Күтпеген кездесу

Пятница, 22 Ноябрь 2019 05:36 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 340 раз

«Тағдырдың жазғанынан – озған ешкім жоқ» дейміз. Десе де, тағдырдың тосын сыйына дайынбыз ба?

IMG 9570

Сахна шымылдығы түрілген сәттен бастап драматург пен режиссер ысырылып, алаңда тек артист пен көрермен ғана қалады. Күллі ғаламнан алақанның аясына айналған сахнада болып жатқан оқиға көрерменмен етенеге айналса, демек, артистің еңбегі зая кетпегені.

Театрдың шығармашылық арпалысы сағат тіліндей тоқтаусыз соққан кезде – сахна өмірі жалғаспақ. Оңтүстік өлкесінде кәсіби қоюшы-режиссердің жоққа пар екенін көпшілікке аян. Театрды шығармашылықтың жоқтығынан емес – тұратын үй мәселесінің жоғары деңгейде шешім таппауына орай тығырыққа тіреп отырған түйін. Ол түйінді шешуге театр дәрменсіз. Театрдың пәрмені – көрерменге жоғары деңгейдегі қойылым ұсыну.

Сол себепті жергілікті театрлар қоюшы-режиссерді алыстан ат арбалатып шақыртуға мәжбүр. Көрерменнің талабын биік деңгейде жүзеге асыру мақсатында Шаниндіктер Ғ.Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театрының режиссері Ержан Қаулановты арнайы шақырды.

Қарашаның 15 күні Шанин театрының сахнасында Н.Птушкинаның «Күтпеген кездесу» атты комедиясының премьерасы өтті. Қоюшы режиссері Ержан Қауланов. Қоюшы-суретшісі – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов.

Жаһандану кезеңінде отыздан асып күйеуге шығу қалыпты салтқа айналып үлгерді. Өзгеге алаңдамастан өзін ғана сүюдің ақыры жалғыздыққа әкеп соғарын дер кезінде байқамаудың түрлі-түрлі себеп-салдары бар.

«Күтпеген кездесу» комедиясында осындай қилы себептің бір қыры ашылады. Кезінде жалғызбастылықтан қашып, қызының күйеуге шыққанын қаламаған кемпірдің (ҚР Мәдениет қайраткері Гүлшат Еспай) өксікке толы өкініші – бүгінгі күннің бір келбеті дерсің. Өз жағдайының жайлылығы үшін перзентінің жолын байлап отырған аналар өкінішке қарай қоғамда әлі де кездесетіні рас.

Небәрі төрт артист ойнайтын қойылымның жанры комедия болғанымен, көтеріп тұрған жүгі ауыр. Сексен жастағы кемпірдің (ҚР Мәдениет қайраткері Гүлшат Еспай) төсекке байланғанына он жылдан асқан. Өлерінің алдындағы жалғыз арманы - жасы елу тоғыздан асқан кәрі қызының (арт. - Н.Қаламбаева, Ж.Бекмұрзаева) күйеуге шыққанын көру.

Қызының есіл-дерті анасының қайғысыз кәрілікпен қоштасқаны. Анасының ойлағаны – қызының қасында тіреу боларлық еркектің болғаны. Диккенстің романын күнделік қызының оқығанын тыңдаудан жалыққан кемпір, өзімшілдікпен қызының тағдырына балта шапқанына іштей өкінеді. Жалғыз арманы – қызының отбасылы болғанын көруді ойлаумен жаны жүдейді. Таусыла бастаған үміт шырағын тосыннан тап болған Игорь (арт. - Р.Нұрман, Е.Аманғалиев) жағады.

Игордің пәтерден жаңылып келіп қалғанына кемпірдің жүрегі жарыла қуанады. Өйткені, қызының тілі бармайтын жайтқа өзі дем бермек. Тосыннан тап болған еркектен алғашында шоршып түскен Таня, сәлден соң үйінен Игорьді қуып шығады. Уақыт таразысында Таняның көңілі алаңдап, қуып жіберген еркекті жүрегі іздейтін күйге душар болады.
Қойылымның финалында бақытты шаңырақ көтерілгенін көрген көрермен, ду қол шапалақтап, орнынан тік тұра артистерге қошемет көрсеткені – қойылымның өз межесіне жеткенін айғақтап берді.

Сая Қасымбек,
Ж.Шанин атындағы қалалық
академиялық қазақ драма театрының
әдебиет бөлім меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.