Жұмадағы жүздесу – Бегмановпен

Среда, 29 Январь 2020 04:16 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1874 раз

Шымкентте аптаның әр жұмасын поэзия кешіне айналдыру дәстүрі басталды. «Мәртебелі поэзия мінбері» атты поэзия апталығының кезекті кеші ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі Қасымхан Бегмановтың шығармашылығына арналды.

DSC 2649

«Отырар» кітапханасында өткен жыр кешіне өлеңнің киесі мен жүйесін жетік білетін зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері мен өлеңсүйер қауым жиналды.
Кеш шымылдығын ашқан Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Ғалия Шарафиева «Мәртебелі поэзия мінбері» апталығы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулеттен басталып, жерлесіміз, қарымды қаламгер Қасымхан Бегмановпен кездесуге жалғасып отырғанын жеткізді.

– Қаламыз биыл ТМД елдерінің мәдени астанасы атанды. Көптеген мәдени іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Соның ішінде поэзия кешінің маңызы зор, - деді ол.
Мәртебелі мінберге көтерілген кеш кейіпкері Қасымхан Бегманов сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін оқыды. Ақынды қолдап-қуаттап келген көрерменнің рухын көтерді. Көңілін сергітті.

– Шымкентте мәдениет пен руханиятқа айрықша көңіл бөлінуде. Поэзия алаңы мен поэзия апталығының ашылуы қаламгерлердің жүрегіне жылу ұялатты. Руханиятпен сусындаған ел ешқашан жұтамайды, - дейді ақын ағамыз.

Жұмадағы жүздесуде қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтының студенттері ақын жырларын оқыды. Өлеңдеріне жазылған әндерін орындады. Сондай-ақ ұлы ойшыл Абай жырлары да жырсүйер қауым назарына ұсынылып, әндері шырқалды.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.