Аңызға айналған Ақсақал немесе Халық әртісі Қалмырзаевтың рухымен сырласу Избранное

Среда, 17 Июнь 2020 05:20 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3028 раз

Ақсақал қалмырзаев2

Калмырзаев1992 жылдың 14-ақпаны. Одақ құлаған, «өліара» шақ. Аласапыран. «Искусство там, где ущерб, потеря, страдание, холод» - деп А.Блок айтқандай, таңғы сағат тоғыздағы Ассистент Сапар Өтемісұлы:
– Амангелді, кешігудің де шегі бар ғой. Сансызбай мен Мәкең аяғынан таусылып бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Жоғары-төмен зыр жүгіріп, сені іздеп таппады. Тал түс болды. Қайда жүрсің?
Құпия: – Сіздер Амангелдіні білмейсіздер ғой. Жағдайы ауыр, есі ауып жүр. Қызы соқырішек болып, операцияда жатыр. Әкесі де қылтамақ, көптен бері төсектен тұрмайды. Әйелінің шешесін сиыр сүзіп, оның салмағы да Амангелдінің мойнына түсті. Әйелінің жүрегі сырқат. Үйі қирай науқас. Күнде салпақтап, дәрі іздеп бармайтын жері жоқ. Жүйкесі жұлым-жұлым, тозып бітті. Құр сүлдері жүр сүйретіліп, аяңдар...Үйі толы шиеттей қызыл қарын бала...
Сапар Өтемісұлы: – Оу, Ақа қайда жүрсіз?
Ақсақал: – Ошекеңнің, Зуфнуниінің «рөлін» ойнап келдім. Айықтырғышқа түсіп қалған Мартынов Витяны шығарып әкелдім. Сахнаның штанкеттерін содан басқа ешкім түсіре алмайды екен. Ахмет, Әскер, Коля, Әбутәліп – бәрі өтінген соң, қолғабыс тигіздім. Витясыз репетиция, бәрі бір, жүрмейді...
Бұл – сол жылғы бір атқарылған жауапты қойылым өзбек халық ақыны Шүкіролланың «Ұрыларды қарақшы тонапты» деген спектакліне дайындық кезі еді... Оны Шымкент театрының сахнасына шығарған Хамза атындағы сыйлықтың иегері, Өзбекстан Республикасының өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, Хамза есімді академиялық театрдың өскелең режиссері Рустам Хамидов. Бұл Шымкент театрының 60-жылдық тарихындағы бұрын-соңды болмаған жаңа да беделді оқиға. Оның үстіне, төскейде малы, төсекте басы қосылған, бауырлас та іргелес екі халық достығының айғағы іспетті бұл туындының бізге артар жүгі де осал емес еді. Театрымыздың бас режиссері Әскер Құлданов та бұған мұқият көңіл бөліп, талай сыннан өткен сахна саңлақтарын іріктеп, сақадай сайлап берді. Театр үшін «Тұрсаң төсегің, жатсаң жастығың болайын, қиындық көрсең – алдың ұста, аяз қысса – арқаңа! Тереңге мені сал, биікке мені жұмса» дейтіндер. Соның бірі – Ақсақал Қалмырзаев. «Ертеден салсаң кешке озғын, ылғидан салсаң төске озғын» Ақаң бұл сенімді ақтап шықты. Бұл жолғы мақсат – Әгәм палуанның бейнесін жасау еді. Әгәм палуан мемлекетті жегідей жеп, халықты теспей сорып семірген, астанада алты алпауыт болса, соның бірі – бүткіл таңсық тауар жататын қоймалардың қожасы, нағыз шыңжыр балақ, шұбар төстің өзі. Өз сөзімен айтсақ: «Терімді өзге сыпырғаннан көрі өзім сыпырғаным жақсы!» - дейтін, кесіртке тәрізді қолға түскен жерін қырқып тастап, құтылып кететін ұры. Маймылдың адамға айналуына мыңдаған жылдар кетсе, ал адамның маймылға айналуына бір шөлмек арақ жетеді екен. Өстіп ішіп, қолға түседі.
