Көрерменнің көзайымына айналған «Ontustik» телеарнасына –30 жыл Избранное

Среда, 04 Ноябрь 2020 04:07 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 423 раз

Тақыр жерден бой көтерген телеарна

1990 жылдары Кеңес одағы ыдырап, елдегі ауыр кезеңмен тұспа-тұс келген өтпелі уақытта халық саны және аумағы жөнінен ең ірі Оңтүстік Қазақстан облысында телеарна ашу қажеттілігі туды. Оның үстіне Алматыдан «Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында жаңа жылжымалы телестанция бар» деген хабар да жетіп үлгерген еді.

803

 

Ол станцияның бағасы 1 млн сом екен. «Сонша қаржыны қайдан аламыз?» деп біраз ойландым. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сергей Терещенконың алдына кірдім. Бірақ, сол тоқырау кезеңінде Сергей Александрович бізге қазынада ақша жоғын айтты. «Енді қайттік?» деп бас қатырып жүргенде Шымкент қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Валерий Щеманскийге кездесіп қалып, бар мән-жайды баяндадым. Ол кісінің Маңғыстау облысында қызметте болғанында телеарна ашу жөнінен тәжірибесі бар екен. Өңірдегі 20-ға жуық мекеме басшысының басын қосып, жиналыс жасады. Әңгімелесе келе әр дирекция шама-шарқынша қаржы беріп, 1 миллион сом жинап берді. Сол ақшаға Байқоңырдағы жаңа телестанцияны сатып әкелдік. Ал содан кейін оны орналастыратын ғимарат қажет болды. С.Терещенко Қазыбек би көшесіндегі бұрынғы Дзержинский аудандық партия комитетінің, қазіргі телеарнаның ғимаратының 3-қабатын берді. Бұл 1990 жылдың 1 наурызы болатын. Мамыр айында телестанция жеткізілді. Ал содан күн демей, түн демей, телеарнаның алашапқын қарбалас жұмысы басталды да кетті. Бірақ, көптеген керек-жарағымыз болмады. Мәскеу және Алматыдан әупірімдеп жүріп аппараттар алдырдық. Ол уақыт 7 қараша – Ұлы қазан төңкерісі күнін мерекелейтін кез еді. С.Терещенко алғашқы хабарды соған орайластырсаңыздар деп өтініш айтқан соң, 5 қараша күні бірінші хабарды бердік. Бұл тарихи хабарға бірінші хатшы С.Терещенко, «Оңтүстік-құс» кәсіпорнының басшысы Әбілқасым
Досболов пен «Оңтүстік» телерадиохабарларын тарату дирекциясының басшысы Әбдумәжит Рашидов, орынбасарларым Болат Бәйменов пен Жеңіс Баһадүр қатысты. Алғашқы бір сағаттық хабарды өзім қазақша-орысша жүргізіп, тұңғыш рет «Шымкенттен сөйлеп тұрмыз!» дегенді бастадық. Аптасына бір мәрте, кейін үш рет, одан кейін күн сайын хабар тарататын болдық. Ең соңында 18 сағатқа дейін жеткіздік.

