Құмайды «құрығына» салуға құмарлар көп Избранное

Среда, 26 Август 2020 04:37 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2479 раз

Шымкентте дәстүр сабақтастығын жалғап, көнекөз қариялардан аңшылық, саятшылық сырын үйренген Қажымұрат Күлпешов есімді азамат бар. Ол иттің төресі тазы ұстап, қазақтың саятшылық өнерін қайта жаңғыртсам деген ниетте. Кейіпкерімізбен қыз-қыз қайнаған қала тіршілігінен тысқарыға, жазық адырға шығып, жойылу қаупі төнген, үш ғасырлық тарихы бар тазы иттер хақында әңгіме өрбіттік.

500

 

Соңғы жылдары еліміздің түпкір-түпкіріндегі саятшылар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» маңызды мәселе көтеріп жүр. Олардың алаңдаушылық білдіріп жатқаны қазақтың тазысының аңшылық, саятшылық өнерде бәсі бөлек жануар екендігін халықаралық дәрежеде мойындатып, патентке қол жеткізу еді. Сол үшін әр өңірде иттердің көрмесін ұйымдастырып, жүгіртіп, аңға салып жұрттың назарына түсіп келеді. Мақсат – осы бір қасиетті тазының тұқымын сақтап, санын көбейту, даңқын дәріптеп, оны өз ұлтымыздың атына патенттеп алуға күш салу.
Кейіпкеріміз Қажымұрат Шайхсламұлымен республикалық «Қансонар» қауымдастығына қарасты өңірлік филалы ұйымдастырған көрмеде танысқан едік. Ол асылы құмайдың ерекшелігін бала жастан байқаса керек. 30 жылдан бері ізшілдігімен, желмен жарысқан жүйріктігімен, сұлу мүсінімен көздің жауын алатын иттің тұқымына әуес. Тазының кербез де, салқын мінезіне сүйсінген.
– Бұл қаннан келген қызығушылық. Өзімнің әкемде, нағашы атам да тазы жүгірткен кісілер. Бала жастан бастап көп тазылар алдымнан өтті. Аңшылыққа бейім басқа да тұқымдағы иттерді ұстадым. Мен тазының жарғағын да, шашағын да жүгірттім. Қазір қолдағысы – құмай тазы. Жарғақ – ірілеу, жүйріктеу, аңсақтау келеді. Физикалық тұрғыда мықты. Өкініштісі қазір елімізде ондай тұқым қалмады. Тоқырау кезеңде жойылып кетті. Бірақ шашақ тазы мен сияқты қызығушылық білдіріп, жүгіртіп жүрген саятшылардың арқасында сақталып келеді, – дейді ол.
– Қазіргі құмай тазым Отырар ауданынан шыққан. Сол жақтан Тұрсын Шораев деген кісіден ұрғашы күшігін алдыртып, кейін арланыма салып көбейттік. Өзім селекция жасаймын. Бұл былтыр күзде туған күшік. Ауыздандырып, жүгіртіп жүрмін. Көрсеткіштері көңілімнен шығады. Оған арнайы еттің қалдықтарын алдырып, күріш, басқа дақылдар қосып қайнатып, таза тамақ дайындап береміз. Бұл жуынды ішетін ит емес. Ондай тамақтар берсең, тазының психологиясы бұзылады. Әсіресе, күшік кезінде жақсылап тәрбиелеу керек. Ата-бабамыз тазының тазалығын қадір тұтып, үйіне кіргізген. Бірақ көпшілік ойлап жүргендей төріне шығармаған. Біздің құмай да үйдің іргесінде жатады. Жатқан жерінде қыл-қыбыр болмайды, таза, исі жоқ жануар. Оны басқа тұқымдағы иттермен салыстырып, талай көз жеткізгем.
Ит жанашыры тек тазыны бағып қана қоймайтынын айтады. Қаланың іргесіндегі елдімекенде тұрғандықтан жиі жүгіртіп, қыс ауасы аңшылыққа шығып тұрады екен. Құмайды ара-тұра иттердің бәйгесіне де салады. «Қансонар» бірлестігі құрылғалы қайта қолға алынған көрмеде бүгінге дейін ұстаған жүйріктері екі-үш рет чемпион да атанған. Оның айтуынша, қазір нағыз асыл тұқымды тазылар будандастырудың кесірінен жойылу қаупінде тұр. Тіпті, елімізде кинологтардың арасында бірлі-жарым қазақтың жоқтығы салдарынан итті тіркеуде түсініспеушіліктер жиі орын алатынға ұқсайды. Тазының жалпы стандартын дұрыс бекітпеген деп есептейді.
– А. Слудскийдің «Кайнар» баспасынан 1965 жылы жарық көрген «Казахская борзая тазы и охота с ней (сборник «По просторам Казахстана») атты еңбегін оқығанмын. Ондағы кейбір деректерге қарсы өз уәжім бар. Біріншіден, ол кісі Қазақстанның барлық өңірін араламаған. Солтүстік пен орталық өңірдегі қазақ даласында зерттеу жүргізген. Нәтижесінде дүрегейлеу тазыларды суреттеген. Біздің өңірге табан тіреп, нағыз тазының жанашырларына жолыққанда, оның құмай тазыға деген көзқарасы өзгерер еді. Ал қазір сарапшылар сол стандартқа ғана сүйенеді. Біз патенттейміз деп жүргенде қанынан басқа породалардың қаны шығып тұрса, еңбегіміздің зая кеткені. Сосын тағы бір айтатын нәрсе тазыны бизнеске айналдырып, күшігін саудалайтындар шықты. Олар басқа иттермен будандастырып сыртқы көрінісін сұлу етіп сатуға көшкен. Бұл дұрыс емес, Саятшылық пен ит асыраудың жөні бар. Аңға шығып жүргендерді де көріп жатырмыз. Кемі екі тазы салып, аңға жағдай жасау қажет. Ал саятшылық осы екен деп 10-15 тазыны қоя беріп аңды артынан көлікпен қуатындармен де күресіп келеміз. Көпшілікті саятшылық өнеріне құрметпен қарауға шақырамын, – дейді кейіпкер.
Халықаралық кинологтар ұйымы (FCI) бүгінге дейін 352 иттің тұқымын тіркеген. Соңғы жылдары қазақтың тазысына көз қырын салғандар көбейген. Түрік жұрты мен ресейліктер ұйымға патент алуға ұсыныс да жасапты. Көршілес елдер тазыны Орта азиялық тазы тұқымы деп патенттеуге тырысып жүрген көрінеді. Ал Қажекең санаулы қалған тазыны сақтап қалуға болатынын айтады.
– Бізге тазылар жарысын ұлттық спорт түрлеріне қосу керек. Қазақ қыз-жігіттерінен нағыз сарапшы болатын кинолог маманын даярлауға күш салуымыз қажет. Мен 1976 жылдан бері бір тұқымды көбейтіп келемін. Оның шежіресін де қағазға түсіріп жүрмін. Бұл дайын құжат. Дайын тарих. Бабалардан жеткен аманатты кейінгі ұрпаққа қалдыруымыз керек. Ресейліктер біздің тазыға «степная борзая» деп атау алмақшы. Ал халықаралық ұйымға олар Орталық Азияны тұтас қосып көрсетпек. Көршілес елдердегі иттердің тазыдан айырмашылығы жермен-көктей, – дейді Қажымұрат Күлпешов.
Қажымұрат айтпақшы, тазының тарихына келгенде әртүрлі жорамалдар айтылады. Бірі арабтардың келуімен пайда болды десе, бірі басқа деректерді алға тартады. Алайда қазақы тазы 2-3 мың жыл бұрынғы алғашқы сақ қоғамынан бері жасап келеді. Оған – петроглифтердегі тазы бейнесі дәлел.
– Қазақ тазысының өзге аңшылық иттерден бір айырмашылығы, ол иіс қуалайды. Яғни, жемтігін көрмесе де ізіне түсіп, исін сезіп қайда жасырынғанын, қайда жүргенін тауып алады. Ал өзге иттер жемтігін көрсе ғана артынан қуады. Әлемде тазы тектес аңшылық иттердің барлығы да қазақтың тазысынан тарағандар. Мысалы, арабтың тазысы – салюк. Сөз «ерме» деп аударылады. Яғни, олардың сырттан басқа жерден барғанын аңғартып тұр. Сол секілді ағылшындардаі грейхаут, орыстарда русская борзая бар.
А.Слудскийдің зерттеуі бойынша, ертеректе қазақ жеріндегі 10 мың тазының 30 пайызы таза тұқымды тазы болған. Қазір елімізде тазылардың саны 7 мыңға шықса, қалада таза тұқымды 100- ге жуық құмай тазы қалған. Десе де, жоғалудың сәл-ақ алдында тұрған осынау түрді қайта қалпына келтіру – бүгінгінің еншісіндегі іс. Саятшылықты ұлттық спорт түрі ретінде дамытуды дұрыс жолға қойып, аңшы жануарлардың санын көбейтіп, экологиялық мәдениет қалыптастырып, тазының, оның ішінде құмай тұқымының құрып кетпеуін қадағалауымыз шарт. Бұл үшін Қазақстандағы барлық тазыны арнайы тізімге алып, асылдандыру, аңшы өнімдерін қымбат бағаға сатып алу секілді істер қолға алынса, құмайдың қасиеті арта түсері сөзсіз. Қажымұрат секілді аттың құлағында ойнап, тазы жүгірткен қазақтың азаматтары тек салт-дәстүрді ғана сақтап қоймай, сау-саламатты ғұмыр кешері анық.