Өзбек астанасы Ташкенттен келген сахна бапкерінің айтқан мына бір сөзі есте: «Шүкір Бурханов айтар еді: – Мен сахнаға алғаш шыққан сәттен халықты жалт қаратып, жүрегін селт еткізіп, 10-15 минут ішінде көрерменді өзіме тартып, ықылас-назарын аударып, баурап әкетпесем спектакль өлді, құлады дей бер. Әгәрәки мен жұрт тізгінін, жетек-шылбырын тақымға басып, бар еркін өңгеріп әкетпесем, билеп-төстеп, арбап алып қоймасам, менің каһарманым да құрыды дей бер» - дейтін. Ал, Ақаң болса Ташкент театр өнері институтын бітірген. Сол ұядан түлеп ұшқан түлек. Ол Абрар Хидоятовты, Шүкір Бурхановты көріп, сол саңлақтардың қасында бірге жүріп, көпшілік сахнасында бірге ойнап, тікелей үлгі-өнеге алып өскен жан. Сондықтан ол жатырқамастан таныс дарияға күмп беріп, сүңгіді де кетті. Оған риза болған Рустам да «Ақсақал әкә, судағы балықтай рөлге шомылып жүріп ойнады!» - деді. Бұдан артық қандай баға керек.
ҚР Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, Сайрам ауданының «Құрметті азаматы», ардагер актер Ақсақал Қалмырзаевтың атағы берісі – облысымыз бен байтақ республикамызға, арысы – Қырғызстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркияға дейінгі өнерсүйер жұртшылық пен элитаға және қалың бұқара кеңінен танымал.
Ол 1934 жылы шілденің 2-і күні Шымкент ауданы (қазіргі Сайрам ауданы), Қайнарбұлақ кеңшарына қарасты 17-партсъез бөлімшесінде (қазіргі Көмешбұлақ ауылында) орта шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі Қалмырза үйірлеп, алалы жылқы бағып, желмен жарысып, ат жалында ойнаған шабандоз, анасы – Зәуре он саусағынан өнер тамған шебер, өз ісіне маман, ұжымшарға ұнаған тігінші еді. Қалмырзаның әкесі - Нұрымбет қолы ашық, қайырымды, жомарт бай болса, Зәуренің әкесі – Тіленші Майлыұлы Шымкент қаласының дуалы ауыз биі болған, ел ұстаған текті кісі екен.
Сауатын алғаш Көмешбұлақ бастауыш мектебінде ашқан Ақаң білімін Шымкенттегі Сыпатаев атындағы мектеп-интернатта жалғастырып, Сайрам ауданы «Ленин жолы» ұжымшарының «Қызыл Октябрь» (бүгінгі Бәйдібек) атындағы қазақ орта мектебінен бітіріп шығады.
1953-1957 жылдары Ташкенттегі Орта Азиялық А.Н. Островский (қазіргі Абрар Хидоятов) атындағы ГИТИС-тің актер факультетіне қарасты қырғыз бөлімі студенттерімен бірге оқып, Өзбекстанның жетекші режиссерлерінің бірі –
А.О. Гинзбург класы бойынша курсын толық тамамдаған түлек ол. Оның 60 жылдық шығармашылық ғұмырында театрдағы «Еңбек кітапшасында» «Қабылданды» деген жалғыз ауыз ғана сөз жазылған. Яғни 80 жасқа келгенше бір-ақ театрдың табалдырығын аттапты. Атамекен, құтты қоныс, өнер ордасында шұрайлы өріс, шығармашылық жеміс тауып, өркен жайып, өніп-өсті. Тұңғыш рет А.Қалмырзаев Шымкент көрермендеріне режиссер Ғайнижамал Хайруллина қолтаңбасымен жол тапқан қойылым Оноре де Бальзактың «Өгей шешесіндегі» тырнақ алды ролі –
