Өнерлі жастарға жол ашық Избранное

Пятница, 31 Январь 2020 04:22 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5173 раз

Әрбір кәсіп иесіне, бүгінде жемісті еңбек етіп жүрген кез-келген маманға кезінде мамандық таңдау мәселесі басты мақсат болғаны анық. Біз «Өз ісінің шебері», «Өмірден өз орнын тапқан» деген сөздерді айтып жатамыз. Ал қолында күректей дипломы бола тұра қоғамнан өз орнын таппай жүрген жастар қаншама!

IMG 8095

Ілгеріде жоспарлы экономика кезінде жағдай басқаша болатын. Ал бүгінгі бәсекелестік дәуірде жастардың мамандық таңдау мен жұмысқа орналасу мәселесінде көлденеңдеп шығатын кедергілер аз емес. Қазір көптеген жоғары оқу орындары мен колледждер өз мамандықтарын дәріптеуді, насихаттауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жақсы жолға қойған. Әлеуметтік, техникалық, экономикалық, педагогикалық, заңгерлік т.б., бағыттар бойынша талапкерлерге мектеп қабырғасынан бастап-ақ түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Мен өзім театр ұжымын басқаратын болғандығымнан мәдениет және өнер саласын таңдаған жастар жайына алаңдаймын. Бүгінде Оңтүстік өңірінде, республикалық мәртебе алған Шымкент қаласы аймағында 8 кәсіби театр, 30-ға жуық әуесқой халық театрлары бар. Әуесқой деп аталғанымен ондағы мамандар мен орындаушыларға қойылатын талап бір. Сахна шеберлігі элементтері, режиссерлық шешім, көрерменге айтар ой, идеяны сахна әрекеттері арқылы көрсете білу, бұл – кәсіби немесе әуесқойлық деңгейге қарап бөлінбейді. Қазіргі көрерменнің талғамы жоғары. Көрінген нәрсеге таң қалмайды, әрбір дүниеге салыстырмалы тұрғыдан қарайды. Міне, сондықтан өнер адамы, театр адамы ұдайы ізденісте болуы шарт.

Ал енді жас кадрлар – мамандар мәселесіне келер болсақ, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының өнер орындарын бітірген жастар бізге келе бермейді. Себебі, талантты жастар еліміздің басты қалаларындағы театрлар мен киностудияларда, басқа да өнер ордаларында өз шығармашылық жұмыстарын жалғастыруды қалайды. Бұл жерде қаржы факторы да елеулі роль атқаратындығын жоққа шығаруға болмайды. Театрдың жемісті еңбек етуіне, кадрлар мәселесі бойынша мұқтаждыққа ұшырамауына М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, «Мәдениет және спорт» факультетінің, соның шінде «Театр және эстрадалық шығармашылық» кафедрасының атқарып отырған еңбегі ұшан-теңіз.

Білікті мамандары жеткілікті және базасы жоғары бұл оқу орны тек Оңтүстік өңірі ғана емес, республика мәдениет және өнер ордаларының кадрлық сұраныстарын қанағаттандырып отыр. Соңғы жылдары факультет және аталған кафедрамен театр тығыз байланыс орнатып, келісім-шарт негізінде дуальды оқыту, лаборатория, практика базасы ретінде жұмыстар атқаруда. Театрда аталған кафедраның филиалы ашылған. Білім беру бағдарламасын театрмен келісіп жасау, кәсіптендіру пәндерін театр өміріне, көрермендердің талап-тілегіне орай дайындау жақсы жолға қойылған. Театрдан арнайы жай, кабинеттер бөлініп, студенттердің кәсіби пәндерін театрда өткізуге мүмкіндік жасалған.

image42

Кәсіби пәндерден дәріс беріп, студенттерді сахна өнерінің қыр-сырына үйретуге өнер ұжымының белді актерлары тартылған. Бұл дуальды оқыту әдісінің ұтымды тұсы студенттер өз сабақтарын практикалық тұрғыдан театр қабырғасында іске асырса, театр актерларының педагогикалық шеберліктерін ұштауға да сеп болуда. Көрермен ретінде театрға келген мектеп оқушылары мен жастар ол жердегі студенттерді көріп, араласады. Бұл – өнерге қабілетті жастардың болашақ мамандықтарын таңдауына да елеулі септігін тигізері анық.

Қиын да қызықты өнер саласын, соның ішінде театр өмірін таңдаған жастар үшін білім алудың да, тәжірибе үйренудің де мол мүмкіндігі бар. Себебі театр мен университет кафедрасы өнерге ғашық, бойында талабы мен таланты бар жастардың армандарына жол ашуға әманда дайын.

Қ.ҚАРҒАБАЕВ,
Ж.Шанин атындағы
Шымкент қалалық академиялық
қазақ драма театрының директоры,
ҚР мәдениет саласының үздігі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.