• Сіз не дейсіз?

Мархабат Байғұт, жазушы:

– Саятшылық, аңшылық – бұл қазақтың қанға біткен төл өнері. Мұнда ердің - жігіттігі, батылдығы, ептілігі сынға түседі. Бүгінгі заманда біз осындай ұмыт бола бастаған, өскелең ұрпаққа үйретуге тиіс құндылықтарымызды жаңғыртып, көрсетіп отыруымыз керек. Бұл – әрқайсымыздың парызымыз.

Зәуре Оралбаева, Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі:

– Қазақ халқы құмай тазыны жеті қазынаның біріне жатқызады. Тіпті, құмай тазыға үй ішінен арнайы орын беріп, астына мамық төсеген. Бұл дегеніміз - тазының өте таза және паң, сырбаз ит екенін білдірсе керек. Осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын бір тазы үшін 47 бас жылқы берген оқиғалар да кездескен екен. 1947 жылдары бір тазыға 37 бас жылқы берген деген мәліметтер бар. Ал бүгінде тазының құны 100-150 доллардан басталады дейді білетіндер.
Бүгінде құмай тазының тұқымы құрып бара жатқаны рас. Бұның негізгі себептерінің бірі өзге елдердің «асыл тұқымды» саналатын иттерімен будандастыру жағдайлары көбеюде. Одан гөрі, түкпірде жатқан біраз ауылдарда әлі де болса сақталған таза қанды тазылардың тұқымын көбейткен жөн болар. Меніңше, бұл шаруаны осы саланың басында жүрген нағыз саятшы, итбегілерге берген дұрыс.