Годармен танылды. 1958 жылы осынау тұңғыш рөлімен Алматыда «Бүкіл Қазақстандық театрлар көктеміне» қатысып, әділ қазылардың қатал сарабынан мәртебелі өтіп, Бірінші дәрежелі диплом мен Қазақ ССР мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасын қанжығасына байлап, Оңтүстікке олжалы оралды. А.Қалмырзаев кең тынысты, диапозоны ауқымды, бұлбұл үнді, жезтаңдай әнші. Ш.Айтматовтың «Жәмиләсі», Қ.Нұрмахановтың иснценировкасы «Аңсаған менің әнімдегі» - Данияр, Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» - Төлеген, М.Әуезовтың «Айман-Шолпанындағы» - Әлібек, Арыстан; С.Камаловтың «Ер Тарғынындағы» - Ер Тарғын, З.Исмагиловтың «Құдашасындағы» - Жаппар, Ғ.Ғаджибековтың «Аршин Малаланындағы» - Әскер, М.Әуезовтың «Абайындағы» - Айдар, Ә.Ордабаев пен Қ.Шанинның «Сенім күшіндегі» - Дайыр, Б.Майлиннің «Жалбырында» - Сүгір, Бекен; «Шұғасындағы» - Әбіш, т.б. бәрі ән салатын каһармандар. Актердің ең ірі шығармашылық табысы, көрерменге танытқан әйгілі рөлі, ол – «Шұға» қойылымындағы – мұғалім Әбіш! Өз кейіпкерлерінің табиғатын, оның жан-дүниесін диалектикалық даму, өрістеп-өсу, сатылап көтерілу үстінде; танып-біліп, байыту үстінде, адам жанының қойнау-қатпарларында, терең тұңғиықтарында жүріп жатқан құбылыстарды психологиялық дәлдікпен ашу үстінде көрсететін суреткер. Өміртанымы мен өнертанымының кеңдігі, қайшылығы көп дүниеде адастырмайтын, түпкі мәнін тап басып дәл топшылағыш зерделілігі, айтайын деген ойының айқындығына және көрерменді тербетіп, тербеген сезімінің тұнығына кепілдік береді. Әбіштей жан дүниесі қайшылыққа толы оқыған, ағартушылық ұлы жолға түскен күрделі бейнені сомдаған А.Қалмырзаев қас өнерпазға тән шеберлік танытты. Халықты патриархалдық, феодалдық мешеу ұйқыдан «Оян қазақ!» - деп ояту үшін елдің бетке шығар қаймақтарының, белді бекем буып, күреске белсене шыққан оқыған зиялыларының жиынтық бейнесін мүсіндеді. Бұл бейнені талай тарлан, талантты актерлер жасады. Алайда Әбішті Ақсақал Қалмырзаевтай шырқау биігіне жеткізіп, әсем дауысы мен аққудың арылуындай шырқырата алып шыққан ешкім жоқ. «Осыдан кейін барлық геройларды үйіп-төгіп маған беретін болды режиссерлар. Мен тар ампуладан, Геройдан қашатынмын. Қасымхан Шанин: «Геройдан қашпа, дер кезінде, дәуренің жүріп тұрғанда, уақытысында ойнап қал!» - дейтін...» - деп, еске алатын актер.
Ал, әйгілі режиссер Әбубәкір Ордабаев: «Ақсақал шыбық секілді, қалай исең, солай майысып бейімделіп, икемделгіш актер!» - дейтін. Ол жан-жақты, сан қырлы актер. Жоғарғы категориялы актер, сахнада қазақ, орыс, батыстың классикалық драматургиясымен қатар, түрлі ұлттар мен ұлыстардың да фольклорлық және осы замандық тақырыптарға жазылған қойылымдарында ойнап, 60-жылдық шығармашылық ғұмырында, түрлі жанрда 200-ден астам образдар галереясын жасады. Олар: Жан Батист Мольердің «Сараңындағы» – Клеант, У.Шекспирдің «Юлий Цезарындағы» – Юлий Цезарь, «Ромео мен Жульеттасындағы» – пірәдәр Лоренцо, Шагжиннің «Сандықтан шыққан сайтанындағы» – Дамдин, Б.Жақиевтің «Әке тағдырындағы» – Шәршеке, Расул Ғамзатовтың «Тау қызындағы» – Юсуф, Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісіндегі» – Пластунов, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханындағы» – Жайнақ, т.б. Олар көрермендер мен театр сыншыларының талап-талғамынан шығып, көкейіне ұялап, ақпарат көздері мен баспа беттерінен күнделікті өз бағасын алып жатты.
