Қажымұқан жайлы біз білмейтін дерек көп Избранное

Пятница, 09 Октябрь 2020 04:17 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 327 раз

Немесе  балуан баба аштықтан өлген жоқ

Шымкенттегі еңселі ескерткіштердің бірі қазақтың қас батыры, даңқты балуаны Қажымұқанға қойылған. Әйгілі балуан атындағы орталық стадионның төрінде тұрған ескерткіштің өз тарихы жетерлік.

305

 

Ескерткіш түгілі Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен балуандығы жайлы қызықты әңгімелер көп. Көзінің тірісінде аңызға айналған адамның өміртарихының бұлайша таспалануы таң қалдыра қоймасы анық. Десек те...
Әңгімені Шымкентте Қажымұқанға ескерткіш қалай қойылғанынан бастасақ. Жалпы, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион 1969 жылы салынған. Жиырма мың көрермен еркін сиятын стадион о баста «Октябрьдің 50 жылдығы» деп аталып келді. Тоқсаныншы жылдардың басында, әсіресе, сол кездегі қала билігінің басына Қуаныш Төлеметовтей ұлтжанды азаматтар топтаса бастаған тұста орталық стадионға Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімін беру мәселесі жиі көтеріле бастады. Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы ретінде Қуаныш Төлеметов бұл ұсынысты қолдап қана қоймай, тезірек жүзеге асуына мүдделі болды. Бұл әйгілі балуанның туғанына 120 жыл толу мерейтойы қарсаңында жүзеге асты.
Ендігі жерде балуанға еңселі ескерткіш қою мәселесі тұрды.
Демеушілердің көмегімен жүзеге асатын бұл істе де ұлтжанды азаматтар табыла кетті. Игілікті істің басы-қасында сол уақытта Шымкент гидромелиоративті-құрылыс техникумын (қазіргі М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжі) басқарған Манап Өтебаев жүрді.
Ол тұста қазақтың зиялы қауымында біртұтас ұлттың мүддесі үшін күресе білу, қазақтың салт-санасын оятуда рушылдыққа, жершілдікке бұру деген болмаған сияқты. Содан да болу керек, стадионға Қажымұқан атын беруге ұсыныс жасағандарды қызу қуаттап, қолдап, атаудың ресми түрде берілуін өзі бақылап отырған Қуаныш Төлеметов, Қажымұқан ескерткішін салдыруға білек сыбана кіріскен Манап Өтебаевтай азаматтардың есімі әлі күнге мақтанышпен аталатыны.
Несін жасырамыз, соңғы уақытта әр ру өз ата-бабасына, батырына ескерткіш орнатудан жарысып та кеткен жағдайлар бар емес пе? Ұлтты ұйыстыратын тірлікке тер төккенге не жетсін-ай, шіркін?!
Жә, негізгі тақырыбымызға оралайық, оқырман.

