Мархабат Байғұттың көркемдік құпиясы

Среда, 29 Январь 2020 04:11 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1988 раз

А.Пушкин атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада «Қаламгердің көркемдік құпиясы» атты әдеби кеш өтті. Онда жазушы Мархабат Байғұттың ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Тіл саясаты комитетінің қамқорлығымен шыққан жеті томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Көпшілік бұл іс-шараны қаламгердің биылғы 75 жас мерейтойының бастамасы іспетті қабылдады.

DSC 2858

Бес мың таралыммен шыққан жеті томдық шығармалар жинағы республиканың барлық кітапханаларына таратылған.

Мархабат Байғұт 1993-98 жылдары облыста Тіл басқармасын басқарғанын, кейін де осы салада тіл-майданның алдыңғы шебінде жүріп, бірқатар бастамалар көтергенін айтып қалды. «Мемлекеттік іс-қағаздарды қазақ тіліне көшіру оңай болған жоқ. Іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіру туралы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кестені тұңғыш рет біз жасадық. Сол еңбегімізді ескерген комитетке алғыстан басқа айтарымыз жоқ», - деді.

«Кітап сата алмаймын. Сатамын деп ойламаймын. Ол қолымнан да келмейді. Сондықтан жеті томдықты түгел кітапханаларға тараттым. Оқыла ма, оқылмай ма - ол оқырманның еншісінде. Оқымайды деп ренжиін десем, қайбір жылы Ақтөбеден 23 жасар Әлихан деген жігіт кітаптарымды сұрап, іздеп келіпті. Қолына үш томдығымды ұстатып жібердім. Осындай оқиғалар кездесіп тұрады», - дейді жазушы ағамыз.

«Без меня народ не полный»

Кешке кіл жақсы мен жайсаң қатысып, сүйікті жазушыларына деген ақжарма тілектерін жеткізді. Арнау өлеңдер оқылды. Туған жері Түлкібас ауданынан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, ақын, Түлкібас аудандық «Шабыт» әдеби бірлестігінің төрағасы Ерғали Жүсіпбеков, ақын сыныптасы Әбдібек Аралбайұлы, «Шамшырақ» қоғамдық саяси газетінің бас редакторы Марат Қалтаев арнайы келіп, қаламгердің иығына шапан жапты.

DSC 2910

– Махаңдай аяулы ұлды Түлкібас жұрты мақтан тұтады. Бізде «Таупістелі тағлымы» деген дәстүрлі іс-шара, «Ақсужабағылы алауы – Шұбайқызыл жалауы» дейтін әдеби-көркем фестиваль, «Мархабат оқулары» жыл сайын өткізіліп тұрады. «Мархабат мирас» қоғамдық қоры аға буын мен жас буынның арасындағы алтын дәнекерге айналды. М.Байғұттың туған жерін түлетуге ат салысуы оның тектілігі деп білеміз, - деді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы.

Сыныптас досы Әбдібек Аралбайұлы:
«Он тоғызыншы ғасырда сонау Семейде –
Абай туды ғасыр жүгін арқалап!
Жиырмасыншы ғасырда Пістеліде –

Туды біздің Байғұтұлы Мархабат!» - деп қазақ поэзиясының шыңы Абай Құнанбайұлы мен проза шебері Мархабат Байғұтты қатар жырға қосыпты.
Таупістелінің пір ұлына арнау өлең оқығандардың қатарында ақын Қабылбек Төретай да болды.

«Сөз етпей-ақ дүние, малдың жайын,
Әдемі әзілменен қалжыңдайын.
Алла берсе лайым жүз жасаңыз,

Жүзінде ғашық болған Жамбылдайын», - деп ақ тілегін өлең шумақтарымен ақтарды.
Қаламдас қатарласы Байдулла Қонысбек кеш иесінің шығармашылығының өсуіне «Оңтүстік Қазақстан» газетін 25 жыл басқарған Әмірсейіт Әлиевтің үлкен әсері болғанын, көптеген талантты жігіттерді тәрбиелеп шығарғанын еске алды.

Ал замандас қаламдасы Нармахан Бегалиев Махаң туралы: «Мен деп көкірегін ұрған жоқ. Жасайтын тірлігін үндемей жүріп жасады. Шығармалары да сондай. Әдеби дүниелерінде болсын, мақалаларында болсын «мен» деген сөз кездеспейді. Байқасаңыздар, не кейіпкердің атынан, не басқа біреудің атынан сөйлейді. Мархабаттың осы әдісін ойлап отырып, ойыма орыстың классик жазушысы Андрей Платоновтың «Без меня народ не полный» дейтін сөзі түседі. Шын мәнінде біздің Мархабатымызсыз қазақ прозасы толық емес деп айтқан болар едім. Мархабаттың ерекшелігі тақырыпты жақсы таңдайды. Жазғанда құйқылжытып көңіліңді басқа жаққа бұрып жіберіп, қайтадан арнаға әкеліп түсіреді. Бұл – оның шеберлігі!

Біз Абайдың мерейтойына енді кірісіп жатсақ, Мархабат әлдеқашан «Егемен Қазақстанның» бетінде ұлы ақынның «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» дегенін талдап жазып қойған», - деп жазушының ерекше қырларына тоқталды. Ал Мархабат ағаның өзі:

– Құдай қаласа, Абайға, әл-Фарабиге үлкен бетбұрыс жасалып жатыр. Алдан жақсылық күтуіміз керек. Әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдығын, Алтын орданың 750 жылдығын айтуымыз керек. Қалғандарымыз солардың маңайындағы түйіршіктерміз. Біз сол ұлыларға қызмет етуге тиіспіз, - деп әдеттегі бекзат мінезімен әңгіменің түйінін ұлыларды ұлықтаумен аяқтады.
Жиын рухани азыққа сусындаған әдебиетсүйер қауымның көңілінен шықты.

Кешке №6 колледж студенттері белсене қатысып, қаламгердің 75 жылдығы мен жеті томдықтың жарыққа шығуы қатар келгеніне орай 77 саны бейнеленген торт пісіріп әкеліпті. Соңында кездесуге қатысушылар мен оқырмандары жазушымен естелік суретке түсіп жатты.

Суреттерді түсірген –
Береке СЕЙІТЖАППАР

Последнее изменение Среда, 29 Январь 2020 05:12
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.