А.Қалмырзаев жасаған бейнелер бір-біріне ұсамайды. Бірде қатал, бірде озбыр, бірде сараң, бірде жайдары-жайсаң, бірде сұңғыла ақылман, бірде бала мінезді, бірде батыр, бірде хан, бірде тәкаппар, бірде сыршыл нәзік махаббат иесі, бәрі қасиетке бай, шұрайлы дүниелер. Мейлінше шынайы да шебер шыққан сом тұлғалар қатарына Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтотысындағы» – Мұрат, Жалмұқан, Мылқау; М.Әуезовтың «Қаракөзіндегі» – Сырым, «Абайындағы» – Оразбай, «Еңлік Кебегіндегі» – Кебек, Абыз; «Түнгі сарынындағы» – Бойбермес, «Қарақыпшақ Қобыландысындағы» – Алшағыр, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатындағы» – Фердинанд, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елдесіндегі» – Уәли Хасан, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатындағы»– Еркін, О.Дастановтың «Айланы жеңген аруында» – Алшораз, Сао Юйдің «Тайфунында» – Чун және Пин; Ә.Әбішовтың «Жұмбақ адамында» – Мүрдем. Ш.Құсайновтың «Есірткен еркесіндегі» – Жантөбетович, Ә.Тәжібаевтің «Той болардағысындағы» – Нартай, Б. Мұқаевтің «Тоят түніндегі» – Жолдас, С.Адамбековтың «Біздің үйдің жұлдыздарындағы» – Боқаев, «Аюбайдың ажалында» – Аюбай, С.Ваннустың «Сұлтан да өтер дүниеденде» – Жаналғыш, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астындағысында» – Сұңғат, Сапар, «Құдағи келіптісіндегі» – Сұңғат, Қ.Мұқашевтың «Таң атып келедісінде» – Ілияс Жансүгіров, К.Тоқаевтың «Қызыл комиссарында» – Кулак, І.Есенберлиннің «Ғашықтары» бойынша О.Бодықов инсценировкасы «Махаббат қасіретінде» – Жантас, т.б. толып жатқан қойылымдарда үлкен дарынға тән шеберлік пен көздің жауын алардай, талғамдық қауым қалардай, келістік-кемел бейнелер жасады. Қазақ сахна өнерінің мерейін өсірген, аламан жүйріктей көсілген ол, тек өзіне ғана тән, қайталанбас, индивидуалді қасиетімен театр әлеміне танылды.
Әсіресе, абзал актердің жасаған аса қадір тұтар бейнелері, аты аңызға айналған халық қаһармандары Ш.Құсайновтың «Біздің Ғаниындағы» – Ғани Мұратбаев, Ә.Әбішевтің «Сәлем, Сәкен ағасындағы» – Сәкен Сейфуллин, С.Жүнісовтың « Қапастағыларындағы» – Микис Теодаракис,
Б.Аманшиннің «Жақиясындағы» – Жақия, Б.Момышұлының «Қорғасын дауылындағы»- Бозжанов, Шацковтың «Волоколам тас жолындағы» – Генерал Панфилов бейнелері. Ал ақын, драматург, меценат Қуаныш Төлеметовтың «Өткендер мен өткелдеріндегі» – Бектур Аймауытовтың бейне – бітімін аса шебер сомдаған Ақаңның өнерін Шымкент пен Алматы қалаларының көрермендері тамсана тамашалады.
Актер А.Қалмырзаев жасаған бейнелер қашанда ішкі сезімге толы, жанартаудай іштен қайнап, от-жалын болып сыртқа толассыз атқылап жатқандай. Сыртқы бейне мен ішкі құбылыс бірігіп, қабысып-кірігіп, тұтасып, бірімен-бірі астасып біріне-бірі септесіп, бірін-бірі шиыршық –ата шиеленісе толықтырып жататын дуалы процесс... Жақып Омаров айтқандай: «Ақсақал қоюшы режиссердің көздеген ойын, діттеген бағдарын ұғып, көңілге тоқып, түсініп алғаннан кейін, сол бағытты тастүйін ұстанып, тістей қатып, уысынан шығармай, көз жазбай толғап, дамытып, біртіндеп тереңіне шым-шым батып, шымыр-шымыр қайнай береді. Тоқтамайды. Біледі, тоқтаса өнер өледі. Өнердің өмірі - мәңгі қозғалыста, ізденісте! Ізденген сайын иі қанады! Ізденген сайын өнер ағысы да күшейе түседі, табысы да молайып, арнасы да кеңейе береді» - дейді. Адам деген құпия, адам деген тұңғиық. Тұңғиығы сол – жете алмайсын түбіне. Құпиясы – бір көкжиекке жетсең, алдыңнан тағы бір көкжиек көрінеді. Актер үшін адам өмірі сонысымен қызық, сонысымен құнды. Оған А.Қалмырзаевтай актердің актері ғана төзеді, шыдайды, еркі де, шамасы да жетеді. Сондықтан да ондай өнер: көзі түскеннің – көңілінде, жанары түскеннің - жадында қалады. Ұмытылмайды. Оған дәлел: «Ұлан асудағы» – Абылайхан, «Гималай сарынындағы» – Чен, «Қос анардағы» – Қарасай, «Ажар мен ажалдағы» – Атан, «Өлгендер қайтып келмейдідегі» – Сағындық, «Таңғы жаңғырықтағы» – Жарасбай, «Кектегі» – Қазан, «Мансап пен ұждандағы» – Бағлан, «Айша бибідегі» – Айқожа, «Жас Шоқандағы» – Потанин, «Арқалық батырдағы» – Дүрбіттің ханы, «Көтерілген тыңдағы» – Островнов, «Миғула терісі үстіндегі сотта» – Жазушы мен тарихшы ЯО, т.б.
