ҒЫЛЫМДАҒЫ ТЫҢ ТАҚЫРЫП немесе Абай аманатына адалдық Избранное

Среда, 28 Октябрь 2020 03:44 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2844 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында торқалы тойдың тағылымына терең бойлау қажеттігін айта келе, «Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруға тиіс» деген болатын.

600

 

«Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді?» деген сауалдарға әрбір адам жауап беретіндей болғаны жөн екендігін тілге тиек етеді. Олай болса, Ұлы ақынның шығармаларын насихаттау мен көп айтыла бермейтін, тың дүниелерін оқырманға тәпсірлеп жеткізу бүгінгі абайтанушы ғалымдардың парызы.
Бұл орайда газетіміздің 14 қазан күнгі №78 санында белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Ақжол Қалшабектің «Китаб тасдиқ» – Абай шығармашылығының квинтэссенциясы» атты мақаласы жарық көрген болатын. Ғылымдағы тың тақырып жөніндегі мақалада автор шәкірті гуманитарлық ғылымдардың магистрі, жас ғалым Әзімхан Исабектің қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет хакім Абайдың «Китаб тасдиқ» еңбегінің транскрипциясын жасап, арнайы монографияны жарыққа шығарғанын баяндайды. Мақала газетімізде ғана емес, басылымның арнайы сайтында да жарық көрді. Еліміздің түкпір-түкпірінен мақаланы оқып, жылы лебізін білдіріп жатқан оқырман көп. Олардың арасында қоғам қайраткерлері, елімізге танымал ғалымдар, қаламгерлер бар. Сол пікірлердің бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Абайды танимын десең 38-ші қара сөзге кіріп көр!

601

Қазақ әдебиеттану ғылымында «абайтану» атты ауқымды сала бар. Оның негізін М.О.Әуезов қалаған. Алайда, Мұхтар Омарханұлының да өз заманында кеңестік цензураға байланысты айта алмай кеткен дүниелері де жетіп артылады. Мен өзім сол дәуірдің шекпенінен шықтым, сондай ірі жүйенің қысымында болсам да Абайдың «Толық адам» ілімін ғылыми айналымға енгізіп, бүкіл кедергіні жеңіп шыққан болатынмын.
Өздеріңіз білетіндей, Абайдың «Толық адам» ілімі бүгінде қоғамның рухани іргетасына айналып отыр. Анығын айтқанда бүгінгі заманда актуалды тақырыптарға айналған «Жәуанмәртлік» пен «Толық адам» ілімдері мен Абайдың отыз сегізінші қара сөзінен тапқан болатынмын. Күні бүгінге дейін текстологиясы мен мазмұны жұмбақ болып келген осы 38-ші қара сөзге менің шәкірттерім Ақжол Қалшабек пен Әзімхан Исабек қазақ әдебиетінде тұңғыш рет арнайы текстологиялық сараптама жүргізе отырып, шығарманың транскрипциясын жасап шықты. Шәкірттерім тек мұнымен шектеліп қана қоймай Мүрсейіттен қалған 3 қолжазбаға сүйене отырып, еңбектің араб-парсы сөздерінен тұратын 400-ге жуық лұғатын (сөздігін) жүйелі түрде жазып шықты. Бұл нағыз әдебиеттің қара жұмысы. Өйткені Абайды танимын, білемін, зерттеймін дейтін адам 38-ші қара сөзге кірмей түк бітіре алмайды. Әдебиетші-академиктердің өзі бара алмаған 38-ші қара сөзді Әзімхан жас шәкірт бола тұра, ғылыми жетекшісі
Ақжол Қалшабектің нұсқауымен шығарманы текстологиялық, тілдік тұрғыда ашып беруі бұл – 100 жылдық абайтану тарихындағы ең үлкен жаңалық дер едім. Абайдың 38-ші қара сөзінің бізге белгілі Мүрсейіт қолжазбаларында «Китаб тасдиқ» атты тақырыбы бар. Бұл Абай шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік туынды және ақынның қорытынды шығармасы. Бұл туралы Көкбай ақын: «Абайдың жалпы, діни өсиеттері мен негізгі діни пікірлері қара сөзінің ішіндегі «ғақлиат тасдиқат» деген сөзінде толық айтылған. Әрқашан ауызша айтатын уағыз насихаттары болсын, өлеңмен үгіт қылып айтатын адамшылық жолы, құдайшылық жолы болсын, барлығы да сол сөзіне жиналып келіп қорытылған сияқты. Кейде жазылған дін жайындағы өлеңдер болса, түгелімен сол сөздің жеке-жеке пікірлерінен туған сияқты» деп салмақты пікір берген. Оған қоса Абай мұны 1903 жылы жазған. Өйткені Америкалық Тесла деген ғалым найзағайдан жарық алу физикалық ғылыми жаңалығын дәл осы жылдары ашқан деген деректер бар. Абай – қазақтың қарапайым қарияларының бірі ғой, бірақ миы қайнап жатқан идея. Әлемнің әр бұрышындағы жаңалықтардан киіз үйде отырған қазақ баласының хабардар болып отыруы нағыз таңқаларлық құбылыс. Кеңестік дәуірдің мықты шығыстанушысы Ә.Қоңыратбаев: «Абайдың ең қиын-қыстау ойларының бірі – 38-ші қара сөзі. Оған әлі ешкімнің тісі батпай жүр» деген болатын. Міне, сол баһадүр бабалардан қалған аманатты орындау менің қос шәкіртім Ақжол Қалшабек пен Әзімхан Исабекке бұйырыпты. Тек бұл ғана емес Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасына тіс батырып, оған арнайы монография беру мақтанарлық жұмыс. Абайдың осы туындысының шағатай тілінде жазылғанын дәлелдеп, ғылыми сенсация жасаған шәкірттерімнің еңбектері орасан. Әзімхан Исабектің авторлығындағы «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы» еңбек соған дәлел.
Ал осы еңбектің көзі қарақты оқырманға жетуіне мүмкіндік жасап, жалпыға жариялап отырған «Шымкент келбеті» газетіне рақмет. Абайдың 175 жылдық мерейтойында осындай құнды еңбекпен бізді қауыштырып отырған шәкірттерімнің еңбегіне таудай табыстар тілеймін.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ф.ғ.д., профессор