805


Ал осынау телеарнаның ашылу, ілгерілеу жолында маған техника жөніндегі орынбасарым Болат Бәйменов көп жәрдемдесті. Ол «Шымкент мелиорация» мекемесінде жұмыс істейтін. Сол жақтан арнаға қызметке алдырдым. Өйткені, бұрын телеарнада істеген тәжірибесі мол болатын. Одан соң Александар Толмачов, Айжігіт Асанов, Жеңіс
Баһадүр, Ағабек Қазанбай, Талғат Елеубеков, Арыстан Отарбаев, Қожагелді Сарымсақов, Өтеулі Тастанбеков, Нүриділла Битабаровтарды жұмысқа қабылдап, көк жәшіктің ішкі «кухнясына» үйреттік. Сөйтіп, ақырындап сапалы кадрларымыздың қатары көбейді. Екі операторымды Мәскеудегі «Останкино» студиясына үш айға оқуға жібердім.
Өте қиын өтпелі кезеңде бізге мемлекет қазынасынан көк тиын да берілген жоқ. Себебі, газ бен жарық жоқ. Халық күнкөріс үшін қиналып, барлық жерде жұмыс тоқтап, базар жағалап жүрген уақыт. Үш-төрт айлап жалақы алмай жүрдік. Бірақ, сонда да жігіттердің ешқайсысы арнадан кетіп қалған жоқ. Жобалар тек қана біздің жігіттердің патриоттық сезімінің, теледидарға деген құштарлығының арқасында жүзеге асты. Бізге жаңадан ашылған телеарнаның жұмысын жолға қою міндеті жүктелді. Сол сәтте аймақтағы белді деген кәсіпорын басшыларына өтінішпен шықтық. «Шаян» фирмасының басшысы Әбілдабек Шардарбеков бір миллион сом, «Хлопко Трест» басқарушысы Шаһарбек Усманов 41 мың АҚШ долларын, облыс әкімі Марс Үркімбаев 150 мың АҚШ долларын аударды. Осындай жомарт азаматтардың көмегімен Жапонияның «Panasoniс» фирмасынан Владивосток қаласы арқылы жаңа камералар, монтаж жасайтын аппарат, мотор сатып алдық. Қалғанын жігіттерге қылдай қып бөліп бердім. Ал әлгі өндіріс орындарын көгілдір экранда үздіксіз жарнамалаумен болдық. Насихаттың нәтижесінде олардың да тұтынушылары көбейді. Қайсыбір деңгейдегі әкімдіктер, кәсіпорын басшылары телеарнаға қамқорлығын аянып қалған жоқ. Мүмкін емес нәрседен мүмкінді, жоқтан барды жасадық. Телеарна тақыр жерден ашылып, бой көтерді. Қазір мемлекеттің қалтасы қампайды, мүмкіндік көп. Телеарнамыз жасай берсін! Шығармашылық табыс тілеймін.

Байдулла Қонысбек,
Қазақстанның құрметті журналисі

 

 

804

Уәли ҚЫДЫР,
«Қазақстан» РТРК АҚ ОҚОФ директоры:

«Ізгілікті молайтып, жақсылықтың жаршысы болуға ұмтылып келеміз»

