Версия для печати

Тұғыры биік тұлғалар Избранное

Пятница, 08 Ноябрь 2019 06:27 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3623 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Биыл ұлтымызға қызмет етудің ұлық үлгісін көрсеткен қазақтың ардақты ұлдары, мемлекет қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толып отыр.

350

 

Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі деңгейдегі мерекелік шаралар өткізілуде. Соның жалғасы ретінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ұлы тұлғаларға арналған «Тұғыры биік тұлғалар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Алқалы жиынды тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық түркі академиясының президенті, «Egemen Qazagstan» жалпыұлттық республикалық газетінің басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі жүргізді.
Конференцияға Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов және профессор Оразалы Сәбден, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі қожановтанушы ғалым Б.Қойшыбаев, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсын, филология ғылымдарының кандидаты Н.Нұрпейісов, доцент С.Кәрібаев қатысып, сөз сөйледі.

353

 

«Ғылыми айналымға қосу қажет»

Ерлан Айтаханов,
Шымкент қаласының әкімі:

– ХХ ғасырдың бас кезі аса бір ауыр кезең еді. 200 жылға жуық уақыт патшалық жүйедегі Ресей империясының бодандығында болған қазақ халқы «Оян, қазақ» (М.Дулатұлы) деп атой салып азаттыққа ұмтылды, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов сынды қайраткерлеріміз ұлт мүддесі жолында алаш аманатын арқалап, бастарын бәйгеге тігіп қызмет етті.
Осы буынның қайырлы ісін алға сүйреп, большевизм жүйесінде билік орнатқан кеңестік қоғамның сан алуан аумалы-төкпелі саясатынан сына тауып, өз халқын өрге сүйреген Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов азаттықтың алдаспаны болып аренаға шықты.
Өкінішке орай, олар небәрі қырық төрт жасында қылышынан қан тамған солақай саясаттың құрбаны болды. Қожановтың да, Рысқұловтың да тағдыры қазақ елінің қасіретімен түйісті. Аяулы азаматтардың отбасы мен жақындарын кемсіту жарты ғасырдай уақытқа созылды.1957 жылы ғана олардың есімі ақталды. Аяулы азаматтарды шынайы ақтау ісі бірі ерте, бірі кеш болып жүзеге асты.
Қазіргі танда қайраткерлердің қоғамдық-саяси қызметі мен әдеби-мәдени мұрасын зерделеу жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Ұлт азаттығын көксеген, ел мүддесін көздеген күрестері жайындағы ащы шындық бізге әлі де таңсық, көп жағдай әлі де беймәлім.
Тұғыры биік тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы толыққанды зерттеліп біткен жоқ.
Ардақты тұлғалардың шығармашылық өнері, қайраткерлік рухтары жайында жазылған зерттеулерімізді ғылыми айналымға қосуды тез арада қолға алу қажет.
125 жыл бұрын бір жылы дүниеге келіп, 81 жыл бұрын бір жылы, бір күнде Мәскеу түрмесінде мерт болған тұлғалардың рухына арналған бүгінгі ғылыми конференция да біздің бірлікте екенімізді, ұлы бабаларымыздың аманатына адал екенімізді айғақтай түседі.

«Тұрартану ғылыми-зерттеу институты» құрылса...

Оразалы Сәбден,
ҚР ҰИА академигі,
экономика ғылымдарының докторы, профессор:

–Тұрар Рысқұлов Орталық Азия республикалары мен Қазақстанның болашақ саяси және экономикалық тәуелсіздігінің негізін қалаған тарихи тұлғалардың бірі болды. Ол алдымен Түркістан Республикасының Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, артынан Түркістан Халық Комиссарлар Кеңесін басқарды. Орталық Азияның халық шаруашылығын қалпына келтіру және өркендету, өндірісті дамыту, оқу-ағарту ісін жолға қою, сауатсыздықты жою, халықтардың саяси-экономикалық және әлеуметтік құқығын теңестіру, ашаршылықпен күресу және т.б. орасан зор ауқымдағы шараларды іске асырды.
Т.Рысқұловтың мемлекеттік қызметі – оның өмірінің аз зерттелген қызықты беттерінің бірі болып табылады. Ол Түркістан-Сібір темір жолы құрылысына жәрдемдесу жөніндегі комитетті басқара жүріп, НКПС 1928 жылы жол құрылысына 25 млн аз деп, көп қаражат бөлуін табанды түрде талап етті. Оның күш салуы арқасында құрылысқа 169 млн рубль бөлінді және басшылар, жұмысшылар осы сомаға барлық жұмысты орындап, жолды мерзімінен 17 ай бұрын тапсырды.
Өзінің бүкіл басшылық қызметі кезінде Т.Рысқұлов Қазақстан мен Ресей экономикаларының ықпалдастық үдерісіне белсенді түрде жәрдемдесті. Ол РКФСР Халкомкеңесінің 296 мәжілісіне қатысты, 34 рет Ресей Федерациясы үкіметінің мәжілістерінде төрағалық етті, РКФСР Халкомкеңесінің 2070 қаулысына қол қойды. Оның кезінде талай институттар ашылды: Қазақ педагогикалық институты, зоотехникалық-малдәрігерлік институты, Ташкент, Бішкектегі пединституттар, Түркістан университеті (САГУ, Ташкент қ.). Сондай-ақ Мәскеу қаласында Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін (КУТВ) ашуға қатысты. Ол Мәскеу мен Ленинградтың шығыс-зерттеу институтттары мен оқу орындарының қызметін қадағалады. МГУ мен басқа да университеттерде сөз сөйледі. І және ІІ бесжылдықтың барлық құрылыстарында болды, ұзақ іс-сапарларда жүрді. Не деген еңбек, не деген іскерлік, осының бәрін қалай мақтаныш етіп айтпайсың!
Ол Сталинге: «Жолдас В.Сталин! «Ет – валюта», ал біз мал өнімін Еуропаға сатып, түскен валютаға инженерлер дайындайық», - деп ұсыныс айтқан. Қазір бұл да актуалды. Жоғарғы технологиядан бізге қанша инженер керек екенін білмейміз.
Тұрар Рысқұловтың тікелей қатысуымен Орта Азия және Қазақстан мемлекеттерінің өнеркәсібі мен транспортының негізі қаланды, мал шаруашылығы дамыды (қазір ол мақта кластері деп аталады). Атап өту керек, он бір жыл бойы РКФСР ХКК төрағасы И.Сталиннің орынбасары қызметінде бола жүріп, ол кеңес мемлекетінің бүкіл ұлан-ғайыр аумағындағы шаруашылық құрылыс мәселелерімен айналысты. Бұл Т.Рысқұловтың жоғары экономикалық білімдарлығын дәлелдейді. Бұған көз жеткізу үшін Т.Рысқұлов қол қойған ХКК-нің барлық өкімдері мен қаулыларын оқып шықса, жетіп жатыр. Олар өте көп. Жалпы сол бір ауыр кезеңде Т.Рысқұлов 250-ден астам еңбектерін жариялаған.
Осы жерде бір нәрсені айта кету керек. Біздің кейбір азаматтар Т.Рысқұловқа күйе де жақпақшы болды, әлі де кейде төбесін көрсетіп қалады. Бірақ, одан ештеңе шықпады. Себебі, Т.Рысқұловты сынау үшін сол деңгейге жақындау керек. Менің айтарым, ел үшін өмірін қиып кеткен бәйтеректерімізді, Алаштың ардақтыларын төмендетпейік. Қазақ деген, Алаш деген ардақты атқа дақ түсірмейік.
Академик М.Қ.Қозыбаев өз зерттеулерінде Т.Рысқұловты былайша атап көрсетеді: «...Т.Рысқұловтың әлем тарихындағы тұғыры биік, жұлдызы жарық, ол Сүн-Ят-Сен (Қытай), Д.Неру (Үндістан), Мұстафа Кемал-паша (Ататүрік) қатарындағы қайраткер екендігі күмән тудырмайды». Тұрар Рысқұловтың талай жылдар бойғы күні-түнгі ауқымды, сан салалы еңбектерін игеру үшін «Тұрартану ғылыми-зерттеу институтын» құрса, сол институттың терең ізденісінен кейін ғана оның кім екендігін, мұрасының тереңдігін және Орта Азия халықтарына, қазаққа берген пайдасын толықтай анықтауға болар еді. Тұрар Рысқұловтың мұрасын түбегейлі зерттеулер алда күтіп тұр, оған мемлекеттік тапсырыс керек.

