Версия для печати

Тұңғыш рет тұсауымды кескен Избранное

Пятница, 06 Декабрь 2019 05:42 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3083 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Аузы дуалы ата-бабамыз «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген ғой. Астарына үңілсеңіз, көп нәрсені аңғарасыз. Жал-құйрығы күзелмеген тай секілді тапырақтап жүрген кезімізде журналист болсақ деп армандадық.

415

 

кілді, қол созғанмен жете ме? Жетеді екен. Арманның арғымағына мініп, Алматыға аттандық. Оқуға түстік. КазГУ-ге. Журналистика факультетіне. Деканымыз Тауман
Амандосов екінші курстан соң екі айлық өндірістік тәжірибеден өту үшін күллі студентті өз өңіріндегі облыстық газетке жіберді. Оқу министрінің бұйрығы бойынша жарты айлықпен кәдімгі қызметкердей штатта жұмыс істеуіміз керек екен. Мөр басылған арнайы жолдамамен «Оңтүстік
Қазақстан» газетінің бас редакторы Әмірсейіт Әлиевтің есігін қақтым. Қабылдады. Қара шаңыраққа жаңа түскен келіндей оң аяқпен имене кірдім. Батасын алып, басымды иіп сәлем бердім. Ендеше, бетімді ашқан кім?
«Оңтүстік Қазақстан» газеті. Сондықтан сол редакция маған ыстық.
Редактор өзінің орынбасары Мыңбай Ілесовты шақырып алды да, мені сол кісінің құзырына тапсырды. Етжеңді келген жылы шырайлы ағатайым тосын сұрақ қойды.
– Лениннің «Бір адым алға, екі адым кейін» деген шығармасын білесің бе? - деді.
– Білем...
– Онда айтшы, не дейді?
Қапелімде бәрін қамтып қайдан айта қояйын. Мұрнымның астынан міңгірлеп жобалап соқтым. Шикілігімді сезді-ау, сірә.
– Кітапханаға бар да, оқып кел! - деді. Көсемнің еңбегін көз майымды тауысып, күні-түні жаттадым. Мұқият дайындалып, ертесіне есігін қағып кіріп ем, Маркс көкемнің «Манифесін» сұрады. Тағы да мүдірдім.
– Бар, оқып кел! - деді. Тағы да кітапханаға тарттым. Ертесіне:
– Энгельстің шығармаларын аташы! - деді.
Білетін бір-екі еңбегіне тоқталып ем:
– Саясатты меңгермей сауатты журналист бола алмайсың! - деп сыпайы сөзбен сынады. Шыдамадым.
– Ағай, - дедім ақырын ғана, – мен мұнда емтихан тапсыруға келгем жоқ. Мақала жазуға мүмкіндік жасаңызшы.
Мыңбай аға менің сөзіме күлді де, ауыл шаруашылығы бөліміне ауыстырды. Бөлім меңгерушісі – Қалмахан Анарбеков. Біртоға, өте сыпайы кісі. «Қабыловтың қауыны-ай!» деген жалғыз мақала жаздым да, тоқырап тоқтадым. Қаламым жүрмеді. Оң жамбасыма келмейтін тақырыптың шиырын шығарып шимайлауға еш ықыласым жоқ. Осы ойымды өтініш ретінде Әмірсейіт ағайға жеткізіп ем:
– Қай салаға бейімің бар? - деді.
– Әдебиет және мәдениет бөліміне жіберіңізші, ағай.
– Жарайды.
Сол бөлімнің меңгерушісі ақиық ақын, айтулы композитор Исрайыл Сапарбаев екен. Жаным кіріп қалды. Жадырап жүрдім. Аузымның ебі бар, қаламымның желі бар екенін байқатуға тырысып, барымды салдым. Қолым да жүрді, жолым да болды.
Тұңғыш рет тұсауымды кескен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ғасырлық мерекесі құтты болсын, қаламдастар!

Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұр-Сұлтан шаһары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.