306


Стадионның алдына еңселі ескерткіш салдыруға Манап Өтебаевтың ұйымдастыруымен қаржы да табыла кетті. Мүсін авторы Амангелді Тұрсынов. Әйгілі суретші Айнабек Оспанов жетекшілік еткен шығармашылық топ Қажымұқан Мұңайтпасұлының алып ескерткішін орнатуға құлшына кірісті. Осылайша игі іс 2001 жылы табысты аяқталып, стадион алдына қойылған Қажымұқан ескерткіші салтанатты түрде мамыр айында ашылды. Уақыт өте келе айналасында даңқты спортшылар аллеясы ұйымдастырылды.
Балуан баба шарапаты тиіп, 2008 жылы стадионға күрделі жөндеу жүргізілді.
Келесі, 2021 жылы Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толады. Мерейлі датаны балуанның құрметіне лайық дәрежеде атап өту шараларына байланысты жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтар да жоқ емес. Солардың бірі белгілі сенаторлар Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев. Парламент төрінде отырған жерлестеріміз Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен өнерін лайықты дәріптеу мәселесін күйттеп, былтыр Үкіметке хат жазғаны белгілі. Себебі, балуанның 140, 145 жылдық мерейтойлары дүркіреп аталып, арнайы естелік медаль шығарылғаны жұрттың есінде. Қажымұқан Мұңайтпасұлы қорының президенті, балуанның немересі Нұрлан Айдарханұлының ұйымдастыруымен, кәсіпкер, меценат азаматтар Серікжан Сейітжановтың, Махмұд Нәлібаевтың демушілігімен түрлі іс-шаралар өткен. Ел астанасы- Нұрсұлтан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан, балуанның ата-анасы жерленген, туған өлкесінде еңселі ескерткішті де осы ұлтжанды азаматтар орнатқан еді.
Қазақтай ұлтты әлемге танытқан балуанның келесі жылы тойланғалы отырған 150 жылдық мерейтойы да ел есінен шықпақ емес. Бұған қос депутаттың сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауап хаты дәлел.
«Сіздердің қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау мен өткізуге қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Әйгілі балуанның 150 жылдық мерейтойы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 25 тамыздағы № 228 бұйрығымен бекітілген 2019 – 2021 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тiзбесiне енгізілген. Жалпы алғанда, Қажымұқан Мұңайтпасұлын ұлықтауға арналған шаралар елімізде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мысалы, Мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қазақ күресінен Қ. Мұңайтпасұлын еске алуға арналған жастар арасында дәстүрлі спорттық турнирлерді жыл сайын ұйымдастырады. 2021 жылы республикалық және халықаралық турнирлерді жоғары деңгейде, сондай-ақ ұлттық спорт ойындарын, Қажымұқанға арналған көрмелер және т.б. шараларды өткізу көзделіп отыр» дейді Үкімет басшысы.
Қажымұқан бабамыз жайлы көркем фильм, анимациялық фильмдер де көрерменнің көзайымына айналған. Есімін дәріптеуде жұрт жұмыла кететіні көңіл қуантады. Содан да болса керек, бір ғана Оңтүстік өңірінде Қ. Мұңайтпасұлына арналған жеті ескерткіш бар екен. Есімін мектепке, көшеге беру ісі де ұмыт қалмаған.
«Десек те, көңілде ұдайы тұратын бір кірбің бар» дейді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент ОҚМПУ профессоры Сағынғали Әбубәкіров. Мәселе «Қажымұқан Мұңайтпасұлы өмірінің соңғы күндерінде жадап-жүдеп, аш болыпты», «Талғажу етер тамақ таппай қиналыпты» деген әңгіменің кең таралып кетуінде болып тұр. Бұл орайда ғалым Сағынғали ағамыздың өз айтары аз емес.

307


--Өскелең ұрпақ балуан атамыздың өмір тарихына қатысты кез келген ақпараттың мәнісін білуі, өтірік пен шынның аражігін ажырата алуы керек. Ертеңгі тарих біржақты ақпаратпен жазылып кетпегені жөн. Сондықтан да бұл әңгіменің мән-жайын айтуға тиістімін деп санаймын. Мәселе былай болған. ҚР мемлекеттік архивінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қосанов архивтен Қажымұқан атамыздың сол кездегі Жоғарғы Кеңес төрағасы Ә.Қазақбаевқа, СовНаркомның басшысы Н.Оңдасыновқа жазған хаттарын тауып, жариялайды. Онда расында да Қажекең талғажу етер, тамақ болар мал сұрайды. Бірақ, бұл хатты балуан бабамыздың айналасындағы ағайын жазды деп ойлаймын. «Балуан бабамыз ертең олай-бұлай боп кетсе, шиеттей бала-шағаны қалай бағамыз? Баба беделін пайдаланып сауын сиыр, ет болар қой алып қалайық» деген ниетпен жазғаны анық. Себебі, Қажекең өмірінде таршылық көрмеген адам. Керісінше ел аралап өнер көрсеткенде тапқан табысын сол ауылдағы жетім-жесірге, кедей жақыбайға таратып беріп отырған. Аса қиын уақыт дейтін соғыс жылдарында өз қалтасынан 100 мың рубль ақша шығарып жауға қарсы шабуыл жасасын деп ұшақ жасатқан адам емес пе?! Осы мәрттігі үшін Сталиннің өзі хат жазып, алғыс айтқан.
Бұны аз десеңіз, балуан бабаның көзін көргендер, сол кездегі шаруашылық басқарған азаматтардың баяндауынша колхоз Қажекеңді аш қалдыратындай жағдайда болмаған. Олардың бәрі де бір кісідей «Үкімет үй салып беруге ғана үлгермеді. Ал, ішім-жемнен балуан таршылық көрмеді» дейді. Тіпті Қажымұқан бабамыздың жеке дәрігері болған Ахмет Бектаевтың да естеліктерінде балуанның ішім-жемі жеткілікті болғаны айтылады. Мұның бәрі де кезінде Ордабасы аудандық «Ордабасы оттары» газетінде бірнеше рет жазылды.
Сағынғали ағамыздың шырылдауы негізсіз емес. Мысалы, белгілі ақын Әбілда Тәжібаев Қажымұқанды алғаш көрген кезін баяндай келе өз естелігінде «Қажекең етті қалай сыпайы жейді. Табақта келіндерге деп арнайы сарқыт та қалдырды. О баста дене бітіміне қарап қалай тойындырар екенбіз деп уайымдап едік. Сөйтсек, өзіміз қатарлы ғана ішіп-жейтін кісі екен ғой» дейді.
Қажымұқан бабамыз жайлы көп айтыла бермейтін деректердің қатарында оның алашордалықтармен одақтас болғаны да бар. Кеңестік саясат, сол заманның жүйесі халықтың қалаулы ұлына айналған Қажымұқанға қатысты осы бір деректерді тарихтан әдейі өшірген сияқты. «Қуғынға түспеу үшін жасалған болар» деу де қисынға келмейтін тәрізді. Себебі, балуан бір кісідей-ақ қуғын көрген адам. Ал, оның ұлттың бетқаймақтары Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жұмат Шанин сынды арыстармен иық тірестіре қатар жүргені көп айтылмайды. Әйтпесе, Қажымұқан өмірін зерттеушілердің айтуынша ол тапқан табысынан «Алаш» партиясына ақша аударып, ұлт зиялыларының ойға алған мақсат-мүдделерінің жүзеге асуына қаржылай қолдау жасап отырған.