Ұлтшыл күрескер

Дархан Қыдырәлі,
Халықаралық түркі академиясының президенті, тарих
ғылымдарының докторы:

– Қалай болған күнде Тұрар Рысқұловтың жасырын топтың мүшесі болғаны анық. Расында, Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін Орталық партия комитетіне қарсы аянбай күрескен Тұрардың уақыт өте келе жасырын ұлттық ұйымдармен байланыса отырып, ұлт-азаттық майданның рухани діңгегіне айналғанын аңғару қиынға соқпаса керек. Профессор А.Беннигсеннің сөзімен айтқанда, коммунистік партия қатарына өткенімен Тұрар Рысқұлов өмір бойы ұлтшыл болып қалған еді. Ал бұл екі идеяның бір арнада тоғыспайтыны айдан анық болса керек. Тұрар Рысқұловтың партиялық жарналарды уақытында төлемегені үшін партия қатарынан шығарылғанын ескерер болсақ, Рысқұловтың партияны әспеттеп, әсте құрметтемегенін, оны тек халқына қызмет ете білу үшін ғана таңдап алғанын айқын аңғарамыз.
Тұрар Рысқұлов пен Мұстафа Шоқай екеуі Ташкентте үлкен ұйым құрып, бірі төраға, бірі орынбасар ретінде қызмет атқарған. Бұл Қазан төңкерісіне дейін жалғасқан. Ал Қазан төңкерісінен кейін Түркістан автономиясында Мұстафа Шоқай мен Сұлтанбек Қожановтың иық тірестіріп, сол автономияны ғұмырлы ету үшін бірге жұмыс істегені белгілі. Кейін Тұрар Рысқұлов М.Шоқайды іздеп Еуропаға Берлин қаласына барған. Өзінің астындағы өкімет берген қызметтік көлігін сатып, оның қаржысын шетелде оқып жүрген 70 қазақ баласының қолына ұстатып кеткен.
Ал Мұстафа Шоқайдың Сұлтанбек Қожановпен хат алысып тұрғанын білесіздер. Олардың барлығы да ұлттық мүдде, Түркі әлемінің ынтымақтастығы жолында қаншалықты өміршең болғандығын уақыт көрсетіп отыр. Қазақ елі – қазірде Түркі әлемінің қара шаңырағы деп аталады.
Ақиқатқа айналғанын бүгін біз көзімізбен көріп отырмыз.
Біз құжаттарды қараған кезде салыстыра зерделеуіміз керек. Өйткені, құжаттағы деректер алдауы мүмкін. С.Қожанов пен Т.Рысқұлов екеуі де бір жылдың төлі. Отбасы да жақсы араласқан. Екі тұлғаның арасында түсінісбестік болса, оның да өзіндік себептері бар. Олар бір-бірін қорғау үшін біріне бірі ауыр сөз айтқан. Алаш ардақтылары бір-бірін сондай терең ұғынған.

