Версия для печати

«Мен үшін елдің сенімі қымбат» Избранное

Среда, 30 Декабрь 2020 04:23 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6057 раз
Оцените материал
(0 голосов)

413

Сәкен Майғазиев 1975 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген. 1993 жылы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада - цирк колледжінде «Соқпалы аспаптар және эстрада әншісі» бөлімі бойынша, 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы «Өнер» академиясының «Эстрада әншісі» бөлімі бойынша білім алған. 2001 жылдан бастап эстрадалық «МузАРТ» тобының мүшесі.
2012-2018 жж Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжінде ұстаз, 2018-2020 жж. аралығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды.

Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК директорының міндетін атқарушы болып жуырда белгілі әнші, ҚР мәдениет қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сәкен Майғазиев тағайындалды.
Шынын айтқанда шымкенттіктер үшін үлкен жаңалықтың біріне айналған бұл тағайындау әлеуметтік желіде де қызу талқыға түсті. Бәрі де Сәкен Майғазиевтің алдағы жоспарлары қандай екенін білуге құмартқанын аңғару қиын емес еді. Біз өз оқырмандарымызға мәселенің мән-жайын жеткізу үшін Сәкен МАЙҒАЗИЕВТІҢ өзімен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Сәкен Қордабайұлы, өзіңізді алдымен Шымкентке жаңа қызметке тағайындалуыңызбен мегаполистің бас басылымы «Шымкент келбеті» газетінің ұжымы мен оқырмандары атынан құттықтаймыз!

– Көп рахмет! Газетті жақсы білемін. Бұрын сайттарыңыздан аракідік қарап жүрген болсам, Алла қаласа, енді газеттеріңізді қолға алып, оқып тұрамын.

– Шынын айтқанда сіздің Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшылығына тағайындалуыңыз біраз оқырманымызға күтпеген жағдай болғаны рас. Бұл қызметтің тізгінін ұстауға сізге кім ұсыныс жасады? Сіз басқаратын бұл мекеменің негізгі міндеттері қандай? Алдымен осы сұрақтардың жауабын біліп алсақ деп едік...

– Біздің мекеменің ресми атауы – «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорны. Оқырмандарға түсініктірек айтар болсақ, «Қазақконцерт» ұйымы секілді концерттік бағдарламаларды ұйымдастырушы ұйым.
Осы ұйымды басқаруға мені лайықты көріп, ұсыныс жасағанда шынымды айтсам өзім де таң-тамаша болғаным рас. Әрине үлкен сенім жүгін жүктегені үшін ең алдымен қала әкімі Мұрат Әйтенов, бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есеноваға алғысымды айтамын. Дегенмен, келісуге келгенде біраз ойлануға тура келгенін жасырмаймын. Алдымен анаммен ақылдасу, қабырғаммен кеңесу дегендей, анамның ақ батасын алған соң барып, туған жерді түлетуге, теңізге тамшыдай болсын өз үлесімізді қосуға тырысайын деп шештім. Оның үстіне «Кіндік қаның тамған жерге ащы терің тамсын» деген ұстанымдағы азаматтың бірі болған соң бұл ұсынысты ықыласпен қабылдап, елге аттың басын бұрып отырмыз. Құдайға мың шүкір, шымкенттіктер әуелбастан жатырқамайтын жұрт қой, жатсынбай, керісінше ыстық ниет, кең пейілдерін білдіріп қарсы алып жатыр. Енді сол сенім үдесінен шығып, үміттерін адал жүріп ақтасақ дейміз.
Ал, жаңа қызметке тағайындалған соң әрбір азаматтың өзінің стратегиялық жоспары, жобасы болуға тиісті деп ойлаймын. Кез келген жағдайда «Мен не істей аламын?» деген сауалды іштей өз-өзіме қойып жүретіндіктен Шымкент концерт ұйымына келе салысымен осындағы жігіттермен ақылдасып, бірқатар жобаларды жүзеге асырсақ деп отырмыз. Оны Алла қаласа алдағы кезде шымкенттіктер көріп, өз бағасын беретін болады. Бастысы, «Шымкент концертті» «Қазақконцерт» деңгейіне жеткізсек дейміз.
Өздеріңіз білесіздер, талай сахна саңлақтарын жұртшылыққа танытып, жақындатып жүрген «Қазақконцерттің» деңгейі өте жоғары. Бұл орайда осы ұйымды басқарған ұстазымыз Алтынбек Қоразбаевтан, ұйымның қазіргі басшысы Жеңіс Сейдоллаұлы ағамыздан үлгі алатын тұстарымыз өте көп.
Дәл сондай дәрежеге «Шымкент концертті» де көтерсек, еліміздегі үшінші қала мәртебесіне ие болып отырған шаһардың өзіне тән мәдениетін өзгелерге таныта жүріп, дамытсақ, жаңғыртсақ деген мақсатымыз бар. Қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесу барысында да бірталай тың жобаларымен таныстым. Шымкентте мәдени-тарихи туризмді дамыту жолында әсіресе, қолөнер шеберлерінің орталығын қалыптастыру, рухани байыта түсетін мәдени іс-шараларды қалыптастыру қажет. Біздің қаламызға келген қонақтар мегаполиске тән мәдениетке тәнті болып кетсе дейміз.

