ҚҰРСАҚ ШАШУ Избранное

Пятница, 30 Октябрь 2020 03:40 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 8427 раз

Қазақ халқының тек өзіне тән, ешбір қайталанбайтын, бірегей салт-дәстүрлері бар. Соның бірі – «құрсақ шашу» тойы. Аяғы ауыр әйелге қатысты орындалатын дәстүрдің басты мәні – қуанышты атап өтумен қатар болашақ ананың денсаулығына ерекше мән беру болмақ.

702

 

Таяуда Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Құрсақ шашу» тағылымдық шарасы өткен болатын. Сол жерде ұлт құндылығының бүгінде ұмытылған бірегей дәстүрінің бірі, ұрпақтың өсіп-өнуінің айшықты үлгісі «Құрсақ шашу» дәстүрін қазіргі қоғамға кеңінен насихатталды десек еш қатепеспейміз.
Құрсақ шашу кішігірім той-думан ретінде әйелдер арасында аталып өтеді. Дәстүрдің жалпы сипаты – қуанышты атап өту және жүкті әйелдің күтіміне баса назар аудару, көз тиюден, шошынудан сақтау.
«Келінді атамыздың аруағы қолдап жүрсін» деп ауылдағы үлкен үйдің оң керегесіне ақ орамал таңады, осы «керегеге орамал таңу» ырымынан кейін келіннің жүкті екенін бүкіл ауыл білетін болған. Мұның мағынасы «осы үйдің төңірегінен ақырын өтіңдер, атпен өтетін жолаушылар қатты шауып өтпесін, ал ауылдың кішкентай балалары алысқа ойнасын» деген мағынаны білдіреді екен. Өйткені жүкті әйел кез келген дыбыстан, басқа бір тосын әрекеттерден тез шошынғыш келетіні анық. Жаңалықты естіп, құрсақ шашуға келдік деп әйелдер жамырасып қоржындарына келіннің сүйген асын салып, ізгі тілектерімен ұсынған. Ал әйелдерді шақырудағы тағы бір себеп – келіннің жерік асын табу екен. Келінінің жерік асын табу да ененің басты міндетіне жатады. Тәжірибелі енелер алдын ала түсікті болдырмас үшін әрі шошып қалмасын деген ниетпен келіннің көйлегінің етегін тастармен бүріп қоятын болған. Құрсақ шашу дастарханына келген қонақтарды шығарып салған соң «Ергенекке ақтық байлау» салты жасалатын болған. Оның мәні – үйге мал не ит кіріп кетпеуде келіннің шошынып қалмауы үшін жасалатын ырым (Ергенек – киіз үй есігінің алдына қойылатын тосқауыл есік бастырғыш). Рәсім соңында жастар жағы алтыбақан теуіп, ән шырқап тарқасатын болған.

Дана Мамекова,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.