Версия для печати

ӘНӘПИЯ мен ЖӘМШИД немесе әкелі-балалы Қалдаяқ пен Шәмші жайлы мәлім де беймәлім сырлар Избранное

Пятница, 23 Октябрь 2020 04:10 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2726 раз
Оцените материал
(0 голосов)

ҚАСИЕТТІ ТОПЫРАҚ

Табиғатының шыңы да, шатқалы да орасан (Мұхтар Шаханов) Шәмші адамзатқа теңдессіз сарқылмас рухани қазына қалдырды. Енді Алланың осы сыйын ұрпаққа насихаттау, таныту, келешекке аманаттау бүгінгілердің міндеті, парыз-қарызы. Оның бір жолы мемлекеттік негізде Шәмші Қалдаяқовтың сазды-мемориалдық музейін ашу. Бұл мемлекеттің, үкіметтің, нақтылай айтқанда Мәдениет және спорт министрлігінің, жергілікті жерге келгенде облыстық мәдениет басқармасының құзырындағы іс. Шәмші құндылықтары адамзаттың мәңгілік рухани игілігі екенін жан-дүниесімен сезінген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік парақшасында Шәмші Қалдаяқовтың мұрасын барынша насихаттауды тапсырды. Қашан да мемлекеттік маңызы бар істердің иірімінде жүретін Өмірзақ Шөкеев жаңа құрылған Түркістан облысының қат-қабат ұйымдық, құрылымдық, құрылыс жұмысымен жүрсе де Отырар ауданының Шәмші ауылында ашылған Шәмшінің этно-мәдени мемориалдық кешеніне еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы бастап келді.

803

 

Адамзаттың маңдай тері – мәдениет десе, ішер асын жерге қоятын, жар құлағы жастыққа тимейтін, білімі мен іскерлігі тоғысқан қазақтың қаршадай қызы Ақтоты қарындасымыз Отырардай тарихи ауданның әкімі Әбдіғани Жүнісовқа Шәмші ағасының 90 жылдық мерейтойына орай Шәмшінің туған ауылында, ашық аспан астында, қоржын үйінің нобайын, ән сахнасын, гүл-бақшасын, т.б. жасатып, ертедегі Отырар өркениетін елестеткені үшін үлкен алғысын айтты. Ал, музей қорындағы, экспозициясындағы Шәмші мен әкесі Қалдаяқ ұстадан қалған жәдігерлерді Шәмші үйіне әкеліп, оны орны-орнына қойып, ұлы сазгердің мемориалдық музейін ашуға түрен салғандары үшін Түркістан облыстық тарихи-өлкетану, Отырар ауданының орталығы Шәуілдір кентіндегі Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық- музейлерінің басшыларына, ұжымына да ризалығын білдірді. Түркістанды түлеткен облыс әкімі Өмірзақ Есентайұлына осындай игілікті істеріңіз жалғасын таба берсін деді.
Облыс әкімі мен министр қорытынды сөздерінде: аталған мемориалдық кешеннің болашақта Шәмшінің руханият бесігіне айналатынын, ол үшін Шәмші ауылынан Руханият- Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің филиалы етіп Шәмшінің сазды-мемориялдық музейін ашу керектігін қадап айтты. Халықаралық Шәмші ән байқауынан бастап, ұлы композиторға қатысты барлық іс-шараларды осы музейдің негізінде өткізу керектігін, яғни, Шәмші музейінің көрермендерге қызықты экспозиция мен көрмелерді ғана көрсете алатын миссияда емес, қабатында кездесулер мен мәдени форумдар және білім беретін бағдарламалар өтетін, функционалдық және техникалық жағынан бүгінгі музейлік мекемелерге қойылатын талаптарға сай музей болуын меңзеді.
Өңір басшысы мен министр бұл келелі ойларын Шәмші ауылының өткені мен болашағын таразылап айтқаны белгілі.
Ия, қазіргі Шәмші ауылы, бұрынғы Еңбек Қызыл Ту орденді «Темір» совхозы ауыл шаруашылығын, мәдениетін өркендетуде жеткен орасан зор жетістіктері үшін Одақта (СССР) бірінші рет «Коммунистік Еңбек совхозы» атағын жеңіп алған Қазақстандағы бірден-бір шаруашылық болатын. Ұзақ жылдар бойы совхоздың директоры, Социалистік Еңбек Ері Шерім
Ерманов болды. Қазақстанның Алтын кітабына есімі ойып жазылған Ленин -Орденді Айтбек Мұсаев бастаған комсомол жастар ерен еңбегімен совхоз даңқын көтерді. СССР Жоғарғы Советінің депутаты Дәмелі Қоңырбаева Шәмші ауылының түлегі. Совхоз еңбеккерлері туралы «Мәңгі жастық» кітабы жазылды. Академик Әбдірахман Омбаев осы ауылда туып өсті. Шәмші ауылының бас қақпасын тұрғызып, жол салуға, ауылдың Шәмші аталуына себепші болған осы ғалым. Алаш ардақтыларының бірі Абдолла Жармұханбетов осы елден...

