Кемедей алып мұзды жарған адам

Пятница, 21 Февраль 2020 03:29 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3353 раз

Ермұқан Бекмаханов. Қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы. «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты бір ғана монографиясы үшін жазықсыз жала жабылып, 25 жылға Сібірге – итжеккенге айдалған Алаш ардақтысы.

Бекмаханов

Қазаққа сұңғыла саясатшы, дарынды әскербасы Кенесары ханды «қайтарып берген» қайраткер тұлға. Сол замандағы билік басындағы Шаяхметовке «Ғылымға сатқындық жасасам, өмір бойы өзімді кешірмес едім» деген, өз ана тілінде дәріс оқуды армандап өткен асыл ердің туғанына биыл 105 жыл толып отыр.

Осыған орай қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында «Қазақ халқының көрнекті тарихшысы» деген тақырыппен ғылыми-көпшілік конференция өтті.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай Ермұқан Бекмаханов туралы толғаныспен сөйледі.

– «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деген монография жазып және Кенесары туралы екі диссертация қорғап, сол үшін 25 жылға итжеккенге айдалуы – ең ауыр жаза еді. Басқа Алаш қайраткерлері бір төбе де, Бекмаханов бір төбе. Ол өзі үшін емес, ғылым үшін күресіп өткен нағыз ғалым, - деді Б.Айтай.

Иә, алаштықтардың бір-бірінің өміріне, шығармашылығына тікелей ықпал етіп отырғанын осындай тарихи кесек тұлғалардың өмірбаянымен танысқанда білуге болады. Мәселен, Бекмахановтың Кенесары тақырыбына келуіне Мұхтар Әуезовтің әсер еткенін, Ілияс Есенберлин Бекмаханов болмағанда «Қаһар» романын жаза алмайтынын, оның атақты ғалым шәкірттері көп болғанын, 20 ғылым кандидатын дайындағанын, солардың бірі Манаш Қозыбаев екенін, Бауыржан Момышұлының оның докторлық диссертациясын қорғау процесіне қатысып, қолдау көрсеткенін көбіміз біле бермейміз.

Бірақ, сол рухани туыстықты, жақындықты жандайшаптар барынша үзуге тырысып, арыстарды қалай қинағаны Бекмахановтың жары Халиманың мына бір естелігінен-ақ көрінеді: «Сәтбаев пен Әуезовтің үстінен шағым жаз» деді. Мен оларға жала жабудан бас тарттым», - деп арғы жағын жұтып қойды. Оның сонда бас тартқаны үшін, қандай азап шеккенін енді сезініп отырмын», - делінеді ол естелікте.

Осылайша конференцияға қатысушылар қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдары докторының еңбектеріндегі ұлттық идея көріністері мен тұлғалық қасиетіндегі ерекшеліктерге, халық ағарту саласына қосқан үлесі жайлы мағлұматтарға қанықты. Оған тағылған басты айып – буржуазиялық ұлтшылдық көзқарастағы ғалым деген жала.

Бекмаханов көрме

Орыстың атақты тарихшысы Анна Панкратова Ермұқан қамалғанда қолынан келген көмегін аянып қалмаған екен. Ал Бекмахановтың өзі тарих алдында кешірім сұрап, барса келмеске аттаныпты. Міне, осындай құнды деректер мен мәліметтерге бай конференция тарих қатпарынан терең сыр шертті.
Ұрпақты тәрбиелеп шыңдау үшін ұлыларды ұлықтау керек. Ұлты үшін басын бәйгеге тіккен арыстардың аманаты бізге туралықтың жолын нұсқап тұрғандай. Сөзіміздің соңын айтыстың кейінгі толқын ақыны Нұрлан Есенқұловтың:

– Ермұқан қандай адам десеңіздер,
Кемедей алып мұзды жарған адам.
Тарихтың аспанында жұлдыз болып
Халықтың жүрегінде қалған адам, - деген өлең жолдарымен аяқтағымыз келеді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.