– Уәли Сағындықұлы, алдымен мерейтой құтты болсын! «Ontustik» телеарнасы бұл мерейтойға қандай жетістіктермен жетіп отыр?
– Рахмет! Иә, биыл телеарнамыздың ашылғанына 30 жыл толып отыр. Сонау 1990 жылдың 5 қарашасында эфирге шыққан телеарна осы уақыт аралығында тәуелсіз елімізбен бірге аяғынан тік тұрып, өркендеп келеді. Бүгінде «Qazaqstan» ұлттық телерадио корпорациясының өңірлік филиалы болып саналады. Оның құрамында телеарнадан бөлек радио мен shymkenttv.kz ресми сайты бар.
Бүгінде көрермен қауымға қызықты телерадио өнімі мен сапалы контент ұсыну үшін 100-ге тарта адам жұмыс істейді. Шығармашылық топта – 53, дирекцияда – 7, техникалық топта – 14, радиода 5 адам бар. Сондай-ақ, облыс орталығы Түркістан қаласындағы тілшілер қосынында 7 адам еңбек етеді. Соның нәтижесінде біздің жаңалықтар қызметі күніне 5 мезгіл тікелей эфирге шығып, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының ең соңғы жаңалықтарын халыққа дер кезінде жеткізіп отыр. Сондай-ақ, «Таң нұры», «Объектив», «Біздің назарда» секілді көптеген рейтингі жоғары бағдарламаларымыз бар.
– Қазір интернет журналистика, жаңа медиа дәстүрлі БАҚ-ты ығыстырып бара жатыр. Бұл газет-журналдарға байланысты ғана емес, телевизияға да қатысты. Елімізде жүргізілген тәуелсіз зерттеулер әр тұрғынның теледидардың алдында өткізетін уақыты күніне орта есеппен 3 сағаттан 1 сағат 15 минутқа дейін қысқарғанын көрсеткен. Осындай ақпараттар тасқыны болып жатқан заманда өз аудиторияларыңызды сақтап қалу үшін қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?
– Иә, жаңа медианың дамуы ақпарат таратудың жеделдігін арттырды. Қазір қолымыздағы смартфонның көмегімен тікелей эфирге шығып, оқиға орнынан бүкіл әлемге хабар тарату мүмкіндігі бар. Бұл, әрине, оң өзгеріс. Елімізде азаматтық журналистиканың дамуы қоғамда ашықтық пен жариялылықты дамытқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, азаматтық журналистика сол іспен айналысатын адамдардың мойнына үлкен жауапкершілік жүктейді. Өкінішке қарай, біздегі өздерін «блогер» деп атап жүрген азаматтардың көпшілігі сол жауапкершілікті сезінбей жүр. Тырнақ астынан кір іздеп, жоқ жерде дау туғызу, тексерілмеген, расталмаған, жалған ақпараттарды жұртқа жариялау, адамның ар-намысына тиіп, жала жабу секілді үрдістің қалыпты құбылысқа айналып бара жатқаны алаңдатады.
Негізі заңнамада көрінеу жалған ақпарат таратуға да, ар-намысқа тиіп, жала жабуға да тиісті жаза қарастырылған. Меніңше, үкіметтік емес ұйымдарды немесе қоғамда салмағы бар зиялы қауым мен ақсақалдарды тарта отырып қоғамдық бақылау орнату керек шығар.
Мұның барлығын айтып отырған себебім, біздің, яғни, дәстүрлі БАҚ-тың басты артықшылығы – өз аудиториямызға сенімді, тексерілген, шынайы ақпараттарды ғана ұсынатынымыз. Ал оперативтілік тұрғысынан бәсекеге қабілетті болу үшін тілшілеріміз жаңалықты оқиға орнынан жазып, сайт редакторына жолдайды. Сайтта жарияланған ақпарат сол сәтте телеарнаның барлық әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы көпшілікке таралып жатады.
– Біздің елде цензураға заңмен тыйым салынған ғой. Бірақ, маған мемлекеттік тапсырыс деген ішінара цензура сияқты көрінеді. Прайм-тайм уақытында сол мемлекеттік тапсырыс аясында әзірленген хабарды эфирге шығаруға тиіссіз. «Бізде бәрі керемет» дейтін бір жақты мақтауды көрген адам дереу басқа арнаға ауысуға асығуы мүмкін ғой. Сол үшін сыни материалдарды да көбірек эфирге шығарып тұру керек шығар...
– Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға берілетін мемлекеттік тапсырысты ішінара цензураға теңеуіңізбен келіспеймін. Жақсылықты көре білуіміз керек. Бүкіл елімізді айтпағанда, Шымкент пен Түркістанның өзінде қаншама оң өзгерістер орын алып жатыр. Биыл Шымқаланың көшелері жаппай жаңарып, тақтайдай тегіс болуда. Қаншама жылдан бері осы қалада өмір сүрсем де құрылыстың биылғыдай қарқынды жүргенін көрген емеспін. Қалада жаңа шағынаудандар, зәулім үйлер бой көтеріп, инфрақұрылым дамып, инженерлік-коммуникациялық желілер жаңаруда. Шымкентке жаңадан қосылған шалғай елдімекендердің мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп, ол жерлерде де тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасалуда. Ал Түркістан қайта түлеп, тіпті құлпырып, жаңа, заманауи қалаға айналып келеді. Осының бәрін қалай жоққа шығарасыз?! Елдегі, өңірдегі осы жақсы хабарды көрерменге жеткізбей отыруымыз керек пе?!
Иә, сын керек. Бірақ, сын шын болуы тиіс. Өмір, тіршілік бар жерде қашанда кемшілік, проблема болатыны рас. Тілшілеріміз сол кемшілікке куә болса немесе тұрғындардан арыз-шағым келіп түскен кезде сыни материал әзірлейді. Бірақ, біз ешқашан «түймедейді түйедей етіп» көрсетіп, сенсация қумаймыз. Нақты проблеманы орнықты түрде баяндап, оны жауапты мемлекеттік органның назарына ұсынамыз. Соңғы жылдары біздегі жарияланған сыни материалдарға әкімдік болсын, өзге органдар болсын, дереу назар аударып, уақтылы шешуге ұмтылып жатады. Кейбір шағымдарды эфирге шығармай-ақ тиісті лауазым иелеріне жолдап, мәселенің оң шешілуіне ықпал ететін кездеріміз де болады. Яғни, біздің сын шынайлық пен конструктивті диалогқа құрылған.
Байқасаңыз, біздің қоғам іштей қатайып, қаталданып бара жатқандай. Осыған негативті ақпараттардың көп таралуы, бітпейтін дау-жанжалдар қатты әсер ететін сияқты. Мәселен, көшеде көлігі бұзылып қалған кісіге екі полиция қызметкері көмектесіп, машинасын көшенің шетіне итеріп шығарып берді. Бүгінде сол хабарды әріптестеріміз эксклюзив жаңалық етіп таратып жатыр. Негізі бұл қарапайым адамгершіліктің бір көрінісі ғой. Біздің адамдар соған таңдана қарайтын жағдайға жеткен. Сол себепті біз жақсы жаңалықты көбірек таратып, ізгілік пен мейірімділікті насихаттауға тиіспіз деп ойлаймын. Біздің телеарна, міне, осы бағытта еңбек етіп келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Айдар ҚҰЛЖАНОВ.

