Өнер деп өткен Өзаға... Избранное

Пятница, 08 Ноябрь 2019 06:24 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 54 раз

Шымкентте Әдеп-ғұрып, салт-дәстүр орталығында Ұлт жанашыры, мемлекет қайраткері, белгілі этнограф Өзбекәлі Жәнібековке арналған бұрыш ашылды. Қонақтар алдымен этнограф ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған көрме-экспозициясын тамашалады. Қазақ руханиятына қосқан еңбектерімен танысты.

363

 

Ө. Жәнібеков төл тарихымызды түгендеп, бай мәдениетіміздің мәртебесін көтерді. Қазақтың әдет-ғұрпын, қолөнерін дәріптеді. Фольклорлық ерекшелігін, мәдени мұраларын зерттеді. Қасиетті Тайқазанның тарихи отанына оралуына атсалысты.
– Бірде Өзағаммен Шымкентте жолығып қалдым. Бетпе-бет жүздестік. Өзі сырқат екен. Ауырып жүргеніне қарамастан, ұлттық рух жайында әдемі ойларын айтып, тамаша идеяларымен таңғалдырды. Былай қарағанда ойы дайын бағдарлама болды. Сонда оның қазаққа деген жанашыр келбетін байқадым. Ұлт руханиятына сіңірген еңбегіне сүйсіндім. Қазақ қанша жасаса, Өзбекәлі Жәнібеков те сонша жасайды, – деді жазушы Мархабат Байғұт.

358


Салтанатты шараға арнайы келген Өзбекәлі Жәнібековтің қарындасы Айғаным Серімнің естелігі қонақтарды ерекше толқытты.
– Өз-ағам өте ерекше болды. Ол тек туған-туыстың ғана ағасы болған жоқ. Барша қазақтың тұлғасына айналды. Жүзге, руға бөлінгенді жаны қаламайтын. Қазақтың салт-дәстүрлеріне өте байыппын қарады. Қай уақытта барсам да, жұмыс үстелінде отыратын. Үнемі қолынан қағазы түспейтін. Қайтыс боларының алдында сырқаты қатты меңдеді. Ауруханада жиі болды. Біз ол кезде Қызылордада болдық. Бір келгенімде үстел үстінде қағаздары жайылып жатты. Қолжазбалары екен. Ол демі үзілгенше қазақты, Отанын сүйіп өтті, – деді.
Қайраткер жайында айтылатын тарихи әңгімелер таусылмайды. Рухани жаңғыруда сол кезеңнен бастаған ол ұлттық киім, дәстүрмен қатар мұраларымызды сақтаудағы еңбегі ерен. Ардагер, мәдениет қайраткері К. Айдарбекова көшелердің біріне Өзбекәлі Жәнібековтің есімі берілсе деген ұсынысын білдірді. Салтанатты шарада қонақтар дәстүрлі ән, әдемі де әсерлі естеліктер тыңдап, рухтанып қайтты.
Рухани жаңғыру жобалық кеңсесі ұйымдастырған шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ақын-жазушылар, ғалымдар, Ө. Жәнібековтің туыстары, жоғары оқу орындары студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.