Версия для печати

АМАНЖОЛДЫҢ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫ Избранное

Среда, 29 Апрель 2020 00:30 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3245 раз
Оцените материал
(0 голосов)

535fbda45cfedc04871ac9fb210019cb

1 мамыр бір-бірімізді мерекемен құттықтап, той тойлайтын күн ғана емес, тарихтың қатпарлы беттеріне көз жүгіртіп, өткеннен сабақ алатын мереке. Өйткені, тарихи тағдыр тоғыстырған Қазақстан халқының өткеніне қарап бүгінгі жүзден астам этностың ырысты ынтымағының қадірін тереңірек ұғына түсінеміз.

Тарихи деректерге сүйенсек, сталиндік депортация жылдарында 3 миллионнан астам адам туған жерінен, елінен күштеп көшіріліп, мүлде жат аймақтарға қоныстандырылған. Қазақ жеріне сол уақытта КСРО-да тұрып жатқан немістердің 38 пайызы, шешен мен ингуштардың 83 пайызы, кәрістердің 59 пайызы, балқарлардың 55 пайызы, қарашайлардың 58 пайызы, гректердің 76 пайызы, күрдтердің 62 пайызы күшпен әкелінген. Олардың жалпы саны кем дегенде 1 миллион 200 мыңды құрайтын-ды. Депортацияланған барлық ұлттарға тағылған негізгі айып – «сенімсіз халықтар» деп тану. Яғни соғыс жылдары фашистерден азат етілген аймақтардағы тұрғылықты халыққа осындай негізсіз айыптар тағылып, тұтас ұлттар күдікке ілінген.
Күштеп қоныс аударылғандар туған жерінен мал-мүліктерін де, киім-кешектері мен ас-ауқатын да ала алмаған. Жүк таситын вагондарға тиеліп, Қазақстанға келгенде босап қалған мешіттер, мал қоралар мен жертөлелерге орналастырылған, тіпті мыңдаған адам ашық аспанның астында, жапан далада қалған.
Міне, сондай жағдайда қазақ халқы өзінің атамекеніне тағдыр тәлкегімен келген өзге ұлттарға қолынан келген бар жақсылығын жасады. Қазақтың жақсылығын көргендердің бірі – Шымкент қалалық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі Саждат Ахметованың әжесі екен.
Туған жерінен ажырап, еркінен тыс жер аударылған байғұс ана кішкентай 6 нәрестесімен бірге қыстың қақаған аязында вагоннан түсіп, далада қалған. Аяздан үсуге айналған балаларына қарауға дәті бармай, үміті үзілуге шақ қалғанда бір қайырымды қазақ азаматы жолығыпты. Ол бүрсең қаққан балаларды көрісімен үстіндегі тұлыбын шешіп, олардың үстіне жауыпты. Содан Саждат ханымның әжесі қазақтардың мейіріміне талай бөленгенін ерекше ықыласпен әңгімелеп береді екен.
– Әжем үстіндегі тұлыбын шешіп беріп, балаларын үсік шалудан аман алып қалған Аманжол есімді кісі туралы жиі айтып беретін еді. Соғыстан кейінгі қиын жылдары өздері де жарымай отырғанына қарамай қазақтар әжемді 6 баласымен үйіне кіргізіп алып, бір үзім нанын бөліп берген екен. Содан әжеміз өз балалары мен немерелеріне қазақтарға қашан да құрметпен қарауды өсиет етіп айтумен өтті, – дейді Саждат Зияутдинқызы.
Оның айтуынша, этносаралық келісім мен татулықты сақтап қана қоймай, одан әрі нығайта түсу үшін аға буын өкілдері жастарға осы тарихты үнемі әңгімелеп отыруы тиіс.
– Өткен жылы Санкт-Петербург қаласында стоматолог дәрігер өз пациентінің Қазақстаннан барып, ресейлік университеттердің бірінде оқып жүрген студент екенін, ұлты қазақ екенін біліп, одан тісін емдегені үшін алуы тиіс ақшадан бас тартқанына куә болдым. Содан әңгімелесе келіп, доктор Шаарана Магамадованың да әулеті кезінде Қазақстанға жер аударылғанын білдім. Оның ата-әжесі ұзақ жылдар бойы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы Атасу ауылында тұрыпты. Ата-анасы да, өзі де қасиетті қазақ жерінде дүниеге келіпті. Дәрігер «Бүкіл әулетімізбен қазақтардың арқасында аман қалғанымызды біле тұрып, сол ұлттың өкілінен қалайша ақы аламын» деп ағынан жарылды. Шынында да мейірбан қазақ халқына деген ризашылығымызды тек осындай мереке күндері ғана емес, күнделікті өмірде де білдіріп жүруге тиіс екенбіз-ау деген ой келді, – деді Н.Ахметова.
Этномәдени бірлестіктің жетекшісі Қазақстанда барлық этнос өкілдерінің өз тілі мен мәдениетін сақтауына барынша жағдай жасалғанын айтады.
Қазақстанда ешкім біздің құқығымызды шектемейді. Жоғары білім алуымызға, бизнес немесе мемлекеттік қызметпен айналысуымызға барлық мүмкіндіктер бар. Біз өз балаларымыздың болашағына сенімдіміз. Біз – қазақстандықтармыз. Біздің Отанымыз –Қазақстан!
Кейіпкеріміздің пікірінше тап осы ертеңгі күнге деген сенімділік пен ұлтына қарамастан әрбір азаматтың өзін осы қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі – Қазақстанның табысты дамуының кепілі. Әрі мұның бәрі дұрыс жүргізілген ұлт саясатының ғана емес, қазақ халқының кеңпейілдігі мен парасаттылығының жемісі. Сондықтан әрбір азамат ынтымақ пен келісім дейтін қасиетті құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауы тиіс.
Иә, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – бұл қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімділігі мен махаббатының жарқын мерекесі. Сондықтан әрқайсымыз өз тарихымызды есте сақтап және оны мақтан етуіміз керек. Мұндағы басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойында толеранттылық сезімін, бір-біріне деген сыйластықты дарыту және Қазақстандағы этносаралық келісімді дамыту.