Көрерменнің көңілі – ең қымбат баға

 

«Ońtústik» телеарнасы көрерменге көптеген қызықты, мазмұнды бағдарламалар ұсынып келеді. 

Әр бағдарламаны дайындауда шығармашылық топтың сырттан қараған адамға көріне бермейтін үлкен еңбегі жатыр. Мәселен, «Біздің назарда» дейтін қоғамдық-саяси ток-шоуымыз бар. Онда түрлі саланың мамандары, сарапшылар жиналып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқыға салады. Осы бір 30-40 минуттық бағдарламаны әзірлеу төрт кезеңнен тұрады және оған кемінде 10 адамнан тұратын шығармашылық топ атсалысады.
Алдымен бағдарлама жүргізушісі әрі редакторы таңдап алынған тақырыпты зерттеп, түрлі деректер мен мәліметтер жинақтайды. Содан кейін бағдарлама қатысушыларын, спикерлерді таңдап, олармен келіседі. Бұл – дайындық кезеңі. Екінші кезең – түсірілім. Оған бағдарлама редакторы, режиссер, дыбыс режиссері, декоратор, бет әрлеуші мен бірнеше оператор қатысады. Үшінші кезең – монтаж. Бұл жұмысты бағдарлама редакторы монтаждаушы және режиссермен бірлесіп атқарады. Соңғы кезеңде дайын бағдарлама бөлім редакторының, көркемдік кеңестің және жауапты шығарушының тексеруінен өтеді. Кемшіліктер болса, түзетіліп, қайта ұсынылады. Міне, содан кейін ғана бағдарлама анонсқа қойылып, эфирге жол тартады.
Біздегі әр бағдарлама қайталауымен қоса аптасына 2 рет көрсетіледі. Барлық бағдарлама апта сайын жаңарып отырады. Тәулігіне 18 сағат эфирді сапалы телеөніммен толтыру үшін үлкен шығармашылық ұжым күн-түн демей еңбек етіп жатыр.

Гүлсара ТҰРАРБЕКҚЫЗЫ,
«Ońtústik» телеарнасының
телерадио хабарларын тарату бөлімінің шеф-редакторы

806

Республикада үздік үштіктеміз

Бүгінде ақпаратты жедел жеткізу – өте маңызды. Сондықтан «Ońtústik» телеарнасының журналистері жаңалықты кеңсеге келмей тұрып, оқиға орнынан жазып, фотосуретімен бірге бізге жібереді. Біз оны эфирге шығарардан бұрын өзіміздің shymkenttv.kz сайтында жариялаймыз. 

Сайтқа жаңалықтармен қоса эфирге шыққан бағдарламалар да салынады. Және сол сәтте телеарнаның барлық әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы бөлісеміз. Бүгінде біздің YouTube арнамызда 70 мың тұрақты көрерменіміз, Instagram парақшамызда 20 мың жазылушымыз бар. Біздің сайт «Қазақстан» ұлттық телерадио корпорациясының өңірлік 16 филиалының ішінде үздік үштіктен орын алған. Осы деңгейден түспеу үшін сайтымызды тәулік бойы жаңартып отырамыз. Оқырмандарымыз бен көрермендеріміз де уақыт өткен сайын көбейіп келеді.

Айзада БИДАН,
www.shymkenttv.kz сайтының
веб-редакторы

 

 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.