Құн жетпейтін қолөнер

Пятница, 15 Ноябрь 2019 04:18 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 312 раз

Шымкент қаласындағы Ғани Иляев көшесінде «Өрнек» дүкені бар. Шағын дүкенге бас сұққан адам көне дәуірдің тарихи шежіресін тамашалайды. Ежелгі Арқайымның тылсым сырына қанығады. Жасалған дүниелер мыс қорыту және қола құю кәсібінің сол дәуірдің өзінде дамығанын көрсетеді. Сондай-ақ, Андронов тайпасының тұрмыс-салтын, әдеп-ғұрпынан хабар беретін жәдігерлерді көруге болады. Тіпті, ұлттық танымдағы қолөнер де келушілерді бей-жай қалдырмайды.

DSC 5054

Бұл Бауыржан Тлеубаевтың шеберханасы. Кішігірім цехтың жұмысы ауқымды. Тапсырыс та көп. Кәсіби шебер ұлттық кескіндемелердің макетін жасайды. Әшекейлердің элементтеріне құйма құяды. «Өрнектің» өзгелерден ерекшелегі қолөнер бұйымдарында ықылым замандағы «Дала өркениеті» жатыр.

Бауыржан Некенұлының қолөнерге келуіне тас, қола дәуірінің тарихи шежіресі себеп болды. Иран тілдес көшпенділер мен түркілер жайындағы тың мәліметтерге қанығып, ойына ерекше идея келеді. Сөйтіп Қазақстан жерінен табылған археологиялық заттардың көшірмесін жасайды. Бұл жобаны 2002 жылы қолға алады.

Ал көне жәдігерлердің құймасын жасауға 7 жыл уақытын жұмсайды. Бұл Бауыржан Тлеубаевқа оңай болған жоқ. Шеберлігін шыңдады. Ісмерлігін ісімен дәлелдеді.

Өрнек шеберханасының дүкенінде ежелгі дәуірдегі қару-жарақтың 20-ға жуық түрі қойылған. Топтамада найза ұшы, соғыс қарулары, қанжарлар, семсерлер мен пышақтар бар. Ең қызығы шетелге белгілі стелет пышағы да бар.

Көбіне шетелдік қонақтар Арқайым, Андронов дәуірінің жәдігерлерін сатып алады. Айталық, күн және бұқа бейнесіндегі антропоморфтық образдар еуропалықтарға қатты ұнайды. Қоладан құйылған аттылы күймелер де келушілерге жылы әсер қалдырады. Арқайым дәуіріндегі макетте 56 фигура топтастырылған.

Ал шымкенттіктер ру тайпалары мен ру таңбаларын алғанды жақсы көретін болып шықты. Мұнда тайпа таңбасы 1000 теңге, тайпа ру таңбасы 1500 теңге тұрады. Салмағына 10 грам металл кететін көрінеді.

– Біздің халықтың тарихы тереңде. Табылған тас құралдар көне дәуір адамдарының аң аулап, тері илегенін, табиғат-анамен тіл табыса ғұмыр кешкенін айғақтайды. Мұны Отырар маңынан аршылған археологиялық қазбалар растайды.

Кеңдігінен бас айналатын даланың мыңдаған шақырымын жылқы мен жегілген арба қалай бағындырған? Ал қола дәуірі әлемде классика болып саналады. Себебі, Қазақстанда кеніштердің көп болғаны жайында деректер жиі кездеседі. Соған орай, сұраныс та жоғары болған.

Оқу орындарында мұражайлар ашылып жатыр. Заттарымыз көшірме емес, түпнұсқа дейді. Сондағысы құмыралар мен оның сынықтары. Тұрмыстық заттардан арыға аспайды. Оларды бағалы емес деп айта алмаймын.

Арыс өзенінің жағасында әлі де ескерткіштеріміз жеткілікті. Жағасынан жинап алуға болады. Өкініштісі сол, көпшілік мұражайда оған мән бермейді. Бұл кезең скиф, массагет және сақтардың тарихы ғой.

Профессор Зданович айтады: «Бұл дәуірді әлем мойындамай жатыр. Мойындаса Еуроцентризм саясаты жойылады. Қазақтың ата дәстүрі, тарихы осы арилердің мәдениетінен бастау алады.

Олардың мәдениеті Енисейден Еділге, Тайгадан Солян тауларына, Алтай, Тянь-Шань тауларына және Сырдария, Каспий теңізіне дейін жалғасқан. Ғалымдарымыз дәуірлердегі тайпалардың мәдениетінің бірдей екенін айтады. Кейбіреулері бұған келіспейді.

Ал тұрмыс салты, құрал-сайманында айырмашылық жоқ. Тек жерлеу рәсімі басқаша. Бұл олардың туыс халық екенін көрсетеді, – дейді қолөнер шебері Бауыржан Тлеубаев.

«Өрнекте» тек кәдесыйлар ғана емес, қазақ халқының төлтуындылары да бар. Соның бірі – қазақ қыздары мен әйелдерінің бас киімдері. Олардың арасында қасабаның жөні бөлек.

