Қаламның қарашаңырағы, қабырғалы «Оңтүстігім» Избранное

Пятница, 06 Декабрь 2019 05:36 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1484 раз

Оңтүстік өңірінің бас басылымы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 95 жыл толып отыр. Бұл газетті өңірдің ғана емес, қазақ баспасөзінің атасы деп атасақ та артық емес.

407

 

«Ақжолдан» басталған ұзақ жол

Өзінің тамырын 1920 жылдың 7 желтоқсанында алғашқы нөмірі жарық көрген «Ақжол» газетінен тартқан бұл басылымның бастауында Сұлтанбек Қожанов,
Тұрар Рысқұлов, Міржақып Дулатов секілді Алаш ардақтылары тұрғаны тарихтан мәлім. Сол кезеңде Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Тұрар Рысқұловтың «Қазаққа газет керек» деген ұсынысы «Ақжолдың» өмірге келуіне жол ашты. Түркістан республикасының басқарма комитеті атынан Ташкентте аптасына 3 реттен жарық көрген газеттің тұңғыш бас редакторы Сұлтанбек Қожанов болса, жауапты хатшысы қызметіне Міржақып Дулатов тағайындалған. Сол замандарда газет жұмысына Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Қошке
Кемеңгерұлы, Халел Досмұхамедов, Ілияс Жансүгіров сияқты алаш зиялылары белсенді араласқан.

410


Бүгінде «Оңтүстікті» 95 жасқа толды дегенімізбен, шын мәнінде оның тарихын «Ақжолдың» алғашқы санымен сабақтастырып жалғасақ, ғұмыры 100 жылға жақындағанын алғаусыз айта аламыз. Себебі төңкеріс жылдарында әрі-сәрі күй кешкен қазақтың көшбастаушысына айналған газеттің бағыты Кеңес өкіметіне ұнамады. Саяси қудалаудың салқынынан «Ақ жол» газеті жабылып, ол 1924 жылы қайта шыға бастаған. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тарихын қазір сол 1924 жылдан бастап жүргеніміздің себебі, міне, содан. Басылым 1932 жылдан бастап «Оңтүстік Қазақстан» деп аталады. Бұл атауды сол кезде газетте редакторлық қызмет атқарған, қазақ әдебиеті мәселелерінің қазынасына айналған Бейсенбай Кенжебаев қойған еді. Міне, сол «Оңтүстік Қазақстан» атын да, затын да, бағытын да, шабытын да жоғалтпай, ғасырға жуық уақыттан бері қазақ ұлтына қадірлі қызмет етіп келеді. Уақыттың желі мен қоғамның сеңі құбыла соғып, жосыла көшкен кезеңдерде де байырғы бұл басылым өзінің салмақты сөзінен айныған емес, Алаш қайраткерлерінің аманатына айналған туралық пен әділдіктің сертіне адалдығынан тайған емес.

Жақсылардың ізі мен сөзі қалған

Газетті осы жылдар аралығында 22 редактор басқарыпты. Бұл басылымда қаншама қоғам қайраткерлерінің, ұлт жанашырларының, қазақ зиялылыларының ізі мен үні қалды. Қаншама қаламгер-ақын, жазушылардың қаламының желі, сөзінің сөлі қалды. Осы шаңырақ олардың шабытын шыңдады, осы шығармашылық ортадан нешеме жас талант қияға қанатын қомдады. Мұның бәрі басылым тарихын тарам-тарам тамырға жалғайтын терең қазына.
Арғы тарихты қопармағанда өзіміз көзін көрген, туралықты ту қылып өткен Әсет Тілеукеев, газетті кеңестік саясаттың кербұғау кезеңінде де тынысын тарылтпай 22 жыл басқарған Әмірсейір Әлиев, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, ел болып қалудың аласапыран алмағайып кезеңі – 90-жылдарда жабылып қалудың құрығында тұрған басылымды баласының бизнесінің айналымындағы қаржысын редакция қазынасына құйып, құтқарып қалған Кәрім Үкібаев секілді кесек тұлғалы редакторлардың бейнеті мен бейнесі «Оңтүстіктің» шежірелі бетінде биіктіктің үлгісі болып қалатыны анық. Бұл газеттің тізгінін бұдан кейін де журналистикада өзіндік жолы мен орны бар бірқанша беделді азаматтар ұстады. Олардың әрбірінің басылым бедерінде қарымды қолтаңбасы, өзгеше идеясы, лайықты салмағы, үлгі етер үлесі бар екенін жоққа шығара алмаймыз.
Осынау қарашаңырақта өткен 20 жылым менің де өмірімнің ең салтанатты да мархабатты шақтары болғанын мақтанышпен айта аламын! 8 редактормен қызметтес болыппын. Кәрім Үкібаев, Нұрғали Ораз, Оразхан Жарқынбек, Иса Омар, Анар Аспан, Бейсен Тәжібаев,
Бақтияр Тайжанов, Абай Балажан... Міне, әлгінде айтқанымыздай, бұл басшылардың әрбірінің жолында жарқын із жатыр, сабақ алар сәттер мен сабақтастығын жалғар мектеп жатыр.
95 жылдық тарихтың бөлінбес бөлшегіне айналған жылдар жетегінде бұл қарашаңырақ басылымда қаншама жампоз журналистер қызмет етті десеңізші!
Жұмамұрат Тұяқбаев, Өскенбай Әмзеев, Наушабек Орманов, Әбдіманап Әлшериев, Уәлихан Темірбеков, Зейілбек Өмірбеков, Жолдас Ақбердиев, өзіміз көзін көрген ағайынды Пайыз, Сәділ Кәдеевтер, Қалмахан Анарбеков, Зейнеп Рысбекова, Үркімбек Елеубеков, Елтай Боранбаев, Қайым Тілегенов, бертіндегі Слам Нұрмағанбетов, Бекзаттар Дінәсілов, Үрзада Айтөреева, тағы-тағы қаншама қаламынан маржан өрілген майталмандардан қалған мектеп бұл! Бүгінде қазақ әдебиетінде есімін ел қадір тұтқан талай-талай қаламгер ақын, жазушылардың қаламының нәрлі өрнегі де осы басылымның бай мұрасы саналады. Біз көрген, көрмеген сондай тұлғалардың бәрін тізіп айтпағанда Мұхтар Әуезов шығармаларын жария еткен «Оңтүстікте» Омарбай Малхаров, Нәсіреддин Сералиев, Еркінбек Тұрысов, Садықбек Адамбеков, Мұхтар Шаханов, Исраил Сапарбай, Мархабат Байғұт, Төрегелді Байтасов, Мұратбек Дүйсенбеков, Төрехан Рәмберді, Жәлел Кеттебек, Есжан Айнабеков, Әмза Қалмырзаев, Мұхтар Шерім, Бақытжан Алдияр, Шойбек Орынбай, Жеңіс Баһадүр, Сабырбек Олжабай, Жәмила Мамырәлі, тағы-тағы нешеме ақындар мен жазушылар осы газетте қызмет істеп, қаламдарын, шығармашылық қуаттарын шыңдады, әлі де осы ұжымға қызметін сіңіріп жүргендері бар. «Оңтүстіктен» қаншама журналист қанаттанып, түрлі қызметтің сатысына биіктеді!