Республикамыздағы білікті театр сыншылары: Б.Құндақбаев бұрынырақ «Қазақ әдебиеті» газетінде: «Актер А.Қалмырзаевтың жасаған Абылайханы, жалғыз Шымкент театрының ғана емес, бүкіл қазақ өнерінің қол жеткен табысы» - десе, Ә.Сығай қазіргі күні «Сахна саңлақтары» кітабында: «Ақсақалдың сөз сабақтауы, тайға таңба басқандай астарлы тілі, айқын дикциясы, дауыс ырғағындағы, салған әніндегі шынайылық, тыныс ұстар тұстағы мөлшерлі есебі, аржақтан лүпілдей – кемеріне сыймай шиыршықтана шығып, жатқан жан дірілін жүзіне лық еткізіп жайып, жібере салмай, бет құбылысындағы өзгерістерді жалпы ішкі эмоциялық сезімге сайма-сай бере білуі актерлік мәдениетінің салауаттылығына байланысты. Ол қалыптасқан біріңғай позалардан, қайталама қимыл-қозғалыстардан ада», - деді.
Театрымызға Қазақстандағы ең үздік режиссерлердің бірі, ҚР халық әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткер, профессор Ерғали Оразымбетов пен режиссер Иманәлі Сапаров көркемдік жетекші, Бастарбек Пірімбетұлы директор болған тұста А.Қалмырзаев қайта түлеп, қайта жасарғандай қарқынына қарқын қосып, белсенділік танытып, жаңа бейнелер жасады. Олар: «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» – Таңқы, «Қағынған қарттарда» – Сатай, «Мен ішпеген у бар мадағы» – Күнту, «Шие бауындағы»– Фирс, «Кавказдың бор шеңберіндегі» – Саудагер мен Князь, «Ана көз жасындағы»– Еркек, «Әли баба және қырық қарақшыдағы» – Шаһриярдай: қазақ, орыс, неміс, араб классикасы; отан соғысы, бүгінгі күн тақырыптарына арналған көп жанрлы, сан қилы тағдырлар мен образдар – сексенге келсе де сергектігінің кепілі еді.
Ақаңның Ордабасы тауында, үш жүздің басы қосылып Жоңғарға қарсы тұрып, қазақтың бүтіндігін, тұтастығын, ұлттығын сақтап қалған – тарихи ұлы оқиғасына арналған тойында, үш Президенттің алдында ақ боз ат пен Төле би боп төрелік айтып шыққаны халқымыздың жадында әлі сақтаулы. Ол облыстық орыс театры сахнасында да ойнап, киноларға да түсті.
Ақсақал Қалмырзаев ел тәуелсіздігінің көк байрағы көк аспанда желбірегелі, Стамбул қаласында өткен түркі тектес халықтар театрларының халықаралық фестиваліне; Ташкент, Әндіжан қалаларында өткен Орта Азия халықтары театрларының фестиваліне, Орал, Қызылорда қалаларында өткен Қазақстан театрларының ХІ - ХІІ фестивальдарына қатысып, облысымыз бен республикамыздың намысын әлденеше рет абыроймен қорғады.
Ол шығармашылық өнерін қоғамдық жұмыспен байланыстыра еңбек еткен үлкен жүректі азамат. Шығармашылық еңбегі, өнердегі үздік табыстары, қазақ театрына қосқан зор үлесі мен өнер сүйер қауымға көрсеткен мәдени қызметі үшін 1975 жылы Қазақ ССР-нің «Еңбек сіңірген әртісі», 1993 жылы «ҚР Халық әртісі» деген құрметті атақтар беріліп, 2003 жылы «Парасат» орденін омырауына тақты. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзақметов «Оңтүстік Қазақстан облысына еңбегі сіңген» мерекелік медалімен марапаттады. Кеңес Одағы кезінде алған марапаттары бір төбе.
Халық әртісі Қалмырзаев арамыздан аттанғалы 7 жыл жүйткіп өте шығыпты. 60 жыл аянбай еңбек еткен алтын ұясы Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының ұлағатты ұжымы өнер ардагерінің әруағына тағзым етіп, Шымқаланың бір көшесі және өзі туып өскен Сайрам ауданы «Қасымбек датқа» (бұрынғы «Советский» селосы) ауылының мәдениет сарайы театр саңлағының атымен аталса екен деген тілегін білдіреді.

 

Мәжіт Ілиясқар,
ҚР еңбек сіңірген
қайраткері, Ж.Шанин атындағы драма театрдың актері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.