ШӘМШІ – ШЫНАР

Міне, Қазақстан Әнұранының авторы, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған жері, өскен ортасының өркениеті осы.

Бұл салада біз белгілі мемлекет, қоғам қайраткері, этнограф ғалым, музейтанушы Өзбекәлі Жәнібеков айтқандай бүгінге дейін жолайрықта тұрдық. Олай дейтініміз, кеңестік кезеңде де, тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Н. Назарбаевтың тікелей пәрменімен қабылданған «Мәдени Мұра» мемлекеттік бағдарламасының арғы, бергі аясында да Шәмшінің мұрасы жинақталып зерделенді, жеке басы мен шығармашалығына көптеген адамдардың шапағаты тиді («Аңыз адам»). Мәселен, кезінде жай-күйін Н.Тілендиевтен сұрап-білген Д.А. Қонаев оған үш бөлмелі пәтер бергізсе, Өзбекәлі Жәнібеков әр облысқа телефон соғып, Шәмшінің елмен жүздесуіне барынша жағдай жасап, шығармаларының жинақталып, қазақ радиосының қорына жазылып алынуына, әндер жинағының шығуына, насихатталуына көп көмек көрсетіп, қамқорлық жасады. Кейін оның жерлестері-отырарлықтар Қазақстанның халық ақыны
Әселхан Қалыбекованың ұсынысымен үкімет тарапынан оған ресми көңіл бөлінуін, қамқорлық көрсетуін сұрап, сол кездегі Қазақ ССР-інің, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа хат жолдаған. Хат Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданы еңбекшілерінің Шәуілдірде Шәмшінің 60-жылдығына орай өткен жалпы жиналыста қабылданған. Онда: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Әлеуметтік әділеттілікке жете алмай, жолы байланып, жасы алпысқа келсе де, тиісті құрмет көре алмай жүрген қазақтың аяулы азаматы, адал ұлы, асқақ композиторы, бүгінгі заманның Ақан серісі Шәмші Қалдаяқұлына көзқарастың дұрыс болуына қамқорлық жасауды, сөйтіп өзіңізге ел сеніп тапсырған билікті пайдаланып, Шәмшіге «Қазақ ССР халық әртісі» деген құрметті атақ берілуіне ықпал етуіңізді өтінеміз. Республикалық «Арай» журналының мыңдаған оқырмандары жазған: «Шәмші кірмеген одақ... кімге керек?» – деген ашық хатты Сіз де қолдайды деп сенеміз,»-деген болатын. Шәмшінің жерлесі, кезінде республикада бірінші болып « Коммунистік Еңбек Коллективі» деген құрметті атаққа ие болған, Еңбек Қызыл Ту орденді атақты «Темір» қаракөл қой совхозының комсомол –жастар бригадасының бригадирі, кейін осы кеңшарды басқарған, Ленин ордендері абзал азамат Айтбек Мұсаев пен еңбек ардагері, Отырар ауданының Құрметті азаматы Бимұрат Бәйімбетұлы бастап қолдап, қол қойған бұл хатта айтылған жайттарға Елбасы Нұрсұлтан
Әбішұлы Назарбаев өзінің табиғатына тән аса жауапкершілікпен, сергектікпен қарап, ұлы композиторға әлеуметтік жағынан да, рухани жағынан да көмек берді.
Осыдан кейін ел пікірін қолдап, республикада үлкен қоғамдық ой-пікір туғызған қазақтың қаршадай журналист қызы Асхан Майлыбаева болды. Ол Шәмші ағасы туралы естелік-эссе жазып (Асхан Майлыбаева. Шәмші әнінің шынары. «Оңтүстік Қазақстан», 17 ақпан, 1996ж) сазгердің мерейтой фестивалі туралы тамаша ойлар, пікірлер айтты (Асхан Майлыбаева. Қалдаяқов жекешелендіруге жатпайды. «Оңтүстік Қазақстан». 16.09.2000ж.). Онда журналист Шәмші десе, оның мерейі мен мерекесін тек туған жері тойлап, өткізуге тиіс деген дүбәра ой қалыптасып қалған секілді. Жайшылықта Қалдаяқов иісі қазақтың, халықтың Қалдаяқовы деп көсемсіп, көлгірситіндер оның рухын көтеруге келгенде көлеңкеде қалып кетеді. Олай емес, ұлы сазгердің ұлан-асыр тойы, фестивалі республикалық деңгейде, халықаралық деңгейде, кәсіби деңгейде өтуі керек деп қадап айтқан. Иә, Шәмші әлемі туралы Асханнан асып ешкім осындай батыл қоғамдық пікір білдіре алған жоқ.
Шәмшінің шығармашылығы туралы зерттеу мақалалар жазып «Кеңсайда» қараусыз қалған қабіріне кесене-белгі қоюға ескеркіш орнатуға, әндерін жаздырып, фестивалін, мерейтой мерекелерін өткізуге, мектеп пен көшеге, мәдениет сарайларына атын беруге атсалысқан талай-талай абзал азаматтар болды. Олардың ішінен «Шарапат» қорын құрып, шарапатын тигізген әлем адамы, жерлесі Мұхтар Әлиевті, әлем ақыны Мұхтар Шахановты, «Айтпаса –сөз атасы өледі» деп ожданымызды тірілтіп, ұятымызды ояту үшін
«Қазақ әдебиетіне»:
«Деген сөз «Шәмші қайда Шәмші қайда?»
Жаным-ау, жүрегіңді жаншымай ма?
Елеусіз ел көзінен жатқан мола,
