Сүйектамыр (Үзік сыр) Избранное

Пятница, 05 Июнь 2020 04:30 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 347 раз

Бұл менің өмірімдегі ертегіге бергісіз шындық еді... Өзге жұрт естісе де көріп-білмеген, аузымнан шықпаған ақиқат. Жүректі сыздатып, буынды босатып, көмейге өксік тірейтін өмірі ұзақ оқиға. Бір үзік сыр. Бірақ... Бүгін осы оқиғаға куә боларлық, өмір бойы ағайындықты аңсаған, туыстықты тұмар қылып таққан, алдымдағы асқар тауым әкем де, баласын бауырына басқан аппақ анам да, алақаны жылы, қамқор жүрек әпкем де, жүзі жарқын, мінезі сынық келін де – бәрі өмірден озды...

63

 

***
... Түскі шәй үсті. Дастархан басындағы балалы үйдің у-шуы, әжік-күжік әңгіме әкем келген мезет сап тыйылған. Үрпиіскен кішкентайлар бірін-бірі түйгіштеп, ұртындағыларын шала шайнап, ілінгенін дастархан үстінен қомағайлана қармап, іркес-тіркес тұрып кетті. Ірі бастылар қалдық. Әкем, шешем және мен. Арамызда мектептен шыға біздің үйге ауық-ауық жолдан соғып кететін мұғалима әпкем Бибігүл бар. Кітапханашы қарындасым Күләш та тобымызды көбейткен.
Аз-мұз уақыт қысқа амандық сұрасумен өткені болмаса, үнсіздікке ұйығанбыз. Машақатты мектеп ісінен шаршаулы әкемнің қабағы әркездегідей тас-түйін. Еңсесі еңкіш. Мұндайда біздің жанұяда бір нәрсе анық. Тыныштық бұзу – оғаш қылық. Шешеміз бәрін аңдап отыр. Сақ. Тек бөлмеге жаңа ғана сырттан кіргізілген әжемнің сары самаурыны отбасының ойласып-пішер қордалы тауқыметінен хабардар еткендей бұрқ-сарқ қайнап, тасиды.

