Қазақтың Ханбибісі – 70 жаста

Среда, 27 Ноябрь 2019 04:12 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3547 раз

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының 70 жасқа толған мерейтойына орай Шымқалада «Мен – анамын, ақынмын, әлемді ойлар» атты шығармашылық кеш өтті.

DSC 2581

Поэзия әлемінде қайсарлық пен ақиқаттың алдаспанындай жарқыраған қаламгердің кеші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясынан басталды. Мұнан соң көпшілік кеш иесіне арналған кітап көрмесін тамашалады. Мерейтойлық іс-шара барысында Ханбибі Есенқарақызының 10 томдық кітабының тұсауы кесілді.

Жаңа топтамаға қаламгердің саяси қуғын-сүргін құрбандары мен мәдениет қайраткерлеріне арналған шығармалары еніпті.

Мерейтой иесін құттықтауға елімізден бөлек Өзбекстан, Қырғызстанның және басқа да түркітілдес елдердің зиялы қауым өкілдері де келді. Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Амангелді Айталы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен Ханбибі Есенқарақызының еңбектеріне тоқталып, жылы лебіздерін білдірді. Мұнан соң ілтипатқа бөленген ақынның мерейтой кеші Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының залында жалғасты.

Кешке жиналған қауымның назарына алдымен қаламгердің өмірі мен еңбек жолынан «Сыр шертемін ешкімге айтылмаған...» атты бейнефильм ұсынылды.
Шығармашылық жиында қала әкімі Ерлан Айтаханов ақынды мерейлі жасымен құттықтады.

– Сіздің өлеңдеріңізден нәзік иірімдермен қатар отансүйгіш қасиетіңізді де байқаймыз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қалыптасуына қосқан үлесіңіз де ерен. Поэзия мен прозаның жүгін бірге көтеріп келесіз. Әдебиет әлемі арқылы еліміздің руханиятына баға жетпес еңбек сіңірдіңіз, - деді Ерлан Қуанышұлы.

Х.Есенқарақызының шығармашылығы жөнінде ақын Әселхан Қалыбекова мен филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақыптан бастап бірқатар ақын-жазушы, әдебиеттанушы ғалымдар жүрекжарды пікірлерін айтты.

DSC 2327

Мемлекет қайраткері Әлихан Бәймен: «Хан-апамыздың шығармалары жүректен шығып, жүрекке жетеді. Сөзі қарулы, ойы қайратты. Шумақтарынан адам жанын түсінесің. Сезімін сезесің. Өрелі ойын ұғынасың. Поэзиямен қатар, ғалым ретінде еңбек етіп келесіз. Қайраткерлігіңіз тағы бар», - деді.

Ханбибі Есенқарақызының мерейтой кешінде көрерменнің жаны жырмен әлдиленді. Ақынның өлеңдеріне жазылған «Алтынай», «Нурикамал», «Дос іздедім» сынды әндері жиынды айшықтай түсті. Жырға шөліркеген жандар бір сәт поэзия әлеміне саяхаттап қайтты.

Кеш иесі әсерлі өткен салтанатты іс-шара соңында жиналған көпшілікке алғысын білдіріп, көрсетілген құрметке ешқандай марапаттың тең келмесін жеткізді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.