Ұлттық бұйымның тұрпаты дөңгелек. Тақияға ұқсас тігіліп, зерлі жіптермен кестеленеді. Маңдай тұсына металдан әшекейлер тізіледі. Қасаба көбіне төре, сұлтан қыздары киетін бас киім саналған.

Осындай қасабаны Жәңгір ханның сүйікті зайыбы Фатима ханымның суретінен де көруге болады. Қазақ дәстүрінің негізгі атрибуты саналатын сәукеленің де түрлері көп.

Ұлттық бас киімдердің барлығын шебердің қызы Ғазиза Тлеубаева мен жұбайы Светлана Зайытова дайындайды. Көпшілік ұлттық бұйымдарға ерекше қызығушылық танытады.

Алайда өзіндік нақышы бар бас киімдердің бағасы қымбат. Өнертуындысынң әшекейлеріне көп күш жұмсалады.

Бағалы бас киімдердің бөлшектері көп. Деталын жасау оңай емес. Металдарының салмағы ауыр. Былай қарағанда ақ қоланың күмістен айырмашылығы аңғарылмайды.

– Қазақта бас киімнің түрі көп болған. Ер адамдар да, әйелдер де жасына лайық бөлекше киген. Бас киіміне қарап хан ба, қара ма ажырататын болған. Төл өнерімізді әрі қарай дамытқымыз келеді. Ерлердің бас киім топтамасын дайындау жоспарда бар.

Таңғаларлық формалар балалардың кейбір бас киімдеріне еніп жатыр екен. Бөріктің, тымақтың үлгілері қаншама?! Дегенмен, өз ережелері бойынша тігілуі қажет, – дейді Ғазиза Тлеубаева.

Этнодизайнердің сөзінің жаны бар. Ол сәукеленің бұрынғы сән-салтанатын сақтаған. Сәнмен, талғамментігеді. Қазақтың қандай ұлт екенін айғақтайтын ою-өрнек, шапан, камзолдарымызбен таныспыз. Бірақ, бас киімге аса мән бермейтініміз рас. Ғазиза Тлеубаева осы тұрғыда батыл шешім қабылдап, отандық өндірісімізге үлес қосуда.

Айтпақшы, «Қазақ хандығы» киносында Ғазиза Бауыржанқызының өз қолтаңбасы бар. Ол Қызданайдың рөлін сомдап шығады. Дизайнер әрі шебер қыз кино рөліне қалай бекітілген дейсіз ғой. Кәдімгідей кастингке қатысып, іріктеуден өткен.

Қыз баласы болса да, шеберхананың қайнаған жұмысы Ғазизаның қолынан өтеді. Өнер туындыларының эскизін дайындайды. Корол бағдарламасында суреттерді өңдейді. Көпшілік Өрнектің қолөнерін жек көрмейді.

DSC 5075

Шебер көбіне келушілердің алқа, сырға алуға ғана шамасы келетінін айтады. Дүкенде сырғаның 10-15, алқаның 10-ға жуық түрін алуына болады. Бағасы да қалтаға қолжетімді. 500 бен 4000 теңге аралығында.

2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болмақ. Қаламызда ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген дүниелер де, шеберлер жетерлік. Бірақ «Өрнектей» қолөнер туындыларын дайындайтын шеберхана аз.

Белгілі қолөнерші кәсіпкер ретінде ғана емес, ұлтжанды азамат ретінде қазақтың тарихи шежіресін әрбір жанның білгенін қалайтынын жасармайды. «Қай елдің өнімі» дегенде мақтанатындай деңгейге жеткенді қалайтын кәсіпкер осы жолда еңбектенетінін айтады.

– Төл өнерді мемлекеттік деңгейде қолдау қажет. Біз шеберханамызды кеңейтіп, дүкенімізді көбейткіміз келеді. Қосымша құрал-жабдықтарды алсақ дейміз. Ұлттық туындылар арқылы табысты шаш-етектен тауып жатқан жоқпыз.

Әзірге шығындарымызды жарнамадан түскен табыспен жауып отырмыз. Әр облыс орталығында қазақ тарихының мұражайлары мен көрме орталықтары ашылса.

Олар сақ кезеңінен қазақ хандығына дейін және бүгінгі егеменді елімізге дейінгі аралықты қамтитын болса деп армандаймын. Сонда ұлттық өнеріміз бен тарихымызды көрсете аламыз, – деп сөзін түйіндеді Бауыржан Тлеубаев.

Қазір қолөнердің сипаты өзгерді. Этнодизайн саласына көшті. Бүгінге дейін өзге елдердің өнімдерін қолдандық. Керегінше тұтындық. Қажетімізге пайдаландық.

Дегенмен, отандық өнім, ұлттық қолөнеріміздің қарқынды дамып, рухани жаңғыруымызға үлес қосатын уақыт келді. Оған «Өрнектің» төл өнімдері арқылы көз жеткізуге болады.

Қазақтың кім екенін айтқызбай ұқтыратын төл өнер мемлекет тарапынан қолдау күтеді. Сонда біз ұлттық құндылықтарымызды таныта аламыз.

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.