Мұхтар Шаханов: «Байлығым – өлмейтін өлеңдерім...» Избранное

Среда, 25 Декабрь 2019 03:56 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1196 раз

Қай кезде де халық тұлғаларға арқа сүйейді. Ел алдындағы азаматтардан парасатты пайым, ойлы сөз күтеді. Поэзия әлемінде дара қолтаңбасымен айшықталған ақын Мұхтар Шахановтың кеші Шымкентте дүркіреп өтті. Сөз құдіретіне бас иген қауым Қазақстанның Халық жазушысының кешіне қаламыздағы Отырар кітапханасына жиналды. Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен әдеби кеш ақынның шығармашылығы мен «Жалын» журналының 50 жылдығына арналды. Басқосуда қаламгердің «Өркениеттің адасуы» кітабының тұсауы кесілді.

 DSC 3703

Оқырман өрнегі ерекше, өрімі бөлек «Төрт ана», «Отырардың күйреуі», «Желтоқсан желі» және «Әйелдер балладасы сынды өлеңдері мен поэмаларын ұйып тыңдады. Тарлан ақынның жігерлі, патриоттық жырларымен сусындады. 

Сондай-ақ, қаламгердің «Рух пен тіл», «Ерлерді ерлікке шақыру» сынды әндері орындалды. 

Қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың қазақ халқы үшін еңбегі ерен. Қоғамдық-саяси мәселелерге сергек көзбен қарады. Әлем назарын тартылған Арал теңізіне аударды. Дүниежүзілік деңгейге көтерді. Желтоқсан оқиғасын зерттеу жөнінде комиссия құрылып, соның мүшесі болды. Наурыз мейрамының халықпен қауышуына мұрындық болды.

– Биыл «Жалын» журналының жарыққа шыққанына 50 жыл толды. Қалың оқырман журналды жақсы біледі. Өзім басылымның алғашқы авторларының бірімін. «Жалын» мен «Жұлдыз» қазақтың рухы. Қабырғалы қаламгерлерді тәрбиеледі. Қаламын ұштады. Журналды мерейтойымен құттықтаймын. Руханияттың айнасына айналсын, жалыны бәсеңдемесін! – деді жазушы Мархаббат Байғұт.

Қаламгер Мұхтар Шахановтың «Бөдене таланттар мен Қажымұқандар» атты шығармашылық ән-жыр кеші Түркістан сарайында жалғасты. Рухани-мәдени шараға Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты. Әдеби шараның шымылдығы «САҚ» киностудиясының тарлан ақынның өлеңіне жазылған «Отырар дастаны» анимациялық фильмімен ашылды.

Мұнан соң, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, эстрада әншісі Хадиша Шалабаева және әнші Сандуғаш Стамғазиева ақынның авторлық әндерін шырқап, қазақ рухын асқақтатты. Халық жазушысының көрерменін сағындырған «Туған күн кешінде», «Ерлікке шақыру», «Қазақ дастарханы», «Жұбайлар жыры», «Гүлдәурен» әндері орындалды.

Өнерсүйер қауым халық жазушысының патриоттық рухқа толы өлеңдерін зейін қойып, ұйып тыңдады.

DSC 3761

– Әр кезеңдегі әндер шырқалды. Ішінде күрделісі «Туған күн кешінде» болатын. Сол әуеннің шығу тарихы әлі есімде. Мен әнді тез шығарамын. Ал сөзін жазу қиын. Анам ұршық иіріп отырып, жаңа әнімді тыңдады. Сөзін жазуды таңертеңге қалдырғанмын. Ертеңіне әнді ұмытып қалдым. Әрі-бері ойланып, таппадым. Сол күйі есіме түспеді. Арада бір ай өтті. Әдеттегідей үйде отырғанмын.

Анам өткендегі ұмытқан әуенді ыңылмен айтып отыр. Қуанып кеттім. Риза болғанымнан анамды құшақтап, бетінен сүйдім. Кейін «Туған күн кешіне» сөз жаздым. Ұмсын анамның арқасында ұмытылған ән осылай шығарылды. Менің байлығым атақ-даңқ емес, өлеңдерім, – деген Қазақстанның Халық жазушысы, драматруг Мұхтар Шаханов шығармашылық кешіне қолдау білдірген қала әкімдігіне алғысын білдірді.
Кеш соңында қала әкімі Ерлан Айтаханов ақынды құттықтады. Қазақ әдебиетінің абызы ретінде сіңірген еңбегін атап өтті.

– «Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық жаңғыру ұғымы – ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін айтып, қазір ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейту керектігіне тоқталған болатын. Көкжиекті кеңейтетін ақын-жазушылар екені айтпаса да түсінікті. Олар халықты рухани сусындатып, саналарына ұлттық кодты сіңіруге тырысады. Ал Мұхтар Шахановтың поэзиясын әлем мойындады. Семсердей өткір сөзі, найзағайдай отты өлеңдері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, алтын қордан орын алатыны сөзсіз.

Ағамыз тек ақын, жазушы, композитор ғана емес, қоғам қайраткерлігі тағы бар. Екі кітабының тұсаукесері және Жалын журналының 50 жылдығы аталып өтті. Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді қала басшысы. Сондай-ақ, Ерлан Қуанышұлы «Жалын» журналының қызметкерлерін арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Халық құрметіне бөленген жазушы, драматругтың ерекше сыр мен жарқын толғанысқа толған өміршең жырлары оқырманға рухани кеш сыйлады. Жойқын кесек туындылар оқырманның санасын сілкінтті. Жүректегі ұлттық рухты оятты.

Последнее изменение Среда, 25 Декабрь 2019 04:01
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.