Намысын нар жігіттің қамшылай ма?» – деп өлең жазған Исрайл Сапарбайды, 1997 жылдың 1-4 қазанында Тараз қаласында өткен Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты ІІ-халықаралық ән конкурсының есебі іспетті «Қазақ әдебиетіне» «Аспанында Тараздың қалықтады Шәмші әні» атты мақала жазып, асқақ рухтың өлшеміне айналған, Шәмші әндерінің құдіретін күллі оқырманға паш еткен газеттің арнаулы тілшісі Әлия Бөпежанованы, сазгердің шығармашылық портретін жасаған Еркінбай Әлімқұловты, махабаттан бейхабар жас көңілді толқытқан Шәмші әндерінің тарихын толғаған Адырбек Көлбаевты, Шәмшіні білмейтін қазақтарға күйініп өткен Қали Сәрсенбайды, студент-солдат шағында Шәмші әнімен көңілін жұбатқан жазушы Мархабат Байғұтты, егіз қозыдай жұптасқан досы Оразбек Бодықовты, Шәкеңнің шуағын ұлықтаған Әбиірбек Тінәліні, Шәмшінің алғашқы ән фестивалін ұйымдастырған Амалбек Тшановты, Оңтүстік өлкесінде Шәмшінің шырақшылары болған Еркін Қыдырды, Бақтияр Тайжанды, Дархан Мыңбайды, Абай Балажанды Шәмші әнінің шарапатын ұлықтап, Отырардағы бұрынғы Темір кеңшарын Шәмші ауылы деп атау туралы үкіметке тікелей ұсыныс жасап, Шәмшінің атын алып беріп, ауылдың бас қақпасын тұрғызған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Әбдірахман Омбаевты, Шәмшінің әнін әнұран деп таныған Төрехан Рәмбердіні, «Ұлы сазгердің соңғы аманатын» орындаған журналист Нұрлан Кенжеғұловты, Шәмшінің жақынындай жоқтаушысы болған Айжан Омарованы, Шәуілдірдегі Шәмші тойы туралы алғаш мерзімді баспасөзде ой толғаған Қ.Сайыповты, Оразхан Жарқынбекті, Шәмші мұрасының нағыз жанашыры, Арыс қалалық мәслихатының депутаты Қасымбай Жақанұлы Әбдіхалықты, Шәмшіні ұлыларға ұлықтатқан Қарашаш Әмзеқызын, Шәмші жәдігерлері туралы танымдық зерттеу мақалалар жазған музейдің ғылыми қызметкері Байсариева Гүлжанатты, Теріскейді тербеткен ән тарихын жазған Ескермес Жақсымбетовты, Шәкең мен Сабырханды жоқтаған Тіней Файзолланы, Шәмшінің алғашқы концерті туралы алғаш хабар жазған Егемжер Жанқабылды, Отырарда «Отырар даңқы» тарихи танымдық кешенін ашып, онда ескерткіш мәрмәр тақтаға Шәмші Қалдаяқовтың атын ойып жаздырған, Шәуілдірде тұңғыш рет Шәмші фестивалін өткізген сенатор Қуаныш Айтахановты (А.Жұмашов. Шәмшінің ауылы қайда? «Егемен Қазақстан». 28-қазан, 2005ж.), Шәмшіні мәңгі есте қалдыру туралы талай-талай қоғамдық пікір айтып, көшеге атын қойғызған, әнін де шырқап жоғын жоқтаған Әділхан Сұлтанбековты, Шәмшіге бірінші рет еңселі ескерткіш қойғызған Отырар ауданының бұрынғы әкімдері Әлімжан Құртаев пен Бейбіт Сыздықовты, аудан әкімінің орынбасары Жақсыбек Асылбекті ерекше бөліп атауға болар еді. Сондай-ақ, 1992 жылы Шымкент қаласының сол кездегі әкімі Амалбек Тшановтың ұйымдастыруымен өткен тұңғыш Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән байқауы 2010 жылдан бастап сенатор Қуаныш Айтаханов пен бұрынғы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың ықпалымен Астана қаласында тұрақты өтетін болды. Сазгердің «Менің Қазақстаным» әні Н.Ә. Назарбаевтың ҚР Президенті ретінде Парламентке арнаулы ұсыныс жасауымен 2006 жылғы 7 қаңтардан бастап мемлекеттік Әнұранға айналды. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың, әкімнің орынбасары Әли Бектаевтың, Мәдениет басқармасының бастығы Күлия Айдарбекованың ұсыныс – пәрменімен облыс музейлерінің экспозицияларында Шәмшіге арналған бөлім ашылып, талай-талай іс-шаралар өткізіліп, әндері әншілер репертуарында, мерзімді баспасөзде, телехабарларда, әдебиеттерде насихатталды. Атақты түркі ғалымы Құлбек Ергөбек пен Серік Үмбетовтың ұсыныс, қолдауымен атақты қаламгер Көпен Әмірбек «Шәмші» атты кітапты шығарды. Композитор Қалдыбек Құрманәлі мен талантты журналист Алмас Ақылбек 1992 жылдан бастап Шәмші әндерінің кешін өткізіп, 2008 жылдан ғылыми-танымдық «Шәмші» журналын шығарды. «Жұлдыздар отбасы, Аңыз адам» журналының (Бас редакторы Жарылқап Қалыбай) 2010 жылғы тамыздағы саны Шәмші Қалдаяқовқа арналды. Жалпы, Шәмшінің композиторлық құдіретін тұңғыш танып, шығармашылығын жоғары бағалаған ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтан («Аңыз адам») бастау алатын шәмшітану ғылымын қалыптастыруда мемлекет, қоғам қайраткерлері мен облыс, аудан әкімдері, Парламент депутаттары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер атсалысты. Шәмші шығармашылығын насихаттауда ерен еңбектенген талантты журналист қарындасымыз Үмітхан Алтаева еді. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Руханият» бөлімін басқара жүріп, Шәмші ағасының рухани құндылықтарын газеттің қалың оқырманына танытқан осы аяулы қаламгер болатын. Өмірден ерте өткені аса күйзелісті өкініш...