Тұлғалар тоғысы: Мұстафа мен Сұлтанбек

Амантай Шәріп,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-
мүшесі, филология ғылымдарының докторы:

–«Бөлек-бөлек өмір сүрдік, бірге өлдік» деген ақынның өлең жолдары бар еді. Сұлтанбек пен Тұрарға топырақ бір жерден бұйырған. Зобалаңның уақытында 1939 жылы ақпан айының 9-ынан 10-на қараған түні екеуі бірге атылып, Мәскеудегі «Коммунарка» бейітіне жерленген. Ол жерде Тұрар мен Сұлтанбектен басқа Нәзір Төреқұлов, Әзімбек Бірімжанов та қойылған. Мәскеудегі елшілік осының бәрін ескеріп, басына белгі қоюға әзір отыр. Тек бір ғана шешімді күтіп отырған жағдайы бар. Екі ұлы тұлғаға қатарласа қызмет істеп, топырақ жат жерден бұйырған.
Мен Мәскеудің, Ташкенттің, Орынбордың, Қазақстанның архивтерінде жұмыс істеп, материалдар жинақтадым. Астананы қай жерге көшіреміз деген сұрақ туындағанда Ақмешіт, Семей, Орынбор, Шымкент сияқты бірнеше қаланың аты аталады. Сіздер шымкенттік болғандықтан, осы деректі айтуды жөн санадым. С. Қожановтың 1924 жылы 12-қарашада жарық көрген «Тез орындалмақшы» деген мақаласында: «Қазақстандағы Коммунистік партиясының аймақтық комитеті ұсынымымен Қазақстан Кеңестерінің Бас басқару комитеті Қазақстанды толық мемлекет қылу үшін астананы тез арада Орынбордан Шымкентке көшіру туралы қаулы қылды. Бұл қаулы Қазақстан тұрмысында үлкен тарихи мәнісі бар қаулы» деп жазады. Тағы бір мақаласында: «Біз болсақ Түркістан облыстарының бас қаласы болатын Шымкентке әлі бір таяқ шанышқанымыз жоқ», - дейді. «Шымкент қаласы жөнінде бірнеше рет қаулы алынған. Коммунистік партияның Қазақстандағы облыстық комитетінің атқару бюросы 1924 жылы июльдің 8-де бір, сентябрьдің 14-інде бір, екі рет кіндікті Шымкентке орнатуға қаулы қылды. Сентябрьдің 29-ы күні бүкіл Қазақстан Кеңестерінің Бас атқару комитеті Ташкент тимесе немесе Ташкент мәселесі кешігетін болса, әзірден-ақ тоқтаусыз Шымкентке көш» деп Қазақстан үкіметіне Жарлық шығарды. Содан бері осы әңгіме сөз болып, ол қаулы осы күнге дейін орындалған жоқ» деп жазады. Сөйтіп, Шымкентке астана болу бұйырмай қалған. Одан кейін Сұлтекең астананы Орынбордан Ақмешітке көшірді. Қызылорда деген атау алды. Көшу жөніндегі комиссияны толығымен Сұлтанбек Қожанұлы басқарған. Президент архивінде ол туралы бүткіл құжаттар тұр.
Түркі дүниесінің тарлан тұлғасы Мұстафа Шоқай мен Алаш ардақтысы Сұлтанбек Қожанұлының тағдырын тоғыстырған ең алдымен ел болашағын терең бағамдаған перзенттік мұраттастық пен парасатты мүдделестік болатын. Екеуінің аралас-құраластығы Түркістан өлкесінде Қазан төңкерісіне дейін және одан кейін өрбіген саяси оқиғалар желісімен тығыз сабақтасып жатыр. Бұл өзара ыстық ықыласты байланыс олардың қайраткерлік және қаламгерлік жолдарынан айқын аңғарылады.
Ресейдегі ымырасыз текетірестердің қазанында қайнап шыққан сақа саясаткер М.Шоқай Ташкенттегі ерлер гимназиясын бітірген болса, оның ізін баса жұртшылық жолындағы күреске кіріскен С.Қожанұлы – сол шаһардағы мұғалімдер семинариясының түлегі. Яғни, олардың әуелгі әріптестіктері осы қаланың қым-қуыт тіршілігі аясында басталған сияқты. Өмірбаяндарының сол бір тұсындағы сәйкестіктер осындай ойға жетелейді.

