«Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» Избранное

Пятница, 31 Январь 2020 04:17 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1101 раз

«Мәртебелі поэзия мінбері»  осы аптада белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мақтарал, Сарыағаш аудандарының құрметті азаматы Хамза Көктәндінің (Әмзе Қалмырзаұлы) шығармашылығына арналды. Хамза Көктәнді – оның бүркеншік есімі. Ақынға шын есім-сойынан гөрі бүркеншігі жарасып-ақ тұрғандай!..

DSC 3360

«Күн саңы», «Арман қуып адассам, кешір мені...», «Адуын ағыстар», «Құбылыс» атты жеке жыр жинақтары, «Мен сені көргелі», «Кереметнама», «Он екі таным», «Туысқан», «Теберік дүние», «Ойдың күші», «Өмірдің он сегіз жылы», «Аспан мен даланың төрт ұмытылған тарихы» атты кітаптары жарық көрген, «Қуанышым қазынам», «Әттең-ай, әттең, жүрегім жалғыз», т.б. халық арасында кеңінен танылған оннан аса әннің мәтінін жазған ақынның шығармашылық жолы туралы кеш жүргізуші Нармахан Бегалыұлы қысқаша баяндаған соң кездесу өзінің әсерлі арнасымен жиналғандарды баурап алып кетті.

Шымкент қалалық мәдениет үйінің әншілері «Қуанышым қазынам», «Қыздар-ай» әндерін домбырада нақышына келтіріп орындаған кезде жиналғандардың делебесі қозып, әдемі әннің әсеріне елтіп, көңіл шіркін шалқып, тасып отырды. Әлемдік Моңғолтанушылар ассоциациясының мүшесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Хамза Көктәнді байқасақ, өзін көп насихаттамайтын ақын. Әйтпесе, бір кездері «хит» болған, әлі де тыңдарманның сұранысынан түспей келе жатқан осындай керемет әндердің авторы екенін екінің бірі білмеуі де мүмкін. Шығармашылығы да терең иірімдерге толы.

Нармахан Бегалиевше айтсақ, Әмзе ағамызда ой азаттығы бар. Қазақтың қара өлеңін жаңғырта, жетілдіре жырлайтын ақпа-төкпе екпіннің шайыры. Мәселен, 1982 жылы мерзімді баспасөзде Әмзе Қалмырзаұлының бір топ өлеңдері жарияланыпты. Сонда «Таланттар талантпын деп айта алмайды, Талантсыз талантпын деп айқайлайды. Жүрген соң бауырында күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды» дейтін өлеңі де шыққан. Кейіннен осы өлеңді халық өзінше өңдеп: «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, Жамандар жақсымын деп айқайлайды» деп халықтық поэзияға айналдырып жіберіпті.

Мұның өзі Әмзе ақынның оқырманмен етене жақын екенін, халықпен біте қайнасқанын көрсетеді. Шын мәнінде туындысы халықтық туындыға айналып кеткен ақындар бақытты. Әмзе ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді тыңдағанда «Ақын жалғыз болмайды пайдасы тисе халыққа» дейтін қанатты сөздер ойымызға оралып отырды.

Поэзия мінбері барысында белгілі қаламгер, журналист Асхан Майлыбаева Сарыағаштағы аудандық газетте кеш кейіпкерімен бірге жұмыс істеген кезеңін еске алды. Сол уақытта Әмзе Қалмырзаұлының ауданда «Сыр» әдеби бірлестігін құрып, оған аудандағы жас таланттармен қатар Шымкенттен әдеби орта таба алмаған Әбілда Аймақ, Әкім Ысқақ, Мақсат Әліпханов, Бердалы Оспан сынды сөз өнеріне, қаламға құмар жастардың басын қосып, рухани ортаның ұйытқысы болғанын айтты. Ол кездерде марқұм Әбілда Аймақ құрылыс саласында жәй ғана жұмысшы болып істеген екен. Әмзе ағамыздың сонау жастық шақта жазған өлеңін жүрегінің жырына орап жүрген Асхан ханым оның «Қауіпті сынақ» деген өлеңін оқып, жырсүйер қауымды мөлдір лирикамен сусындатты.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері Хамза Көктәндінің жырларынан әдеби композиция оқыды. Жиын барысында кешке қатысушылар ақынның өмірімен, шығармашылығымен, адами болмысы һәм рухани әлемімен жақын танысты. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын жастар ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын тыңдап, өлеңдерінен рухани нәр алды.
Ал кеш кейіпкері Хамза ағамыздың өзіне сөз берілгенде: «Адамдардың өмірге келудегі өз миссиясы болады. Пайғамбар пайғамбарлығын, палуан палуандығын көрсетеді.

DSC 3210

Сол сияқты менің де өмірге келгендегі басты міндетім ақындық болған шығар. Ең алғаш рет өлең 26 жасымда келді. Шашы тобықтан түсетін айдай сұлу жеңешеме арнап өлең жаздым. Бірақ, жеңгем өлең түсінбейді екен, жазған жырымды оқып бергенімде ұрсып тастады», - деп бір күлдірді.

Ауылда 180-ге дейін қой қырқып, көкпар шауып жүрген қойшының қара баласы өлең патшалығына енуге асықпапты. Алғаш өлең арнаған жеңгесі бетін қайтарып тастаған соң жырларын ешкімге көрсетпей жасырынып жазыпты. Сонда күндердің күнінде оқу-сызудан хабары жоқ қарапайым ғана өмір сүретін Ескермес ағасына өлеңдерін оқып бергенінде ол кісінің: «Несі бар, ақын да, патша да халықтың арасынан шығады. Жазсаң, жазасың да!» деген сөзі жігіт Әмзені поэзия әлеміне именбей есік ашуға жетелепті.

Хамза Көктәнді өзінің «Құлпытас», «Көкпар», «Ақындық», тағы басқа бірқатар өлеңдерін оқыды. Жаңадан жарыққа шыққан «Алтын төркін» атты қос томдығын да таныстыра кетті. Аталған кітап Түркістанның таңғажайып тарихы туралы жазылған.

Әмзе ағамыз адуынды, асау, терең ақын екен. Жиылған көпшілікті өлеңімен, ойлы сөзімен, орамды әзілімен баурап алды. Әндерін айтсаңызшы... «Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» деген осы ғой. Бір-біріміздің қадірімізді біліп жүрейікші!..

DSC 3202

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.