Шәмшінің әкесі Қалдаяқ кім болған?

804

Қазақстан музейлерінің саласында Шәмші мен әкесі Қалдаяқ ұстаға қатысты жәдігерлерді алғаш ғылыми негізде жүйелі жинастырып зерттеп, зерделеп, ғылыми сипаттамасын жазып, музей қорында сақтап, экспозицияланған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің негізін қалаған музей-адам, ҚР еңбек сіңірген қызметкері Асантай Әлімов еді. Асекең жиырмасыншы ғасырдың 60-70 жылдары өз оқушыларымен тау-тасты, елді мекенді аралап жинаған мыңдаған жәдігерлерінің қатарында Қалдаяқ ұстаның металды, ағашты өңдейтін құрал-саймандарын, басқа да тұрмыстық заттарын, құжаттарын, фотосуреттерін, қолжазбаларын, Шәмшіге де қатысты дүниелерді өнер иелерінің отбастарынан, ел ішінен тауып, өзі ұйымдастырған музейге жинақтаған. Кейін Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова бас болып музей қызметкерлері Асантай ағасының ғылыми-жинастыру жұмысын әрі қарай жалғастырды.
Біз (А.Жұмашев) музей тарапынан Қалдаяқтан қалған жәдігерлерді іздестіру, жинастыру жұмыстарын өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастадық. Ал, негізінен бұл жұмыс сол кезде қоғамдық негізде жұмыс істеп тұрған қазіргі «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы» МКҚК-на Шәмші Қалдаяқовтың келуінен бастау алған. Бұл туралы біз «Қалдаяқ ұста-Шәмшінің әкесі» (2009) атты альбом- кітапшамызда былай деп жаздық:
«Бірде, 1990 жылдың маусымында музейге Шәмші Қалдаяқов келді. Қасында жан досы, жазушы-драматург Оразбек Бодықов бар. Оларды ауданға Шәмші ағамыздың 60 жылдық мерейтойын өткізуге байланысты іс-шаралар жайын ақылдасуға аупарткомның бірінші хатшысы М.Шакенов пен ауатком төрағасы Қ.Сыздықов арнайы шақырыпты. Біз ол кезде Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының Шәуілдірдегі базасынан әдебиетші Әдіһам Шілтерханов арқылы экспедиция бастығы Кемел Ақышевтан бір зертханалық залды, бірнеше бөлмелерді сұраттырып алып, сол жайға қазіргі Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейін қоғамдық негізде ұйымдастырып жатқан болатынбыз.