Өскелең ұрпаққа үлгі болсын!..

Бейбіт Қойшыбаев,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі
қожановтанушы ғалым:

–Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұлов сияқты қазақтың тамаша ұлдары Совет өкіметін орнатуға белсене атсалысқан. Екеуі де қазақтың мұң-мұқтажына кеңестік жаңа билік жауап бере алады деп сенген. Бірақ, нақты практика көңілдегідей болмады. Осы қос тарлан да мүшесі болған большевиктер партиясы өзінің империялық сипаттағы табиғатын Түркістан өлкесінде іс жүзінде билікке келген сәттен көрсете бастаған еді. Олар іс-әрекеттерінде патшалық режим кезінде орын алған отаршылдық саясаттан алыс кетпей, ұлыдержавалық шовинизм дертін ұшқындатып тұратын. Мұндай жәйт Тұрардың да, Сұлтанбектің де қарсы күресін туғызды.
Екі күрескер де халқына қызмет етудің уақыт талабына жауап беретін дұрыс жолы – кеңес билігін орнықтыру деп білді. Бірақ, кеңес билігінің ұлттық мүддені елемейтін қыры алдарына тартылғанда, революцияның көңілге қонымды биік идеясынан, алғашқы советтік құжаттардан түйген өз ұғымдары ауқымында келіспеушіліктерін білдіріп, қарсы іс-әрекеттер жасады. Саяси өресі биік нағыз ұлт қайраткері ретінде әрекет еткен Тұрар Рысқұловтың жетекшілігімен осылай, большевизм жүргізіп отырған жаңа отаршылдыққа тосқауыл қоюдың нақты қадамы жасалды.
Қазақтың осы қос адал перзентінің кеңестік платформада 1920 және 1924 жылдары ұлт мүддесін көздеп жүргізген күрестері 1918 жылы құлатылған Түркістан мұхтариятының премьер-министрі, эмиграциядағы Мұстафа Шоқайдың Түркістан халықтарының бірлігін уағыздаған ойларымен үндесіп жатқанын атап айту ләзім.
Осы үш ұлттық тұлғаның әрқайсысы да біздің тәуелсіз мемлекетіміздің тарихына есімдерін алтын әріптермен жазып қоюға әбден лайық.
Биыл туғанына 125 жыл толуы атап өтіліп жатқан Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов сынды тамаша қос қайраткердің ұлттық мемлекет құру жолындағы ерен іс-әрекеттері, сол ретте танытқан кемел қоғамдық-саяси ойы ел мүддесіне қызмет етіп жүрген бүгінгі азаматтарымыздан бастап барлық өскелең жас ұрпағымызға үлгі болсын деп тілейміз.

Түйін сөз:

Өз халқын өрге сүйреген қос алып Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына арналған конференция өз мәресіне жетті. «Екі тойың қабат болсын, екі ойың абат болсын» деп ақын жырлағандай, Түркі әлемінің тұғырлы тұлғаларының айтулы мерейтойы бүгінгі ел газеті «Егемен Қазақстан» – кешегі «Еңбекші қазақ» газетінің 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның өзі тарихи сабақтастық, символикалық мәні ерекше деп білеміз. Қазақтың бекзат перзенті Өзбекәлі Жәнібеков бір естелігінде «Сұлтанбексіз Тұрарды, Тұрарсыз Сұлтанбекті тани алмаймыз» деп жазған екен. Расымен Түркістан идеясының басында тұрған екі тұлғаны бір-бірінен бөле жару мүмкін емес. Қос алыптың осылайша қатар ұлықталуы да заңдылық. Ендеше мерейтой құтты болсын!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.