76


Ас-су ішіп-желініп, ортасынан ауған кез. «Айта берейін бе?..» деген сұраулы пішінмен, үлкен қызына бір қарап алған шешем сөзді өзі бастады.
– Кеше Текеден жеңгеңіз Шекер келген. Сізді «Келіп қалар...» деумен күн батқанша күтті. Арман-шері көп. Шалы сәлем айтыпты... – деп ол аз кідірістеді. - Соның алдында ғана, бір күн бұрын «Қотыр жиен» көкпардан қайтқан ба, қызуы бар, «Нағашыммен сөйлескелі келіп ем...» деп ол кетті... – Анам айтпағын жұмбақтап, назар аударарлықтай етті. Ойын батыл, анық жеткізетін ол кісі, бұл жолы үзіп-үзіп, булығып сөйледі. Құрғақ жұтына берді... Оның жартылай жария қылған құпия ойы суыртпаққа әзір тұғын.
– Иә. Не дейді олар?!. - Әкем көзін шәй құйылған кеседен алған жоқ.
– Не десін. «Қотырдан» жолыққанда сұрарсыз. Шекердікі өткен жолы үйіне барғандағы әңгіме ғой. «Кіші қызымды алыңдар. Сүйек жаңғыртайық. Құда болайық...» Сөзінің төркіні де, тоқетері де осы.
Әкем үндемеді. Шәйін сораптап ішіп отыр. Қабағының астымен бәрімізді жіті барлайды. Шешімін айтуға асығар емес. Әлдене есіне түскендей, терезеден шаншыла түскен жіңішке сәулеге тесіле, ұзақ қарады. Үлкен жиені Ақылбекке соңғы барғанында былай шығарып, өз ойын жіліктеп, жетесіне жеткізген сияқты еді... «Жарықтық Ақа! Түсінбепсің-ау...» деді естілер-естілмес. Таңдайын қағып, бас шайқады. Терең күрсініп алған ол ойын бізге ретсіз тарқатты.
– Балаңның үй болғаны дұрыс. Жасы келді. – Шешеме жарты денесімен бұрыла қараған ол дастархан басындағыларға да жүгірте көз тастаған. Мұнысы «Сендерге де қатысы бар» дегені болар. - Ұрпағыңды ойласаң, келінді ұзақтау жерден, текті елден таңдағаның мақұл еді. Байқаймын, сен маған бірдеңе айтқың бар... Шекермен ойлап-пішіп, шешіп қойғаннан саумысың? Ондайың болса ашып айт. Естиік. - Шешем қипалақтап қалды. Ұры пиғылы қызыл реңге боялған ақсары бетінен оқылып-ақ тұр.
– Жоға. Сіз келсін, айтып көрейін дедім. Шекердің бар айтқаны, шалының қолқасына оң қабақ танытпапсыз. «Біз өлгесін балалар жат боп кетеді. Араласпайды. Ата жолы ғой. Нағашы жұртқа бір қызымызды берейік...» деп жүрген шалының қалауы көрінеді. Ақкөңіл Шекерге салсаң, қызын бүгін әкеп бермекші. Балаңыз да қызды ұнатып қапты...
Біз бір-бірімізге үрке қарап, қуыстандық. Әлгінде ғана әкеміз келерден бұрын даудырасқан әңгімемізді естіп қойған ба деп сезіктендік.
Айыпты оқушыға кешірім берген мақамда әкем даусын пәс ұстап, сөзін одан әрі жалғады.
– Жарайды. Ендеше тыңда. Ұйғарымыңа мен қарсы емеспін. Бірақ... Сол екі жиенде менің апамның қаны бар емес пе? Ол – менің қаным. Осыны ойладың ба?.. Бұл қиын сұрақ. Сосынғысы, құда болдық дейік. Ертеңгі күні қалай араласамыз. Осыған дейінгі олардың жиендік жолы қайда қалмақ?!. - Сұрақ үстіне сұрақ жаудырған ол жүзін төмен салған шешеме себеп-салдарын өзі айтқандай болды. – Біз тым жақынбыз. Түбіміз бір. Сүйектамырмыз. Кешегі қиыншылық заманда бізге – жесір ана, жетім балаға қарасқан, қамқор болған әулет осы. – Байламы екіұдай әкем бәрімізді әрі-сәрі қалыпқа түсірді. Өзі де толқып отыр.
...Шешем сасқан жоқ. Жауаптың осылай боларын ол әлдеқашан білген сияқты. Байқаймын, ендігі әрекеті – ұрымтал жер іздеп, амалға салу. Олай ету анама түк емес. Алдымен әкемнің сөзін мақұлдады. Одан әрі сөз арнасын өз дегеніне шеберлікпен бұрған.