805


Жұмыс жоспарымыздағы күнтізбе бойынша Шәмші 1990 жылдың 15 тамызында 60 жасқа толатын еді. Осы мерейтойға орай музейде көрме ашқан едік. Шәмші музей экспозициясын аралап сол көрменің тұсына келгенде:
«Әбеке, музейлеріңіз Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың атында болса, болашағы зор болар. Мен Қазақстанның бірталай музейлерін аралап көрдім, менің 60 жылдығыма арнап бірінші көрме қойған сіздер екенсіздер. Көрмелеріңіз үшін үлкен рахмет. Бірақ менің әндерімді ел Шәмшінің әні деп, атымды ұмытса халықтың әні деп айтып жүрер. Ал, әкем Қалдаяқ дүкен ұстаған үлкен ұста еді. Менің жүрісім мынау, әйтеуір басына сағана тұрғыздым. Сол жарықтықтың
қолөнері көмескіленіп бара жатқандай, саған музей қызметкері ретінде айтар өтінішім әкемнің мұрасына бас-көз бола жүріңдерші. Сарысудан Сарыкөлге дейінгі қалың елде қалды ғой, әкемнің өнері туралы музейдің атынан кітап шығарсаңыздар дұрыс болар еді» – деген. Мен осы жолы Шәмші ағаның жан дүниесінен мәдени мұраға – Ата мұраға деген соншалықты жанашырлық сезімін байқадым. Бұл сезімнің ұшқыны ұлы сазгердің сонау балалық шағында әкесіне көмекші болып, балғасын соққанда, маңдай терін көргенде пайда болған болу керек. Шәмшінің бұл қасиеті маған өмірлік сабақ болды. Мен ұлылардан ұлағат алуға, музейдің нағыз ғылыми қызметкері болуға ұмтылдым.
Бұл өтініш отырарлық досы, халық ағарту саласының ардагері Келдебек Жабатаев та айтқан екен. Келдекеңнің айтуынша, 1988 жылы Шәмші Оразбек Бодықов екеуі Келдебек ағайдың үйіне келіп қонады. Таңертең шай алдында таза ауада серуендеп жүріп Шәмші: «Келдебек, шалдың дүкені қайда? Сендегі әкемнің дүниелерін құртпашы, оны іздейтіндер табылады», – деген.
Біз қанша қат-қабат музей ісімен жүрсек те, Шәмші ағаның осы аманатын ешқашан ұмытқан емеспіз. Оның үстіне, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің негізін қалаушы Асантай Әлімов ағамыз Қалдаяқтан қалған жәдігерлерді бөле-жара жинастыруды үнемі еске салып, өзінің Қалдаяқтың үйінен үлкен төсін музейге алғандығын айтатын. Шәмші ағаның сол аманатымен жүріп, Қалдаяқ ұста жасаған бір құралды (шапа шотты) 1990 жылдың желтоқсанында Қаратау, Қазығұрт атырабы мен Сыр өңірінде белгілі ақын, авторлық әдебиеттің көрнекті өкілі Айтбай Белгібайұлының жұбайы Қаншайым әжейден алдық. Әжейдің айтуынша 1946 жылы Қалдаяқ ұста бір мал сойып, Арғыннан Әбурайраны, Қоңыраттың Божбанынан Әбусейітті, Жетімдерінен Оспанқұлды, Тінейінен Айтбайды және тағы бір кісіні-барлығы бес молданы шақырып : «Арқадан ауған Жағалбайлы едім, өнеріммен Сыр еліне сіңісіп кеттім. Мына бір-бір шот пен пышақты сіздерге сыйлаймын. Қасиетті Ислам жолындағы ілімді кісісіздер ғой, маған Құраннан тілектес болып жүрерсіздер», – деген.

