Ғибраты көп, ғимараты жоқ, қостары болса, жоспары көп «Сақ» киностудиясына көңіл бөлінсе… Избранное

Среда, 27 Ноябрь 2019 04:04 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2894 раз

Еліміздегі әр екінші мультфильм САҚ киностудиясында түсіріледі. Шымкенттік аниматорлар 18 жылдан бері кішкентай көрермендерді қуантып келеді. «Сақтың» сақа мамандарының тарихи тақырыптағы туындылары да ғажап.

Батырхан Дәуренбеков

Әрине, салмақты, қызықты дүние жасау оңай емес. «Инемен құдық қазғандай» қиындығы да бар. Әйтсе де тарихи туындылар отансүйгіштік сезімді арттырып, батыр бабаларымыздың ерлігін мақтан тұтуға, ел қорғаны болуға үндейді. Соның айғағындай «Қазақ елі» анимациялық фильмі 2017 жылы бірден үш жүлде, оның ішінде Каирде өткен Х халықаралық анимациялық фильмдер форумында «Үздік қысқаметражды анимациялық фильм» номинациясы бойынша гран-при иеленді.

Байқауға Германия, Швейцария, АҚШ, Қытай, Ресей, Австралия, Франция, Сингапур, Словакия, Австрия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мемлекеттерден 90-нан астам қысқа және толық метражды мультфильм қатысты. Ал «Қошқар мен теке» туындысының авторлары Ханчжоуда өткен Қытай халықаралық анимация фестивалінде марапатталды. Сондай-ақ, бұл мультфильм 2017 жылы «Бродвей» кинопорталында отандық өндірістегі үздік анимациялық фильмнің ондығына енді. Десе де, тамаша туындылары бар киностудияның мәселелері алаңдатарлық жағдайға жеткен.

«Сақ» студиясының режиссері, белгілі аниматор Батырхан Дәуренбеков Түркістан облысының бұрынғы әкімі Жансейіт Түймебаев киностудияға үлкен қолдау білдіргенін айтты. Ол аймаққа басшылық жасаған тұста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі жылда 6 фильм, 6 мультфильм түсірілді. Олардың қатарында «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» мультфильмдері, «Көне жетігеннің сыры» телехикаясы, «Ұлы Жібек жолы бойындағы көне деректі фильмі, 10 сериялы тарихи «Төле би» туындысы және басқалар бар. Аталған бағдарламаны орындауда облыстың жетекші рөлге ие болуына киноматографтардың қосқан үлесі қомақты.

Студия негізінен мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс істейді. Батырхан Дәуренбеков айтқандай, мультипликация бизнеске жатпайды. Аниматорларды кәсіпкер ретінде көру қиын.

– Егер басқа сала өкілдеріне субсидия, жеңілдікпен несие берілсе, бізге ондай мүмкіндік жоқ, - дейді кейіпкеріміз. – Аниматорларға заң аясында қандай да қолдау қарастырылмаған. Бірақ, кино, мультфильм дегеніңіз өндіріс емей немене?! Оның үстіне олардың халықты тәрбиелеудегі рөлі ерекше. Мемлекеттік саясатты жүргізуші, жас ұрпақты қазақстандық патриотизм мен идеологияға бағыттаушы аниматорлардың жұмысы ұдайы мемлекеттік қолдауға зәру.

Студия директоры Нұриддин Патеев мұндағы 30-ға жуық аниматор тек тапсырыспен жұмыс істейтінін айтады.

– Бала тәрбиесі мультфильмнен басталады, - дейді директоры. – Басқа мемлекеттерде бұл түсінік жақсы қалыптасқан. Мысалы, Қытай мен Ресейде жеке студияларға көп көңіл бөлінеді және барынша қаржылай қолдау көрсетіледі. Өйткені олар мемлекеттік идеологияны таратушы болып есептеледі. Бізде балалар киностудиясына жіті назар аударылмайды. Сондықтан жасөспірімдерге арналған кино мен анимация туралы айтудың өзі артық.

Жеке ғимараты жоқ

Жеке ғимараттың жоқтығы аниматорлар үшін басы ашық проблема күйінде қалып отыр. «Сақ» киностудиясы жұмыс орнын жалға алғаны үшін ай сайын 200 мың теңге төлейді. Батырхан Дәуренбеков «Көптеген мемлекеттік органдар мен ұйымдар Түркістанға көшкеннен кейін Шымкентте бірқатар ғимарат босады, дегенмен, Шымкент пен Қазақстанды әлемге танытып жүрген студияға солардың біреуі бұйырса игі еді», дейді.
Режиссер өздеріне орын бөлу арқылы қала билігі туристер үшін маңызды мәдени нысанның пайда болуына жол ашатынын айтады. Оның үстіне, бірнеше жыл бұрын мультипликацияның қарқынды дамуы нәтижесінде Шымкент Қазақстанның анимациялық астанасы аталған еді. Келесі жылы қала ТМД-ның мәдени астанасы болғанда бұл идеяның маңызы арта түспек.

