Версия для печати

Батырлар зираты: «Белгісіз солдат» бейнесі жайлы не білеміз? Избранное

Среда, 11 Ноябрь 2020 03:58 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4615 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

 DSC9487

Шымкентте «Карта Героев» деген атпен танымал зират бар. Бұл мазараттың ерекшелігі сонда мәңгілік мекеніне аттанғандарды дініне, ұлтына, туған жеріне қарамай бірге жерлеген. Себебі, олар қан майданда от кешкен қаруластар. Майдангер. Арасында белгісіз солдаттардың да қабірі бар. Кім, қайдан келді? Әлі де белгісіз. Жалпы Шымкентте белгісіз солдатқа арналған жалғыз ескерткіш осы қорымда. 1941-1945 жылдары екінші дүниежүзілік соғыс ретінде тарихтан өшпестей орын алған бұл жағдайға Шымкенттің қаншалықты қатысы бар? Батырлар зиратындағы алғашқы моланың 1941 жылы қазылғанын ескерсек, Еуропа елдері мен Ресей даласын шарпыған отта қаза тапқан жауынгерлердің денесі Шымкенттегі зиратқа қалай әкелінген? Көптің көкейіндегі осы бір сауалдарға жауап беріп көрейік...

geroevkarta-geroev3

«Карта героев» деп орысша тәспірленген батырлар қорымында 97 адам жерленген. «Одан да көп еді... көбінің моласы жермен жексен болды, басына қойылған ескерткіш қирап белгісіз болып қалды» дейді көнекөз қариялар. Анығы сол, қазір басы қарайтылып, ескерткіші қойылып, реттелген 97 адамның моласы бар. Ең алғашқылары 1941 жылы жерленген. Олар қайдан келді дейсіз бе? Кескілескен майдан даласынан. Шымкентте госпитальдер жұмыс істеген. Соғыста жараланғандарды эшалонмен осы жаққа тасиды.
Батырлар зиратында әсіресе 1943 жылы жерленгендер көп. Сәбебі, дәл осы жылдың желтоқсанында майданда жараланып, Шымкенттегі госпитальге жеткізілгенде жан тәсілім еткен сарбаздар өте көп болыпты. Қайтыс болған сарбаздардың қатарында ешқандай құжаты жоқ, контузия алғандардың тіпті өз есімін де айта алмағаны бар. Қайдан келгенін тап басып ешкім де ол кезде анықтай алмады. Бәрі де басымен қайғы болып, сол кездегі ортақ Отанымыздың шекарасының тас-талқан болғанына қайғырып жүрген шақ. Беларусиядан ба, Украинадан... бәлкім Омбы, Ленинградтан болар... ұрыс даласында жараланып, Қазақстанның оңтүстігіндегі госпитальде емделгендер қаншама. Ал, дәм тұзы осы елде таусылғандарды дәл осы, бұрынғы Тольстой көшесіндегі христиандар қорымының іргесіне жерлеген. Іргесі дегеніміз болмаса, соғыста жараланып қайтыс болғандардың қорымы өз алдына аулақтау орыннан болатын. Кейін ғой, уақыт өте келе христиандар қорымы мен батырлар мазаратының ауқымы ұлғайып, бір бірімен түйісе орналасқаны.
А.Ю.Подвиг«Карта героев» қорымының шырақшысы, шын жоқтаушысы Александр Юрьевич Подвиг. «Соотечественник» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Сол айтады: «Белгісіз солдат» бейнесіндегі еңселі ескерткіш шамада сол елуінші жылдары қойылса керек. Одан бергі уақытта бұл қорымның күйі кетіп, тозғаны айдан анық. Тоқсаныншы жылдардың аяғына таман біз қоғамда ұдайы мәселе көтеріп, тұрғындардың назарын осы қорымға аударта бастадық. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында бірнеше рет сенбілік өткіздік. «Отырар» телеарнасының қолдауымен түрлі марафондар ұйымдастырдық. Соның нәтижесінде жергілікті биліктің де бұл қорымға назары ауа бастады. 2015 жылы қалалық мәслихаттың шешімімен 21 миллион теңге бөлініп, осы қорымды жаңғырту, бүлінген бейіттерді қалпына келтіру, мазаратты қоршау жұмыстары жүрді»
Бұл қорымға соғыстан кейінгі жылдары да жерленгендер жетерлік. Кеңес Одағының батырлары С.А.Мордвинцев, В.С.Кузьминнің бейіті де осы жерде. Бейбіт заманда қайтыс болған атасын, ағасын соғыс ардагері болғандықтан осы жерде, қаруластарының жанына жерлеуді қалағандар аз болмаған. Содан да болар бауырластар зиратында жатқандардың қатарында қазақ та, орыс та, украин, беларусь те бар. Ұлтына, дініне қарамай, майдандастар бір жерге жерленуінің себебі осы.
–Оқушыларымызға патриоттық тәрбие беруден, өз өлкесінің тарихы мен шежіресін жақсы білуіне мүдделіміз. Сондықтан да ұдайы осы қорымды күл-қоқыстан тазартып, реттеп, ескерткіштерді жуып, сүртіп отыру парызымыз деп санаймыз, - дейді Саттар Ерубаев атындағы №24 мектептің директоры Жанар Нысанбаева. – Мектебімізде «Сарбаздар» класы бар. Әскери-патриоттық тәлім-тәрбие беретін бұл сыныпқа мүше болғысы келетіндердің қатары көп. Кешегі соғыс жылдарындағы ауыртпалық, Жеңіс сыйлаған аталарымыздың ерлік істерін өскелең ұрпақ ұмытпауы үшін ұдайы осындай тәрибелік мәні бар іс-шараларды ұйымдастырып тұрамыз.
Айтпақшы, кім жерленгені сол бойы белгісіз қалған қабірлер бойынша іздестіру, туыстарын табу жұмыстары әлі де жалғасуда екен. Арнайы әскери сайттар арқылы Шымкентте осындай бейіт бары жазылып іздестіру жұмыстары жүруде. Бұл орайда №24 мектеп оқушылары мен А.Ю.Подвигтің белсенділігі басым.
–Осы қорымды ретке келтіруге көп көмегі тиген азаматтар аз емес. Әсіресе, қазір Парламент депутаты Ержан Құдайберген, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, мәслихат депутаты Нұрғазы Бұхарбаевтардың қолдауының арқасында біршама жобаларымыз жүзеге асты. Бұл азаматтар осы еңбегі үшін Ресейдің «За взаимодействие» медалімен наградталды, - дейді А.Ю.Подвиг.
Қазір бұл ұйым кешегі ТМД елдерімен тығыз байланыста. Әлеуметтік желіде ортақ топ бар. Шымкенттегі батырлар зиратына жерленгендердің тізімі жарияланған. Өз туыстарының бейтін тапқандардың кейбірі арнайы келіп те кеткен. Жеңіс мерекесі қарсаңында Шымкентке келіп, батыр бабасының моласына тағзым етушілер де аз емес. Себебі ол соғыстың зардабы тимеген отбасы кемде кем. Ұлы Жеңістің қандай қиындықпен келгенін білетін ұрпақ көп. Олар Шымкенттегі «Белгісіз солдат» ескерткішін көздің қарашығындай сақтайтыны анық.