Шаппа шот (шапашот) ағашқа түскіштігі жағынан, еңкіштігі, қайқылығы, салмағы, суы мүмкіндігінше дәлдікпен ескеріліп, классикалық үлгіде жасалынған. Дәл осындай үлгідегі шаппа шот (шапашот) пен дәнүккішін, қолтөсін, шалғы орақтың мойын темірін, балта шотын отырарлық Жабатаев Келдебектен алдық. Қария 1947-1948 жылдары жазғы демалысында «Қызыл Түркістан» колхозында Қалдаяқ ұстаның балғашысы болған екен. Бейнетқор, сезімтал, тіл алғыш, еп-септі баланың еңбегіне риза болған атақты ұста оған шәкіртім бол деп керекті құрал-саймандарын жасап берген. Әдетте зауытта жасалған шалғы орақтың мойыны қалың шөпті орғанда тез сынатын осал болған. Сондықтан Қалдаяқ ұста шалғы ораққа беріктік үшін мойын темір салған.
Қалдаяқтың Арыс қаласында, Шәмші ауылында тұратын ұрпақтарынан бірталай заттарын алдық. Мәселен, Қалдаяқтың Арыс қаласында тұратын келіні Сағдия Гафанқызы Минуллинадан (Қалдаяқтың Қадір деген баласының әйелі) шибарқыт шапанын, ағаш балғасын, Шәмші ауылында тұратын кенже баласы Бақыттан қобдишасын, үлкен қол шырағын, білік төсін, зергерлік әшекей заттарын, немере келіні Аманкүл Мәуленқызынан қырғыш пен қант қайшысын алдық. Қалдаяқтың көршісі болған Пернекүл Бақжанова апай қысқашын тапсырды.
Шәуілдір қыстағында тұратын ерлі-зайыпты ардагер ұстаздар, Шәмшінің досы Әлшериев Құрманбай ағай мен Мұғжанова Алма апай отбасында қасиеттеп, көздерінің қарашығындай сақтап келген Қалдаяқ дүкенінің терезесіне қойылған айшықты темір торын, кезінде бұйрытпалатып жасатып алған кепсерін, әкесі Смайылов Әлшерге арнап жасап берген ұстарасын қимастықтан берді. Ал, үлкен мәдениет жанашыры, Шәмшінің рухани жақын досы, еңбек ардагері, шежіре қария Сағындық Қыдыров ұлы сазгердің қол табы қалған мандолинасын тапсырды.
Түп деректерге қарағанда, Қалдаяқ ұста қазақ қолөнерінің ағаш ұқсату, металл өңдеу, сүйек пен мүйіз ұқсату, т.б. түрлерін, оның жонып келтіру, ию, ою, шегелеу, отқа қыздырып соғу, қалыпқа құю, кептеу, тінікелеу, қаралау, бедерлеу, безеу, сірке салу, қақтау, дәнекерлеу, ұламалау, т.б. әдістерін жетік меңгерген ісмер болған. Оның ұсташылық өмір деректері, жасап қалдырған қолөнер мұралары осыны меңзейді.
Қалдаяқ қолөнерінің ең жетілген кемел кезі – ол өмір сүрген заманда қоғамдық құрылымдар алмасып, жеке меншік ұжымдық меншікке ауысып жатқан шақ болатын. Сондықтан, ол негізінен колхоздың ауыл шаруашылығы үшін зауыт жасап шығарған техниканы, құрал-саймандарды жөндеп, оның кейбір қосалқы бөлшектерін, сондай-ақ, арба, шана сияқты сүйретпе көліктерді, жер ағаш, сабан, теміртіс, мойынтұрық, тырма, айыр, күрек, кетпен, дәнүккіш, орақ, қырықтық, кісен, пышақ, қақпан, мылтық, шаппашот, байтесе, қайшы, қысқаш, кепсер, қырғыш, қант қайшы, керней, темір пеш, үш аяқты темір ошақ, кебеже, сандық, т.б. шаруашылыққа, күнделікті үй тұрмысында қолданылатын құрал-жабдық, саймандарды, білезік, жүзік, сырға, шашбау, шаштеңге, шолпы, өңіржиек құдағи жүзік, кемер белдік, т.б. зергерлік әшекейлер жасаған.
Қалдаяқ темірді балқытып жатқанда балқу қалпын жетік білген, асылы мен жасығын балғамен ұрып таныған. Техниканың табылмайтын құйма бөлшектері сынса, қайта балқытып, қайнатып жасаған. Білік темірлерді шалғы орақтан ара жасап кесетін. Қалдаяқ ұста түптеп келгенде темірдің суын тапқан.