– Сәкен Қордабайұлы, отаншылдық сезім, туған жерді түлету мақсатындағы ізгі ойлар әрине көпті қуантады. Әрі, осындай мақсатты ту етіп Шымкентке келген азаматтар да аз емес. Дей тұрғанмен, талай саңлақтың талантын шыңдауға негіз болған Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы да үлкен мектеп, өнердің ұстаханасы. Қарапайым оқырман үшін сіздің сол академиядағы проректорлық қызметіңіз де жаман орынтақ еместігі анық. Үйреніскен ортаңызды, өнер ордасы Алматыны қиып Шымкентке келу де оңай болмаған болар....

– Мансап қуып, билікті аңсап келген жоқпын. Қаржылай байлық мәселесі де мені қызықтырмайды. Себебі, Аллаға шүкір, өз несібемді адалынан тауып жеп жүргендіктен Құдайдың нәсіп еткеніне қанағатшылмын. Жалпы болмысым жемқорлыққа, парақорлыққа қарсы адаммын. Сондықтан өнер, мәдениет саласында тазалықтың болғанын қалаймын. Концерт дегеннің қалай ұйымдастырылатынын әншіден артық ешкім де білмейді. Өнерге бөлінген қаржы тек өнерді өрістетуге жұмсалуы керек.
Ал, сіз айтып отырған Өнер академиясына да о баста үлкен толғаныспен барған адаммын. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметіне ректор Асхат Максимұлы Маемиров өзі ұсыныс жасап шақырғанда да бір апта ойландым.
Тек Асхат ағамыз «Бимен көркемделген, күймен көмкерілген талай концерттің басы-қасында жүрген азаматсыз, бүгін өнерге аяқ басып жатқан жастардың барлығы болмаса да 50 пайызы сіздерге еліктеп өсіп келеді, Көбі «МузАрт» арқылы эстарадаға қызыққан жастар. Соларға әрі қарай да өз тәжірибеңізбен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп тәрбиелесеңіз» деген кезде айтып отырған ұсынысы орынды ғой деп шештім. Әрине, әнші үшін түрлі дайындықтар мен концерттік бағдарламалардың арқасында уақыттың тапшы болуы мұндай жауапты қызметте өз кедергісін келтіретіні жасырын емес. Мұндай кезде де сол Асхат Максимұлының «Үлгеретін адам бәріне де үлгереді. Ал, үлгермеймін деген адам қызметі жоқ болса да ештеңеге үлгермейді» деген сөзі қамшы болды.
Осылайша Өнер академиясында екі жыл абыройлы қызмет атқардым. Шымкентке қызмет ауыстырып кететінімді айтқанда академияның қазіргі ректоры Ахан Жылқышыбайұлы Әбдуәлиев батасын беріп, жақсы тілектерін айтып шығарып салды. Біраз жобаларымызды жүзеге асырдық. Бірқатарына қазір әлемді алаңдатқан вирустық дерт өз кедергісін келтіргені де жасырын емес. Алла енді осы аурудың шипасын беріп, бұрынғыша жаймашуақ қалпымызға оралып жатсақ әлі де жүзеге асыратын жобаларымыз жоқ емес.

– Жаңа қызметке тағайындала салысымен өзіндік жоба, жоспарларымды түзе келдім дедіңіз. Құпия болмаса шымкенттіктер үшін алдағы жобаларыңызбен бөлісе кетсеңіз...