Балажанның бабындағы бүгінгі басылым

Газет идеология майданында тың идеялардың бастамашысы болумен қатар, өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани тыныс-тіршілігінің тамыршысы ретінде қоғамның көшімен. уақытқа ілесумен алға жылжып, баспасөз әлемінде өз тарихын жасап, өз шежіресін жазып келеді.

409

Оқырманға мазмұнды, мағыналы, тұшымды, танымды дүниелер мен сенімді ақпарат таратумен бірге, қарашаңырақ басылымның қалыптасқан дәріпті дәстүрлері де аз емес. Солардың ішінде ұлттық спорт өнерін қалың жұртқа насихаттау мақсатында қазақша күрестен турнир өткізу үрдісін 1958 жылдан бері жалғап келеді. 1957 жылы 5 мамыр - Баспасөз күні қарсаңында сол кездегі белгілі ақын Омарбай Малхаровтың журналистер мерекесіне орай осы спорт түрінен жарыс ұйымдастыру туралы ұсынысын редактор Мәди Байтұрсынов пен бүкіл ұжым бірауыздан қолдап, сол бастамадан басталған жарыс бүгінде үлкен турнирге айналды. Биыл Абай Балажан басқаратын облыстық газет қазақша күрестен дәстүрлі 57-ші турнирін өткізді. Осы турнирлерде түйе палуан атанған саңлақтар «Қазақстан барысына» жолдама алып, жеңіс тұғырынан көрінген сәулелі күндер де қарашаңырақтың мәртебесі мен мерейі.

Бұған қоса жас ұрпақты отансүйгіштікке, рухани байлыққа, кітап оқуға құлшындыру мақсатында соңғы үш жылдан бері батырлар жырын жатқа айтудан мектеп оқушылары арасында «Жақсылар, дастан айтайын...» атты облыстық байқау өткізіп келеді. Бұған дейін Қамбар батыр, Алпамыс батыр жырынан өткізілген байқау биыл Қобыланды батыр жырына жалғасты.
«Қарашаңырақ» деген сөз, тегінде, қадірлі, қастерлі, қасиетті, мұрагер деген ұғымды білдіреді. Ата салтын, дәстүрін, ділін, дінін, тілін, тағы сол сияқты құндылықтар мен ұлт тарихын, тәрбие тәлімін санаға сіңіріп, жақсылыққа ұйыстыратын орта десек, өңірдегі баспасөздің бас басылымы, қаламның қарашаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газеті осы тектіліктің орны бөлек ордасы дер едім.
Бүгін де бұл шаңырақ талантты, талапты журналистермен «қаруланған» ең беделді, кемелді ұжым. Абай Балажан басқарып отырған редакцияда Нұрлан Кенжеғұлов, Гүлжамал Мұсаева,
Талғат Досымбай, Үмітхан Алтаева, Сабырбек Олжабай, Серікқали Жексенбай,
Қалдыкүл Дәуренбекова, Жамила Мамырәлі, Атанбек Наурыз, Айдар Құлжанов, Әнуар Жұмашбаев, Лаура Тастанбекова, Диляра Бименова және тағы басқа қаламы қарымды, ойы алымды кәсіби журналистер газет тарихында өз қолтаңбаларын қалдырып келеді. Бұл газетте қызмет істеу қолына қалам ұстаған талайларға арман болғаны да, әлі де оған қол жеткізуді мұрат санайтындар аз емес екені шындық десем қателеспеспін.
Осынау байыпты, беделді басылымда қызмет істеу бақыты бұйырғанына, осы газетте он жыл басшылық лауазымы сапында қызмет еткеніме, ұядай жып-жылы ортада жандары жайдары, көңілдері көркем жандармен әріптес болғаныма, «Оңтүстікте» менің де қолтаңбам қалғанына мың мәрте шүкіршілік етіп, мерейлі көңілмен, мақтаныш сезіммен өткен күндерді дәйім сағынышпен еске аламын.
Жасай бер, жарқырай бер, ордалы «Оңтүстігім»!

Асхан МАЙЛЫБАЕВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.