ТОҚТАП ҚАЛҒАН ПОЙЫЗДЫ ЖҮРГІЗГЕН

Қалдаяқтың екінші жұбайы Жұмашкүл әженің айтуынша, 1941 жылдың қарашасында фашистік Германияның әскерлері Москваға төнгенде Қазақстанда жасақталып, Москваны қорғауға аттанған әскери құрамалар мінген эшелон Арыс станциясы мен Түркістан станциясы арасындағы №37 бекетте паравоздың жетекші бір тетігі сынып, пойыз тоқтаған. Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің қаулысымен Москвадан 100-120 шақырым жердегі қорғаныс шебінің бәріне жауапты болып тағайындалған, яғни партиямен халық алдында астана үшін жауап беретін Батыс майданының қолбасшысы Г.К. Жуковтың тікелей бақылауында тұрған бұл әскери эшелонның кешігуі өліммен тең еді. Сондықтан, машинистер болған жайды рациямен хабарлағанда, Арыс пен Түркістан деполарынан барлық механик ұсталарды алып, екі жақтың да станция бастықтары оқиға болған жерге жеткен. Бірақ, ешбір механик ұста да бұзылған тетікті жөндей алмаған. Сонда бір қарт теміржолшы: «Бұл білікті бір жөндесе, бұрын Түркістан мен Арыс деполарында ұста болған, кейін Шәуілдірге көшіп кеткен Қалдаяқ ұста жөндейді» – деген. Содан аупартком арқылы Шәуілдірден Қалдаяқ ұстаны алдырып, оны жетекші білікті Арыс депосына апарып, сонда жөндеп, қалпына келтіріп, орнына салып, пойызды жүргізіп жіберген. Сонда станция басшылары Қалдаяққа: «Айналайын, Қалеке-ай, бізді бір ажалды жазадан құтқардың-ау», – деген екен.
Ғалым Нұрлан Әбілдаев өзінің «Отырар аймағын суландыру» деген зерт–теу мақаласында (Дүйсенбай Алтынбеков. Құрастырғандар Ноян Дүйсенбаев, Алмас Жұмашев. Алматы. 2013.)
Қалдаяқ ұстаның Шәуілдір плотинасында ұста болғандығы туралы: «Плотина құрылысында жұмыс смена бойынша істелді. Іс барысында кешегі шаруалар құрылыс шеберлеріне айналды. Домбаев Қалдаяқ – темір ұстасы Жұматаев Төрегелді механизатор-шофер, Сайбеков Кәдір – темір ұстасы, И.Байтеміров – сылақшы, А.Раманқұлов – тракторист мамандықтарын осы құрылыста алып шықты. Плотина құрылысы кезінде нормаларын 200-250 процент орындайтын еңбек екпінділері көп болды,»-деп жазды. Сол екпінділердің бірі Қалдаяқ ұста болған. Тоғанның құрылысы аяқталғаннан кейін, 1936 жылы еңбек қорытындысы бойынша Домбаев Қалдаяқтың жанқиярлық ұсташылық еңбегі ескеріліп, сол кездегі ең жоғарғы награда Ленин орденімен марапатталады. Осы жанқиярлығынан болса керек, шаруашылықтың Қалдаяқ ұстаға деген ділгірлігі соншалықты, оны көбіне кезекті еңбек демалысынан арнайы бұйрықпен кері шақырып алатын болған. Осындай бұйрықтардың бір мәтіні былай:
«Приказ» №3
По Тимурскому верблюд заводу №125 от 05.01.1953г.
В связи необходимостью ремонта с/х машин, автотранспорта отозвать из очередного трудового отпуска кузнеца Домбаева К. С январья 1953 года
Директор Тимурского в/завода №125.»
(«Отырар аудандық мұрағат» мемлекеттік мекемесі. 3-қор.1л-тізбек.6-бумага, 35-іс.).
Қалдаяқ Домбыұлының жанқиярлық ұсташылық еңбегі әрқашан ескеріліп, оған зауыт директорының бұйрығымен әр кезде ақшалай, заттай бағалы сыйлықтар беріліп, алғыстар жарияланып отырған. Оған мына бұйрықтар дәлел:
«Приказ» №68
По в/заводу №125 от 02.07.1946 г.
За выполнение и перевыполнение ежедневных сезонных норм, выработки на сеноуборке и окончание уборки до срока при хорошой качестве уборки выдать из премияльного фонда выделенного для сенокочения лучшим рабочим премии, указанным ниже, стоймость которых отнести за счет фонда директора завода.
Домбаеву К. -1-баран
Директор Тимурского в/завода №125.»
(«Отырар аудандық мұрағаты» мемлекеттік мекемесі. 3-қор. 1л-тізбек. №125 Темір түйе зауытының 1946 ж. бұйрық кітабы.).
Қалдаяқ Домбаев ақын, дінтанушы Шәдітөре Жаһангерұлының жақын шәкірттерінің бірі еді. Оның жұбайы Жұмаш әжей мен кенже баласы Бақыт Қалдаяқұлы тапсырған араб әрпімен (харпімен) жазылған «Әбжат Тафсирі», «Дұғалар», «Дінге уағыздың сауабы», «Азан айтылғанда айтылатын дұға және оған түсінік», т.б. бірнеше тақырыптағы қолжазбаларына, кезінде Қалдаяқ ұста жата жастанып оқыған Ас Ададин Умар ат-Тафтазанидің «Шарх әл-Махасид»-«Мақсаттар түсіндірмесі» атты екі томдық «Ілім туралы», «Алланы тану туралы»; «Философия туралы», «Әйел ана туралы», «Логика туралы» атты бес бөлімнен тұратын кітабына қарағанда Қалдаяқ хақ жолындағы, өз бетінше көп оқыған өте діни сауатты кісі болған. Бұл оның кеңестік пролетарлық атеизмге байқатпаған, замандастары білмеген жан дүниесі. Мәселен, оның қолжазбаларындағы «Абжад тафсир ушбудир. Қола-ан –Набиуалейхиссалам : Уайлун лил илми жаһһала матн тафсир абжад- Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Абжад тафсирі туралы былай дейді: «Кімде-кім абжад тафсирінің мәтініне күмән келтірсе (надандық қылса), ол ілім зая кетеді» деген жолдар осының ақиқатты айғағы.
Біз, музей қызметкерлері Шәмшінің аманатымен оның аяулы әкесі Қалдаяқ ұстаның құндылықтарын мүмкін болғанша жинастырып, сақтадық, қайта жаңғырттық, экспозицияладық, ғылыми сипаттамасын жазып құжаттадық. Шәмшінің аманатымен ғылыми баспа жұмыстары бойынша «Қалдаяқ ұста-Шәмшінің әкесі» (2009) атты альбом –кітапшаны шығардық.

