Ән-ғұмыр немесе Шәмші әндерінің өріміндей өмір

Пятница, 28 Февраль 2020 03:54 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 342 раз

Саз әлемінің сұңқары, қазақ музыка өнерінің шыңға біткен шынары Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 15-тамызда 90 жыл толады. Ал оның өмірден өткеніне ертең, 29 ақпанда 28 жыл болады екен. Төрт жылда бір айналып келетін «кібісе» күні жалғаннан озған композитордың рухына тағзым етіп, еске алып, есімін тағы бір жаңғыртсақ, бұл да ұлтымыздың біртуар ұлына деген құрметіміз болар.

maxresdefault

Шәмші... Ән әлемінің әулиесі... Ғұмыры әнге айналып кеткен муза Ол. Оның сезіміңе гүл, санаңа нұр шашатын сиқырлы да сырлы сазы талай ұрпақты тал бесігінде «Ана туралы жырымен» әлдилеп, «Бақыт құшағында» тербеді. «Ақ бантигімен» қимай қоштасқан бейкүнә бойжеткен «Каспийдің толқынымен» жарысып, «Қайықта» тәтті қиялымен тербеледі. Ал ана бір айдай ару «Арыс жағасында» албырт сезімге оранып ой кешсе де, «Ақ ерке Ақжайықтың» асау ағысына қарап тұрып, ғашығына жан сырын сыбырлап айтса да, көкірегіндегі «Сағынышым менің» деген сезім моншағын мөлдіретіп, «Қуаныш вальсінің» құшағында жүргендей сезінеді өзін.

Жанарынан жақұт төгілген «Қаракөз», «Ақмаңдайлым» талай бойжеткен бұрымын бұлғақтатқан «Тамды аруындай» бұрала басып, шаттық үшін жаралған «Сыр сұлуындай» сылаң қағады. «Жүрек сырын» «Ақсұңқарына» «Наз» ғып айтқан сол қылықты қыздар «Ғашық күндердің» балшырын сәттерін бұлқынған жүрегінде құндақтайды. Ал «Өзіңдей сәуле қайда бар?» деген сері жігіт «Биші қайыңдар» арасында «Еркежанын» еркелете аймалап, «Әнім сен едің» деп шаттық күйін кешеді.

Шәмші әндерінің сазымен кәусар сезімге шомылған «Ғашықтар» бірін бірі «Қайдасың» деп іздеумен «Шынарым», «Әсемсің әнімдей» деген «Арман жырын» аялап, «Көккөлдегі кештерді», «Шалқар түнін», «Байқоңыр» мен «Мойынқұмдағы», «Қарқаралы» мен «Жарқыраған Жезқазғандағы», «Фосфорлы Жамбыл» мен «Талдықорған – әнім менің» деп Шәкең әнге қосқан ару қалалардағы, тіпті сон-а-а-у «Балтық теңізіндегі» айлы, арайлы шақтарды еріксіз еске алады.

Ия, Шәмші ағаның ән-ғұмыры махаббаттың отындай маздап, Изольданың ыстық сезіміндей өрекпіп, «Сыған серенадасы» боп, ынтыққан әрбір жүректі жандырады. «Бәрінен де сен сұлу» деген «Арман қызды» көруге асыққан ғашық жігіттің «Кешікпей келем деп ең» деп үздіккен сағынышын сынап көргісі келгендей кербез бойжеткен «Сүйген болсаң сағынарсың» дейді тәккаппар, тәтті қылығымен наздана.

Міне, осылайша ғашықтардың аяулы сезімін ән ырғағымен, сұлу сазымен тербеген Шәмші-ғұмыр ғасырға жуық уақыттан бері «Өмір-өзен» айдынында бізбен қатар жүзіп келеді.Кеудесі әнге сыймай, жырға сыймай өткен нәзік жүректі сазгердің «Теріскей» төрінде өтіп жүрген ән салтанаты да, Шымкент пен «Отырардағы тойы» да күллі қазақтың мәртебесін биіктеткен мерекелер. Ендеше, вальс короліне, оның мәңгі өлмейтін әсем әндеріне «Құшақ жайған қандай адам» болса да Қалдаяқтың ұлы ұлының биылғы 90 жылдық тойында «Жақсыгүлін» құшағына қысып, қуаныштың селіне шомылары анық. Оған Сіз бен Біз ғана емес, бүкіл ел — «Менің Қазақстаным» қол соғады.

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.