304


Жалпақ жұртқа белгісіз тағы бір қыры Қажымұқанның ақындығы. Сахна сәні-әншілік өнерді жоғары бағалағаны да бәріне бірдей мәлім емес. Бұл орайда тарихшылар балуанның Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Майра Уәлиқызымен жақын дос бола білгенін, бұл достық олардың өнерге деген жанашырлықтары арқылы өрбігенін айтады.
«Қажымұқанмын қазақта күшім асқан,
Палуандықтан айтайын біраз дастан.
«Орыс балуан» атанып он екі жыл
Жиырма төрт патшалықтың жерін басқам.
Қаласын кездім талай дүниенің,
Таныттым мені туған қазақ елін.
Үстімнен жүкті автобус жүрген уақытта
Сонда да қайыспаған қайран белім»,--
деп өлеңдеткен балуанға қатысты жұрт арасында дау тудыратын тағы бір дерек оның қалай қажы атанғаны.
Бірі «Меккеге барып құлшылық етпеген» десе, енді бірі бұл деректі жоққа шығарады. Десек те, біздің тарихымызда кеңестік жүйенің ықпалымен талай өңдеу, түзету, мәліметті өңін теріс айналдырып беру факторлары болғаны ақиқат. Бұл әрекет дінге қарсы да жасалды емес пе?! Мұсылманшылыққа тиым жасалған шақтың кесірі дінге мойынсұнғандар туралы мәліметтердің де жоқ боп кеткеніне таң қалмаймыз.
Анығы сол, Түркиядағы әйгілі белдесуде шаршы алаңға балуан бабамызды «Қажы Мұқан» деп жар сала шақыруы. Ал, өз заманында дініне берік, дінге қатысты мәртебе, ұлықтау рәсіміне қатал қараған түрік ағайынның қазақтың балуанын тектен тек ортаға Қажы атағымен шақырмасы белгілі. Сол белдесуге Қажымұқан бабамыздың Меккеден келе жатып барғаны тарихта анық жазылған. Олай болса...
Қажымұқан Мұңайтпасұлы жайлы әлі талай тың деректер айтылып, тағлымды тарихи зерттеулер жазылатыны айдан анық. 150 жылдыққа арналған мерейтойлық іс-шаралар жоспарында осындай ғылыми, тарихи зерттеулерге де көңіл бөлінсе талай ақиқат айқындалар еді.
Ең бастысы лайықты ұлын ұлықтай білген ұлтымыздың біртұтастығы жойылмасын. Қазақ деген ұлтты өз заманында әлемге танытқан бабалар рухын әспеттейтін ұрпақ көбейсін. Шымкенттегі бір ескерткіштің сырына қатысты айтайын дегеніміз де осы еді.

Артық болмас білгенің....

Балуан әлемдік аренада алғаш рет 1906 жылы Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста жеңімпаз атану арқылы әйгілі болады.

1909 жылы өткен халықаралық жарысқа Қажымұқан Мұңайтпасұлы «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан.

1937 жылы Қажымұқанды «патшаның адамы» деген себеппен қудалаушылар табылып, даңқты балуан Ташкент пен қазақтың Оңтүстігін паналайды.

Ғалым, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың жазбаларында Қажымұқанның салмағы – 174 келі, бойы – 195 см, кеудесінің аумағы – 146 см, балтырының аумағы – 49 см, мойнының жуандығы – 56 см, бас аумағы – 65 см, ортаңғы саусағының ұзындығы – 14 см, ортаңғы саусағының жуандығы – 10 см, үстіңгі және астыңғы еріндері – 12 см, аяқ киімі 54 өлшемді деп көрсетілген.

Последнее изменение Пятница, 09 Октябрь 2020 04:35