Ұлы композитордан қалған әрбір зат – қымбат жәдігер

Ұлы композитор өмірден озған соң аманат оған да қатысты болып қалды. Сондықтан музейдің сан-салалы жұмыстарының қат-қабатында Шәмшіге қатысты экспонаттарды да ыждағаттылықпен іздестірдік. Сол құндылықтардың бір парасы мынау: Шәмшінің соңғы «Отырардағы той» әнінің қазіргі Шәуілдір қыстағындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы саз мектебінің бұрынғы директоры, марқұм Жақсылық Әбуовтың «Отырардағы рухани мәдениет музейіне Шәмші Қалдаяқовтың өз қолымен жазған «Отырардағы той» әнінің нота текстін сыйлаймын. Мектеп директоры Ж.Әбу, 25.07.1997 ж.» деген нұсқадағы қолхат таңбасымен тапсырған «Отырардағы той» әнінің нота парақшасы, Шәмшінің: «Ана туралы ән шығарған едім. Әл-Фараби елінің жігітімін ғой, әке туралы, жерлестерім туралы ән шығарамын, қыздарым, інілерім. Я родился в Шаульдере. Не забуду Шаульдер. Ш.Қалдаяқов» деген қолтаңба жазуы бар фотосуреттер, Шәмшінің үлкен қарындасы, өмірден озған аяулы Раушан апамыздың «Ағам Шәмші Қалдаяқовтың мандолинасын Отырардағы «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайына» сыйлаймын... Абитова (Қалдаяқова) Раушан. 28.08.2010 ж» деп қол қойған қолхатпен тапсырған мандолині, пальтосы, парсыша кітабы, інісі Қадыр Қалдаяқовтың: «1988 жылы ағам Шәмші сыйға тартқан осы «Унисон -3» баянын Отырардағы «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайына» – әкем Қалдаяқ пен ағам Шәмшінің музейіне сыйлаймын. Қалдаяқтың баласы Қадыр Шымкент. 2011 жыл, 28 тамыз» – деген қолхатпен тапсырған баяны, т.б. Шәмшінің өзі, отбасы тұтынған бұйымдарды, шығармашылығы әдебиеттер, құжаттар, фотоқұжаттар...

806


Шәмшіге қатысты құндылықтардың дені Отырар ауданының орталығы Шәуілдір кентіндегі Шәмші Қалдаяқов атындағы орта мектепте ашылған сазгердің музейінде сақтаулы. Кезінде бұл жәдігерлерді мектептің сол кездегі директоры Пердехан Жаппарқұловтың тікелей ұйымдастыруымен Оңтүстік астанамыз Алматыға дейін барып тірнектеп жинап, Қазақстан мектептерінде алғаш Шәмші музейін ашқан, аталған мектептің мұғалимасы білікті, білімді, ұстаз Қыдырова Күләш қарындасымыз болатын. Музей қорында Шәмшінің әндер жинағы түсірілген әдебиеттер, күйтабақтар, үнтаспалар, сазгердің қолжазба қойын дәптерлері, пианиносы, фотосуреттері, бөркі, т.б. киімдері басқа да жәдігерлері бар. Аталған мектеп музейінде ғылыми- танымдылық мәні бар экспозиция құрылған. Бұл құбылыс сондай-ақ, республикамыздың басқа да мектеп музейлеріне қатысты. Ал, жеке кісілердің қолында сақталғаны қанша... Мәселен, Төлеген Айбергеновтың қызы Салтанат Айбергенованың үйінде Шәмшінің саусағының табы қалған пианиносы («Аңыз адам»), дүнген ауылының тұрғыны Илья Гашизовта шахматы («Аңыз адам»), Нұрғали Нүсіпжановта «Талдықорған-әнім менің» әнінің нота парақшалары («Аңыз адам»), т.б. сақтаулы.
Жоғарыда аталған мемлекет, қоғам және ғылым, мәдениет қайраткерлеріне, республика, облыс, аудан басшыларына, мемлекеттік, қоғамдық ұйымдарға, журналистерге , жеке азаматтарға, музей ұжымдарына Шәмші мұрасын Ата мұрам деп сақтап насихаттағаны, халық игілігіне айналдырғаны үшін шексіз алғыс айтамыз. Бұл кісілердің біразы өмірден өтті. Өткендерінің рухына бас иіп, қалғандарына Алладан саулық тілейміз.
Домбы әулетінен шыққан әкелі-балалы Қалдаяқ (Әнапия) пен Шәмші (Жәмшид) қазақ өнерінде өшпес із қалдырған дара да, талантты тұлғалар еді. Қалдаяқ темір мен ағаштан түйін түйген ұста, Шәдінің шәкірті Құран кәрімнің дүниенің жаратылуы туралы аяты талданған ғылыми трактатты таратып оқыған ғұлама, Шәмші халқына әннен әсем мүсін құйған (Мұхтар Әлиев) сазды әнімен әлемді тербеген ұлы сазгер болды. Оның жүздеген әндері қазақстандықтардың, әлем халықтарының-қазақтарының жан дүниесін баураған әуен толқынына айналды. Монғолия қазақтары Шәмшінің «Ана туралы жырын» өздерінің ұлттық, ұлыстың әнұранындай көрсе, Пәкістан, Қытай, Түркия, Герман қазақтары Шәмші әндерін «Отанымның әндері» деп атап, өздерінің туған жер – атамекені –
Қазақстанға деген сағыныш сезімдерін Шәмші әндері арқылы білдірген.
Ал, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың әкесі, үлкен өнер иесі, атақты ұста, дінтанушы Домбаев Қалдаяқ өндірісті Шәуілдірді түлеткен заманының еңбек ері еді. Сондықтан Қалдаяқ қабірін, ол жерленген мазаратты киелі орын ретінде Шәмші Қалдаяқовтың мемориалдық кешені қатарында күтімге алу, қазіргі ұрпақтың парызы.

Абдулла Жұмашев,
әдебиетші, этнограф, музейтанушы, Мәдениет қайраткері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.