Абайтану саласындағы аса ірі уақиға

603

«Абайдың жалпы, діни өсиеттері, негізгі діни пікірлері қара сөзінің ішіндегі «Ғақлиқат тасдиқат» деген сөзінде толық айтылған. Әрқашан ауызша айтатын уағыз-насихаттары болсын, өлеңмен үгіт қылып айтатын адамшылық жолы, құдайшылық жолы болсын, барлығы да сол сөзіне жиылып келіп қорытылған сияқты». Бұл – Абайдың ақындық ортасынан тәлім алған Көкбай Жанатайұлының сөзі. Мұхтар Әуезов Абайдың бұл туындысы туралы былай деген: «1890 жылдан бастап Абай шығармаларында өзі айтқан «қара сөздері» жазылып отырған. Соның ішінде бір сөзді «Ғақлия» деп атаған. Бұл сөздер көркем проза емес, философиялық трактат та емес». Мұхтар Әуезов Абайдың қара сөздерін Лев Толстойдың «Круг чтениясына» ұқсатқан. «Круг чтения» – Толстойдың қорытпасы. Он бес жасынан бастап жүргізген жазбалары негізінде жинақталған әлемдік ойлардың жиынтығы. Көкбай «Ғақликат тасдиқат», Әуезов «Ғақлия» деп атап отырған шығарманы біз «Отыз сегізінші қара сөз» деп келдік. Ақжол Батырұлы «Китаб тасдиқ» – Абай шығармашылығының квинтэссенциясы» деген ғылыми текстологиялық шолуында: «Сөзімізге тұздық қылғалы отырған туындының бірі – «Китаб тасдиқ». Аталмыш шығарманың біз осы күнге дейін түпнұсқа мәтінін оқымай, тек аудармасымен алданып келіппіз. Мүрсейіт қолжазбасынан бермен қарай Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының түпнұсқасы қазақ оқырманына жетпеген» дейді. «Мұхтартану» ғылыми зерттеу орталығының қызметкерлері филология ғылымдарының кандидаты Ақжол Қалшабек пен шәкірті Әзімхан Исабек сол түпнұсқаның транскрипциясын жасап, ұсынып отыр. Бұл – жүз жылдық тарихы бар Абайтану саласындағы аса ірі уақиға. Абай бұл шығармасын шағатай тілінде жазған. Мұхтар Әуезов: «Түркі тілі 1915 жылға дейін түркі елдеріне ортақ тіл болатын.
Түркі тілінің негізі шағатай әдебиетінен шыққан. Шағатай әдебиеті сол уақыттағы бүкіл түркі еліне ортақ әдебиет болған. ХV ғасырда әуелде парсы тілінде, соңынан түркі тілінде жаза бастаған Науаи, онан кейін Хусаин Байқара деген кісілер шығады. Абай үйінде бала кезінде де түркі тілін оқыған», – дейді. Арадағы жүз жылдан астам үзілістен соң «Китаб тасдиқтің» транскрипциясы жасалып, ортамызға оралуы – ғылымдағы зор құбылыстардың бірі. Сол зор уақиғаның бел ортасында Әзімхан Исабек сынды жас зерттеушінің жүруі – ол да зор қуаныш. Тек түсіне білсек, бағалай алсақ деңіз...

Абай ҚАЛШАБЕК,
ақын, аудармашы

Ешкімнің тісі батпай жүр еді...

602

Белгілі ғалым Ә. Қоңыратбаев өзінің «Қазақ эпосы және түркология» атты еңбегінде «...Абайдың ең қиын-қыстау ойларының бірі 38-інші қара сөзі. Бұған әзірге ешкімнің тісі батпай жүр...» деп толғанғаны бар. Абайтану саласында абыз ақсақалымыз профессор Мекемтас Мырзахметұлы да Абайды зерттеуге өмірін арнап, бүкіл адамзат баласын рухани тәрбиеге бастайтын «Толық адам» ілімі бойынша арнайы еңбек жазып шықты. Мекемтас ағамыздың шәкірттері де Абайтану саласында қажырлы еңбек етіп, тарихи сананың жаңғыруына үлестерін қосуда. Өткен жылы ғана университет қабырғасынан «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығын ашқанбыз. Мақсат – Абайды әлемге танытқан қаламгер Мұхтар Әуезов мұрасын одан әрі зерттеп, зерделей түсу. Оның сан қатпарлы мұрасын бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау.
Енді осыған байланысты тың жаңалық: университетіміздегі профессор Мекемтас Мырзахметұлы басқарып отырған «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек, шәкірті Әзімхан Исабекпен бірге М.Әуезовтің мұражай үйіндегі Мүрсейіт қолжазбасына сүйеніп, қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының транскрипциясын жасап шықты.
Әзімхан Исабек – біздің университетіміздің магистранты. Абайдың аталмыш «Китаб тасдиқ» еңбегі Әзімханның диссертациялық жұмысы. Бұл Абайтану тарихында орын алар үлкен ғылыми жаңалық!
Ұлы ақынның мерейтойлы жылында жасалып отырған бұл жаңалықпен қалай мақтансақ та жарасады.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры, тарих ғылымдарының докторы,
профессор

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.