Тарихқа «барып қайтқандай» болар едік...

Киноматографтар үшінші мегаполис басшылығына Шымкент құрамындағы Сайрам ауданында этноқалашық құруды ұсынып отыр. Олардың ойынша, кезінде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі Испиджаб қаласының тарихи бай мұрасы осындай нысан ашуға мүмкіндік береді.

Батырхан

– Егер бәрін мұқият ойластырып ұйымдастырса, Сайрамды тартымды нүктеге айналдыруға болады, - дейді Батырхан Дәуренбеков.

– Мысалы, этноқалашықтың кіреберісінде жолаушыларды ежелгі ұлттық киімдегі тұрғындар сырнайдың сүйемелдеуімен күтіп алса, қандай ғажап?! Ал ішінде тамақтануға, ұлттық тағамдарды дайындау әдісін көруге және естелікке кәдесый сатып алуға болатын шығыс базары орналасса, келушілер тарихқа шегініс жасаған болар еді.

Сондай-ақ, бұл жерде Сайрамның материалдық құндылықтарымен таныса алады. Өйткені, туристер көне тарихи ескерткіштер мен ғимараттарды көруге ынтық. Осылайша этнопарк сәрсенбінің сәтінде келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлап, ежелгі шығыс қаласының атмосферасын сезінуге мүмкіндік берер еді.

Аниматор өзі айтып отырған «Ежелгі Испиджаб» туристік нысаны киноматографтар үшін тарихи туындыларды түсіруде таптырмас алаң болатынына сенімді. Ал студия шымкенттік, отандық қана емес, шетелдік жобаларды жүзеге асыруға қауқарлы.

Батырхан Дәуренбековтың айтуынша, әртүрлі мемлекет өкілдері, мысалы, ресейліктер қазір кино түсіру үшін көбіне Өзбекстанның Бұқара сияқты ескі қалаларына барады. Ал Шымкентте әлгіндей шығыс стиліндегі этноқалашық пайда болса, шетелдік киногерлерді елімізге бұруға жол ашылар еді. Бұдан, біріншіден, қала бюджеті толыға түседі, екіншіден, көпшілік көрініске қатысу арқылы жергілікті тұрғындар табыс табады.

Біздің «Троя»

Оңтүстік кинематографтар үшін әлдеқашан тартымды өңір саналады. Оның бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, тарихи-мәдени ескерткіштердің көптігі, табиғи климаттың қолайлылығы, тауар мен қызмет көрсету бағасының қалтаға қонымдылығы. Жаңа тарихи кинолокацияны жүзеге асыру Шымкентте кино бизнесі мен туризмді дамыту аясын кеңейтуге ықпал етеді.

Келесі жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Қара сөз» желісімен анимациялық фильм, әл Фарабидің 1150 жылдығына арналған тарихи телехикая түсіріледі. Сонымен қатар, «Алтын адам» мен Ахмет Ясауидің өмір жолы туралы дүниелер жасау да ойда бар.

– Қазіргі күні Түркістан облысының өсіп-өркендеуіне үлкен күш салынып жатыр, - деп атап өтті режиссер. – Шаһардың басты кейіпкері – Ясауи туралы халық оның 63 жастан кейін жер астын мекен еткен сопы болғанынан басқа көп ештеңе біле бермейді. Қазақстандықтар Қабанбай батыр және тағы басқа ұлттық тарихи және аңызға айналған тұлғалардың елі үшін еткен еңбегінен бейхабар. Есесіне гректің «Троя» фильмін көрген. Егер Отырарды алты ай бойы жаулап алудың мүмкін болмағанын экранда бейнелесек, бүкіл әлем біздің «Трояны» танитын және туристер келетін еді, - дейді
Батырхан Дәуренбеков.

Идеологиялық салмағы бар толықметражды анимациялық шығармалар бізге қажет-ақ. Қазақ хандарының өмірін, батырлығын негізге ала отырып, толықметражды мультфильмдер түсіру киностудияның жоспарында бар. Алға қойған мақсат та жетерлік. Өкініштісі, «САҚ-тың» қаламызда киностудиясы жоқ. Жеке ғимараты да қарастырылмаған. Бала тәрбиесі мультфильмнен басталатынын ескерсек… аниматорлардың бүгінгі жағдайы алаңдатарлық халде.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Күтпеген кездесу Қазақтың Ханбибісі – 70 жаста »