– Мен бәрін түсінем. Сөзіңізде қате жоқ. Жұртқа айтар «Сүйектамыр сүйелтіп күн көреді, ауызтамыр берген-алғанын айтады» дейтін өсиетіңізді мыналардың құлағына құйып өсірдім. Менде басқа ой жоқ. Менікі жақсы келін табу. Мұны әйелден артық кім біліпті. Балалардың ертеңгі күнін ойлаңыз. Үй болмай жатып, ажырасып жатқан жас аз ба?.. Мен осыдан қорқам. Шекердің қызын айтсақ, білетін жер дейміз. Қолбала. Оқыған қыз. Баламыздың теңі. Қам жемеңіз, қасымда болады. Алда-жалда «Жоқ. Болмайды» десеңіз, өткізіп қойған ештеңеміз жоқ. Айттық-қойдық...
– Анам аяқ астынан қызарақтап, шәйдан босаған кеселерді қиратып тастардай, ұқыпсыз дестеледі.
– Көке, Сейділланы үйлендіру керек. Болмайды. Құдайдың құтты күні таң атпай кетеді, түн ауа келеді. Жұмыс, жұмыс... Ақша, ақша... Өстіп жүріп көлденең көк етіктіге жолықса неғыласыз?.. Ақылбектің қызының дәнеңесі жоқ. Бойшаң, әп-әдемі қыз. Ұшып тұр. Тілі, тірлігі пысық. Сіздің бейнеткеш балаңызға сайма-сай. Былайша айтқанда, – деді шешесіне болысып, жан ауырта сөйлеген әпкем Бибігүл. - Іздегенге сұраған. Мен биологпын ғой, әлгі үрейді ұмытыңыз. Құдай сақтасын! Жиеніңіз Ақылбек көке мен жеңгеміз Шекердің арқасүйері – біз. Басқа кімі бар?.. Жастары болса кеп қалды. Балаларының ертеңгі күнін ойлайтын шығар. «Сүйек жаңғыртайық» десе, несі бар, ата салтымыз.
Қимылсыз отырған әкем қозғалақтап кетті... Жақ еттері тартылып, тісін тісіне басты. Іші алай-дүлей. Астасқан, кереғар дауыстармен ол арпалысып отыр. Бір отырды. Бір жантайды. Шәй үстелдің шетін қос саусағымен бірде саябырсытып, енді бірде үдете, дамылсыз, ретсіз тықылдатады. Мұнысын өзі сезер емес.
Әкем бір кезде қабағын жазып, жадыраған болды. Райынан қайтқан сыңайлы. Ол «Сен ше? Сен не дейсің?» дегендей маған қараған.
– Келісім беріңіз, көке. Сіздікі де дұрыс шығар. Мұндайда қан тазалығы – ақырғы тоқтам. Бірақ, дәл қазір шешеміздің сөзіне де құлақ салыңыз. Білетін жерге не жетсін. Әлгінде сүйектамыр дедіңіз бе, қалай?!. Бұрын естімеген сөзім екен... Сосынғы айтарым, көріп жүрміз ғой. Қыз жақсы. Барсақ «Тәте,тәтелеп...» жаны қалмайды. Әдепті келін болар. Бірақ, менің келін деуге аузым бармайтын сияқты. Мен үшін ол ерке қарындас күйінде қалсын.
Байқаймын, манадан бері сыртымыздан бағып, әліптің ақырын күткен шешемнің үлкен көздеріне мейір тұнды. Аппақ, бүйрекбетіне қызыл жүгірді...
Әкемнің мінезі қызық тұғын. Сені тыңдайды. Бетіңе жүзін салмай, өз ойымен әлек адамша бейтарап қалып танытады. Ойың иланымды, үйлесімді шығып жатса, салбыраған қабағының астынан тесіле қарайтын отты көздері күлімдеп, суланған, әжім ізі терең көз қиығын алақанының сыртымен ұзарта сүртетін. Бұл жолы да соны жасады. Бар айтқаны:
– Сейділланың өзі не дер екен? Сұрадыңдар ма?
– Балаңыз құмбыл! – дестік бәріміз шуылдасып.
Жанашырға зар, жылы сөзге зәру, қаратабан болып өскен жадау көңіл әкемнің бейнеткеш баласына айтқан тілегі менің әлі күнге шейін жадымда... «Зердеңе тоқы, балам! Ынтымақ пен ырыстың ұстанымы сүйектамырлықта тұр...».
...Содан көп өткен жоқ, Бақыткүл нағашы жұртқа келін болып түсті. Әулетке онымен бірге бақ, бақыт келді. Ол ініме тілекші жар болды. Ұзын ұрпақ әкелді.
Түбі бір туыстар құда дегені болмаса, нағашы – нағашы күйінде, жиен - жиен күйінде екі қауым елдің бірлігін ұстап қалды...

Нәсен ҚОЖАБАЙ

Последнее изменение Пятница, 05 Июнь 2020 05:26
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.