Версия для печати

Мемлекетшіл мінезді ақын Избранное

Пятница, 21 Февраль 2020 03:24 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3579 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Әдеттегідей бейсенбінің шуақты күні мәртебелі поэзия ертеңгілігінен бастау алды.

Қабылбек

Бұл жолы төрге Қазақстан Жазушылар мен Журналистер одағының мүшесі, Түркістан облыстық айтыскер ақындар қауымдастығының төрағасы, ҚР «Құрмет» орденінің иегері, Сайрам ауданының құрметті азаматы, ақын Қабылбек Төретайұлы шықты.

– Өмірге келдім, көгердім,
Көшіне ердім өнердің.
Өмірден ұлы не көрдім,
Өмірге ұлы не бердім, - деп жырлаған ақын-жүректің дүрсілін оқырман тым жақыннан сезді. Автордың өлеңдерін өзі емес, үзеңгілес достары, жанашыр әріптестері оқыды бұл жолы.

Рухани кездесуде оқырман қауым Қабылбек Төретайұлы туралы тың мағлұматтарға қанықты. Кезінде мемлекеттік қызметте де істеген Қабылбек ағамызды әкімдер «зиялының арасындағы өз адамымыз» десе, ақындар «әкімдердің ішіндегі өз адамымыз» деп жақын тарта әрі меншіктеп айтатын көрінеді. Кеш модераторы Нармахан Бегалиев Қабылбек інісінің болмыс-бітіміне мемлекетшіл мінез деген сипаттама бере отырып: – Біздің Қабылбектің сағымдай құбылатын, сағымдай бұзылатын саясатта жұмысы жоқ. Оның көксеген арманы – рәсуа болған рухымызды қалпына келтіру, ұлттығымызды сақтап қалу, - деді.

Нарағаң айтқан Қ.Төретайұлының мемлекетшіл мінезін журналист Атанбек Наурыздың мына бір естелігі толықтыра түсетіндей. «...Қабылбек өнермен қоса өмірді де ұмытпайды. Өмірде салған өз ізіне жіті көз тастайды. Ал Қ.Төретаевтың атқарушы билікте қызмет жасағаны көпке аян. Оны өзі де жасырмайды. Жасырмақ тұрмақ, өзгеге «биік» болып көрінген билік тұғырында өткен кезеңіне өзгеше баға береді.

«Есіл ақын-жылдарым ағып өтті,
Анықтама,
Мәлімет, ақпарлармен»,
немесе
Тылсым түндер «жемісі» - жазылған сан,
Балладаның орнына баяндама,
Одан қалса:
Жырларымды жұлмалап жұтып жатты,
Таңғы, кешкі кеңестер, жиналыстар, - дегенін көресіз».

Белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт Қабылбек ағамыздың көзқарасына айрықша тоқталып, «Қабылбектің көзқарасы» деген естелігімен бөлісті. «Қабылбек Төретайұлының мақалалары, публицистік туындылары ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Әсіресе, тіл туралы, тәуелсіздік талаптары хақындағы дүниелері өзінің елгезек табиғатына, айта салатын ғана емес, айта да алатын айрықшалығына жарасады», - деп жазылады ол естелікте.

Қабылбек Төретай

Иә, Қ.Төретайұлының «Намыс найзағайы» кітабы қолыңызға тисе, «Қазақша күрес, хал қалай?!», «Қайнарбұлағына қайта қонбаған қарлығаш» сынды публицистикалық мақалаларына көз жүгіртіп шығуға болады.
Атанбек Наурыз кезінде Қабылбек ағамыз хақында жазған «Жүректерді дірілдетер ділгірлік» атты естелігінде: «Біз білетін Қабылбек, «Жұлынқұрт», «Безберіш», «Жанартаулы Желтоқсан» секілді туындылар ұсынған Төретайұлы қайсы шығармасын да ең алдымен ақ түтек боранымен орап, көк тайғақ мұзымен қарып, жан шыдамас шындығымен шыжғырып алады. Содан әбден жүрек дертін шығарып алған соң барып, алақаны жылиды» деп шығармашылығына терең талдау жасайды.

Кеш иесінің шәкірті, журналист Күлия Айдарбекова ұстазы хақында «шын жанашыр ұстазым» деп тебірене толғанды. «Отырар» кітапханасының директоры, ақын Анар Жаппарқұлова «әкімдігінен азаматтығы басым, азаматтығынан ақындығы басым ағамыз» деп ақындықпен қатар қайраткерлігі бір төбе Төретайұлына деген ыстық ықыласын жеткізді.

Бұл жиынның ерекшелігі сол, ақынның сөзіне жазылған «Қызғалдақ-дәурен», «Достар әні» сияқты әдемі әндерді әуенінің авторы, белгілі сазгер Құралай Сәтмұхамбетованың өзі орындағанда тіпті әсерлі естілді.
«Қазығұрт-Қайнарбұлақ», «Жан шуағы», «Арымның алауы», «Қаракөз-қалқам» өлең жинақтары мен «Бас-басына би болғаннан сақтасын», «Намыс найзағайы» атты көсемсөз кітаптардың, сондай-ақ елге танымал М.Омаров, С.Сапарғалиев, Т.Ізтай, Қ.Сәтмұхамбетова сынды сазгерлер орындайтын әндердің сөзінің авторы туралы:

– Сен бір көкжал – Қабыланы Қайнардың,
Қар жауғанда қар хатыңды ойлармын!
Ақша қардың қанатымен жолданған,
Ақшақардай өлеңіңнен айналдым! – деген ақын Ханбибі Есенқарақызы. Осы өлең шумақтарын оқығанда Қабылбек ақынды, оның ақшақардай әппақ өлеңдерін жақсы көріп кетесіз.

Басқосу барысында Қ.Төретайұлының кезінде «бір аптадай облыс әкімі болғаны» туралы қызықтарын оның өз аузынан естідік. Сөйтсек, облыстық әкімдік аппаратында істеп жүрген кезінде «Ана тілі» газетіне мақала беріп, мақала соңында аты-жөні мен қызметі жазылғанда «облыс әкімі аппаратының...» деген сөз қапелінде «облыс әкімі» болып басылып кеткен көрінеді.

...Ол өмірінде оқырманымен бар-жоғы бір-ақ рет кездесіпті. Екінші рет бел буғаны осы екен. Өзін-өзі жарнамалағанды жаны қаламайтын мемлекетшіл ақын, өзіндік көзқарасы бар қаламгер Қабылбек Төретайұлы жайлы жүрегімізді жылы әсерге бөлеген кездесуден жанымыз жадырап шықтық.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.