– Әрине, оның аса құпия ештеңесі жоқ. Басты жоспарымыз Ұлыстың Ұлы күні Наурызды жоғары деңгейде атап өту, «Шымкентте өтетін Наурызға міндетті түрде баруым керек» деп қазақтың батысы мен шығысынан ел арнайы келіп, тамашалайтындай концерттік бағдарлама ұйымдастырсақ дейміз. Бір сөзбен айтқанда Наурыз мерекесін өзіне лайық деңгейде тойлау мәселесіне үлкен мән беріп отырмыз.
Айта кету керек, маған Ханзада Әзімханқызының «Белгілі бір жоба ұнамай ма өзгесін ұсын. Ұсындың ба оны жүзеге асыр» деген принципі қатты жігер берді. Наурыз тойды жалпыхалықтық мерекеге айналдыру үшін, ел жыл сайын «Паһ, шіркін Шымкенттің Наурыз тойы-ай?!» деп тамсана айтып жүруі үшін бар күшімізді саламыз деп отырмыз.
Бұдан бөлек, келесі жылы еліміздің ең басты мерекесі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, Шымкент қаласының 2200 жылдығы, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы сынды бірқадау мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар.

– Сөзіңіз аузыңызда, «МузАрттың» 20 жылдығы да 2021 жылдың еншісінде болғалы тұр...

– Иә, ол да бар.

– Қалай десек те көпшілік көрермен сізді «МузАрт» арқылы танып білді. Осы топпен ән әлемінде әйгілі болдыңыз дегенім ғой...

– Көкейіңіздегі сауалды түсіндім. Өз басым «МузАрт» тобын отбасымнан кейінгі орынға қоямын. Аязбидің шапаны сияқты қайдан шыққанымды есіме салып тұру үшін де «МузАрт» көкейде үнемі «ілулі» тұрады. Маған Шымкенттен жаңа қызмет ұсынған кезде де осы «МузАрттың» мерейтойлық концертіне дайындығымыз қалай болатынын алға тартқаным бар. Бірақ, түптеп келгенде мерейтойлық іс-шараларды бір-бірімен байланыстыра отырып, бір өңірді ғана қамтымай, ел болып ұйысып атқаруға болады емес пе?! Мысалы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, Мұқағали ағамыздың 90 жылдығымен «МузАрттың» 20 жылдығын байланыстыра отырып, ел амандығын берсе, өңірлерді аралап шымкенттік концерттік бағдарламаны өзге облыстарға да таныстырып, тамашалатып қайтуға болады емес пе?! Жалпы өнер елмен елді татуластыратын, байланыстыратын құрал. Өнер арқылы бар қазақты біртұтас етуге болады. Сырдың жыр сүлейлері, батыстық мақам, Шығыстың шайырлары бәрін бір-бірімен тығыз байланыста ету үшін, бір өңірдің өнерін, бір өңірге насихаттау, әр аймақтың өнерпаздарын өздерінде ғана шектеліп қалмауы үшін, концерттік бағдарламалар жобасын жүзеге асыру жақсы нәтиже береріне сенімдімін.
Ал, қоғамда қалыптасқан бүгінгідей жағдайға да дайын болуымыз керек. Қазір цифрлы қоғам. Бұл орайда да отандық өнім ұсына отырып, арнайы канал ашу, сол арқылы қашықтан, онлайн концерт ұйымдастыру жобасын да ойластырудамыз. Жүзеге асып жатса, бұл да бір үлкен жетістігіміз болғалы тұр.

– Сіз әлеуметтік желі қолданушысы ретінде де өте танымалсыз. Белсенділігіңізден болар «Сәкеннен қымыз», «Аlhadaya қара зере майы» сынды бизнесіңізді де әлеуметтік желі арқылы жақсы біліп отырамыз. «Шымкент концертті» басқару бұл бизнестеріңіздің тоқтап қалуына кедергі келтірмей ме?

– Әлеуметтік желіде 3 млн 700 мыңнан астам оқырманым бар екен. Олардың маған деген сенімі мен үшін қымбат дүние. Олай болса, мен әлеуметтік желі арқылы бір затты жарнамаламас бұрын, оның адам ағзасына қаншалықты пайдалы екенін, әсіресе, балаларға зияны болмауына мұқият мән беремін. Ұстанымым солай. Өзім тексеріп көрмей біреуге ұсынбаймын. Сондықтан да сіз айтып отырған, қымыз, қара зере майы адам ағзасына пайдалы заттар. Денсаулықты жақстартатын отандық өнімдер.
Бизнесімді біраз жылдан бері ұлым басқарып, жүргізіп жүргендіктен, балама толықтай сенім артып отырмыз. Қаржыгер мамандығын меңгерген ұлымыз әрі қарай да бұл бизнестерді дамыта бермек. Ал, жұмыстан тыс уақытта өз оқырмандарыма әлеуметтік желі арқылы жарнама жасасам оның еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын.

– Сәкен Қордабайұлы, газетіміздің оқырмандары үшін айтқан ақжарма әңгімеңіз үшін көп рахмет!

– Сіздерге де табыс тілеймін. Шымкент қаласының мәдениетін дамытуда бірлесіп атқарар ісіміз көп бола берсін.