұмыстарына екі жыл уақыт кетті. Басылымның кейбір көне нөмірлері әр қаладан табылды. Осылай тиянақты іске асырылған тыңғылықты жұмыс енді цифрлы нұсқада қолжетімді.
Ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ның 100 жылдық мерейтойын наурыз айынан бері атап өтіп келеміз. Ал оқырмандармен кездесуді Шымкенттен бастауды жөн көрдік. Өйткені, басылымның 50 мың оқырманы, яғни төрттен бірі осы оңтүстіктен. Бұл біздің оқырманға деген құрметіміз. Шымкентке зор ризашылықпен келіп отырмыз. Қала әкімі
Ерлан Айтахановпен әңгімелесе келе, газет жанынан «Shymkent» деген арнайы қосымша шығармақпыз. Онда ендігі жылы қаланың ТМД елдерінің мәдени астанасы аясындағы шаралары, тағы басқа шаһардағы жаңалықтар айшықталатын болады. Біздің газет еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Онан ары халықаралық деңгейге көтерілгеніміз де белгілі. Күн сайын 32 бет жарыққа шығады. Түркі әлемінде ең көп таралымы бар», - деді басқарма төрағасы Дархан
Қыдырәлі.
Қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Әлібекқызы қонақжай дәстүрмен мәртебелі меймандардың иығына шапан жапты.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.